Берік ҚАЛДАРОВ: «Аллаһтың қазынасынан үмітің болса, берудің жолын біл!»

Намазды толық орындаңдар, зекет берiңдер” (Бақара 2/110)

Ислам діні адам өмірін жүйелейтін Аллаһтан келген теңдесіз заңдылық екенін түсінген болсақ, өмірлік өлшемдеріміз де өзгеріп сала беретіні талассыз. Адамзат өмірінде кездесетін кез келген мәселенің тиімді шешімін осы діннен табамыз.

Иә, өмір дедік. Өмір сүру үшін де белгілі бір деңгейде мал-мүлік, байлықтың қажетті екені айтпаса да түсінікті. Бірақ барлық нәрседе өлшемнен шықпауды, орта жолды ұстанатын Ислам діні, дүние жинаудың, оны жұмсаудың жөн-жоралғысын көрсетіп берген. Бұдан ауытқыған жағдайда, келеңсіздіктің кесірінен құтылай алмай, екі дүниеде масқараның күйін кешеміз. Жиғаныңнан беруді білмесең, сараң деген атқа ие болып, азапқа душар боласың, ал оны орынды жұмсасаң жомарт жандардың қатарынан орын алып, жұмақтан жай табасың. Жиған дүниеңді орынды жұмсаудың ендігі бір өлшемін Ислам дінінде «зекет» дейді. Ендеше зекеттің жай-жапсарына тоқталып өтелік:

Құран Кәрімнің Тәубе сүресінің 60 аятында былай деп келеді:

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Аллаһ тарапынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатын (жаңа Мұсылман) дарға, құлды азат етуге, борыштыларға, Аллаһ жолына және жолда қалғандарға беріледі. Аллаһ әр нәрсені білуші, хикмет иесі».

Исламның негізгі бес шартының бiрi болып есептелетін зекет, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Меккеден Мадинаға һижрет еткеннен кейін араға екі жыл салып Шәууәл айында парыз қылынған. Зекет тазалану, арылу деген мағыналарға келедi. Өзiңнiң адал еңбегiңнiң нәтижесiнде тапқан табысыңның белгi-бiр мөлшерiн әлеуметтiк iс-шараларға қолдану мақсатында жұмсалып, бойдағы толып жатқан жағымсыз қасиеттерден арылтатындықтан зекет, деп аталған. Зекет қоғамды құрайтын бақуат, дәулеттi адамдарға парыз құлшылық.

Зекеттің парыз екендігі Пайғамбарымыздың хадистерінде де айқын баяндалған: Әбу  Жәмре риуаят еткен: Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір Аллаһқа иман келтірудің қандай мағынаға келетінін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Сол жерде отырғандар «Аллаһ пен Елшісі жақсы біледі» деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз былай деді: «Аллаһқа иман келтіру; Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне әрі Мұхаммед Аллаһтың Елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза тұту әрі мүмкіндік тауып қажыға бару» (Сахих Бұхари, Китабул-Иман, І т, 19 б). 

Абдуллаһ бин Аббастың риуаят еткеніне қарағанда, хазіреті Пайғамбарымыз көрші елдерге мұғалім ретінде жіберген сахабаларға мына жайттарды ескертіп айтқан:

«Алдымен Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігін түсіндіріңдер; мұны қабыл ететін болса, менің Аллаһтың құлы әрі Елшісі екендігімді айтыңдар. Мұны да қабылдайтын болса, күнде бес уақыт намаз оқудың парыз екендігін және де байлардың мал-дүниесінде кедейлердің алатын ақысы бар екендігін түсіндіріңдер». (Сахих Бұхари, Китабул-Зекет)

Жаратушы Иеміз мал жиғаннан кейін, оны орынды жұмсамаудың адам баласына тигізер зиянын білгендіктен зекет беріп, азғындықтың азуына ілікпеудің жолын көрсеткен.

Жинаған байлығынан қайыры жоқтарды Әсет Найманбайұлы өлікке теңеген:

Иман қажет болмайды кейбір насқа,

Малым аман болсын дер үш-төрт түлік.

Қажы бармас, малынан зекет бермес,

Қайырсыз надан байдың бәрі де өлік.

Ал Шортанбай Қанайұлы мұны былай өлеңге қосқан:

Мал бақтырар пайдаға,

Зекетсіз мал айдама,

Қайыры жоқ ас сақтап,

Дәмді харам шайнама.

Зекет, жан мен тән тазалығына дәнекер. Ал дүние қоңыздыққа беріліп, шық бермес Шығайбайдың күйін кешу орны толмас өкініштерге апарып соқтырары хақ. Хазіреті Пайғамбар бiр хадисiнде былай дейдi: “Мен сендердiң кедей болуларыңнан оншалықты қорықпаймын. Мен сендердiң бiзден алдыңғылар секiлдi дүниеге берiлiп, олар сияқты қор болып кетер ме екен, деп қорқамын” (Бұхари, Жизие, 1). “Дүние тартымды әрi көздiң жауын алады” (Мүслим, Зүһд, 26) деген мағынадағы да хадистері баршылық.

Жиған малдан зекет беру керектігін данагөй қарттарымыз да насихат етіп, пайдасын айтып отырған. Ахмед Иүгінеки бұл жайлы былай деген:

«Уа, мал иесі, жомарт, ізгі ер,

Құдай саған берген екен, сен де бер».

Орыстың дүйім елге танымал ақын-жазушысы Лев Толстой да осы бір шындықты терең түйсінгендігінен болар, байлықты жинау мен оны орынды жұмсауға мынадай теңеу келтірген:

«Байлық малдың тезегі сияқты. Жинаған сайын саси береді. Оны шашсаң тыңайтқыш болады».

Аллаһтың берген дүниесін Аллаһтың жолында беріп, тойымсыз көздің тек қана топыраққа тоятындығын ескергеніміз жөн. Дүниенің тең жартысын билеген Зұлқарнайн алейһиссалам өлмей тұрып, артта қалдырған ұрпақтарының дүние қоңыздықтан сақтану керектігін түсіндірген мына өсиеті қандай тамаша:

- «Мені жуып, кепендеңдер. Сосын табытқа салыңдар. Бірақ қолдарымды табыттың сыртына шығарып қойыңдар. Қызметшілерім артымнан келсін. Қазыналарымды қашарларға артыңдар! Халық менің соншалықты қазына-мүлкім мен патшалығым болса да қол қусырып кеткенімді әрі қызметшілерім мен қазыналарымның да дүниеде қалып, менімен бірге келмейтінін көрсін! Мына өткінші бес күндік жалған дүниеге алданбасын!...».

- Айтқандарының барлығы бұлжытпай орындалды. Ғалымдар осы өсиетке былай деп жорамал жасайды:

«Арқамнан ерген қалың қолмен шығыс пен батысты биледім. Қол астымда сансыз әскер мен қаншама қызметшілер болды. Олардың барлығы әмірімді екі етпей орындады. Қыруар қазынамның болғаны да рас. Бірақ дүниенің нығметі қолдың кірі. Міне байқап отырғандарыңыздай мазарыма құр алақан кетіп барамын!… Дүниенің мүлкі дүниеде қалды… Сендер ақыретке пайдасы тиетін іспен шұғылданыңдар!..» (Осман Нұри Топбаш, Нәбилер силсилесі, ІІ, 17)

Хазіреті Айша анамыздан келген мына бір риуаят ойландырмай қоймайды; «Сахабалар бір қой сойды. Осы кезде тіленшілер келді. Оған еттің бір бөлшегін берді. Осыдан кейін тағы да келушілер болды. Оларға да үлестірді. Сонда да ет қалды. Расулулллаһ сұрады: «Қойдың несі қалды?». «Тек бір саны», деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Сан етінен басқасы біздіңкі болды десейші» (Тирмизи, Қиямет, 34.) Бергенін өзімдікі деп санайтын, яғни барлық нәрсені ақыреттік өміріне қарай бағамдау керектігін білдірген хазіреті Пайғамбардың ұстанымы барша мұсылмандарға тамаша үлгі. Өмірін Құранға негіздеп өткен Расулуллаһ, Нахыл сүресінің 96 аятын еріксіз еске түсіреді:

«Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз».

Сондықтан жиған малды орынды жұмсап, яғни Аллаһ үшін берудің, шын мәнінде Аллаһтың қазынасынан алу екенін түсінген болсақ, жиған малымыздың берекесі кіреді. Зекет беріп, кедей-кепшіктердің көңілін аулаған болсаңыз, сіздің де Аллаһтан таусылмайтын қазынасынан нәсібіңізді алып, берген байлығыңыздың орнын толтырып жатқаныңызды ұмытпағайсыз!

Берік Қалдаров

Төлеби ауданының бас имамы 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    2012 РАМАЗАН аи баршамызга мубарак болсын

Пікір жазу