Рамазанды сахабалардай өткізе білейік

Сахабалар әрбір құлшылықты шын ықылас-пейілімен орындай жүріп, Рамазан айын да тағатсыздана күтетін. Айлардың сұлтаны, Алланың жер бетіне шапағат нұры төгілген, берекесі мен сауабы мол Рамазан айында Алла елшісінің (с.ғ.с.) ардақты сахабалары Жаратушыға деген ыстық ықыласымен ғибадаттарын еселей түсетін. Әдеттегіден де көп құлшылыққа берілетін. Олар тек өздері ғана ораза ұстап, құлшылық етіп қоймай, үй-іші, бала-шағасын да сауабы шексіз айдың шарапатынан несібесіз қалмауға тәрбиелейтін. Кейінгі ұрпағы жастайынан сауапты амалды санасына сіңіруі үшін имандылық тәрбиесіне көңіл бөлетін.

Бірде хазреті Омар (р.а.) Рамазан айы ішінде шарап ішіп, мас болған біреуді көріп, оған: «Сорың құрысын. Біздің балаларымыздың өзі ораза ұстап жатыр», – деп кейіс білдіріпті (Бұхари риуаяты).

Иә, сахабалар Рамазан айын бала-шағасымен бірге айрықша ғибадат қылып өткеретін еді. Әрине, олар тек Рамазан айында ғана емес, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай, аптасына екі күн және әр айдың 13, 14, 15-ші күндері ораза тұтатын, сондай-ақ, айдың басым бөлігін нәпіл ораза ұстаумен өткізетін.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Аузы берік кісіге ауыз аштырған оның сауабындай сауап алады. Аузы берік кісінің сауабынан ештеңе кемітілмейді», – дегендіктен, Рамазан айында сахабалар аузы берік мұсылмандарға ауызашар беруден, кедей-лерді тойдырудан жарысатын еді.

Сауабы мол Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелтіп қоймай, кешірімді ай екендігін білеміз. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім шын көңілмен сеніп, сауабын Алладан күтіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі. Кімде-кім шын көңілмен сеніп, сауабын Алладан күтіп, Рамазан түндерін құлшылықпен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари риуаяты). Осы хадисте айтылғандай, сахабалар күндіз ораза ұстаумен қатар, Рамазанның түндерін де құлшылықпен өткізетін.

«Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазанның бір кешінде мешіттің бұрышында құлшылық жасап жатқан бір топ сахабаларын көріп: «Бұлар не істеп жатыр?», – деп сұрайды. Қасын-дағылар: «Бұлар Құранды аз жаттағандар, Убәй ибн Кағб (р.а.) оларға намаз оқытып жатыр», – дейді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дәл үстінен түскен екен. Қандай тамаша іс жасап жатыр», – дейді» (Әбу Дауд риуаяты).

Хазреті Омар (р.а.) да Рамазан айында мешіттің әр бұрышында топ-топ болып намаз оқыған мұсылмандарды көріп, Убәй б. Кағбты (р.а.) имамдыққа өткізіп, жамағатқа тарауих намазын оқы-татын (Әбу Дауд риуаяты). Осы мәселеге орай, Убәй ибн Кағб былай дейді: «Рамазанда тарауих нама-зын бітірген соң, қызметшілерден сәресі тамағын жылдамырақ берулерін сұрайтынбыз. Өйткені, уақыттың шығуынан қорқатын едік» (Муатта, салати рамадан 7). Ардақты сахабалар түнгі құптан мен тарауих намазын ұзақ оқитындығы соншалық, сәресі уақыты шығуға шақ қалғанда барып тамақ ішу үшін құлшылықты тоқтататын. Міне, бұл біз үшін үлгі болуы тиіс.

Сахабалар ішінде дауысы, қырағаты мен әуені жақсылар көп болғанымен, Абдулла ибн Мәсғуд пен Убәй ибн Кағбтың орны бөлек еді. Сол себепті Рамазан айында тарауихты Убәй ибн Кағб өткізетін.

«Сахабалар «Мүзәммил» сүресінің бас жағы түскенде, Рамазан айында болғандай, өзге түндерде де ғибадат үшін тұратын. Бұл жағдай сүренің соңғы аяты түскенге дейін жалғасты» (Әбу Дауд). Себебі сүренің алғашқы аяттарында түнде тұрып құлшылық етуі міндеттелген: «Уа, бүркеніп жатушы (пайғамбарымыз (с.ғ.с.)! Түннің азырағында емес, көбірегінде немесе түннің жарымында, яғни жарымынан да азырағында, не жарымынан асыңқырағанында тұрып, намаз оқы. Біз саған ауыр сөз (Құранды) түсіреміз. Шындығында түнде тұру (қиямда тұру, адамның жады, жүрегі және рухына әлдеқайда  әсерлі және дұрыс оқу, дұрыс қабылдау жөнінен өнімді)» («Мүзәммил», 1-6-аяттар). Алайда, сахабаларға ауыр болғандықтан, Алла рақым етіп, сүренің соңғы аятын түсіріп, түнгі құлшылықты міндеттемеді. Сондықтан, аталмыш сүренің соңғы аяттары түскенге дейін сахабалар түнгі құлшылыққа тұруды парыз санайтын. Түнгі құлшылыққа тұру пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ғана парыз, ал үмбетіне сүннет болып қалды. Бұл жайында Құранда былай дейді:

«Түн ішінде оянып, өзіңе тән нәпіл тәһәджуд намазыңды өте. Осылайша Раббың сені мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі» («Исра», 79-аят).

Бірде Сақиф тайпасының өкіл-дері Ислам дінін қабылдау үшін Мәдинаға келгенде Рамазан айының іші еді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың жүректері жібісін деген ниетпен мешітте күтеді. Келген сақифтар түнде мешіт ішінде Құран мен тәһәджуд намазын оқыған сахабаларды көреді. Одан бөлек, мұсылмандардың бес уақыт намазда бір сап болып намаз оқығандарына куә болады. Содан кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға Исламның шарттары мен үкімдерін үйретіп, ораза ұстауды бұйырды.

Сақиф тайпасынан келген өкілдердің бірі Әус ибн Хузайфа былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бірде түнде қасымызға кешігіп келді. Одан: «Уа, Алланың елшісі! Қасымызға кеш келдіңіз ғой?», – деп сұрадық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күнде Құраннан бір хизб (бөлік) оқуды міндеттелген едім. Соны бітірмей келгенді жөн көрмедім», – деді. Таң намазына келгенде сахабаларға: «Сендер Құранды қалай бөлшектеп оқисыңдар?», – деп сұрадық. Олар: «Біз сүрелердің алғашқы үшеуін бір бөлек, кейінгі бес сүрені екінші бөлек, одан кейін кезегімен 7, 9, 11, 13 сүрені біріктіріп бөлек жасаймыз. Ең соңында «Қаф» сүресінен соңына дейін қысқа сүрелерді бір бөлек етіп, Құранды (7 бөлік етіп) оқимыз», – деді» (Ахмаб ибн Ханбал, Ибн Мажа риуаяты).

«Бірде сүйікті пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Қандай садақа абзал?», – деп сұралғанда: «Рамазан айында берілген садақа», – деп  жауап берді» (Тирмизи, Зәкат 28). Хадисте айтылғандай, садақа беру сауапты іс, алайда Рамазанда садақаның сауабы еселеп артатындықтан, сахабалар мұндай амалдан шет қалмай, көбіне зекеттерін осы айда беретін. Қала берсе, пітір садақа мен қайырымдылық көмектерін де ораза кезінде көптеп жасайтын (Бұхари риуаяты).

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Рамазан айында жасалған умраның сауабы қажылықтың сауабындай немесе соған жақын», – деп сүйіншілеген еді (Бұхари, Умра 4). Алла елшісінің (с.ғ.с.) мүбәрак аузынан шыққан сөзді бұлжытпай орындайтын сахабалар Рамазан айында умра жасау үшін сапарға шығатын.

Рамазан айының тағы бір артықшылығы – бұл айда мың айға татырлық Қадір түні бар. Алайда Алла тағала Қадір түнін мұсылман пендесіне нақты күнін білдірместен құпия еткендіктен, Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге Рамазан айының соңғы он күнінде мешітте қалып, иғтиқаф жасайтын. Айша (р.а.) анамыздың жеткізуі бойынша, Рамазанның соңғы он күнінде Алла елшісі (с.ғ.с.) әдеттегіден де көбірек құлшылық жасайтын. Адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.) осылай ғибадат еткенде, оның (с.ғ.с.) сүйікті сахабалары да қалыс қалмайтын. Олар күндерін тек ғибадатпен өткізіп қана қоймай, өзге тіршілігін де ұмыт қалдырмаған. Қысқасы, ардақты сахабалар күндерін сауапты амалмен өткізуге қатты мән беретін еді.

Рамазан – кешірімді ай. Пенденің жасаған тәубесі қабыл болып, күнәсынан арылатын ай. Сондықтан сахабалар рақымы мен шарапаты мол айда тәубе, истиғфарды көп жасайтын.

Иә, қадірменді бауырлар, біздер де айлардың сұлтаны болған Рамазанды ақыреттік азық жинау үшін берілген зор мүмкіндік деп біліп, сахабалардай амал етуге талпынайық.

Смайыл СЕЙІТБЕКОВ, ҚМДБ-ның діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі

«Ислам және өркениет», №22 (238), 1-10 тамыз, 2011 ж.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу