«Үміт сәулесі» атты жаңа кітап оқырманға жол тартты

Тәуелсіз ел атанған бүгінгі қазақ жері экономикалық дамумен қатар, рухани да көш ілгері жылжып келеді. Иә, үзіле барып қайта қауышқан Ислам діні бүгінгі күні халқымызды имандылықтың кәусарымен сусындату үстінде. Аллаға шүкір, білімді дін мамандарының жемісті еңбегінің арқасында көптеген діни әдебиеттер төл тілімізге аударылды. Әсіресе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған діни әдебиеттер жұртшылыққа кең тарап та кетті.

Бүгінгі күні дініміздің кез-келген мәселесін қамтыған кітаптар барысын дүкен сөрелерінен кезіктіруге әбден болады.

Міне, сол кітаптардың қатары ҚМДБ-ның білікті маманы, «Нұр Астана» орталық мешітінің бірінші найб имамы Наурызбай Тағанұлының «Үміт сәулесі» атты жаңа кітабымен толысты. Аталмыш жаңа кітапқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз пікірін білдірген.

Онда Бас мүфти былай дейді: «Автор Тағанұлы Наурызбай Өтпенов көп жыл дін саласында аянбай қызмет атқарып, ел ықыласына бөленіп жүрген жан. Дін насихатындағы талай жылғы тәжірибесін ортаға салған ол кітабында Исламдағы құндылықтар жүйесіне ерекше мән беріп, өзгеден ерек ұмтылып, тың тақырыптарға қалам тартып, оқырмандарға жаңа туынды ұсынып отыр. Айталық, адами мінез, адамгершілік қасиеттерді сөз етумен қатар, «Қайғыны сейілту», «Мансап – уақытша ләззат», «Достық», «Кешегі тарих өтті, ертеңгі белгісіз, бүгінгің сый» сынды тақырыптар Исламның нәзік тұстарының сырларын тереңірек аша түскендей».

Шынында соңғы уақыттары рухани жұтаңдықтың және адамгершілік қасиеттердің азаю салдарынан кей бауырларымыз аз күнгі сынақ өмірге шыдас бермей, өз-өздеріне қол жұмсауда. Мұның арты қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқаны әр қазақтың жанына аяздай батары сөзсіз. Міне, автор Н.Тағанұлы рухани әлсіздікке, тұрмыстың ауыртпалығына душар болған жандарға демеу болу мақсатымен қолына қалам алып, ой елегін қағаз бетіне түсіруді жөн санаған.

Сиясы кеппеген тың еңбегінде автор оқырманға ой саларлық өнегелі тақырыптарды топтастыра келе, аят-хадистердің астарлы мәнін түсіндіріп, күнделікті өмірге қажетті ақыл-кеңестер мен мұсылмандық ізгі қасиеттерді де сөз етеді.

«Сырт көз сыншы» демекші, біз де жаңа әдебиетті қолымызға алып, мазмұны мен ішкі беттеріне көз жүгіртіп өттік.

Тақырыптары талғамды, сөзі жеңіл, кітап барша оқырман қауымға арналғаны байқалады. Өз тарапымыздан әріптесіміздің жаңа еңбегіне «құтты болсын» айта отырып, алдағы уақытта қаламыңыздан тың еңбектер туындасын деген ізгі ниетімізді білдірмекпіз.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу