Жомарт КЕРШЕЕВ: «Ной»-ды көріп иман нұрыңды өшіріп алма!

Мұсылман елдеріндегі есімдері елге танымал ғалымдар батыстық  Paramount Pictures және New Regency Productions кино өндірушілерінің түсірген «Ной» фильмін сынға алды. Себебі, інжілдегі (библия) түсіндірме негізінде жарыққа шығарылған фильм Нұх (ғ.с.) пайғамбардың болмысына, Алла тарапынан таңдалған елшінің тұлғасына кереғар бағытта түсірілген.

Өндірісі 150 милллион доллар бюджетті құраған аталмыш фильмде Нұх (ғ.с.) ақырзаманды сәуегейлікпен көріп-біліп, отбасын топан судан құтқарудың қамына кіріседі. Сондай-ақ, Нұхты (ғ.с.) әлемдердің Раббысының әмірлеріне қарсы шығып, өзім білемге салынған тәкаппар етіп бейнелегендері аздай, «исмәд», яғни күнәсіз, күнә істеуден Алланың құдіретімен қорғалған пайғамбарды ел алдында абыройсыздыққа ұшыратып, мас күйінде, киімсіз жалаңаш етіп шалқасынан жатқызып қойған. Бұл нендей сорақылық десеңізші?!

Қасиетті Құранда анық баян етілгендей Нұхтың (ғ.с.) әйелі иман етпеген, кәпірлердің қатарынан болды. Бірақ, осындай ақиқатты жауып, фильмде Пайғамбар әйелін өзінің күйеуіне көмектесіп, яғни жақсылыққа болысып жүрген иманды жан бейнесінде көрсеткен. Сондай-ақ, пайғамбардың ұрпақтарын да бейәдеп, тәрбиесіз етіп бейнелейді. Яғни, Нұхтың (ғ.с.) үлкен ұлдарының біріннекесіз әйелмен арсыз істі жасаушы етіп көрсетеді. Бұл да өз кезегінде тек жала болып қана қоймай, көрермендерді қате түсінікке, ашық арсыздыққа итермелейтіні ақиқат.

Осы орайда, ғұламалар пайғамбарды кино қаһарманына айналдырғаны үшін режиссер Даррен Аронофскиді айыптады. Ислам ғалымдарының айтуынша, ол, яғни режиссер жоғарыда айтқанымыздай пайғамбарлардың бейнесін бұрмалап, ақтап алуға келмейтін ағаттыққа жол берген. Сондай-ақ, актер қанша жерден талантты болса да, олар пайғамбарлардың бейнесін дәл аша алмайды. Міне, осы себепті де бұрмалаушылыққа жол береді. Өйткені, пайғамбарлардың көркем мінезі, жүріс-тұрысы, болмыс-бітімі, арман-аңсары, мұрат-мақсаты әдеттегі жұрттан әсте бөлек. Тіпті, әйгілі Ислам ғұламаларының бір ауыздан келіскен: «Пайғамбарларды фильмде бейнелеуге болмайды», — деген пәтуасы да бар.

Әлемге әйгілі әл-Әзһар ғалымдары да аталмыш картинаға сын айтып қана қоймай, кезектен тыс шұғыл мәжіліс өткізіп, кинотеатрларды сотқа беруді жөн көрген.

Құрметті мұсылман бауырлар! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Алланың рақымынан үміт еткен әрбір жан бұл фильмді көрмегені абзал. Себебі, оны көру арқылы жүректеріңіздегі сенімдеріңізге селкеу түсуі әбден мүмкін. Алла баршамызды тақуа құлдарынан етсін!

Осы орайда, әлемдердің Раббысы Жаратушы Жалғыз Жаббар Хақ Алла тарапынан жіберілген алғашқы расул Нұхтың (ғ.с.) хақиқи өмір тарихын Құран мен сүннетте келгендей баян етеміз. Аталған тарих «Пайғамбарлар қиссасы» кітабынан қысқартылып алынды.

 НҰХ  ғаләйһис-сәләм,
(ғ.с. – Алланың оған сәлемі болсын)

Алғашқы пұтқа табынушылық

Уақыт өте келе халық арасында бұзақылық тарады. Дегенмен адамдар Алланы жалғыз деп білетін. Адам дүние салғаннан мың жылға дейін жер бетінде пұтқа табынушылық болмаған. Сондықтан Алла тағала: «Адам баласы бір үмбет еді»[1], – деген.

Бұл аралықта адамдар таухидте жүргенмен, қылмыс пен бұзақылық көбейді. Дегенмен олардың арасында ізгі кісілер де бар еді. Адамдар оларды құрметтеп, тағзым ететін. Дәл қазіргі кездегі сияқты адамдар ғалымдар мен ізгі адамдарды сыйлады, бірақ күнә істеулерін жалғастыра берді. Қазіргі таңда да халық арасында осы әдет қалыптасқан.

Ізгілерді шектен тыс дәріптеу адамзат тарихында алғаш ширктің бас көтеруіне себеп болды. Имам әл-Бұхари Алла тағаланың «Олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уадты, Суағты, Яғусты, Яғуқты және Нәсірді әсте тастамаңдар», – деседі»[2] – деген сөзінің тәпсірінде Ибн Аббастың «Бұлар – Нұх пайғамбардың қауымындағы ізгі адамдардың есімдері. Олар дүние салған уақытта, шайтан олардың қауымын азғырып: «Олардың мәжіліс құрған орындарына (ескерткіш ретінде) белгі тас қойыңдар және ол тастарды сол адамдардың атымен атаңдар!» – деді. Олар солай істеді. (Бұл Уад тасы, ал мынау Яғуқ пен Нәсірдің және т.с.с. тасы деп аталды). Бірақ оларға табынбады. Осы тастардың тарихын білетін адамдар дүниеден өтіп, кейінгі ұрпақтар дүниеге келді. Олар бұл тастардың қиссасынан хабарсыз еді. Олар тастарды тәбәрік деп білетін. Бұл тастардың не үшін қойылғаны туралы мәлімет ұмыт болып, оларға табынды», – деген сөзін келтірген.

Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын):

«Нұхтың қауымында болған пұттар кейіннен арабтарға өтті», – деп айтқан.

Аллаға серік қосу көбейіп, адамдар ширкке бой ұрды. Сонымен, құлпытастарға сыйыну кезеңі басталды.

Нұхтың дағуаты

Толық аты-жөні – Нұх ибн Ламит ибн Матушалих ибн Идрис. Идрис – оның бабасы. Ол кездегі адамдардың өмір жасы ұзақ болатын. Сол сияқты Нұх та мың жылдан астам уақыт өмір сүрді. Оның уақытында, жоғарыда айтқанымыздай, адамдар арасында күпірлік пен ширк көбейді, адамдар пұттарға табынды. Адам заманында негізгі сенім таухид болса, Нұхтың елші ретінде жіберілу қарсаңында қауымындағы негізгі сенім дәрежесіне ширк шыққан-ды. Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адам мен Нұхтың арасы – барлығы Ислам болған он ғасыр», – деген[3].

Демек, адамдар Адамнан (ғ.с) кейін мың жыл таухидте өмір сүрді. Сосын шайтан азғырып, олар пұттарға табына бастады. Иман, таухид және жалғыз Аллаға ғибадат ету жойылып, пұттар құлшылық-ғибадаттың негізіне айналды. Сонда Нұх келді және ол Алла жолына шақыруда өте үлкен күш-қайрат жұмсады.

Алла тағала: «Расында, Нұхты еліне: «Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын ескерт», – деп жібердік»[4], – деп айтқан.

Нұх қауымына күтіп тұрған азапты ескертіп: «Ей, қауымым, шын мәнінде мен сендерге анық ескертушімін, Аллаға құлшылық қылыңдар, Одан қорқыңдар және маған бағыныңдар. Ол күнәларыңды кешіріп және сендерді белгіленген бір мерзімге дейін қалдырады. Егер білген болсаңдар, шын мәнінде Алланың (белгілеген) мерзімі келсе, ол кешіктірілмейді»[5], – деді. Нұх дағуат жасап күні-түні олардың үйлеріне, жиындарына барды. Олармен ашық және құпия түрде кездесіп, жалпылай және жеке-жеке сөйлесті. Нұх оларды тоғыз жүз елу жыл бойы Алланың жолына шақырды. Ол Раббысына:

«Раббым! Расында, мен елімді күндіз-түні шақырдым. (Бірақ) шақыруым олардың қашуын ғана арттырды. Мен оларды Сенің кешіруің үшін шақырған сайын, олар саусақтарын құлақтарына тығып, киімдерін бүркенген бойда қасарысып, паңданған сайын паңданды. Сосын мен оларды дауыстап шақырдым. Одан кейін мен оларға жария қылып және құпия түрде жасырын да айттым.(Сондай-ақ оларға): «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Өйткені Ол – аса Кешірімді. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендер үшін бау-бақшалар әрі сендер үшін өзендер жасайды. Алланың ұлылығына үміт етпейтіндей сендерге не болды? Ақиқатында, Ол сендерді түрлі даму кезеңдерімен жаратты. Алланың жеті аспанды қалай қабат-қабат етіп жаратқанын көрмедіңдер ме? Олардың ішінде айды нұр қылып, күнді шырақ қылды. Алла сендерді жерден өсіріп шығарды. Сосын сендерді ол жерге қайтарады да, сонан кейін қайта шығарады. Алла сендерге жерді оның кең жолдарында жүрулерің үшін төсеніш қылды», – дедім»[6], – деп үн қатты.

Сол уақытта Нұхтың қауымын бір кәпір патша билейтін. Ол өз халқына оған құлақ салмауды және пұттарға табына беруді бұйырды. Нұхпен жолығуға тыйым салды. Адамдар патшаға еріп, Нұхтан теріс айналды. Сонда ол:  «Раббым! Расында, олар маған қарсы келіп, мал-дүниесі мен балалары өздеріне зияннан басқаны арттырмаған біреулерге ілесті. Олар зор айлакерліктер істеді және олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уад, Суағ, Яғус, Яғуқ және Нәсірді әсте тастамаңдар», – деседі. Расында, олар көпшілікті адастырды. Раббым! Сен де залымдардың адасуларын ғана арттыр»[7], – деп дұға қылды.

Әлгі патша Нұхтың ізбасарларының қатарынан бір нәрсені байқады. Олардың барлығы әлсіздер, кедей-кепшіктер еді. Сөйтіп, патша бір айла ойлап тапты. Ол Нұхқа: «Біз саған адамдармен сөйлесуіңе, оларды дағуат етуіңе рұқсат береміз. Мүмкін, біз де саған иман келтіретін шығармыз. Бірақ біз сенімен бірге отырып, сөйлесіп, сенің шақыруыңды қабылдауымыздан бұрын бір шарт қоямыз. Сен анау кедей-кепшіктерді қуып жібер. Олар – бейшаралар, ал біз – беделді адамдармыз, олармен бірге отырмаймыз. Біздің ел арасында атақ-абыройымыз бар. Ал олар болса, қауымның ең төменгі өкілдері. Егер біздің саған құлақ салып ілесуімізді қаласаң, олардан аулақ жүр. Болмаса, біз сенімен бірге бола алмаймыз», – деді. Олардың қойған шарттары мен Нұхтың оларға қайтарған жауабы Құранда төмендегіше баяндалады:

«Қауымының қарсы болған бастықтары: «Шынында, біз сені өзіміз тәрізді адам ретінде көреміз және саған тар көзқарастағы шетқағарларымыздан басқаның ергенін көрмейміз. Сондай-ақ сендердің бізден бір артықшылықтарыңды да көрмейміз. Керек болса, сендерді өтірікші деп ойлаймыз», – деді. (Нұх): «Ей, елім! Көрдіңдер ме? Мен Раббымнан анық бір дәлелде болсам және Ол Өз қасынан маған бір мейірім көрсетсе, ал ол сендерге көрінбесе, біз сендерге оны өздерің қаламасаңдар да, зорлап қабылдатамыз ба?! Ей, елім! Сендерден бұл үшін мал-дүние сұрамаймын. Алар ақым – Аллаға ғана. Ал мен иман келтіргендерді қумаймын. Өйткені олар – Раббыларына жолығушылар. Бірақ мен сендерді надандық істеп тұрған қауым ретінде көремін. Ей, елім! Егер мен оларды қусам, мені Алладан кім қорғайды? Түсінбейсіңдер ме?! Сендерге: «Менде Алланың қазыналары бар демеймін, мен ғайыпты да білмеймін. Мен бір періштемін демеймін және көздеріңе ілмейтіндерге: «Алла сендерге жақсылық қылмайды», – деп те айтпаймын. Алла олардың көкейлеріндегіні жақсы біледі. Онда (егер оларды қусам), мен залымдардан боламын», – деді. Олар: «Ей, Нұх! Сен бізбен жанжалдасып, талас-тартысты көбейтіп жібердің. Шын айтқан болсаң, енді бізге бопсалаған нәрсеңді келтір», – деді. (Нұх): «Егер қаласа, оны сендерге Алла қана келтіреді. Сендердің(одан бас сауғалауға) әлдерің келмейді. Егер Алла сендерді адастыруды қаласа, сендерге насихат айтуды қаласам да, насихатым сендерге пайда бермейді. Ол – Раббыларың, сендер Оған қайтарыласыңдар», – деді»[8].

Дағуаттың тоқтауы

Нұхтың қауымы оның айтқан үгіт-насихаттарына құлақ салмай, оны жындыға балады. Жаңадан келген әрбір ұрпақ бұзықтықта алдыңғыларынан асып түсті. Алайда Нұх оларды шақырудан жалықпады. Бірақ жүздеген жылдар өтсе де санаулы адамдардан басқа ешкім иман келтірмеді. Сонда Алла тағала тарабынан «Нұхқа: «Еліңнен (бұрын) иман келтіргендерден басқалары (енді) әсте иман келтірмейді. Енді олардың істегендеріне кейіме», – деп уахи етілді»[9].

Нұх тоғыз жүз елу жыл бойы Алла тағаладан бұйрық келгенге дейін үмітін үзген жоқ еді.

Алла тағала: «Рас, Нұхты еліне жібердік. Сонда олардың ішінде тоғыз жүз елу жыл тұрды»[10], – деп айтқан.

Сондағы Нұхқа ілескендердің саны бір деректе: он, ал кейбір тарихшылардың деректерінде сексен адам деп көрсетілген. Енді Алладан олардан басқа ешкім иман келтірмейді деген әмір келген уақытта ол:

«Раббым! Расында, олар маған қарсы келіп, мал-дүниесі мен балалары өздеріне зияннан басқаны арттырмаған біреулерге ілесті. Олар зор айлакерліктер істеді және олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уад, Суағ, Яғус, Яғуқ және Нәсірді әсте тастамаңдар», – деседі. Расында, олар көпшілікті адастырды. Раббым! Сен де залымдардың адасуларын ғана арттыр. Раббым! Жер жүзінде кәпірлерден ешбір тұрғын қалдырма. Егер оларды қалдырсаң, құлдарыңды жолдан адастырады да бұзақы кәпір(балаларды) ғана туады»[11], – деді.

«Раббым! Мені елім өтірікшіге шығарды. Енді мені мен олардың арасын ашып (үкім бер)! Мені және менімен бірге мүміндерді де құтқар!»[12] – деп дұға қылды.

Кеме жасау

Нұх Алла тағалаға жәрдем беруін сұрап дұға қылды. Сонда Алла: «Сонда оған: «Біздің бақылауымыз және нұсқау-уахиіміз бойынша кеме жаса. Қашан әміріміз келіп, тандыр(дан су) қайнаса, сонда әр жыныстан бір жұп және (жазаға) үкім берілгендерден басқа, отбасыңды алып оған (кемеге) түс. Сондай-ақ, залым болғандар жайында маған сөз айтпа. Өйткені олар суға батуға тиіс», – деп уахи еттік»[13], – деген.

«Біздің бақылауымыз және нұсқау-уахиіміз бойынша кеме жаса» дегені: Яғни Алла тағала Нұхқа кемені Жәбірейіл періштенің үйретуімен жасауды бұйырған. Кеме өте алып үлкен еді. Бір хабарда оны жүз жылда жасап бітірді деп айтылады. Олар кемені құрлықта жасады. Ағаш болмағандықтан өздері ағаш отырғызып, сол ағаштар жетілген соң барып кеме жасауды бастаған. Арнайы темір әкеліп, шеге дайындаған.

Алла тағала Құранда бұл туралы:

«Оны шегелер мен тақтайлардан тұратынға (кемеге) орналастырдық»[14], – дейді. «Сондай-ақ залым болғандар жайында маған сөз айтпа. Өйткені олар суға батуға тиіс» дегені, олар үшін дұға қылма, оларды кешіруімді, оларға уақыт беруімді сұрама, Алла оларға үкім шығарып қойды деген мағынаны білдіреді.

Сонда қауымы Нұхтың дағуатты тастап, кеме жасаумен айналыса бастағанына таңданып, оны әжуалай бастады. Олар:

«Ей, Нұх! Пайғамбарлықты тастап, ағаш ұстасы боп кеткенсің бе?» – деп мысқылдады. «Ей, Нұх! Құрлықта кеме жасамақсың ба?» – деп тәлкек етті. Алла тағала бізге Құранда олардың бұл қылығын: «Кемені жасап жатқанда, елінің бастықсымақтары жанынан өткен сайын оны тәлкек қылды. (Нұх) оларға: «Егер сендер бізді тәлкек қылсаңдар, біз де сендерді, бізді тәлкек қылғандарыңдай тәлкек етеміз. Әлі-ақ білесіңдер: қорлайтын азап кімге келер екен, тұрақты азап кімнің басына түседі екен?» – деді»[15], – деп баян еткен.

Кеменің сипаты туралы Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте: «(Кеменің) ұзындығы үш жүз кез, ені елу кез, ал биіктігі отыз кез болды. Төбесі жабық еді және оның бір-бірінің астында (орналасқан) үш есігі болды», – делінген.

Демек, ол төбесі ашық, қарапайым ғана кеме емес, төбеден жауған нөсер жаңбыр ішіне құйылып батырып жібермеуі үшін асты-үстінен жабылған, су асты кемесі тәрізді әрі үш қабатты, алып кеме болған. Оның әр қабатында бір қатардың бойында орналасқан жеке есіктері бар.

Бұл кеме қазіргі таңға дейін сақталған. Оның бұзылмай сақталатындығы жайында Құранда:

«Әрі оны аят-белгі етіп қалдырдық. Енді ескерту алушы бар ма?»[16] – делінген. ХХ ғасырда ғалымдар Нұхтың кемесін іздеп тапты. Кеме екіге бөлініп кеткен. Біз жоғарыда сипаттағандай, төбесі жабық, үш қабатты кеме Түркиядағы Жуди тауынан табылған. Ол кеме бейнетаспаға да түсіріліп, кезінде телехабарлар арқылы да көрсетілді.

Топан су

Кеме жасалып біткен соң топан су келді. Алла тағала Нұхқа белгі берді. Ол Нұхқа осы белгі көрінген кезде мүміндер мен өз отбасын және жер бетінде өмір сүретін жануарлардың әрқайсысынан бір жұптан алып кемеге мінуді бұйырды. Ал ол белгі тандырдан судың қайнап шығуы болатын. «Тандыр» сөзі туралы Құран тәпсіршілерінің бір-біріне қарама-қайшы пікірлері бар. Кейбіреулері тандырды су шығатын бұлақ деп ұққан. Бірақ бұл пікірлердің ең дұрысы, аяттағы «тандыр» – кәдімгі от жағып нан пісіретін орын. Алла тағала:

«Ақыры әміріміз келген уақытта, тандырдан су қайнады. (Нұхқа) оған (кемеге) әр нәрседен бір жұп және (жазаға) үкім етілгендерден басқа, отбасың мен иман келтіргендерді орналастыр», – дедік. Негізінде, онымен бірге аз ғана (адам) иман келтірді»[17], – деген.

Сонымен, бір күні Нұх сол белгіні көрді. Тандырдан су қайнап шыға бастады. Ол тездетіп, беткейдегі кемеге бет алды. Ал онда жер бетіндегі әрбір жануардан бір-бір жұп жиналып, кемеге мінуді күтіп сап түзеп тұр еді. Алла тағала оларды жер шарының әр қиырынан жинаған-ды. Кеменің астыңғы қабатына жыртқыштар мен өзге де жануарлар, орта қабатына адамдар, ал үстіңгі қабатына құстар орналасты. Нұх кемеге өзіне ерген мүміндерді және жан-жануарларды жайластырып болған кезде Алла тағаладан жер бетіндегі нәрселердің барлығының жойылуы туралы әмір келді. Бұл әмір аспан есіктері ашылып жаңбыр құюы және жер қойнауы жарылып су атқылауы арқылы жүзеге асты. Бұл мәселе тұрғысында Құранда: «Сонда аспан есіктерін құйылған жаңбырмен аштық. Жерді жарып, қайнарлар шығардық. Сонда су тағдыр етілген әмір бойынша қосылды. Оны шегелер мен тақтайлардан тұратын (кемеге)отырғыздық. Кәпірлерге жаза ретінде Нұхтың кемесі көз алдымызда жүзіп бара жатты»[18], – делінген.

Жерді су басып, адамдар мен жан-жануарлардың барлығы бата бастады. Аллаһ тағала:

«Нұх Бізді үндеді, ал (Біз) қандай жақсы жауап берушіміз. Біз оны және үй-ішін үлкен қайғыдан құтқардық. (Жер бетінде) оның ұрпақтарын қалдырдық. Кейінгілердің ішінде ол (Нұх) жайлы (жақсы сөз) қалдырдық. Нұхқа әлемдерден сәлем болсын! Біз ізгі(амал) істеушілерді осылай марапаттаймыз. Ол біздің мүмін пенделерімізден. Сосын басқаларды суға батырдық»[19];

Су көбейіп, қалалар мен ауылдарды алды. Судың беті жер бетіндегі ең биік таулардан он бес кезге дейін жоғары көтерілді. Нұхпен бірге болғандардан басқаның бәрі суға батты.

Сол уақытта оған Алладан:

«Өзің және өзіңмен бірге болғандармен кемеге орналассаң: «Мақтау-мадақ бізді залым қауымдардан құтқарған Аллаға тән» де. Сондай-ақ «Раббым! Мені құтты бір қонысқа түсір! Сен – түсірушілердің ең абзалысың» де»[20], – деген әмір келді.

Алла тағала Нұхқа онымен бірге отбасын да құтқаруға уәде берген еді. Шын мәнінде де, оның бір ұлынан басқа барлық отбасы мүшелері, әйелі өзімен бірге кемеге шықты. Алла тағала Құранда:

«Алла кәпірлерге Нұхтың әйелі мен Луттың әйелін мысалға келтірді. Ол екеуі Біздің құлдарымыздан екі ізгі құлдың әйелі еді, ол екеуі екеуіне опасыздық етті. Сонда ол екеуіне Алланың алдында ештеңе пайда бермеді және: «Екеуің кірушілермен бірге тозақ отына кіріңдер», – делінді»[21], – деп айтқан. Оның кәпір әйелі бұл кезде өліп қалған еді. Ал кемеге мінген әйелі иманды болатын.

Нұхтың иман келтірмеген бір кәпір ұлы ғана кемеге отырмады. Оның аты Ям болатын. Бір деректерде оны Канған деп те атайды. Су тасқыны кезінде оны әкесі кемеге шақырды. Бұл жағдай Құранда:

«Нұх айырылуда болған ұлына: «Ей, балақайым! Бізбен бірге (кемеге) отыр, кәпірлерден болма!» – деп дауыстады. (Баласы Канған): «Мен судан сақтайтын тауға паналаймын», – деді. (Нұх): «Бүгін Алланың әмірінен, Ол рақымшылық еткендерден басқаға сақтаушы жоқ», – дегенде, екеуінің арасына толқын түсіп, (Канған) суға батқандардан болды»[22], – деп баяндалады.

Нұхқа Алла тағала оның отбасын құтқаруға уәде берген еді. Енді болса бір ұлы суға батты. Сонда ол Аллаһ тағалаға жалбарынып:

«Раббым! Негізінде, ұлым отбасымнан ғой. Расында, Сенің уәдең ақиқат. Сондай-ақ Сен – ең тура үкім Етушісің»[23], – деді.

Алайда Нұх ұлының суға батқаны үшін Алла тағалаға қарсылық білдірмеді. Сонда Алла тағала:

«Ей, Нұх! Ол сенің отбасыңнан емес. Өйткені ол (ұлыңның істегені) дұрыс іс-амал емес. Сондықтан білмеген нәрсеңді Менен сұрама. Саған надандардан болмауыңды насихат етемін»[24], – деді.

Сол кезде Нұх бірден Раббысына тәубе етіп:

«Раббым, білмегенімді сұраудан Өзіңе паналаймын. Егер мені кешіріп, маған рақымшылық қылмасаң, зиянға ұшыраушылардан боламын»[25], – деді.

Нұх ешқашан Аллаға қарсы шықпаған. Оның жалғыз қателігі осы ұлына қатысты қойған сұрағы болды.

Сонымен, кеме таудай толқындарда жүзіп кете барды. Жер бетін су басып, адамзат тіршілігі және сонымен қатар хайуандар мен құстардың барлығы жойылды. Кемедегілерден басқа ешбір тірі жан қалмады.

Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) олардың кемеде алты ай жүргендігін айтқан. Ақыр соңында Алланың әмірімен су тасқыны тоқтады. Алла тағаладан: «Ей, жер! Суыңды жұт. Аспан, сен де тоқта» делінді де, су тартылды. Іс бітті. (Кеме) Жуди (тауына)тоқтады. «Залым қауымдар жоқ болсын!»[26] – делінді.

Нұхтың кемеден түсуі туралы көптеген мәліметтер мен деректер бар. Солардың бірінде Нұх топан судың тоқтағанын білу үшін көгершінді ұшырғандығы жайында айтылады. Бірақ көгершін еш нәрсесіз қайтатын. Біразға дейін осылай жалғасты. Сосын бір күні ол көгершінді қайтадан жіберді. Сонда ол бір зәйтун ағашының жапырағын алып келді. Осы арқылы Нұх ағаштар бой көрсетіп, судың тартыла бастағанын білді. Сонан соң оны тағы да ұшырды. Бұл жолы көгершіннің аяғы лай болып қайтты. Сол кезде ол судың толық тартылғанын білді. Бұл әңгіме тарихи кітаптарда кездеседі. Көгершіннің кейбір елдерде «бейбітшілік рәмізі» ретінде танылуына мүмкін осы әңгіме негіз болса керек. Алла жақсы біледі!

Кемеден түсу

Нұх және онымен бірге болғандар кемеден түсті. Бүкіл Адам ұрпағынан тірі қалғандар осылар болғандықтан, жерде тек Нұхтың ұрпақтары ғана тіршілік етіп қалды. Сондықтан оны «екінші Адам» немесе «адамзаттың екінші атасы» деп атайды. Өйткені барлық адамдардың түбі Нұх пайғамбарға барып тіреледі.

Нұх су тасқынынан кейін үш жүз елу жыл жасады делінген. Ол бүкіл өмірін Аллаға ғибадат етумен өткізген.

 

НҰХТЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТТЕРІ

Нұх жер бетіне жіберілген алғашқы елші еді[27]. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):«Қиямет күні мүміндер жиналып: «Раббымыздың алдында шапағатшы болатын біреуді іздесек» деп, Адамға келіп: «Ей, Адам! Сен – адамзаттың атасысың, Алла сені Өз қолымен жаратты, Өзі саған рух үрледі, періштелерге бұйырып, саған сәжде жасатты және сені жаннатқа орналастырды, бізге Раббымыздың алдында шапағат етпейсің бе? Біздің жағдайымызды көрмейсің бе?» – дейді. (Адам): «Раббым қатты ашулы. Мұның алдында бұлай ашуланбаған, бұдан кейін де бұлай ашуланбайды. Мені жемістен қайтарып еді, күнәкарлық істедім. Өзім!… Өзім!… Менен басқаға барыңдар! Нұхқа барыңдар!» – дейді. Адамдар Нұхқа келіп: «Ей, Нұх! Сен – жер бетіне жіберілген әуелгі елшісің, Алла сені шүкір етуші пенде деген, біздің жағдайымызды көрмейсің бе? Бізге Раббымыздың алдында шапағат етпейсің бе?» – дейді»[28], – деген.

Барлық пайғамбарлар Нұх сияқты үмбетін пайда әкелетін барша жақсылықтарға бұйырып, зиян келтіретін жамандық атаулыдан қайтарған. Абдуллаһ ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға дажжал туралы әңгімелей отырып:

«Мен сендерді одан сақтандырамын. Барша пайғамбарлар қауымдарын одан сақтандырған. Нұх та қауымын одан сақтандырған»[29], – деп айтқан.

Алла тағала Құранда: «Расында, ол шүкір етуші пенде еді»[30], – деп сипаттаған.

 Материалды әзірлеген:
Жомарт КЕРШЕЕВ


[1] «Бақара» сүресі, 213-аят.

[2] «Нұх» сүресі, 23-аят.

[3] Хадисті әл-Бұхари жеткізген.

[4] «Нұх» сүресі, 1 аят.

[5] «Нұх» сүресі, 2-4 аяттар.

[6] «Нұх» сүресі, 5-20 аяттар.

[7] «Нұх» сүресі, 21-24 аяттар.

[8] «Һуд» сүресі, 27-34 аяттар.

[9] «Һуд» сүресі, 36-аят.

[10] «Ғанкабут» сүресі, 14-аят.

[11] «Нұх» сүресі, 21-24, 26-27 аяттар.

[12] «Шұғара» сүресі, 117-118 аяттар.

[13] «Муминун» сүресі, 27 аят.

[14] «Қамар» сүресі, 13-аят.

[15] «Һуд» сүресі, 38-39 аяттар.

[16] «Қамар» сүресі, 15-аят.

[17] «Һуд» сүресі, 40-аят.

[18] «Қамар» сүресі, 11-14 аяттар.

[19] «Саффат» сүресі, 75-82 аяттар.

[20] «Муминун» сүресі, 28-29 аяттар.

[21] «Тахрим» сүресі, 10 аят.

[22] «Һуд» сүресі, 42-43 аяттар.

[23] «Һуд» сүресі, 45 аят.

[24] «Һуд» сүресі, 46 аят.

[25] «Һуд» сүресі, 47 аят.

[26] «Һуд» сүресі, 44 аят.

[27] Елші араб тілінде «расул», ал пайғамбарды «нәби» деп атайды. Елшіге жаңа шариғат уахи етіліп, соны халыққа жеткізу тапсырылған.

[28] Хадисті әл-Бұхари мен Муслим жеткізген.

[29] Хадисті әл-Бұхари риуаят еткен.

[30] «Нахл» сүресі, 3 аят.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники