Аборт - жасанды түсік үлкен күнә

Ер мен әйелдің үйленудегі мақсаты артында ұрпақ қалдыру, мұсылмандардың санын көбейду үлкен сауапты амал болып саналады. Сонымен қатар, елімізде халық санынын артуы үлкен байлық.

Хазіреті Пайғамбармыз (с.а.с): «Үйленіңіздер, көбейіңдер, нәсіл тартыңдар. Мен сендердің көптіктеріңмен басқа үмбеттер қасында мақтанамын» деп үмбеттің көбеюіне насихат берген.

Ислам дінінде себепсізден себепсіз дүниенің есігін ашқалы тұрған сәбидің өміріне түрлі амалдар арқылы  балта шабу үлкен күнә болып саналады. Бүгінгі ттаңда, бұл мәселе өте қатты белең алып бара жатқаны жасырын емес.

Жасанды түсік мәселелеріне кеңінен түсіндіріп берейік

- Жүктілік және оның жаратылу кезеңдері;

- Нәрестеге жан біту мерзiмi;

- Баланың бойға бiтiп, жетiлуi;

- Бала алдыру үкiмi;

- Жеріктік мәселелері.

Бұл тақырыпты бастамас бұрын алдымен, адам баласының жаратылу кезеңдері мен жатырдағы балаға қашан жан бітетіні туралы сөз қозғамақпыз.

Жүктілік және оның жаратылу кезеңдері

Қасиеттi Құранда: «Ол сондай Аллаһ, сендерді бір-ақ кісіден (Адамнан) жаратқан және оған тиянақ үшін жұбайын (Хауаны) жаратқан. Ол жұбайына жақындасқанда, жұбайы жеңіл түрде жүкті болды. Сонда онымен жүріп ауырлаған кезде, Аллаһқа: «егер бізге игі бала берсең, әрине шүкір етушілерден болар едік» деп жалбарынды»,—делiнген (Ағраф, 189).

Адам баласының жаратылуы кезең-кезеңге созылғанын Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінен көруге болады. Аллаһ тағала:

«Расында, Ол сендерді түрлі жағдайларда жаратты»,-деген (Нұх, 14).

Аллаһ тағала Адамды (әлейһис-сәләм) топырақтан жаратты. Топырақты лай, лайды балшық етті. Сосын шерткенде сыңғырлап тұратын қышқа айналдырды. Содан кейін оған жан беріп, ұзындығы алпыс шынтақ, ені жеті шынтақ болатын денесi бар адам кейпiне енгiздi. Бұл жаратылыс бiрте-бiрте қысқарып, бүгінгі күнге дейін өзгеруде.

Қасиеттi Құранда Адам атаның ұрпағы—адамзаттың жаратылуы жайында:

«Ол сондай Аллаһ, әр нәрсенің жаратылысын көркемдестірді. Адам баласын жаратуды балшықтан бастады. Сосын оның нәсілін бір жайсыз судың негізінен жаратты. Сосын оны бейнелеп, ішіне Өз рухын үрледі. Сондай-ақ сендерге есту, көру және түсіну қабілетін берді. Аз шүкір етесіңдер», - делiнген (Сәжде, 7-9).

Бұл жердегi адам баласы - Адам ата, нәсілі - оның балалары. «Ішіне Өз рухын үрледі» дегені яғни, Аллаһ тағала Адам атаның денесіне рух-жанын үрлеген және ана жатырындағы әрбір ұрыққа да осындай жан берген. Өйткені, Аллаһ тағала барша адамдардың денелерін жаратпай тұрып, алдымен жандарын жаратқан. Аллаһ тағаланың рухты (жанды) Өзіне қосу себебі бұл - жаратылыстағы үлкен - жанды ұлықтағандығы. Қасиеттi Құранда:

«(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен рух (жан) туралы сұрайды. «Ол Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді», - де» (Исра, 85);

«Расында, Адамды нағыз балшықтан жараттық. Содан кейін оны жатырда тұратын тамшы еттік. Сосын тамшыны ұйыған қан еттік. Ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та, сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қып, жан салдық. Жаратушылардың шебері Ұлы Аллаһ. Бұдан кейін әрине сендер өлесіңдер. Сосын сендер Қиямет күні күдіксіз тірілесіңдер», - делiнген (Муминун, 12-16).

Нәрестеге жан біту мерзiмi

Сахих хадистерде Пайғамбарымыз (с.а.с) ана жатырындағы адам баласының қалай жаратылатынын, оған қашан жан бітіп, тірі күйге енетінін нақты белгілеп берген. Абдуллаһ ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с): «Расында сендердің әрбіріңнiң ана iшiнде жаратылуларың (алдымен) қырық күн су күйінде, сосын осынша уақыт ұйыған қан күйінде, сосын (тағы да) сонша уақыт бір кесек ет күйінде болады. Сосын оған бір періште жіберілiп жан үрлеп кіргізеді…», -деді», - деген (әл-Бұхари, Муслим).

Балаға жан үрленгеннен кейін ғана тірі күйге еніп, тірінің қимылындай қимыл жасай бастайды. Жан үрленбестен бұрын ол - өсімдік тәрізді ана арқылы нәр алып, өсіп жатқан бір зат. Сондықтан аталық ұрықтың қозғалғанына орай «ол тірі, себебі, ол қозғалады» деу қате пiкiр. Дұрысы: бұл жансыз су ғана. Ал оның қозғалысы тіріліктен емес, атакциялық әрекеттен. Өйткені, ұрық еркектен шыққаннан кейін біраз уақыт дірілдеп, қозғалып тұрады. Мiне, осы уақытта Аллаһ тағаланың қалауымен ол аналық ұрықпен кездесiп ұрықтану мен ұрықтың қозғалуы басталады. Негізінде атакциялық әрекет, жан бiткенiн айғақтамайды. Мәселен, жыланның құйрығы кесiлсе, сол кесіліп қалған бөлегі дірілдеп, қимылдап тұрады. Бірақ, ол тiрі емес. Сол секiлдi, іштегі балаға әлі жан үрленбей тұрып, оны тірі деу де қате. Ақиқатында, ол Аллаһ тағаланың құдіретімен ешқандай жансыз, бір кезеңнен екінші кезеңге өтедi. Зерттеуші ғалымдардың көпшiлiгi мұсылман болмағандықтан әлгiндей қате пiкiрдi жақтап отыр. Олар Аллаһ тағаланың адам баласының жаратылу кезеңдері туралы айтқан сөздерінен және Пайғамбарымыздың (с.а.с) бұл туралы айтқан ойлары мен түсіндірмелерінен бейхабар болғандықтан қозғалған нәрсенің барлығын жаны бар деп шешкен. Сөзiмiз дәйектi болу үшiн тағы бiр мысал келтiре кетелiк. Мәселен, электроника саласына жататын күрделі өнімдерді жасап шығарушы зауыттар оңай болу үшін, оларды қолдану ережелерiмен қоса әр бөлшегінің атқаратын қызметі туралы егжей-тегжейлі түсіндіретін нұсқауды қосып бередi. Себебі, бұзылған жағдайда ешбір шебер онсыз жөндей алмайды. Яғни, заттың арнайы нұсқауын бiлмеген адам, ол затты дұрыс қолданып, бұзылған жағдайда дұрыс түзете алмайды. Адам баласының жаратылысындағы жағдай да дәл солай. Аллаһ тағала адам баласын жаратты. Бұл жайлы түсірген кітаптары, пайғамбарлары арқылы хабар берді. Жаратушының ұлылығы мен жаратылғанның құрмет, беделін білуіміз үшін, бізге жаратылыстың нұсқауы ретінде, барлық жаратылу кезеңдерін, уақытын, бір кезеңнен екінші кезеңге қалай, қанша уақытта өтетінін, періштеге адамға жан кіргізу қашан бұйырылатынын, барлығын түгелдей кеңінен баян етті. Ал, адамның жаратылысын бұл аяттар мен хадистердегі мәліметтерден бейхабар күйде зерттеумен айналысып жатқандар зауыттың нұсқауымен таныспай тұрып, күрделі аппаратты жөндеуге әрекеттеніп жатқан адамның күйіне ұқсайды.

Эмбриология (ұрықтың дамуы туралы ғылым) саласындағы ғалымдар, егер осы тақырыпқа байланысты Құран мен хадистердегі мәліметтермен танысар болса, өзгермейтін шындықты табатындықтарына біздің сеніміміз кәміл.

Баланы алдыру үкімі

Бұл мәселені түсіндіру барысында көптеген фиқһ кітаптары мен ғұламалардың сөздеріне жүгіндім және олардың кеңейтілген түсініктеріне тоқталмай-ақ, сол сөздердің қорытындысын ғана ұсынып, аса маңызды әрі сақтыққа жақын дегендерін айтуды жөн санадым. Олар төмендегідей:

Біріншісi: Бүкіл ғұламалар жан біткеннен кейін баланы алдыру - харам екеніне талассыз келіскен. Ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана баланы алдыруға болады. Балаға жан төрт ай, он күн өткенде кіреді. Бұл туралы жоғарыда келтірілген хадисте айтылды.

Екіншісi: Ғұламалар «жаратылыс нышандары айқын көрiнiп тұрған баланы алдыру - қылмыс» деп санаған. Сондай-ақ «түсiк жасаған (шешеci немесе өзге адам болса да) баланың құнын төлеуі керек» деген. Бұл жайында ғұламалардың кеңінен түсіндіріп айтқан сөздерін фиқһ кітаптарынан табуға болады. «Жаратылыс нышандары айқын көрініп қалған» дегені, яғни, шарананың шашы немесе саусақ немесе аяқ сияқты мүшесінің пайда болып, айқын көрінуi. Бұл кезеңде әлі жан кірмегенiмен алдыру қылмыс болып табылады. Егер жасанды түсік амалсыз жасалынбаған болса, тiптi харам.

Үшіншісi: Кейбір ғұламалар «Жаратылыс нышандары әлi бет-бейнесінде анық көрiнбеген баланы алдыруға болады» деген. Бірақ, бұл мерзiм алғашқы қырық күнмен шектеледі. Біз фиқһ ғылымының белгiлi мамандары имам әл-Ғазалидің «әл-Ихия», Қазиханның «Пәтуалар» атты кітаптарындағы осы мәселеге орай шариғат үкімдеріне сүйене отырып берген сөздерін келтірейік.

Хузайфа ибн Усайд (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с): «Ұрыққа қырық екі күн толғанда Аллаһ бір періштені жібереді. Ол бейнелеп, құлағын, көзін, терісін, етін және сүйегін жасайды…»,—деді»,—деген (Муслим). Кейбір ғұламалар «бұл кезде ұрық әлі су күйінде болады, әйел сақтанғысы келсе шығарып тастауға рұқсат» дегенді айтады. Бірақ, ғалымдардың көбi бұл сөздің дәлелiн жеткiлiксiз санап, «бұны жасаған адам немесе жасауға себепші болған адам күнәкар болады» деген.

Әл-Ғазали «сақтану» мен «жасанды түсiк» арасындағы айырмашылықты айта отырып, «жасанды түсiк» үкімiн «сақтануға» теңестiруге болмайтынын былайша түсіндіреді: «Жасанды түсiк—жаратылған нәрсеге қарсы қылмыс жасау. Бала бiрден жаратылмайды. Бірінші кезеңде жатырға түскен ұрық әйелдің суымен араласып, тірілуге дайын болады. Оны бүлдіру—қылмыс. Егер су ұйыған кезде түсік жасалынса, күнәсi одан да ауыр. Жан кіріп, жаратылыс белгiлерi толық болғанда жасалынса, тiптi ауырлайды. Ал, шарананың тірі шығуы—қылмыстың ең үлкеніне жатады».

Қазихан түсiк жасатуға болады деп айтқандарға жауап ретінде: «Мен бұған келіспеймін. Себебі, бұл ихрам киген адамға құс аулау мен жұмыртқасына тиюге тыйым салынғанмен бiрдей харам iс»,—деген. Баласын алдырған әйелдiң де жауапкершiлiгi осы секiлдi. Бірақ, ол адам өлтіргендей күнәкар болмайды (егер амалсыз жағдайда жасалса ғана).

Қажылыққа немесе умраға деп ихрам киген адам аулануына тыйым салынған құстың жұмыртқасын сындырып қойса, құнын төлеуге міндетті. Себебі жұмыртқа — құстың негізі. Ана ішіндегі су да, баланың негiзi болғандықтан, екеуiнiң үкiмi бiрдей.

Қорыта айтқанда, әлі адам кейпiне енбесе де баланы алдыру—харам деңгейіндегі мәкруһ. Яғни, мұны жасаған адам күнәкар болады. Ал, жан бiтiп, бет-бейнесi бiлiне бастағанда — тіпті харам. Бұл үкімдер амалсыз жағдайдан өзге кездерге байланысты айтылған.

Жеріктік мәселелері

Жеріктік - психологиялық жағдай. Жеріктіктің белгісiн әйелдің бойына бала біткен кездiң алғашқы күндерінде байқауға болады. Олар: лоқсу, бір тағамнан немесе иістен жиіркену, бір асты жеңсік көріп (көбiне-көп қышқыл нәрселерді) ерекше қалау. Бұл жерде біз өзге жағын қозғамай, тек қана жеріктіктің ерлі-зайыптының ара қатынастарына беретiн әсерiн баяндамақшымыз.

Жеріктік кезiндегi болатын көңіл-күйдiң тұрақсыздығы, жүйке мен дененiң әлсіреуі әйелдің сезіміне кері әсерін тигізетіні жасырын емес. Тiптi бұл кейде төсек қатынасына да кері әсерін тигізіп жатады. Өйткені, бұл кезде әйел өз сезiмiне өзi ие болмайтындықтан еркектің иісін жақтырмай, жақындаған кезде одан жиіркеніп тұруы мүмкін. Бұл күйеуін жек көргеннен емес, көңіл-күйінің мазасызданып тұрғандығынан. Сондықтан бұл кездерде әйелге жеткiлiктi көңіл бөліп, онымен санасқан жөн. Игi мiнездi еркек әйелінің жерік екенін біле сала-ақ оның бабын жасағаны абзал. Жерік әйел шама-шарқы жеткенше күйеуін риза қылуға тырысуы керек. «Жеріктік» дегенiмiз аналықтың алғашқы белгісі екенін, ал анаға мейірім тән екенiн ұмытпаған жөн.

Аллаһ тағала елімізге амандық, халық саны арта берсін дегіміз келеді.

Бейбіт қажы Мырзагелдиев, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы, дінтанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: , , , , , , ,

Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. менде дурыс деп санаймын баланы алдыру ол оте куна

  2. Егер түсік амалсыздан, іштегі баланың дамымай қалу себебінен жасалса, ол күнәға санала ма?

  3. оте керемет

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


+ 4 = 13