Берікбол ЖАНАҚ: Мұхаррам және ашура күні

«Мұхаррам» (мағ. қасиетті) айы мұсылмандардың хижри жыл санауы бойынша бірінші ай. Ашура күні – қасиетті мұхаррам айының оныншы жұлдызы. Биылғы жылы хижри жана жылы қарашаның 3-інен 4-іне қараған түні болса, Ашура күні 13-іне тура келеді.

«Ашура» — араптың он деген санын білдіретін «ашара» сөзінен шыққан. Адамзат тарихының ең алғашқы кезеңдерде өткен ірі оқиғалардың барлығы дерлік осы Ашура күнінде болған екен.

Адам атамыз (Алланың оған сәлемі болсын) Алла тағала жаратқан адамдардың ең біріншісі. Ол кейінгі ұрпақтарына пайғамбар болды. Жаратқан Алланың алдында жасап қойған кателігі үшін өкініп, Алла тағала өз мейірімімен Адам атамыздың (Алланың оған сәлемі болсын) тәубесін қабыл еткен күн Ашура еді.

Нұх пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) қауымы үшін де Ашура күні айрықша маңызды. Қасиетті Ашура күнінде Алла тағала Нұх пен онымен кемеде бірге болған қауымын, топан суда қаза болудан құтқарды. Жер бетінде надандық пен қараңғылық кең етек жайғанда, Алла тағала адамдарға тура жол көрсететіп, үгіт-насихат жүргізетін  Нұх пайғамбарды жібереді. Ол өз қауымын 950 жыл бойы тынымсыз Исламға шақырғанымен, көбісінің жүрегі мөрленген болатын. Нәтижесінде, Нұх пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) шақырғанына жауап бергендердің саны тек сексенге жуығы. Топан су біткеннен соң, Ашура күні Нұх пайғамбар мен оның қауымы құрғақ жерге аяқтарын басты.

Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар мен оның қауымының Перғауын қатігезден қашып құтылулары да Ашура күні болды. Алла тағала Мұса пайғамбар мен оның ағасы Харун (Алланың оған сәлемі болсын) екеуін Исламға шақырулары үшін Перғауынға жібереді. Перғауын өте жауыз патша өзін құдай санап, Мысыр халқын тек өзіне құлшылық етулеріне бұйыратын. Мұса мен Харун (Алланың ол екеуіне сәлемі болсын) Перғауынның алдына келіп, жалғыз құдайға сыйыну керектігін ескертеді. Перғауын мен қызметшілері Мұса мен Харунның айтқандарын қабылдамай, ол екеуін және қауымдарын қудалайды.

Мұса пайғамбар мен оның қауымы Перғауынның жауыздығына барынша сабырлық танытты. Сонда Алла тағала Мұса пайғамбарға қауымымен бірге Мысыр елін тастап кетулеріне аян жібереді. Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар Алланың әмірін орындап, қауымымен бірге жолға шығады. Болып жатқан жайтты естіген Перғауын үлкен әскер жасақтап, Мұса мен оның қауымын қырып жою мақсатында олардың іздерімен жолға шығады. Қызыл теңізге дейін жетіп қалған Мұса пайғамбар мен оның қауымын Перғауын әскері жылдам жетіп алады.

Жойқын әскерді көрген Мұса пайғамбардың қауымы үрейге бой алдырады. Сол уақытта Алла тағала Мұсаға (Алланың оған сәлемі болсын) аса таяғымен теңіздің үстінен соғуына аян береді. Сөйтіп теңіз жағасында тұрған халайықтың аң-таң болуымен Қызыл теңіз он екі бөлікке бөліне қалады. Мұса пайғамбар мен оның қауымы теңіздің қақ бөлінген құрғақ жерлерімен қарама-карсы жағаға қарай ұмтылған сәтте, соңдарынан келе жатқан Перғауын мен әскерлері де олардан қалыспайды.

Мұсаның қауымы аман-есен теңізді өтіп болғаннан  соң, Перғауын мен әскерлері үлгерместен Алланың әмірімен теңіз алғашқы қалпына келіп, құрғақ жерді жауып тастайды. Осылайша, Алланың құдіретімен Мұса мен қауымы Перғауыннан құтылып, ал Перғауын мен оның әскері Қызыл теңізде қаза табады. Бұл оқиға да Ашура күні болған. Кейінгі ұрпаққа ғибрат болсын деп, Алла тағала Қызыл теңіздің толқындарымен, бірінші және соңғы рет сәжде жасап жатқан қалпындағы Перғауынды жағаға шығарады.

Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) үмметтері үшін де қасиетті Ашура күнін атап өту әсіресе маңызды. Ислам діні келіп, арап түбегінде жан-жақты тарала бастаған шақта Алла елшісі (с.ғ.с.) Медине шаһарына хижрет етеді. Медине тұрғындарының қатарында болған йәһудилік тайпалар Ашура күнін ораза ұстап атап өтетін. Йәһудилік тайпалардың сол кезде Ашура күнін тойлауларының себебі, Мұса пайғамбар мен оның қауымы Перғауынның зұлымдығынан құтуылып аман қалғандарынан.

Йәһудилердің жасаған амалдарын көрген Алла елшісі: «Мен Мұса пайғамбарға хақым көбірек (оған сендерден жақынырақпын)» – деп, сахабаларына Ашура күнінде бір күн қосып ораза ұстауларына бұйырды. Тағы бір хадисте Алла елшісі: «Рамазан айынан кейінгі ұстайтын оразаның ең абзалы, Алланың айы Мұхаррамдағы ораза» — деген. (Тирмизи) Мұхаррам айының 9,10 екі күнінде ораза ұстаған дұрыс. Ал 9,10,11 үш күнінде ораза ұстау, ең кәміл ораза болып табылады.

Хижри күнтізбесі бойынша 4-ші жылдың Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында Зәт әр-Риқа атты мұсылмандар мен кәпірлер арасында шайқас болу керек еді. Алайда, Алланың құдіретімен кәпірлердің жүректерінде үрей туып, қорыққандарынан мұсылмандардан қашып кетеді.

Бірақ Ашура күнінде Алла елшісінің (с.ғ.с.) үмметері үшін тек қуанышты оқиғалар болмаған. Хижри бойынша 61-ші жылы Алла елшісінің немересі Хусейн Язид халифаның әскерінің арасында болған пасық-күнәкарларлың қолынан қаза табады.

Қасиетті Ашура күнінде адамзат тарихында болған оқиғалардың кебірі:

Алла тағала аспанды, жерді, аршты, курсині, періштелерді, Адам атаны жаратқан;

Ибраһим (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар дүниеге келді;

Иса (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбарды Алла тағала аспанға алып кетті;

Ідіріс (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар да аспанға көтерілген;

Ибраһим (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар, кәпірлердің өртеуге арналған отынан құтылған;

Жүніс (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар үлкен балықтың ішінен шыққан;

Айюб (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар жазылмайтын аурудан сауықты;

Яғқуб (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар баласымен қауышты;

Сүләйман (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар патша тағына отырды;

Юсуф (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар зыңданнан шықты;

Ақырзаман да осы күні болады.

Міне осы және тағы басқа керемет оқиғалардың көбісі Ашура күнімен байланысты. Сол себепті де Мұхаррам айы мұсылмандар үшін қасиетті айлардың бірі болып саналады. Ал Ашура күні болса, Мұхаррам айының ішіндегі ең қасиетті күн.

Әрбір мұсылман үшін Ашура күніне алдынғы немесе кейінгі күнді бірге қосып ораза ұстаған абзал. Хадистерде келтірілгендей, Ашура күні ораза ұстаған адамның өткен және келер жылдың күнәлары кешіріліп, ал осы күні садақа берген кісіге Ухуд тауына тең келетін сауап беріледі. Ашура күні көбірек құран оқып, дұға жасап, жақсы тілектер тілеп, мейлінше еселетіп сауапты амалдар жасап, араздасқан туыс-жақындармен татуласқан жөн.

Қасиетті Мұхаррам айы, соның ішінде қасиетті Ашура күнімен басталатын келе жатқан хижри жаңа 1435 жыл баршамызға құт-берекелі болсын. Отанымыз тыныш, халқымыз аман болғай.

Берікбол ЖАНАҚ

Ақпарат көзі…

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники