А.Нұрматов: «Құран аяттары аясында Аллаһ елшісіне деген құрмет»

Пайғамбарымызға (с.ғ.у) жоғары дәрежеде құрмет көрсету, Оның (с.ғ.у) аты аталғанда салауат айту, есімін үнемі құрметпен еске алу Құран әмірі. Пайғамбарымызға (с.ғ.у) салауат айтып, есімін әдеппен еске алудың маңыздылығы жайында төмендегі аяттан айқын аңғара аламыз:

«Аллаһ және періштелері, пайғамбарға салауат айтады. Ей иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып сәлем жолдаңдар»1

К‘аб ибін Ужра атты сахаба осы аятқа байланысты мынаны әңгімелеп береді: «Осы аят түсісімен-ақ пайғамбарымызға (с.ғ.у) барып, «Ей Аллаһтың елшісі! Сәлемнің не екендігі (саған қалай сәлем берілетіндігі) түсінікті. Бірақ, саған салауат айту қалайша жүзеге асырылмақ?» — деп сұрадым. Сонда Аллаһтың елшісі (с.ғ.у): «Аллаһумма салли ‘алә Мухаммәдин уа ‘алә әәли Мухаммәд, кәмәә саллайтә ‘алә Ибраһимә уа ‘алә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжиид. Аллаһума бәрик ‘алә Мухаммадин уа ‘алә әәли  Мухаммад, кәмә бәәрактә ‘алә Ибраһима уа ‘алә әәли Ибраһим, иннәкә хамидум мәжид» (Аллаһым! Ибраһим пайғамбарға және оның ұрпақтарына рақымшылық еткенің сияқты Мұхамметке және Мұхаммедтің де ұрпақтарына рақымшылық ет. Шындығында сен мақтауға лайық, аса ұлысың. Аллаһым! Ибраһим пайғамбарға және оның ұрпақтарына мол берекет бергенің сияқты Мұхамметке және Мұхаммедтің де ұрпақтарына мол береке бер. Шындығында сен мақтауға лайық, аса ұлысың.) — деп айтуымды бұйырды.2

Пайғамбарымызға (с.ғ.у) салауат айту, сәлем жолдап құрмет көрсету әр мұсылманның міндеті. Сахих риуаяттар бойынша оның аты аталып, есімі еске алынған кезде салауат айту уәжіп болады. Бұған байланысты көптеген хадистер риуаят етілген.3 Солардың кейбіреуін айтар болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.у) бұл жайында:

«Менің атымды атап, есімімді есіне ала тұра маған салауат айтпағандардың мұрны жерге ысқалансын (қор болсын деген мағнада).»4 Басқа бір хадисінде:

«Аллаһ Тағала мен үшін екі періштесін арнайы міндеттеп қойған. Қандайда бір мұсылман мені есіне алып артынша маған салауат айтатын болса бұл екі періштеАллаһ саған жар болсын деп дұға жасайды. Бұл екі періштенің жасаған дұғасына Аллаһ Тағала және бүкіл періштелері «әмин» деп жауап қайтарады. Ал керісінше менің атымды атап немесе есімімді ести тұра маған салауат айтпағандарға жаңағы екі періште; ‘Аллаһ сені мүлдем жарылқамасындеп кері дұға жасайды. Ұлы Аллаһ және бүкіл періштелері тағыда «әмин» деп жауап қайтарады.»5

Хазреті пайғамбарымызға (с.ғ.у) салауат айтуды әмір еткен аяттар мен сан алуан хадистерден алынған үкімдерге сәйкес мұсылмандар жасаған құлшылықтары мен күнделікті тұрмыс тіршіліктерінде Аллаһқа шүкір айтып, мадақ мақтаулар жолдағаннан кейін артынша пайғамбарымызға да (с.ғ.у) салауат айтып сәлем жолдауды ұмыт қалдырмаулары тиіс. Мұсылман адам пайғамбарымыздың (с.ғ.у) атын естіген кезде Аллаһумма солли ала саийдина мухаммадин уа ала али саийдина мухаммад. деп салауат айту арқылы жүрегіндегі пайғамбарымызға (с.ғ.у) деген еркше құрметі мен терең сүйіспеншілігін паш еткен болады. Сондай-ақ, сәлем жолдау арқылы оған қаншалықты бағыныштылығын, сүннетіне беріктігін айқындайды.

Аллаһ Тағаланың пайғамбарымызға салауат айтуын мына мағынада түсінуге болады: Аллаһ Тағала өз пайғамбарына өте рақымды. Сондықтан Оны (с.ғ.у) жақсы көріп, амалдарын берекелі етіп қойяды. Дәрежесін жоғарылатып мейір шапағатын аямайды. Ал періштелердің салауат айтуын мына мағынаға саяды: Періштелер пайғамбарымызды өте жақсы көреді. Олар пайғамбарымызға ұлы бір мақам берілуін қалап дәрежесі жоғарылауы үшін Аллаһқа үнемі дұға жасайды.6 Яғни, Аллаһтың салауатын «рақымдылық», ал періштелердің салауатын «дұға» мағынасында айтылған деп қабылдасақ жаңылыспаған боламыз.

Осылайша, Аллаһтың өзі қадірлеп қастерлеген, періштелері құрметпен еске алған ардақты пайғамбарға жоғары дәрежеде құрмет көрсету барлық мұсылманның басты міндеті болып табылады. Мүшріктер мен мұнафықтар (Аллаһқа серік қосушылар мен екі жүзділер) хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.у) Аллаһтың дініне жасаған үгіт-насихатының нәтижесіз болуын қалап, адамдар алдындағы абыройын түсіріп дәрежесін төмендету мақсатында әртүрлі айла-тәсілдер ойластырып жатқан бір кездерде төмендегі аят түседі.

«Шындығында, Аллаһқа және елшісіне қиянат жасаушылар; Аллаһ оларға дүние және ақірет істеріне лағнет айтып (қарғыс жаудырып) күйзелтүші ауыр азап дайындап қойған.»7

Аяттан аңғарғанымыз, Аллаһ Тағала өз елшісін қорғаштап, кімде кім пайғамбарына  қиянат жасап жәбір жапа шектіретін болса оған осы дүниеде де ақыретте де рақым назарымен қарамайтындығын ескертіп, тозақ отымен мәңгі азаптайтындығын уәде етуде. Осы және осыған ұқсас өзге де көптеген аяттардан шығатын екінші бір мағына, тек мұнафықтар мен кәпірлерғана пайғамбарымызға құрметсіздік танытып әдепсіздік көрсеткендігін ұғуға болады.

Сүйікті пайғамбарымызға (с.ғ.у) салауат айтып құрмет көрсетуге шақырған барлық аяттар мұсылмандарға уаһи (Аллаһтың пайғамбар арқылы адамзат баласына жеткізген хабары) нығметінің қадір-қасиетін (теңдессіз жақсылығын) түсінуге үндейді. Мұсылмандар хазреті пайғамбарымыз арқылы тура жол тауып, мол жақсылықтарға қол жеткізгендігі үшін оның алдында борыштар екендін сезінуге назар аудартуда. Атақты тәпсірші ғалым имам Маудуди осыған байланысты былай дейді; “Ей, Аллаһтың елшісі Мұхаммед (с.а.у) арқылы тура жол тапқандар! Оның (с.ғ.у) баға жетпес қадір-қасиетін мойындап қол жеткізген теңдессіз жақсылықтарың үшін Оған (с.ғ.у) алғыс айтуға міндеттісіңдер. Сендер надандық дәуірінде-ақ қолекі жасаған қылмыстарыңның кесірінен жойылып кету қаупінде едіңдер. Ол  (с.ғ.у) сендердің білім көкжиектеріңді кеңейтіп, тура жол нұсқады. Сондай-ақ, ахлақи (адамгершілік) тұрғыдан әлсіреп, күйреп таусылуға шақ қалған болатынсыңдар. Ол (с.ғ.у) сендерді адами қасиеттердің ең биік шыңына жеткізді. Сол себепті де сендерді маңайларыңдағы дұшпандарың көре алмай күндейді. Сендер тұрпайылық пен жабайылықтың батпағына батып баражатқан болатынсыңдар. Ол (с.ғ.у) сендерді теңдессіз жоғары мәдениеттілікке жеткізді. Кәпірлер (Аллаһқа қарсы келушілер) сендердің осынау баға жетпес құнды қасиеттерге қол жеткізгендеріңді көре алмай сендерге дұшпан болды. Әйтпесе Ол (пайғамбарымыз (с.ғ.у)) өздігінен оларға (кәпірлер, мүшріктер, мұнафықтарға) тиісіп жеке басының қамы үшін олардың ешқайсысына да жапа шектірмеген болатын. Сол себепті де Оған (с.ғ.у) рахмет айтып, алғыс ретінде осынау теріс пиғылды пенделердің дұшпандық, өшпенділіктеріне қарсы жауап ретінде оның есімін ұлықтап жоғары дәрежеде құрмет көрсетуге міндеттісіңдер. Олардың бұрыс ниеттеріне қарсы сендер де іштей оның жақсылығын қалап, періштелердің күндіз-түні Оған (с.ғ.у) дұға жасағаны секілді сендер де Оған (с.ғ.у) дұға жасауға міндеттісіңдер. “Ей әлемдердің Раббысы! Сенің пайғамбарың қалайша біз үшін тынымсыз еңбек етіп, әуре-сарсанға салынып, қандай қиыншылықтарға тап болса да сабыр етіп, қарапайымдылық жолын ұстанғаны сияқты, сен де оған  түгеп таусылмас мейір шапағатыңты жаудыр көр. Оның есімін осы дүниеде жоғары мақамдарға жеткізіп, ақыретте өз жаныңнан орын бергейсің”8

Хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.у) бізде көптеген ақысы бар. Өйткені Ол (с.ғ.у) бізге Аллаһтың кітабы Құранды әкелді. Бізге даналықты үйретті. Біздің тура жол тауып, ширктерден (Аллаһқа серік қосудан) алыс тұруымыз үшін, сондай-ақ, әртүрлі күнәлі істерден бойымызды аулақ ұстауымыз үшін де шыбын жаны шырылдап, күндіз-түні тыным таппай үгіт-насихат жасады. Үмбеті үшін өмірінің соңына дейін еңбек етіп, тұтас өмірін үмбетіне арнады. Сондықтан да, Оның (с.ғ.у) бізде ата анамыздан да артық ақысы бар.

Хазреті пайғамбарымыз пенделік сипатқа ие болғандықтан біз секілді жеп ішеді,. ұйықтап тынығады, үйленіп, балалы-шағалы болады, қуанып қайғырады. Бірғана артықшылығы, Ол (с.ғ.у) Аллаһ тарапынан адамдар арасынан таңдап алыныпп уаһи жіберілген бір пайғамбар. Бұл ақиқат төмендегі аяттарда былайша баян етіледі:

 “Оларға айт: Мен де сендер секілді бір пендемін. Алайда маған, Тәңірлеріңнің, бірғана Тәңір екендігі уаһи арқылы жеткізілді…”9

Оларға айт; Менде сендер секілді адаммын. Маған, Тәңірлеріңнің бірғана Тәңір екендігі уаһи арқылы білдірілді. Енді соған қарай бет бұрыңдар…”10

Оларға айт: Мен сендерге, Аллаһтың мүлкі (байлығы) менің жанымда деп тұрғам жоқ. Мен ғайыпты біле алмаймын. Сендерге, өзімді періштемін деп те айтып тұрғаным жоқ. Мен, текқана уаһиды қабыл алушымын…”11 

Бұл аяттар пайғамбарымыз да (с.ғ.у) біз сияқты адам болғандығын, алайда оған уаһи келіп, Аллаһтың жер бетіндегі елшісі болып табылатындықтан дәрежесі жағынан өзге адамдарға қарағанда жоғары тұратындығын түсіндіруде. Оған (с.ғ.у) уаһи келгендігі себепті, Аллаһ Тағаланың Оны (с.ғ.у) ерекше тәрбиелеп жетілдіруінің нәтижесінде дәрежесі өзге адамдардан жоғары тұрғандығы себепті, пайғамбарымызға (с.ғ.у) өзге адамдар мен, немесе бір-бірімізбен қарым-қатынас жасағанымыз секілді мәміле жасай алмаймыз. Бұл жайында келесі аятта былай ескртілуде:

(Ей иман еткендер!) Пайғамбарды өз араларыңда бір-біріңді атап шақырғындарың секілді шақырмаңдар...”12

Бұл аят пайғамбарымызды бір-біріміздің атымызды атап қалай болса солай емес, керісінше «пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у)», «ардақты пайғамбарымыз», «сүйікті елшіміз» деген секілді басқа да көркем есімдерімен атай отырып еске алуымыз керектігін әмір етуде.

Сондай-ақ, хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.у) өсиеттеріне әрдайым құлақ асып, әмірлеріне мойын сұну, өміріміздің соңына дейін оның сүннет жолымен жүру барша момын мұсылмандарға жүктелген міндет. Қорыта айтқанда, дәрежесі Аллаһ Тағала тарапынан жоғарылап, мәртебесі үстем болған ардақты тұлғаға бізде әрдайым құрмет көрсетуге тиіспіз.

Сілтемелер: 1) Ahзаб, 33/56. 2) Бұхари, Тәпсір, 33/10; Мұслим, Салат, 66. 3) Елмалылы, Хақ Дини Кур’ан Дили, Ыстамбул, 1971, VI, 3923. 4) Ahмад б. Хамбал, II, 254; Тирмизи, Дағуат, 100. 5) Ибн Кәсир, Тәфсирул-Kур’âнил-Aзим, Ыстамбул, 1985, VI, 466. 6) Әбул-Әғлә Әл-Mаудуди, Тәфһимул-Kур’âн, аударма, Курул, Ыстамбул, 1996, IV, 450. 7) Ahзаб, 33/57. 8) Маудуди, Тәфһимул-Kур’âн, IV, 451.9) Кәһф, 18/110. 10) Фуссилат, 41/7. 11) Әнғам, 6/50. 12) Нұр, 24/63. 13) Толық мағлұмат алу үшін қараңыз. Замахшари, Әл-Кәшшәф, Бейрут, III, 260.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники