Бейбіт қажы Мырзагелдиев: Қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын!

Бейбіт қажы Мырзагелдиев

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

өкіл имамы

 

Қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын!

Мейірімді де рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

 

Рамазан — барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Бұл ай барша адамзат баласына өз рахметін ала келеді.

Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Рамазан — айлардың сұлтаны. Осы айда толыққанды ораза тұту парыз етілді. Рамазан айынның фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламның көптеген хадистері бар.

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын» (Бақара сүресі, 183-185 аяттар), делінген.

Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады» және         «Жәннатта сегіз есік бар. Оның бiр есiгінің аты – Райиан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», – дегенде, олар есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», – деген. Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Олар:

  1. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы;
  2. Ораза ұстаған адамның тілегі;
  3. Жолаушының тілегі.

Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады.

Ораза ұстаған адам Құдайға жақын болады. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қасиеттерге бой ұсынады.

Бұл айдың кереметтері жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Кімде кім ораза тұтса және Аллаһ разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды», — деген.

Араб тілінде оразаны (әс-соум) деп атайды. «Ораза» сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді.

Ораза» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, ол: құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.

Оразаның негізгі шарттары:

а)  Әуелі Рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі; Ниеті: «Ниет еттім, қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Аллаһ тағала қабыл етсін, Әмин!», — делінеді.

ә)  Ораза тұтушы таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтанады.

Рамазан айының айырықша белгілері:

а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;

ә) Бұл айда ораза ұстау – пенденің  өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;

б) Аллаһ тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.

Оразаның пайдасы:

а) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады. Яғни Аллаһ тағаланы таниды;

ә) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;

б) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;

в) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;

г) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.

  Оразаны  қандай амалдар бұзады?

а)   Күндіз ішіп-жеу, сусын қабылдау;

ә)  Ауыз бекіткен кезде әйелімен жыныстық қатынаста болу;

б)  Әйелдер үшін ай сайын келетін етеккір кезінде ораза ұстауды уақытша тоқтату;

в)   Ғайбат сөз айту, біреуді балағаттау.

          Ораза ұсатушы білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кім де кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Аллаһ оның тамақтандырған болады», — делінген.

Әйел кісілерге байланысты  тәртіптер:

а)  Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айы өткеннен  соң өтеп береді.

ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.

Қадір түнінің қасиеті

 

          Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны Қадыр түні.

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары  көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған  түн.

          Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері  мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді» және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».

Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы  бойынша Қадыр кеші рамазан айының 26 -нан 27 — не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.

Пітір садақа мәселелері

         Қасиетті Рамазан айының алғашқы күнін айт намазына дейін пітірі садақасы беріледі. Бұл әрбір мұсылман үшін Рамазан айында жағдайы төмен, жетім-жесірлерге немесе мешіттерге арнайы берілетін садақа. Үстіміздегі 2013 жылы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің ұйығарымымен пітір садақа 150 теңге болып белгіленді.

        Пітір сөзі (араб тілінде) —  «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа – күнделікті қолданатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшерінен (85 гм алтын немесе құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіб садақа.

           Пітір садақасы һижреттің екінші жылы, Рамазан  оразасы парыз етілген жылы уәжіб болды. Яғни баршаға міндет болып саналады.

           Пітір садақаны рамазан айының бірінші күнінен бастап, оразаның айт намазы оқылуына дейін беру  керек.

Құран оқығанның сауабы

        Аллаһ тағала: «Рамазан  айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адам адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін  жіберілген», — дейді. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тиып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады. Жалпы, рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.

Рамазан – мырзалық пен мейірбан айы

       Хадисте: «Кімде кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді», — делінген.  Бұл айда әр адам өзінің қал жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе сауабы мол.

Ауызашар және сәресін ішу мәселесі

             «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке  жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою» және   «Аллаһ тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді» және бір хадисте «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресіде береке бар» деген.

Тарауих намазының сауаптары

Тарауих — Рамазан айы бойы оқылатын намаз. Ер мен әйелдер үшін — муәккад (бекітілген) сүннет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Рамазан намазын (тарауихты) шын көңілмен сауабын Алладан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Салатут-тарауих, 1; Мүслим, Салатуль-мусафирин, 174), деген.

Тарауих намазы — ораза намазы емес, Рамазан айында оқылатын сүннет намаз. Алайда сүннет екен деп оған атүсті, немқұрайлы қарап, оқымай қою дұрыс емес. Бұл намаз – мол сауапты құлшылықтардың бірі. Сондай-ақ, ораза тұтпаған адамдар мен жолаушылардың да бұл намазды оқуы – сүннет.

 

Үндеуге баршамыз болып қолдау

       Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет қасиетті Рамазан айына байланысты ел халқына үндеу жолдады. Онда қасиетті айдың құрметіне тойларда, кештерде арақ-шарап ішілмесе, артық ысырапшылдыққа жол берілмесе, азық-түлік бағалары төмендетілсе, халыққа қызмет етудің барлық түрлеріне жеңілдіктер жасалса, мұқтаж жандарға көңіл бөлінсе, Алла разылығы үшін берілетін ас-тағамдар ауызашарлар кезінде берілсе, деген ізгі ниет орындалса нұр үстіне нұр болар еді.

Оразашының екі қуанышы бар

        Оразашының екі қуанышы бар, бірі кешкісін ауыз ашарда, екіншісі Жаратқан Аллаһ тағаланың алдында тұрған сәтте. Аллаһ тағала айтады: «Адамзат не істесе де өзінікі, бірақ оразадан басқасы, ораза менікі. Мен оның есесін өзім беремін. Ол Мен үшін ішіп-жеуін, нәпсісін тыйды ғой» деген. Аллаһ тағала қиямет күні оразашыны жәннаттың арнаулы қақпасына кіруге шақырады. Хадисте: «Жәннатта Раййан деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан қиямет күні оразашы жәннатқа кіреді» делінген.

            Құрметті мұсылман бауырлар!

            Аллаһ тағала қасиетті Рамазан айындағы оразаларымызды қабыл еткей! Жарылқаушы айда жасаған ізгі ниет пен амалдарыңыз басқа да айларда жалғаса бергей! Алла тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Сәлеметсіздер ме?! Мен бүгіннен бастап ораза ұстап, кейін өтемеген 1 күнімді ораза айынан соң өтесем бола ма?!


  2. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    салеметсизбе Актау каласындагы 2013 жылдын ораза туту кестесин бересиздерма отиниш алдын ала Рахмет

Пікір жазу