Хайыз және нифас кітабы – Етеккірдің ең ұзақ және ең қысқа уақыты

Ханафилерде етеккірдің ең қысқа мерзімі үш күн, үш түн болып есептеліп, бұдан азы үзір қаны болады. Орташа бес күн, ең ұзақ мерзімі он күн, он түн. Он күннен асқан қан үзір болады. Ең ұзақ және ең қысқа мерзім арасында келетін қан «етеккір қаны» болып саналады. Бұл мәселеде олар мына хадиске сүйенеді: «Тұрмыста жоқ не жесір әйел үшін ең қысқа етеккір мерзімі үш күн, ең ұзақ мерзімі он күн». Ал, шафиғилер мен ханбалилерде ең қысқа мерзім бір күн, бір түн, ең ұзақ мерзім алты күн немесе жеті күн. Мәликилер ең аз мерзім үшін белгілі шек қоймай, ең ұзақ мерзімді жаңадан етеккір бола бастаған әйел үшін он бес күн деген.

Етеккір кезінде қанның үнемі келуі шарт емес, кейде ол тоқтайды да. Мысалы, бір әйел төрт күн қан көрсе, кейін ол екі күн тоқтап, одан соң тағы екі күн жалғасса, бұл сегіз күннің барлығы етеккір мерзіміне жатады.

Екі етеккір арасындағы тазалық жағдайы араб тілінде «туһур», яғни таза кезі делінеді. Мұның мерзімі он бес күннен аз болмайды, бірақ көп бола алады, айлар, жылдар бойы жалғаса алады. Мұндай тазалық жағдайын фиқһ ілімінде «муддәтут-туһур», яғни таза кез деп атайды.

Мәлики және ханбалилер бір етеккір арасындағы қанның тоқтаған күндерін «йәумун-нақа», яғни «тазалық күндері» деп атайды. Етеккір көрген әйел бұл күндерде таза болып саналады және басқа таза әйелдерге нендей құлшылық, ғибадаттарды орындауға рұқсат етілсе, бұларға да оларды орындауға толық жол ашылады.

Кейбір әйелдердің етеккір күндері белгілі. Мысалы, әр айда бес күн немесе алты күн, ия болмаса тоғыз күн етеккір көреді. Етеккірдің бір рет болуымен белгілі жағдайға келуі мүмкін. Мысалы, алғаш рет етеккір көрген қыз сегіз күн етеккір, бұдан кейін жиырма екі күн таза болса, бұл тәрізді етеккір белгілі жағдайға келген болады. Мұндай әйел денсаулық жағдайына байланысты үзір қанын көре бастаса, етеккірі және тазалық күндері әр айда осы тәрізді есептеледі.

Кейбір әйелдерде етеккір күндерінің өзгеруі мүмкін. Мысалы, бірінші айда бес күн, келесі айда алты күн. Мұндай әйел алтыншы күннен кейін жуынады, намаздарын оқиды және Рамазан айы болса, оразасын ұстайды. Өйткені бұл алтыншы күнгі қан үзір қаны болуы мүмкін. Бірақ осы алтыншы күн аяқталмайынша төсек қатынасына түсе алмайды.

Етеккір уақытының өзгергенін білу үшін оны басқа мезгілде кемінде екі рет көруі керек. Мысалы, әйел ай сайын уақтылы бес күн етеккір көріп жүріп, кейінгі айларда ол алты күнге созылса, енді оның етеккір жағдайы осы мерзім болып саналады.

Межелі уақыттан өткен, бірақ он күннен аспаған қан етеккір қаны болып саналады. Бұл жағдайда межелі уақыт он күнге ауысқан болып табылады. Мысалы, әр айда жеті күн қан көрген әйел кейін он күн қан көрсе, ол етеккір болып есептеледі. Бұл жағдайда етеккірі жеті күннен он күнге ауысқан болып шығады. Бірақ межелі қаннан кейін он күннен астам уақыт қан келсе, межелі уакытка қаралады, артығы үзір қаны болып есептеледі. Мысалы, бұрын етеккір мерзімі жеті күн болған әйел кейін әр айда он бір не он екі күн қан көре бастаса, мұның межелі болған жеті күні етеккір, қалған төрт не бес күні үзір қаны деп есептеледі.

Межелі уақыттан бұрын келген және барлығы он күннен аспайтын қан етеккір қанына жатқызылады. Он күннен асса межелі уақыттағы қан етеккір, алдында ерте келген қан үзір қаны болады. Мысалы, ай сайын бес күн етеккір болған әйел кейін белгілі уақыттан бұрын екі не үш күн ерте қан көре бастаса, барлығы жеті не сегіз күн етеккір болып саналады. Егер барлығы он күннен асса, белгілі уақыттағы жеті күн етеккір, артық күндер үзір қаны деп есептелінеді.

ЕТЕККІР МЕРЗІМІНДЕ ҚАННЫҢ ТОҚТАУЫ

Әйелдің етеккірі кезінде қанның кейде тоқтап, кейін қайта жалғасатыны болады. Қан тоқтаған кезде әйел таза бола ма, болмай ма дегенге келсек, ханафи және шафиғилерде ондай әйел қаны тоқтаған кезде де етеккірлі деп саналады.

Мысалы, бір әйел бірінші күні қан көріп, екінші күні ол тоқтаса, кейін қайтадан үшінші және төртінші күні қан көрсе, әйел бұл мезгіл ішінде етеккірлі деп саналады. Осыған байланысты екі қан арасындағы тазалық етеккірді бөлетін уакыт деп қабылданбаған. Керісінше, басында және соңында қан көрсе, жалпы он күннен аспайтын мерзім ішінде әйел етеккірлі деп есептеледі.

ҮЗДІКСІЗ ҮЗІР ҚАНЫН КӨРЕТІН ӘЙЕЛДІҢ ЕТЕККІР МЕРЗІМІ

Алғаш рет етеккір көре бастаған қыз баланың етеккірі тұрақты болмай қан келуі жалғаса берсе, әр айдың он күні «етеккір», жиырма күні «таза» деп есептелінеді.

Етеккірі белгілі уакытта келетін әйелден аурудың себебінен қан тоқтамай келе берсе, межелі уақыт ішінде ол етеккірлі, басқа уақытта таза деп есептелінеді.

Сырқаттығы немесе аңдамауы себепті етеккірі келетін күнді ұмытқан әйелді «мутахайира» деп атайды. Мұндай әйелде қан тоқтаусыз келсе, етеккіріне басымдырақ оймен амал етеді. Басым келетін ойы болмаса ықтиятпен амал етеді. Мысалы, етеккір уақытының бес күн екендігіне сенімді болса осыны қабылдайды.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: , ,

Пікір жазу