А.Нұрматов: «Шайтанның болмысы және адам баласын азғыру жолдары»

Шайтанның жұмақтағы аты ібіліс болатын. Ол жәннаттан қуылғаннан кейін барып шайтан есімін алған. Жын-шайтандар адамның сыртқы сезім мүшелері арқылы түйсіне алмайтын жаратылыс. Олар адам баласы секілді ақыл, сана-сезім, қалау еркіндігіне ие. Сондықтан да, жындар мен шайтандар Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнуға міндеттелген.
Шайтан жындардың азғындыққа ұшыраған тайпаларынан болып саналады. Олардың жындар жынысынан болғандығы Кәһф сүресінің 50-аятында «Ол жындардың бірі еді әрі Раббысының әмірінен бас тартты…» деп баяндалған.
Ібіліс періштелермен бірге жәннатта өмір сүріп жатқан болатын. Алайда не себепті жылы орнынан қудаланып, қуғынға ұшырағандығы жөнінде келесі аяттарда баяндалады: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды.» (Бақара сүресі 34-аят)
Аллаһ Тағала одан: «Мен әмір еткенде, сені сәжде етуден не тыйды?» деп сұрағанда, ол: «Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың»– деді. (Ағраф сүресі 12-аят)

Жындар мен шайтандар адам баласы секілді жеп ішеді. Бір-бірімен үйленеді. Балалы шағалы болып, ажалы жеткенде өлімнің ащы дәмін татады. Шайтан жындар тайпасынан болғандықтан, пайғамбарымыз (с.ғ.у) жындарға да пайғамбар болып келгендіктен оларды көріп, білетін еді. Жындардың сұрақтарына жауап беріп, өзара мәселелерін шешіп берген кездері де риуаяттарда айтылған. Сүлеймен пайғамбарда жындарға жұмыс істеткізіп, Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітін салғызған. Жындар ғайыпты біле алмайды. Оның дәлелі, сол кезде Сүлеймен пайғамбар жындарға Ақса мешітін салғызып жатып таяғына сүйенген бойда аманат жанын Раббысына тапсырады. Жындар Сүлеймен пайғамбарды әлі тірі екен деп ойлап жұмыстарын жалғастыра береді. Мешіт жұмыстары бітуге таяған сәтте бір құрт Сүлеймен пайғамбардың сүйенген таяғын кеміріп бастайды. Таяқ сынып Сүлеймен пайғамбар жерге құлаған кезде ғана жындар оның қайтыс болғанын біледі. Ол жайында Сәбә сүресінің 14-аятында былай баяндалады: «Біз оның (Сүлеймен Ғ.С. нің) өліміне үкім берген заманда, жындарға оның өлімін; оның таяғын жеген бір жердің кұрты ғана көрсетті. Сонда ол жығылган сәтте, жындарға аян болды. Егер жындар, көместі білген болса еді, олар, ауыр машақатта қалмас еді».
Шайтанның жаратылысы Адам алейһиссәләмнан алдын болған. Шайтанның ең алғаш азғырып, тура жолдан тайдыруға арекет еткен адамы Адам ата мен Xауа анамыз болған. Адам атамызбен Xауа анамыз біргелікте жәннатта бакытты ғұмыр кешіп жатқан болатын. Шайтан оларға Аллаһтың тыйым салған жеміс ағашынан жеген жағдайда өздеріне ешқандай зиян келмейтінін, жәннатта мәңгі қалатынын айтып сендіреді. Бұл жайында Құран Кәрімнің Ағраф сүресінде кеңінен баяндалған. (Алла): «Әй Адам! Сен және жұбайың жаннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда осы ағашқа жоламаңдар. Сонда залымдардан боласыңдар» (19)
Сонда шайтан, ол екеуінің ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі қалып қояды деп ғана тыйған» деді. (20)
Және: «Шынында мен екеуіңді үгіттеушілерденмін» деп ант ішті. (21)
Сөйтіп екеуін алдап түсірді. Сонда екеуі ағаштан татқан сәтте, ұятты жерлері ашылып кетті. Екеуі жаннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады. Раббылары екеуіне: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?»,- деп дабыстады. (22)
Осылайша Шайтан алғашқы адам және алғашқы пайғамбар болған Адам атамызды азғырып жолдан тайдыруға әрекеттеніп, жұбайымен біргелікте жаннаттан шығарылуына себепші болды. Сондықтан қарғыс атқыр шайтан біздің ата жауымыз саналады.
Шайтан адам баласын қалай азғыратындығы жөнінде Ағраф сүресінің 17- аятында баяндалады. «Сонан соң оларға алды-артына, оң-солынан келемін де олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың» деді.
Мәйда сүресінің 91- аятында шайтанның негізгі мақсаты айқын әшкереленген. «Негізінен шайтан, арақта, құмар ойнауда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»
Сондай-ақ, Шайтан адам баласын кедейлікпен қорқытып жаман істерге қол ұруға итермелейтіндігі Бақара сүресінің 268-аятында ескертіледі «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла (Т.) сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші».
Шайтан жындардың азғынға ұшараған тайпасынын болғаны секілді адамдардың да азғындыққа салынып, шайтани сипатқа ие болатындығы жөнінде төмендегі аятта баяндалады: «Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын» де. (Нас сүресі 6-аят)
Бұл орайда біз не істеуіміз керек? Бізге жүктелер міндет қандай? Бірінші кезекте шайтанды дұшпан деп біліп, оған мойынсұнбау. Уасуасаларына құлақ аспау. Екіншіден Аллаһқа сыйынып, шайтанның бүкіл жамандықтары мен азғыруларынан сақтай көр деп Аллаһ Тағаладан пана сұрау. Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) хадисінде: «Шайтан да, періште де адамның көңіліне бір нәрселер алып келеді. Шайтанның ісі-жамандыққа шақырып хақ (туралық) істерден алыстату. Ал періштенің ісі-хаққа және жақсылыққа шақырып, жамандықтан алыстату. Егер кімде-кім жақсылыққа шақырған дауысты естісе, біліпқойсын, ол періштенің үні. Дереу оған құлақ асып, Аллаһқа шүкір етсін. Ал егер кімде-кім жамандыққа шақырған дауысты естісе, біліпқойсын, ол шайтанның дауысы. Одан алыс болсын, Аллаһқа сиынып, пана сұрасын.»-делінген. Муминун сүресінің 97-аятында «Раббым! Шайтандардың түртектерінен саған сиынамын-деп айт»- деп, жаратушы Раббымыз шайтанға қарсы өзінен жәрдем сұрауымыз қажеттігін ескертуде.
Жаратқан Ием баршамызды адамдардан және жындардан болған шайтандардың жамандықтарынан сақтасын! Әмин!

Абдурахман НҰРМАТОВ

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники