Бәйдібек ауданы: МӘУЛІТ КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Жуырда аудандық мәдениет үйінде «Нақыпбекұлы Әуен» мешіт ұжымының ұйымдас­тыруымен Мәу­літ мерекесі аталып өтілді. Онда Алла­ та­ға­ла­ны ұлық­тап, барша мұсыл­ман қауымы ардақ тұтар Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат, мадақ жыр­лар мен әндер айтылып, оның өнегелі өмірі барынша на­си­хат­талды. Шымқаладан арнайы келген «Асыл мұра» тобы көрермендерге сахналық қойылымды ұсынып, кештің өн бойын мадақ ән-жырмен көмкеріп отыр­­д­ы. Әсіресе, діни мерекеге еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатысты десек, артық айтқандық болмас. Жұмыс күні болғанына қарамастан мерекеге жиналған қауымның қарасы қалың болды.
Дәстүрлі мерекеде аудан әкімінің орынбасары Т.Дәрменбаев мұсылман қауымды осынау ұлы мерекемен құттықтаса, ал аудан имамы М.Өтепбергенов Мәуліт күнінің ерекшеліктері қысқаша тоқталып, жалпақ жұртқа мерекенің мән-мағынасын түсіндіре өтті. Сондай-ақ халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан имамдар М.Мейманбаевты, М.Егізбековті және Е.Байбатшаевты алғыс хатпен марапаттады. Ал, Ақарыс ауылы, «Ақарыс» мешітінің имамы А.Оспанов пайғамбарымыз Мұхаммеддің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегелі істері жайлы тағылымды уағыз айтты.
Мұнан соң діни әндерді орындаушы Жандос Мырзабеков бастаған «Асыл мұра» тобындағы әнші жігіттердің шырқауындағы «Аллаға мың шүкір», «Иман бер Алла» секілді имани әуезді әндер тыңдармандардың жүрегіне жол тапты. Кешті Шымқаладан осы мерекеге арнайы шақырылған асаба Бекзат Сәкенұлы көңілге ой салаларлық әсем сөздермен жүргізіп отырды. Әсіресе, бүгінгі таңда жастардың дінге бет бұра бастағандығы, халқымыздың имандылығы арта түскендігі жайлы мағыналы шумақтар мерекеге жиналған қауымның көңілінен шықты. Сондай-ақ Еркебұлан Өсербаев бастаған актер жігіттер «Тура жолдан адаспайық», «Кешірімді болайық», «Иманға бет бұрайық» атты көріністерді сахналады. Шынайы әрекеттен туған қойылым көрермендердің көзіне жас алдырды. Бұдан кейін көркемсөз оқудан облыстық байқаудың жеңімпазы Қазына Асқарқызы поэзиялық жанр бойынша «Иман берші Тәңірім» атты жыр шумағын оқыды. Оның өлеңінен дінге деген ықылас, Аллаһ тағалаға мадақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік самалы есіп тұрды.
Ауданымызда Мәуліт мерекесі жыл өткен сайын өзгеше сипат алып келеді. Ең бастысы, бұл мерекені атап өтуде ұйымдастырылған іс-шаралар мазмұн жағынан ба­йып, исламның асыл құндыл­ық­тарын насихаттауда түрлі тақы­рыптар қамтылып, халықтың ынта-ықыласын арттыруда. Осының барлығы ынтымақтың, бірліктің арқасында екенін, «бірлігі бар ел озатынын, бірлігі жоқ ел тоза­ты­нын» еске салды. Биылғы мерекенің жаңалығы, көрермендерге діни сұрақтар қойылып, ол сұрақтарға жауап берген жандарға сыйлықтар үлестірілді. Бұл жылдамдық пен имани білімділікті қажет ететін кезеңде «Әуен» мешіт-медресесінде тәлім алып жүрген шәкірттер мен М.Әуезов мектебінің оқушылары сауалдарға тез жауап беріп, белсенділік танытты. Мереке барысында Мәуліт күні туралы түсірілген қысқаметражды бейнефильм көрермендер назарына ұсынылды. Жиналған көпшілік бұл мереке жөнінде жан-жақты мағлұмат алды. Келушілерге демеушілер есебінен діни газеттер мен кітаптар, өлеңдер мен термелер жазылған аудио дискілер таратылды.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ.
Суретті түсірген М.САДЫҚБЕКОВ.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу