Ержан қажы Малғажыұлы: «Ханафи бағыты және қазақ халқы»

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! 

«Бақыт, қайда барасың?»

Кез келген кезеңде адамзаттың өмірі имандылыққа, рухани құндылықтарға, ізгілік пен ізеттілікке негізделмесе, сол қоғамда қасіретті жағдайлар орын алып, адам арсыздық пен абыройсыздыққа ұшырайды.

Біз мұны тарихтан жақсы білеміз. Бүгінгі алмағайып заманда, сананы тұрмыс билеген дәуірде адамдар арасында бауырмалдық, мейірім, кішіпейілдік, өзара түсіністік сынды асыл қасиеттердің шынайы көрініс табуы аса қажет.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Күмәнсіз, мұсылмандар бір-біріне бауыр» деп баяндайды (Хужурат сүресі, 10-аят). Дана халқымыз: «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді. Ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырған Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деп адамзатты бауырмал болуға үндеген.

Иә, бүгінгі қоғам қайы­рымдылыққа, мейірбан­дылыққа мұқтаж. Қатыгездік, өшпенділік, алауыздық ешкімді жақсылыққа жетелеген емес. Ендеше, ұлы Алланың бізге берген шексіз нығметтерінің бірі – бейбіт заманымыздың қадірін сезініп, бағалай білуіміз тиіс. Өйткені бейбітшілік – біздің бақытымыз бен баға жетпес байлығымыз.

Имандылық пен татулықты, бірлік пен бейбітшілікті ту еткен кешегі батагөй бабаларымыз ұрпақты ұйымшылдыққа, халықты қайырымдылыққа үндеп отырды. Қабан жырау Асанұлы өсиет өлеңінде:
– Бақыт, қайда барасың?
– Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан-асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын!
– Бақыт, қайда барасың?
– Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі,
Ұйымшыл елге барамын! – деп өрелі жұртты өрге сүйрейтін негізгі құндылық – бейбітшілік пен бірлік екенін еске салады.

Осынау қойнауы қазынаға толы байтақ даланы бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, шапқан тұлпардың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын жерді сақтап қалды. Бұл – Тәңірдің тартуы, шексіз рақымы екенін еш ұмытпауымыз керек.

Дінсіз қоғам болмайды

Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды. Дін дегеніміз – адамды екі дүниенің бақытына жетелейтін Алланың бұйырған жолы. Ешбір ғылым, ешбір білім саласы адамның бүкіл ғаламдық болмыспен байланысын дін сияқты айта алмайды. Ғылым­дар жаратылыстың жаратқан­дарын зерттейді. Ал дін жара­ты­лыстың иесіне сенуді бұйырады. Ғылым пән ретінде Жарату­шының жаратқан кереметтерін зерттейді. Сондықтан дін туралы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің арасында, айтарлықтай айырма­шы­лық болады.

Біздің арғы тегіміз түркі, яғни исламды қабылдауы­мыз да түркілік, қазақы дүниетанымымызға қа­тысты болды. Өзімізге тән әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз бар, ол исламмен табиғи тұтасып кет­кен.

Ислам – иләһи соңғы әрі әлемдік дін. Жер шарын мекендеген алты миллиардқа жуық адам­заттың 1,5 миллиарды мұсыл­мандар. Қазақ халқы да Ханафи мәзһабын ұстанушы халық. Ислам діні Қазақстанға осыдан 1250 жыл бұрын келген. Өкінішке орай, 70 жылдық Кеңестік үкімет тұсында дінге тыйым салынып, Құдай жоқ деп, дініміздің барлық құндылықтарын тұншықтыруға тырысты. Осы 70 жылдық мерзімде дінімізді түсіндіре алатын санаулы ғана жандар болды. 1991 жылдан бастап дінге еркіндік беріліп, ислам діні қанат жайып келеді.

Қазақ халқының бүгінгі өмір- тұрмысын және болашағын исламнан тыс қарастыру мүмкін емес. Ислам діні, онымен бірге енген ислам мәдениеті, дүниетанымы, тіптен философиясы біздің әдет-ғұрыптарымызға, ұлттық ойлау жүйемізге, бір сөзбен айтқанда, дүниетаны­мы­мызға молынан сіңген. Сондықтан Қазақстанда ислам дінінің ықпалы уақыт өткен сайын артып келеді.

Мұсылмандар адамзат өркениеті тарихында тұңғыш рет физика, химия, медицина, астрономия, ботаника, география, геометрия, т.б. салаларда жүйелі зерттеуді, тың­ғы­лықты бақылауды қажет ететін экс­пе­риментальдық тәсілдерді қолданып, фи­лософия мен филологияны жаңа қы­рынан дамытқан еді. Бір кездегі Фес, Құртуба (Кордова) және Гренада университеттері ашылып, сол ар­қылы Батысқа ғылым мен техника же­тістіктері жетті. Христиан әлемі оя­нып, Еуропа мақтан тұтатын қазіргі өрке­ниеттің сол кездегі іргетасы қаланды.

«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен…»

Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Талай зұлмат заманға төтеп берген, тар жол, тайғақ кешкен мұсылман қазақ бір Аллаға сыйынып, тура жолдан танбады. Діндарларға қысым жасалса да ақын-жырауларымыз: «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен…» деп қасқайып тұрып жырлады. Иә, дінмен, иманмен, сеніммен бітеқайнасып жатқан тарих қашан да сәулелі, нұрлы һәм берекелі болмақ.

Ислам адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қояды, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтайды, әлеуметтік әділетті көздейді. Адамды былай қойғанда, бүкіл тіршілік иесінің бірде-біріне қылдай қиянат жасамауға үндейді.

Бейбіт сүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел басшылары ежелден елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім. Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді. Осы ­аяулы арман, асыл мұраттың аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан ауқымды саяси қадамдар жасалып, бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланып жатыр.

Әбу Ханифа мәзһабы – дәстүрімізді жаңғыртушы жол

«Мазһаб» сөзі тілдік тұрғыда жол, жүріс, барыс, үлгі деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғат термині ретінде діни көзқарас, пікір, фиқһ мектебі деген мағынаны береді. Ислам дінінде «әһлү сүннә уәл жамаъа» болып есептелетін төрт мазһаб бар. Ол Ханафи, Шафиғи, Малики және Ханбали мазһабтары. Әр мазһаб сол мазһабтың негізін құраушы имамның есімімен аталады. Бұл мазһабтардың арасында болмашы айырмашылық қана бар.

Мұсылмандардың арасында кең тараған мазһаб – Ханафи мазһабы. Тоғызыншы ғасырдан бастап, қысқа мерзім ішінде Ханафи мазһабы Ирак, Шам, Анадолы, Балқан, Солтүстік Кауқаз, Еділ аймағы, Орта Азия, Қытай, Үндістан, Ауғанстан төңірегіне және Индонезия аралдарына дейін тараған. Әрі Ханафи мазһабын Алтын Орда хандары, Ұлы Моғолдар және Осман сұлтандары ұстанған. Қазіргі уақытта Ханафи мазһабын ұстанушылар сан жағынан мұсылман үмбетінің басым көпшілігін құрайды.

Басқа түркі халықтары секілді қазақ халқы да шариғат мәселелерінде ханафи мазһабын ұстанды. Қазақ жерінде Хисамуддин ас-Сығанақи сияқты ханафи мазһабындағы шариғат кітаптарына түсіндірме жазған үлкен ғұламалар да болған. Алаш жеріндегі мешіт-медреселердегі діни тәлім-тәрбие осы мазһабтың бағыт-бағдарымен жүргізілді. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп былай дейді:
Өзіңе болар махшарда,
Ізгіліктің пайдасы,
Хазіреті Имам Ағзам –
Шариғаттың айнасы!

Сан ғасырлардан соң азатты­ғына қол жеткізген Алаш елінің тұң­ғыш Президенті, дініміздің жа­нашыры ардақты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дін қайраткерлерімен кездескенде былай деп шегелеп айтты: «Еліміздегі дәстүрлі исламның бір­­ден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған Заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи ба­ғы­тының орны мен рөлін мойындай­ты­­ны атап көрсетілді. Бұл – өте дұ­рыс».

Осылайша қазақ халқының ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан төл мазһабы лайықты мәртебесін алды.
Ата-бабамыздан сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан сара жо­лымыз − Әбу Ханифа мазһабын ұстану ұлттық тұтастығымыздың, діни тұтастығымыздың бірден-бір кепілі.

Әдет-ғұрып – мұсылман қоғамында әу бастан қалыптасып, жалғасып келе жатқан жалпыға бірдей дәстүр.
Имам Ағзам әдет-ғұрыпты үкім шығару негіздерінің бірі ретінде қабыл­даған. Сондықтан ол дәлел табылмаған кезде әдет-ғұрыпқа сүйенген.

Әдет-ғұрыптың шарғи дәлелдігі Абдулла ибн Масғудтан риуаят етілген мына хадиске сүйенеді: «Мү­миндердің жақсы деп  есеп­тегені, Алланың назарында да жақсы болып табылады». Яғни мұсылмандар арасында жақсы көріліп, әдет ретінде қалыптасқан нәрсе – жақсы, ұнамды нәрсе болып қабыл етіледі. Себебі әдет-ғұрыпқа қарсы келу қиындыққа, таршылық шегуге себеп болады.

Имам Ағзам адамдардың жеке құқықтарына құрметпен қараған. Сондықтан ол үкім шығарғанда адам­дардың жеке құқықтары мен бостан­дық­тарының шектелмеуіне қатты көңіл бөлген. Сондай-ақ ол берген пә­туа­ларында ақыл-есі бүтін кісінің жеке құқығына өзгелердің араласуына әсте жол бермеген. Діни құқық немесе өзге­нің құқығы аяқасты етілмегенше, тіпті басшылардың да кісінің жеке құқы­ғына араласа алмайтындығын айтқан.

Түйін
Ақын Абай атамыз айтқандай, әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз. Сөзіміздің кіріспесінде имансыз қоғамда арсыздыққа жол берілетінін айттық. Мұны жіті түсінген кешегі текті бабаларымыз ұлттық тәрбие мен имандылыққа ұдайы басымдық беріп келді.

Ақын-жырауларымыз, жазушыларымыз ізгілікті жырлап, жазып кетті. Олардың иманды қауым құру жолындағы ілкімді істері мен байыпты, байсалды қадамдары ұлағатты ұрпақ қамын, елдің игілігін ойлаудан туған ізгі ниет еді. Біз бүгін соның нәтижесі мен жемісін көріп отырмыз. Ендеше, бабалардан аманат боп қалған сауапты һәм салауатты іс-шаралардың жалғасын табуына баршамыз бір адамдай атсалысуымыз ләзім. 

Алла тағала баршамызға ғибратты ғұмыр, өнегелі өмір нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгілік болғай! Жаратушы Иеміз бәрімізді жақсы да ізгі істерде бас қосуымызды нәсіп еткей!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти,
«Ана тілі»

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники