Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ: «Әулиенің» әлегі тағы басталды

Ақпан айында жастар мен жеткіншектерді еліктірер жанталас, қарбалас шақ басталады. 14 ақпанда католиктердің пірәдары Валентинді қазақ жастары да ұлықтауды жақсылап үйренуде. Айта-айта жауыр болса да, «Әулие Валентиннің» әлегі әлі басылар емес. Өткен жылы 15 сәуір «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні», яки махаббаттың мерекесі болады деп шешім шығарғанымызбен, «Әулие Валентиннің» құдіреті күшті болып тұр әзірге.

Алматының Орталық мешіті Әулие Валентин мерекесін тойлауға қатысты пікірін білдірді. «Ислам дінінде адамдардың жақындасуына және олардың өміріне қуаныш сыйлауға ықпал ететін мерекелер ақталады. Десек те, Ислам Батысқа көзсіз еліктеуді, соның ішінде Әулие Валентин мерекесін тойлауды құптамайды. Яғни, Әулие Валентин күні ешбір діни негіздемесі жоқ мереке. Ислам сеніміне сәйкес мұсылмандар бір-бірін мәңгі және бір жыл бойы сүю керек. Ал жылына бір күнді соған арнайы бөлу мүлдем ақталмайды» делінген мешіттің ресми сайтында.

Расында, махаббат ешбір мерекені қажет етпейді. Шынайы сүйіспеншілігі бар адамдар бір-бірін арнайы бөлінген бір күнде емес, үнемі сүю керек. Махаббат сонысымен мәңгілік. Десек те, соңғы жылдары шетелге еліктеп дініміз бен ділімізге, салтымызға жат мерекені санамызға сіңіріп жапа-тармағай тойлауды дағдыға айналдырдық. Батыстан соққан суық жел тәріздес жат идеологиямен күресудің қанша амал-айласын қарастырсақ та, «Әулие Валентиннің» «әулиелілігі» басым болып тұр. Бұл мәселе қоғамда бір емес, бірнеше мәрте талқыланды. «Қазаққа махаббат мерекесі қажет пе?» деген сауалдың төңірегінде пікір білдіріп, ойын ортаға салғандар да көп болды. Біреулер күн мен түн теңескен сәтте, «Селтеткізер», «Ұйқыашар» сияқты дәстүрді жаңғыртып, махаббат мейрамын ұлыстың Ұлы күнінде атап өткеніміз жөн десе, ендігілер 15 сәуір — қазақтың төл махаббат мерекесі, яки «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні» аталуы тиіс деген еді. Алайда бұл пікірлердің бірі де жастардың тарапынан қолдау таппаған сыңайлы.
Қайбір жылдары мектеп қабырғаларына арнайы жәшіктер орнатылып, жеткіншектер сол жәшікке сүйіктісіне арналған хатты салып, жолдайтын. Оқу ордаларында мұндай іс-шаралардың өтуіне тыйым салынды. Әйтсе де, «Валентинді» ұлықтау мерекесі мұнымен түбегейлі жойылған жоқ. Керісінше, тыйым салынып, қарсылық білдірілген сайын жат мерекені тойлау жылдан- жылға қарқын алып барады. Биыл «Әулиенің» әлегі тағы басталды. Мереке санаға мықтап енсін дей ме, әлде осылайша көрермен мен тыңдарман жинағысы келе ме, әйтеуір радиотолқындар мен телеарналар «Әулие Валентин» мерекесіне аса мән беруде. Ұлтты тәрбиелеуде ақпарат құралдарының қаншалықты маңызды рөл атқаратынын баршамыз білеміз. Мәселен, «Русское радио Азия» дәл осы күнге орай, ғашықтарға ортақ сауал тастап, жеңімпаз болған жұпқа мейрамханаға жолдама береді. Аталмыш іс-шараға жастар үлкен ықылас танытып отыр. Ал «31 телеарна» телевизиялық ұтыс ойындарын дәл осы мерекеге арнайды. Ол ол ма, газет-журнал сататын дүңгіршектерде кішігірім жүрекшелермен безендірілген ашық-хаттар сатылымға түсіп, сауда қыза түседі. Дәл 14 ақпанда қалалық мейрамханалар мен кафелер, түнгі клубтар да ғашықтарға арнап тосын сый жасауда алдына жан салмайды.
Орталық мешіттің арнайы хабарламасы «Nur.kz» сайтына жарияланғаннан бері жастарда дамыл жоқ. «Бұл мерекенің ешбір ағаттығы жоқ. Қазақстанда тек мұсылмандар тұрмайды ғой. Мұсылмандар тойламасын, өзгелеріміз тойлай берейік» дейді. «Соншама байбалам салатындай не болды? Тойлана берсін. Кімге бөгет болуда?» деген пікір білдіріпті жастардың көбісі. Ал Ерлан Мұсабеков атты тұтынушы: «Мен — қарсымын. Маған 8 Наурыз мерекесінің өзі жеткілікті. «Әулие Валентиннің» тарихына үңілсек, бұл бір есерсоқ мереке. Пірадар жасырын жолмен жастардың басын қосып, рим әскерінің тәртібін бұзған. Бұл өз кезегінде Рим Империясының құлдырауына әкеп соқты…Бұл Голливудтың санамызға сіңіріп отырған діни мереке екендігінің өзі жиіркенішті. Хэллоуин мерекесі де сөзімізге мысал….» деп ашыныпты. Расында, салтымызға жат, түп-тарихы белгісіз мерекелерді тойлауымызға жол болсын. Жалпы, осы бізге махаббат мерекесі керек пе? Қос ғашықтың әрбір күні мереке емес пе? Желпініп, өзгенің салтын бойымызға сіңіргеннен не ұттық? Рас, Қазақстан халқының 70 пайызын мұсылмандар құрайды. Ислам қағидалары мұндай мерекені ұлықтауға қарсы. Иә, қалған 30 пайыз өзге дін өкілдері бұл мерекені тойлау керек те шығар. Әйтсе де, еліміздің мемлекеттік күнтізбесіне енбеген, қазақтың тарихында жоқ мерекеге соншалықты елітуіміз жөн емес. Бүгін «Әулие Валентинді» ұлықтасақ, ертеңгі ұрпақ өзге де жалған «әулиелерге» бас иіп кетпесіне кім кепіл?..

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Мұндай мерекелерге мүлдем рұқсат бермеу керек.Бүгін қолын ұстайды,ертең бетін сүйеді.Одан ары жалғасын таба береді……..
    Ұят,ар-ождан қайда ? Мен жерлестеріме түсінбеймін.Шет елден бір мейрам шықса-оған қарсы бір мереке ойлап табады.Баяғыда қосыла алмай кеткен бақытсыз Қозы мен Баяннан не үлгі алмақсыңдар.
    Марқұмдардың тыныштығын алмай-ақ қойсаңдар.Мереке келеді-өзі кетеді.8-Март .23-феврал, 1-май, 7-қазан өзімен кеткен жоқ па?
    Бұлда ұзамай өз жөнімен кетеді.Тек өлген аруақтарды бұларға қарсы қоймасаңыздар екен,өтінемін.Алла разы болсын.

Пікір жазу