Жаңа құрылған Ислами қор елімізде діннің тынысын ашты

Мамырдың 21-і күні Елордадағы «Кәусар» мейрамханасында «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» ұжымы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

Жиынға Дін істері агенттігінің төрағасы Ардақ Досжан, аталмыш қордың атқарушы директоры Балғабек Мырзаев, ҚМДБ баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек және журналистер мен дін қызметкерлері қатысты. Кездесудің мақсаты – Ислам дінінің дамуына өзіндік үлесін қосып жатқан қор жұмыстарымен көпшілікті таныстырып, алдағы күн тәртібінде тұрған жоспарлары туралы кеңінен мағлұмат беру.
Басқосудың кіріспесін ашқан Дін істері агенттігінің төрағасы Ардақ Дүкенбайұлы елімізде Ислам дінінің өркендеуі мен кеңінен қанат жаюына жаңа серпіліс әкелген «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорын» құруға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі тікелей мұрындық болғандығын атап өтті. Қазір әлемнің көптеген мұсылман елдерінде мемлекет тарапынан қолдау тапқан осындай қорлар жүйелі жұмыс істеуде. Ежелден Исламды ұстанып, кейінгі ғасырда сол діннен ажырап қала жаздаған Қазақ еліне де асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап, білімі мен мәдениетіне заманауи тұрғыда демеу беру уақыт күттірмес мәселе еді. 2009 жылы шілде айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ сьезінде Президент Н.Назарбаев Қазақстанда мемлекеттің тікелей қолдауымен «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» құрылып жатқандығын айтты. Осы жылы Дін істері комитеті «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорын» құрып, 2009 жылы 17 шілдеде Астана қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті.
Діни әдебиеттер мен үн және бейнежазба түріндегі көмекші құралдардың қарапайым халыққа қолжетімді болуы, 70 жыл бойы діннің дұрысы мен бұрысын бөліп-жара алмай келген жұртшылыққа тура жол көрсету, жастардың түрлі секталар мен теріс ағымдарға түсіп кетуінің алдын алу, ел мұсылмандарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай мәзһаб тұтастығында болуы үшін аталмыш қор жасап жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталған Ардақ Дүкенбайұлы елімізде жуырда ғана орын алған тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті.
Ол – өзі басқарып отырған Дін істер комитеті бұған дейін ҚР Мәдениет министрлігі құрамында болып келсе, 2011 жылғы 18 мамырдағы ҚР Президенті Жарлығымен жеке-дара Дін істері агенттігі болып қайта құрылғандығы еді. Дін мәселелерінің бүгінгі таңда өзекті тақырып екендігін, мемлекеттің қауіпсіздігі діни тұрақтылыққа тікелей байланысты болатынын ескерген билік басындағылар осындай шешімге келген. Әрине, аса құптарлық шаруа. Өйткені, діни бет-бейнесі ала-құлаланып тұрған Қазақстанда ғана емес, тіпті Ислам діні жоғары дәрежеде дамып, өркендеп отырған өзге мұсылман мемлекеттерінде дін мәселесімен шұғылданатын арнайы министрліктер бары белгілі.
А.Дүкенбайұлының кіріспе сөзінен кейін жиналған көпшілікке «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының» қалай құрылғандығы және қандай іспен шұғылданатыны жайында қысқаша бейнефильм көрсетіліп, сосын сөз тізгінін қордың атқарушы директоры, теология докторы Балғабек Әбдіқайымұлы алып, Ислам қоры қызметінің басты бағыттарымен, бүгінгі жұмыстары барысымен және алдағы жоспарларымен кеңінен таныстырды.
«Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының» Қамқорлар кеңесі жұмыс істейді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов оған төрағалық етеді. Аталмыш кеңес құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, ғалым дінтанушылар мен қоғам қайраткерлері кіреді. Қордың қаржыландыру көздері – шетелдік гранттар, еліміздегі ірі ұлттық компаниялар, түрлі ұйымдар мен жеке азаматтардың қайырымдылық ретінде беретін қаражаттарынан жиналады.
«Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» деп аты айтып тұрғандай, негізгі қызмет бағыттары – бүгінгі қажетті діни әдебиеттер шығару, шетелдерде діни білім алып жатқан студенттерге шәкіртақы беру және оларды отандық әдебиеттермен қамтамасыз ету, телеарналарға коммерциялық жобалар әзірлеу, Ислам дінінің елдегі береке-бірлікке қосып отырған үлесін насихаттайтын бейнефильмдер түсіру, қоғамдағы Исламның даму деңгейі мен бағытын анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнамалар жүргізу, т.б.
Қазіргі таңда ел мұсылмандары үшін қазақ тіліндегі сапалы діни әдебиеттердің жеткіліксіздігі, әрі қол жетімді болмай тұрғаны да жасырын емес. Кітаптарды шығаруға, біріншіден, қаржы қолбайлау болса, екіншіден, олар шыққан күннің өзінде бағалары екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін қымбат. Міне, Ислам қоры құрылғалы бері қазақша сапалы діни әдебиеттер шығару ісіне жаңа тыныс бітті. Бір айта кетерлігі, қор арқылы басылған кітаптар мен кітапшалар діни басқарма арқылы мешіттер мен медреселерге және қарапайым халыққа тегін таратылып жатыр.
Атқарушы директор Балғабек Мырзаевтың айтуынша, алдымен қор тарапынан ел мұсылмандарына қандай әдебиеттер керек екенін білу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына арнайы хат жіберілген. Сол арқылы бүгінгі күнге дейін ҚМДБ аппарат басшысы Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен діл», «Имани гүл» атты кітаптары, ҚР-ның Сауд Арабиясындағы елшісі Қайрат Ламашәріптің «Қажылық» кітабы қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ, «Ислам ғылымхалы», «Саңлақ сахабалар» кітаптары мен әртүрлі тақырыптардағы бірнеше кітапшалар шығарылған. Атап өтер жәйт, бұл кітаптар 25-40 мың дана шамасындағы үлкен таралыммен жарық көруде, ал кішігірім кітапшалар, тіпті, 100 мыңға дейін данамен шықты. Бұл, әрине, бүгінгі заманда жеке адамның түсіне де кіре бермейтін таралым екенін мойындау керек.
Діни әдебиеттерден басқа, елімізде ашылып жатқан медреселер мен мешіттердегі сауат ашу курстары үшін арнайы оқулық шығару ісі де қолға алынуда. Сонымен қатар, Ислам қоры Қытайдың Алтай аймағындағы, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы жергілікті діни басқармалармен келісім жасасып, діни әдебиеттерді сол жақтағы қандас бауырларымызға да жіберіп отыру көзделген.
Қазіргі күні дін саласында сапалы қазақша-арабша сөздік жетіспейді. Бұл еліміздегі дін қызметкерлері мен медресе шәкірттері, сондай-ақ шетелдерде білім алып жатқан бауырларымыз үшін де аса қажет. Балғабек Әбдіқайымұлы осы олқылықтың орнын толтыру үшін ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті дін ғұламасы Сәдуақас Ғылманидың 5 томдық қазақша-арабша сөздігі басылып жатқанынан хабардар етті. Сол сияқты, Орта Азиядан шыққан ғұлама Бұрхануддин Маргинанидың құнды «Әл-Хидая» еңбегі де қазақ тілінде жарық көргелі жатқанын жеткізді.
Бүгінгі таңда қасиетті Құранның қазақ тіліндегі мағынасы мен түсінігі бірнеше рет тәржімаланғаны белгілі. Алайда, дінтанушы ғалымдардың айтуынша, олардың ішінде кейбір олқылықтар, дұрыс аударылмаған тұстары бар. Ислам қоры тарапынан Құранның қазақша сапалы мағынасы мен түсінігін шығару мәселесі де күн тәрбітінде тұр.
«Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» қызметінің тағы бір басым бағыты – шетел діни оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарымен байланысып, олардың сол жақта басқа ағымның жетегінде кетіп қалмауына, отандық діни әдебиеттермен қамтамасыз етіліп отыруына және елге оралған соң, қызметке тұруына жағдай жасап, оларға қаржылай көмек, яғни шәкіртақы беру. Осы мақсатта қор жанынан «Шәкірт» ислами оқу орындарының оқушылары мен түлектері» қоғамдық бірлестігі құрылған. Төрағасы – Исатай Бердалиев. Бұған дейін ҚР-ның мұсылман елдеріндегі елшіліктерімен бірлесіп, ислами оқу орындарында оқитын жастардың мәліметтер базасы әзірленген. Жуырда «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» мен «Шәкірт» қоғамдық бірлестігі мүшелері Сауд Арабиясына барып, онда оқып жатқан қазақ жастарымен кездесіп, қор арқылы жарық көрген әдебиеттерді табыстаған.
Қазіргі күні «Шәкірт» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің жалпы саны 1355 адамды құрайды. Оның 377-сі – шетелдерде білім алуда.
Тағы бір атап өтер жәйт, Ислам қоры әр жылы шетелдердегі жоғары ислами оқу орындарына 50 баланы жіберіп отыруды жоспарлауда. Сондай-ақ, жыл сайын еліміздегі медреселерді үздік бітірген түлектер үшін Алматыдағы жоғары білімді имамдар мен исламтанушы ғалымдар даярлайтын жалғыз оқу орны – «Нұр Мүбарак» университетінде тегін білім алуына арнайы гранттар бөліп отыру көзделуде.
Биыл маусым айынан бастап Қазақстан Республикасы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалыққа кіріседі. Осыған орай, қордың «Қазақстандағы Ислам» атты арнайы журналы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде шығады. Онда аталған ұйым туралы және Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық ету барысы жайлы ауқымды ақпараттар, еліміздегі мұсылман мемлекеттерінің елшілерімен сұхбаттар, т.б. жарияланып тұрады.
«Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» өзінің алдына қойған міндеттерінің бірі – перзентхана үйлеріне, балабақшаларға, бөбекханаларға, мектептерге, сондай-ақ қамқорсыз қалған жетім балалар мен балаларға арналған барлық типтегі мекемелерге (сәбилер үйі, балалар үйі, интернаттар, жетімханалар, сауықтыру мекемелері) қайырымдылық көмек көрсету. Осыған орай, 12 адамнан тұратын үгіт-насихат тобы құрылған. Олар бүгінгі күнге дейін 3 облыста болып, перзентханалардағы өз баласынан бас тартқан аналарға насихат айтып, соның арқасында 37 ананың жаңа туған сәбиінен бас тартуының алдын алған. Қазіргі күнге дейін көрсеткен көмегі үшін сол аналар хабарласып, алғыстарын айтып тұратынын жеткізді.
Балғабек Әбдіқайымұлы бүгінгі таңда Ислам қорының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Халифа ибн Зейд ан-Нахаян» қайырымдылық қоры және БАӘ Аухаф және Ислам істері бас ұйымымен, сондай-ақ, Кувейттегі «Бәйту зәка» үкіметтік дербес ұйымы және Аухаф және Ислам істері министрлігімен келісімге келгендігін, олар Қазақстанның солтүстік облыстарында 30 мешіт салып беруге дайын екендіктерін айтты. Алдағы уақыттарда да осындай мұсылман мемлекеттеріндегі қайырымдылық қорларымен аралас-құраластықта болып, өзара көмек пен тәжірибе алмасу жоспарланған.
Қор атқарушы директорының кең ауқымды таныстыру сөзінен кейін ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Төлеби Оспан, «Шәкірт» қоғамдық бірлестігінің директоры Исатай Тұрғанәліұлы сөз алды.
Басқосудың соңы журналистермен өзара сұрақ-жауапқа ұласты. Тілшілер тарапынан да Ислам қоры басшылығына бірқатар құнды ұсыныстар түсті. Мәселен, қазіргі күні дінді білсін-білмесін, алды-артына қарамай дін туралы жазғыш журналистер бар. Дін тақырыбына қалам тартушылардың көбісі таза Ислам мен жалған ағымдарды ажырата алмай жатады. Сәл бір сектаның ылаңын көзі шалып қалса, бәленің бәрін діни басқармаға жауып, кінә артушылар жетерлік. Сондықтан, діннен хабары шамалы журналистер үшін қор жанынан арнайы дайындық курсы ұйымдастырылса деген ұсыныс білдірілді.
Сондай-ақ, қазіргі күні орта мектептерде «дінтану» факультативтік пәні оқытылып жатқаны, алайда оқулықтарының сын көтермейтіні, сондықтан мектептер, тіпті балабақшадағы бүлдіршіндер үшін де ислами сауат ашар кітапшалары шығарылса деген тілектер білдірілді.

Ескендір ТАСБОЛАТ,
«Ислам және өркениет»

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу