А.ҚОНАРБАЙҰЛЫ: Биыл елімізден қажылық сапарына 4400 адам аттанады

Биыл елімізден қажылық сапарына 4400 адам аттанады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласы Орталық мешітінде отандастарымыздың алғашқы тобын (100 адам) сауапты сапарға дұға-тілекпен шығарып салды.

Қажылық ғибадатын өтеу – Алланың ұлы нығметі. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осындай сауабы теңдессіз ұлы сапарға баруымыз әуелі Жаратушы Иеміздің, содан кейін тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асып жатқанына тоқталды.

«Қажылық – сауапты сапар, қиындығы мол, әрбір қажыдан үлкен сабырлылық, терең төзімділікті, риясыз тақуалықты талап етер ғибадаттың түрі. Қажылық сапары сауда-саттық немесе туристік сапар емес, өзіндік ерекшелігі бар ғибадат жолы, сондықтан да әрбір мұсылманнан тиісті дайындықты, оны орындаудың өзіндік ерекшеліктері жайлы мағлұматты білуді талап ететін құлшылықтың түрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Алла тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса анасынан туылғандай пәк болып қайтады», – деген. Қажылықтың әр минутын құлшылықпен, дұға-тілекпен өткізудің сауабы мол. Осы сапарда елімізге амандық, жерімізге тыныштық, дініміздің жанашыры Елбасына, дін қамында жүрген азаматтарға есендік, дендеріне саулық тілесек абзал болады. Алла тағала сапарларыңызды оңды етіп, елімізге аман-сау оралуларыңызды тілеймін», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған миссия мүшелері – дәрігерлер медициналық көмек көрсетсе, 30 имам қажыларға уағыз-насихат айтып, бағыт-бағдар беретін болады. ҚМДБ Миссия жұмысына Бас мүфтидің бірінші орынбасары Серікбай қажы Ораз төрағалық етпек.

Бүгінде Алматы қаласындағы Мәдина мешітінде ашылған Қажыларды оқыту орталығында отандастарымыз арнайы дәрістен өтуде. Қажылық сапарында жиі кездесетін сұрақтарға Діни басқарма мамандары жауап беруде.

1993 жылдың жазында Қазақстаннан тұңғыш рет 300 адам қажылық сапарына аттанды. Сол жылдан бастап қажылыққа ниет білдірген жерлестеріміздің саны артып келеді. 2013 жылы олардың саны 4400-ге жетті.

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы

(суреттерді түсірген – автор)


Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу