Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ: Отанды сүю иманнан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүс­тік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиевпен әңгіме.

  – Құрметті Бейбіт қажы, облыс бойынша өкіл имам, «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің бас имамы болып келгеніңізге онша көп уақыт өте қойған жоқ. Кең байтақ елімізде 2300-дей мешіт болса, соның 850-ге жуығы осы Оң­түс­тікте. «Екі жылға жетпейтін мерзімде бірталай іс тындырды» деседі жұрт. Жұмысты неден бастап едіңіз? – Бұрнағы жаздың басында, маусым айында келгенбіз. Оған дейін Елордамыздағы «Нұр Астана» мешітінің найб имамы болып істедім. Жалпы маған Оңтүстіктің жағдайы бейтаныс емес. Осында туып-өстім. Астанаға ауысқанға дейін Төленбай мешіті­нің бас имамдығын атқардым. Діни бас­қар­ма осында жібергелі көп нәрсені тындырып тас­та­дық деуіміз орынсыз болар. Дегенмен, үздіксіз ізденіс, ұдайы ұмтылыс – бұрыннан да бүкіл мақ­сатымның арқауы. Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла сендердің түр-тұлға­ларың мен бет-әлпеттеріңе қарамайды, жүректерің мен іс-әрекеттеріңе қ­а­рай­ды» дейді хадисінде.   Біз өз қызметімізді алғашқы аптадан-ақ аудандар мен қалаларды аралаудан бастадық. Жай ғана та­нысу емес. Алдын-ала ақылдасып, ойласып, ке­лі­се отырып, мәдениет сарайларында немесе ау­дан­дық, қалалық әкімдіктердің ғимараттарында арнайы жиындар өткіздік. Ол жиындарға әрбір аудан мен қаланың басшылары, ішкі саясат, мә­де­ниет, білім салаларының жетекшілері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ауылдардың әкімдері, ме­шіт­тердің имамдары, ардагерлер, жастар қатысты. Барлық ай­мақтардағы басқосуларда аудан имамдары баяндама жасап, діни ахуалды әңгімелеп, қауым алдында есеп берді. Одан кейін жан-жақты тал­қы­лау­ға, ой-пікір­лер­ді ортаға салып, ойласуға, алдағы бірлесіп атқарар тірліктерді айқындауға жол ашып отырдық. Нәтиже жаман болмады. Күрделеніп кеткен, қорда­ла­нып қалған талай-талай мәселелер анықтал­ды. Олардың бәрін бірте-бірте шешудеміз. Осындай алғашқы ақылдасу, әуелгі айқындау жиындарын Сайрамнан бастап, Созақпен аяқтағанбыз.   Құжаттары реттелмей, әрі-сәрі күйде қалып қой­ған мешіттердің тоқсан пайызын ресімдеп бі­тірдік. Мемлекеттік актілер алу жағдаяттары ше­ші­­мін тапты. Барлық аудандар мен қалаларда көш­пелі семинарлар өткізуді жүйелі жолға қойдық. Облыс бойынша 849 мешіт бар, оның 100-і негі­зінен намазхана. Кейде бәзбіреулер «Мешіт көбе­йіп кетті» дегендей пікір айтады. Бұлайша сөйлеу дұрыстыққа сая бермейді. Облыс аумағын аралап жүріп, 113 ауылда әлі күнге дейін мешіт жоқ еке­нін анықтадық. Бар мешіттердің басым көпшілігі талайдан бері күрделі және ағымдағы жөндеуден өтпеген екен.

– Сөзіңіз аузыңызда, Беке. Осы өзіңіз отыр­ған «Абдул Хамид Қаттани» мешіті де тозың­қы­рап, іші де, сырты да тым жүдеп-жадап кеткен еді. Кіреберіс алаңның шаршы тақталары талқан­далып, үгітіліп жататын. Бәр-бәрі тап-тұйнақтай болып, жоғары сапалы жөндеуден өтіп үлгеріпті. Ішкі бөлмелер де мұнтаздай мінәсәр күйге еніпті. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? – Әлбетте, мешіттердің баршылыққа, байлыққа малына малшынып тұруы міндетті емес. Қайта қарапайым болмағы ләзім. Бірақ қарапайымдылық қарабайырлық емес. Талап пен талғамға сай, келу­шілердің көңілін көркейтіп, мерейін марқай­та­тын­дай, иман шуағын шашыратып тұратындай сезілуі тиіс деп білеміз. Ізгі ниетті іскерлерді, көркем мі­нез­ге ұмтылар кәсіпкерлерді ұйымдастырдық. Нә­ти­жесінде 500 шаршы метр кіреберіс алаң сапалы плитамен өрілді. Ішкі бөлмелердің бәріне төселген линолеум көгеріп, тесіле бастаған екен, оны 150 шаршы метр керамогранитпен ауыстырдық. На­маз­хана­дағы кілемдер түгел жаңартылды. Жаңа, еңселі мін­бер қойылды. Құран оқу бөлмесі, бас имам, найб имам, қабылдау, неке қию бөлмелері түгелдей күр­делі жөндеуден өткізілді. Міне, көріп отырсыз, жаман емес. Намазхандар, барша жәми­ғат дән риза. Ал­ғыс айтады бәрі. Түсінер кісіге алғыстан асқан ма­рапат­тың қажеті жоқ. Біраз уақыт бұрын «Қаз­химқорғау» акционерлік қоғамының басшылары мешітімізге «Джип» автокөлігін тарту етті.

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дін – насихат» деген екен. Дін насихатында білікті де білімді имам­дардың рөлі үлкен. Әдетте имамдарды ислам­ның айнасы деп атайды. Жасыратыны жоқ, Қазақ­станды, қазақтарды бір замандарда дәстүрлі діннен әдейілеп алыстатқанда да дүмшелік, білім­сіздік, ілімсіздік, ғылымсыздық аса қасіретті бол­ғаны белгілі. Тәуелсіздік ал­ған­нан кейін дінімізге қайта орала бастағаны­мызда да сол білімсіздік, ғылымсыздық, баяғы дүмше­лік қауіпті боп шықты. Құдайға шүкір, кейінгі жылдары осы қауіп пен қасіреттен арыла бастағандаймыз. Осы орайда не дер едіңіз? – Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыздың өзі осы діни үгіт-насихатқа, дін қызметкерлерін, дінтану­шы­ларды даярлау сапасын жақсартуға, мұсылман қауым­ның өз ішіндегі береке-бірлікке, дінаралық та­ту­лыққа ұдайы баса назар аударып келеді. Пре­зи­дентіміз Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің Қазақ­стан­дағы имандылық, дінаралық достық, діни-рухани тәрбие, өзіңіз айтып отырған білімділік пен біліктілік, ілімділік пен ғылымдылық мәселелерін нығайтудағы сан-салалы, тынымсыз еңбегін жоғары бағалап, ризашылық білдіріп жүр.   Діни басқармамыздың байыпты басшылығы­мен еліміздің барлық мешіттеріндегі діни уағыз-насихат жұмыстары жаңа сапалық деңгейге көтерілді деп батыл айта аламыз. Білімділік пен бі­лік­тілікті, ғы­лым­дылықты биіктетіп, жұмы­сы­мыз­ға арқау етуде дінба­сымыз шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі өзгеше өнеге танытуда. Ол кісінің «Исламның жауһарлары мен жәдігерлері» іспетті ізгі кітаптары көп. Олардың бәрі дерлік ислами-рухани құнды­лық­тарға айналды. Мерзімді басылымдарда жиі-жиі жарияланатын маңызды мақалалары кім-кімнің де ой-санасын сәу­ле­лендіріп, парасаттылық биік­теріне ұмтылдырады.   Байқасаңыз, Оңтүстіктегі, осы Шымкенттегі дін қайраткерлерінің басым көпшілігі бұдан бес-он жыл бұрынырақтағыдан әлдеқайда өзгерген. Сауат­ты­лық, салиқалылық, білімділік деңгейлері жан-жақты жо­ғарылаған. Уағызды, насихаттық әң­гі­мелер­ді жұрт­қа иланымды жеткізіп, иманға ұйыта алады. Кез-келген керітартпа ағымдарға тектілік­пен тойтарыс бере біле­ді. Қасиетті Құран­ның сүрелерінен, пайғам­бары­мыз­дың (с.ғ.с.) ха­дис­терінен, дәстүрлі діни дүние­лік­терден, арғы-бергі тарихтан дерек-дәйектерді дәлелді келтіре алады. Бұл орайда тұрақты түрде қолға алын­ған, көшпелі діни оқу семинарларының берері мол. Діни семинарларды Шымкент шаһарындағы отыз алты мешіттің имамдары ай сайын өткізеді. Қазығұрт, Сайрам, Мақтарал аудандары мен Кентау, Түркі­стан қалаларында да мұндай іс-шаралар сапасы жоғары. Аудандар мен қалалардың бәрін­де үгіт-насихат топтары жүйелі жұмыс істейді.   Қазір Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам уни­вер­ситетінде біздің облыстан қырыққа жуық шәкірт білім алуда. Осыдан бес жылдай уақыт бұ­рын дінба­сы­мыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хаз­рет­тің қолдауы­мен облысымыздың орталығы­нан Шымкент медре­се­сі ашылған болатын. Былтыр медресені 60-қа жуық шәкірт тәмәмдады. Сегіз шәкірт қызыл дипломмен бітірді. Діни басқа­р­ма­ның бұйрығымен 31 түлек елі­міз­дің түкпір-түк­піріне бас имам, найб имам, азаншы, ұстаз, тағы басқалай қызметтерге жіберілді. Үздік бітірген­дер­ге Алматыдағы ислам мәдениеті универ­си­тетінде оқуға көмек көрсетіледі. Астана қаласы маңындағы Әбу Ханифа атындағы қарилар даярлайтын Құран курсында оқып жатқандар бар. Көптеген мешіттеріміздің жанында діни сауат ашу курстары жүйелі жұмыс істеуде. Былтыр 258 курстан 3482 шәкірт діни білім алып шықты.   Діни басқарманың жанындағы имамдар мен молдалардың білімін жетілдіру институтында 139 адам білімдерін толықтырды. Біздің «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің жанындағы курста 50 имам-молда біліктілігін жетілдірді. Курсқа қаты­су­шылар жатынжаймен және күніне үш мезгіл тегін тамақ­пен қамтамасыз етілді. Жақында облыстың бар­лық қалалары мен аудандарындағы бас имамдардың бір айлық арнайы оқу курсы ұйымдастырылады. Об­лыстық жұма уағызын өткізу игі дәстүрге айналды. Жыл аяғында үздік уағызшыларға жүлделер тапсырылады. Бұл дәстүр аудандық, қалалық және ауылдық, кенттік деңгейлерде де қолға алынуда.

– Наурыз айында Елбасы Түркістанда болып, өзге де өзекті мәселелермен бірге дін тазалығы, керітартпа діни ағымдардың зиян­дылығы, әсіре­се, жас ұрпақ тәрбиесі туралы ерекше әңгімеледі. Түрлі ағымдарға байланысты жұмыстар қалай? – Кереғар ағымдар әрекеттерінің алдын алуға жан-жақты мән береміз. Бұл бағытта біз облыс­тық ішкі саясат басқармасымен, әділет депар­та­ментімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, кітап­ханалармен, зиялы қауым өкілдерімен, тағы­лым-тәжірибелері мол ардагер ақсақалдармен тығыз байланыстамыз. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен, жалпы білім беретін мектептермен келісімшарттар жасалған. Соған сәйкес оқушы­лар­мен және студенттермен тиісті тақы­рыптық кездесулер жиі өтеді. «Діни экстре­мизмнің алдын алу шаралары», «Хизбут-тахрир» ұйымының зияндары», «Ислам және дәстүр», «Имандылық», «Бір дін, бір мәзһаб және бір сенім – ата-баба мұрасы», «Тәубе ету», «Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) сара жолы мүмінді бақытқа бөлейді», «Ата-ана алдындағы міндеттеріміз», «Ислам – мемлекетіміз ынтыма­ғы­ның кепілі», «Намаз – діннің тірегі» – міне, негізгі-негізгі, басты-басты тақырыптар осындай.   «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Иман­ды­лық» айдары бар. Облыстық радиодан жұма сайын тікелей уағыз жүргізіледі. «Отырар», «Ай­ғақ», «Сайрам», «Тұран-Түркістан», тағы басқа да жергілікті телеарналармен байланысымыз жақсы. Хабарларға мешіттердің имамдарымен қатар білікті дінтану­шы­лар, теологтар, ғалым ұстаздар, тағы басқа азаматтар белсене қатысады. Газеттер мен журналдарда, түрлі кітапшалар мен жинақ­тар­да мақалалар жиі жарияланады.   «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» тара­пынан небір құнды-құнды кітаптар мен кітап­ша­лар, жауһар жинақтар шығарылуда. Олар­дың па­расатты пайдасы ұшан-теңіз. Кеше ғана Алматыдан бірнеше тонна кітап әкелдік. Тегін таратамыз. На­си­хатымыздың сапасы бұрынғыдан да арта түседі.

– Беке, дініміз үшін де, діндарлар үшін де, жалпы бар-баршамыз үшін де Отаннан қа­сиет­ті ештеңе жоқ екені аян. «Отанды сүю иман­нан» деген қастерлі қағидаға орай не дер едіңіз? – Бас мүфтиіміз, дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі үнемі айтып та, жазып та жүргендей, ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгер­ші­лік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұғым. Ата-бабалар қорғаған, кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы бәрінен қымбат. Алдымыздағы қаншама буын армандап, аңсаған тәуелсіздік тұсында тірші­лік кешудеміз. Бәрі­міздің де көгеріп-көктейтін, жа­пы­рақ жаятын жеріміз – кең-байтақ Отанымыз. Отанды сүю, әрине, иманнан екені сөзсіз. Имансыздар Отан­ның қадір-қасиетін терең түсіне алмайды.   Біздің Отанымыздың көркеюіне, еліміз бен жеріміздің тұтастығына, кеңпейілділігімізге, бір­лі­гі­міз бен ынтымағымызға іріткі салғысы келе­тін­дер көп. Бөлінушілікке, жіктелушілікке ұрын­дыр­ғысы барлар аз емес. Отанды сүюдің мәнісі туған елге, туған жерге қызмет етуде, сөзбен ғана емес, іспен көрсетуде екенін бұрынды-соңды өткен ардақты­лар­дың бәрі де айтып, аңғартып кеткен.

– Жақында ғана бүкіл еліміз бойынша «Жыл­дың ең үздік имамы» атандыңыз. Ұлыс­тың ұйыт­­қысы Оңтүстік үшін бұл да – үлкен мақ­таныш. Құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен

Мархабат БАЙҒҰТ. http://www.egemen.kz

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу