Тарауих намазы жайлы не білеміз?

Тарауих – «тынығу», «демалу», «рахаттану» деген мағыналарды білдіреді. Ол Рамазан айына ғана тән құптан намазынан кейін оқылатын 20 рәкаттық намаздың атауы. Тарауих намазы бекітілген – сүннет. Рамазан айында тарауих намазын оқу ислам рәмізіне жатады.

Пайғамбарымыз (саллал-лаһу аләйһи уә сәлләм)  бірнеше хадистерінде: «Кімде-кім Рамазан намазын (тарауихты) шын көңілмен сауабын Аллаһтан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»1, «Аллаһ рамазан айында ораза ұстауды парыз қылды. Мен сендерге рамазанның кештерінде намаз оқуды (тарауихты) сүннет қылдым. Кім Аллаһ Тағалаға шын көңілмен иман келтіріп, қарымын тек Аллаһтан ғана күтіп ораза ұстап, намаз оқыса (тарауихты) анасынан жаңа туғандай күналары кешіріледі»2, – деп, мұсылмандарды тарауих намазын оқуға құлшынтқан.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әуелде бұл намазды жамағатпен оқыса да кейіннен парыз намазға баламасын деген сақтықпен жалғыз оқи бастаған3. Тарауих намазы  «алтын ғасырдан» (асрус-саада) бері мешіттерде жамағатпен оқылып келе жатқан сүннет.

Хазірет Омар (р.а.) ислам үмбетінің бірлігін қалыптастыру ниетімен тарауих намазын мешітте жамағатпен оқуды әмір еткен. Сахабалардың ешқайсысының қарсылық көрсетпеуі хазірет Омардың (р.а.) бұл ісінің жаңалық (бидғат) емес, Пайғамбарымыздан үйренген амал екенін көрсетеді. Тарауих намазы ханафи, шафиғи, ханбали мазхаптары бойынша 20 рәкат.

Бұл алғашқы кезеңнен бері осылайша 20 рәкат ретінде өтеліп келеді. Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тарауихты 20 рәкат оқығаны риуаят етілген. Сахабалар да бұны 20 рәкат етіп оқыған. Тарауих намазы Рамазан айында оқылатын – сауабы мол ғибадат.

Рамазан айы – Аллаһтың нөсерлетіп төгіп тұрған рақымынан құр қалмау үшін құлдарына сыйлаған мүмкіндігі. Бұл айда адам бет алды ішіп — жеуден тыйылып, Аллаһтың нығметтеріне шүкіршілік жасайды, Жаратушыны ұлықтап пәктейді. Тарауих рухқа азық беріп, пендені дүниенің қауырт тіршілігінен алшақтатып, рухына кең тыныс сыйлайды.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) исламның ең алғашқы азаншысы Біләлге: «Арихна иа Биләл» «Уа, Біләл! Азан шақырып, рухымызды бір сейілтші», – дейтін. Яғни Аллаһ Тағаланы толық түрде еске алдыратын жан дауасы намазға дайындық жасау дініміздің ең асыл ғибадаттарының бірі болып табылады.

Тарауих намазы – Ұлы Жаратушының өз рақымынан тарту еткен осы айға ғана тән ерекше құлшылық.

1.Бұхари, Салатут-тарауих,1; Мүслим, Салатуль-мусафирин,174
2.Нәсәи, Сиам, 40; Ибн Мажа, Иқама, 173
3. Бухари, Салатут-тарауих,2; Мүслим, Салатуль-мусафирин,174
http://ummet.kz

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу