Б.Қалдаров: «Қанағат ұлы қасиет»

Алла тағала адам баласын жаратып, түрлі қасиеттер берген. Имам Ғазали (р.а.) «Бақыттылық формуласы (Кимиа Ас-саада)» еңбегінде адамға берілген қасиеттерді төртке бөліп қарастырады.

1. Шайтани қасиеттеріне: Айлакерлік, қулық, алдау-арбау сияқты қасиеттер жатады.

2. Хайуани қасиеттеріне: Ішіп-жеу, ұйықтау, жыныстық қатынас т.б. құмарлық касиеттері жатады.

3. Жыртқыш аң қасиетіне: Ұрып-соғу, қырып-жою, кекшілдік секілді зорлық-зомбылыққа қатысты қасиеттерді жатқызамыз.

4. Періштелік (мәләки) қасиеттеріне: Мейірімділік, ғылымға талпыныс, игі сүйерлік т.б. осы сияқты ізгі қасиеттер кіреді.

Міне, адам баласында, аталмыш төрт қасиеттің қайсысы үстем келген болса, соған қарай әдебінде, іс-әрекетінде, айналасындағы жолдас-жораларына деген мәмілесінде арнайы сипаттар көрініс табады. Мұқият зер салып қарайтын болсақ, жоғарыдағы жағымсыз 3 қасиеттің өршіп, адам бойын билеп алуының негізінен қанағатсыздықтың қазығы қадалғандығын көру қиын емес. Өйткені айлакерлік, қулық-сұмдық, алдап-арбау бір сөзбен айтқанда шектен шығудың бәрі де сол қанағатсыздықтан бастау алады. Біз көбіне, қанағат ұғымын бір жақты қарастырып, түбіне бойлай алмағандықтан түрлі олқылықтардың орын алуына жол береміз. Қанағат деп айтуға оңай болғанымен, бұл сөздің түп-төркінін түсіну біздің өміріміздің өзгеруіне, рухани дүниемізді байытып қана қоймай, сыртқы сұлулығымызды да жарқыратып жіберетін сиқырлы ұғым. Бұл сөздің мәні мен маңызын аядай ғана мақалада түсіндіре қояйын деген ағаттыққа барудан аулақпыз. Дегенмен бұл ұғымға байланысты хал-қадіріміз жеткенше қалам тербетіп көруді жөн санап, қанағаттың ауылына қонақ болып кеткенді жөн санадық.

«Қанағат» сөзі араб тілінен енген сөз. Мағынасы «барына разы болу» дегенді білдіреді. Әсілі, қанағат дегеніміз не? Қанағат — Алладан өзгеден дәметпеу. Тек Алладан ғана үміт етіп, оған ғана тәуекел ету. Қанағат етуден адам өміріне келер пайдалар көп. Ол адамға бақыттылықты, рахат тұрмысты, тұрақтылықты, аманшылықты сыйлайды. (Лисанул араб,  11\321)

Ислам ғалымдары қанағат тұтудың мәні мен маңызын түсінгендіктен арттағы ұрпағына өнегелі өсиеттерін қалдырып кетен. Хазіретті Омар мінберге шығып уағыз айтқанда былай деп айтқан дейді: «Расында біреуден дәмету кедейлік. Ал адамдарға қол созбау байлық. Кімде-кім адамдардың қолындағы дүниеден дәметпесе, ол адамдарға қол жаймайды».

Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу  Уаққас баласына былай деп өсиет етіпті: «Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық». (Ғуиунул ахбар кітабы,  207\3).

Кейбір даналардан: «Байлық деген не?», — сұрағанда, олар: «Аз арманың, қолда барына ризашылығың», — деп, жауап берген екен. (Ихиа Ьулумуддин,  212\4).

Қолда барды қанағат тұтпай қайыршылық қылып жүрген кедейлерден бұрын, ар-намысы ұяты қайыршылыққа жол бермей жүрген, қанағат етіп жүрген кедейлерге жәрдем беру керектігі мына аятта баяндалған:

«Енді, қашан, жанбастарымен түскендерінде (яғни, жан бергендерінде) олардан (өздерің де) жей беріңдер, (біреуден ешнерсе сұрамайтын) қанағаттыға да және (мұқтаж) тіленшіге де жегізіңдер. Шүкір етулерің үшін Біз оларды (яғни, түйе, малдарды) сендерге бойұсындырдық» (Хаж сүресі, 36 аят). Міне қанағат еткендер Құранда айтылып, олардың жағдайын ескеру керектігі ескертілген.

Олай болса, кез келген нәрсенің ақиқатына көз жеткізудің төте жолы ретінде «салыстыру әдісіне» жүгініп көрелік. Ол үшін қанағатсыздықтың кесірлеріне, оның туындатын жайттарға тоқталсақ, қанағатты оп-оңай меңгеретін боламыз. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек» деген  әйгілі әңгімесінің кейіпкері қанағатсыздықтан, жерді көп аламын деп, жүгіре-жүгіре, зорығып өледі де ақыры екі метр жерге көміледі. Сондықтан мына бір жайтты естен шығармағанымыз абзал. Қарны аш адамды тойдыру оңай, бір кесе тамақ берсеңіз жетіп жатыр. Ал аш қалудан қорқатын, қанағатсыз адамды тойдыру өте қиын. Мұндай адамның бойын қанағатсыздық билеп алғандықтан, тою дегеннің не екенін білмейді. Міне, осының салдарынан түрлі олқылықтар орын алады. Мәселен, бұл отбасында орын алса, соңы үлкен дауға ұласып, отбасын ойрандатып жібереді. Қазіргі күні қоғамдық мәселеге айналып, бүкіл елді алаңдатып отырған ажырасу да осы қанағатсыздықпен тікелей қатысты. Бұл жөнінде Расулуллаһтың (с.а.у.) өмірі баршамызға өнеге. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзін және  отбасы үшін барға қанағат етіп өмір сүрудің озық үлгісін көрсете білді. Ол (с.а.у.) шалқып, шашып-төгіп өмір сүру мүмкіндігінің жоқтығынан немесе шарасыз қалғандықтан емес, бәлкім қанағат етіп күн кешуді абзал білгендіктен. Расулуллаһпен (с.а.у.) бір жастыққа бас қойған жұбайлары, яғни аналарымыз қанағатсыздық танытып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күш жігерінен тыс нәрсені талап еткендерінде Алла тағала «Тахир» аятын түсірді.

«Ей, Пайғамбар! Жұбайларыңа: «Дүние тіршілігін оның сәнін көксесеңдер, дереу келіңдер, сендерге бір нәрселер беріп, көркем түрде ажыратайын» де. «Егер Алланы, Елшісін және ақырет жұртын қаласаңдар, әрине Алла сендерден жақсылық істегендерге зор сыйлық дайындады» (Ахзаб сүресі, 28-29 аят)

Сонда олар Алланың разылығын, Расулуллаһпен (с.а.у.) бірге өмір сүруді және ақыретті қалап барды қанағат қылып, басқа мұсылман әйелдерге өнеге болып, өмір сүрген. Демек, әйелдер күйеуі, перзенттері, ата-аналарынан олардың күш жігерінен артық нәрсені талап етпей, керісінше барына қанағат етіп, шүкірлікпен сабырлықпен өмір сүрулері қажет.

Артықша мал-дүниесі жоқ кісінің барына қанағат қылуы түсінікті жайт. Бірақ дүние-мүлкі жеткілікті бақуат кісінің өзі де дүниесін жаратқанда қанағат таныта білуді ұмытпағаны абзал. Қазақта қанатты сөз бар «Қанағат қарын тойдырар, қанағатсыз жалғыз атын сойдырар» деген.

Қанағат етудің қайырымдылығы жайлы әңгіме айтып тауысу мүмкін емес. Тіпті тамақ жеп, оны бөлісудің өзін де қанағаттылық танытумен байланысты Пайғамбар (с.а.у.) хадистері жетерлік. Соның бір-екеуін келтіріп өтелік. Расулуллаһ (с.а.у.) бір мүбәрәк хадистерінде тамақтануда қарынды үш бөлікке бөліп, бірін тамақ үшін, бірін су үшін, және бірін бөлігін ауа үшін ажыратуға бұйырған. Басқа бір хадисте: «Бір кісінің тамағы екі кісіге, екі кісінікі төрт кісіге жетеді» делінген. Ал бұлай істеп, қаншама адамның алғысын алу қандай сауапты іс. Сондықтан қанағаттылық қашан да қайырымдылықтың басында тұрады.

Олай болса, Алла тағала қанағат етіп, қайырымды адам болуды баршамызға нәсіп етсін!

ОҚО, Төле би ауданының бас имамы    Б.Қалдаров

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники