Аристанов У: «Тіл жүректің айнасы»

Аллаһ т пендесіне берген нығметтері есепсіз болып, солардың ең ұлыларының бірі  – тіл нығметі. Аллаһ т Құран кәрімде Бәләд сүресі 8-9 аяттарында «Оған екі көз жаратпадық па? Әрі бір тіл, екі ерін?» деген.

Тіл – адамзаттың өзара мәмілелерінде пікірлерін түсіндіріп беруде, ішкі сезімдерін жеткізіп беруде, Алланы зікір етуде, Құран кәрімді оқуда, адамдарды туралыққа шақырып жамандықтан қайтаруда пайдалану үшін берілген.

Тіл пенденің ақыл-ойы, парасаттылығын және мінез құлқын көрсетіп беретін негізгі мүше – Алланың берген нығметі.

Бұл жайлы Пайғамбар с.а.у «Мүмін адамның тілі жүрегінің (қалбінің) арқасында болады. Мұнапықтың тілі есе жүрегінің (қалбінің) алдында болады. Мүмін адам алдын ойлап кейін сөйлейді. Мұнапық  есе алдын сөйлеп кейін ойлайды» деген. Халқымызда да «Алдын ойла кейін сөйле» деген нақыл сөз бекерге айтылмаған. Ибн Можа руаят еткен Пайғамбар с.а.у бір хадисінде Насихат сұрап келген бір адамға «Ертең жерге қаратып, кешірім сұрауға мәжбүр ететін сөзді айтпа» деп алдымен ойлап кейін сөйлеу керектігін ескерткен.

Пайғамбар с.а.у адам баласы өсек, өтірік, ғайбат секілді күнә болатын сөздерді тіпті өлімге алып баратын, себеп болатын күнәлардың көпшілігі тілден келетінін білдіріп  «Адам баласы көп күнәні тілінен табады» деп ескерткен. Аңдамай сөйлеудің арқасында көп қателесіп күнә болатын сөздерді айтып қоюы мүмкін екендігін айтып өткен. Мұны халқымыз қысқа ғана нақыл сөзінде «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп түсіндірген.

Тіл адамның мүшелері арасындағы ең кішісі болғанымен ол басқа мүшелер атқара алмайтын істерді атқаруы мүмкін және барлық мүшелер тілге байланысты болады. Абу Сайд ал-Худри р.а руаят еткен хадисте Пайғамбар с.а.у айтты «Егер адам баласы таң аттырса онда оның бүкіл дене мүшелері тілге бой ұсынып, жалынады: «Біз үшін сен Аллаһтан қорық. Өйткені біз сенімен біргеміз. Егер сен түзу болсаң онда біз де түзу боламыз. Егер сен қисық болсаң  онда біз де қисық боламыз» дейді» — деген. (Термизи руаяты). Тілдің тура болуы басқа мүшелердің тура болуына тіпті иманы кәміл болуы үшін де себеп болатынын білдірген. Өз орнында тіл қанша жаман, күнә сөздерді көп сөйлесе пенденің қалбі, жүрегі қараяды нәтижеде иманы әлсірейді.   Пайғамбар с.а.у хадисінде «Пенденің иманы кәміл болмайды, тіпті жүрегі (қалбі) тура болмайынша. Жүрегі (қалбі) тура болмайды, тіпті тілі тура болмайынша» деген. Сондықтан Пайғамбар с.а.у өміріне назар салсақ тілге, сөз сөйлеуге баса назар аударғандығын, көңіл бөлгендігін көреміз. Сөз сөйлегенде асықпай – саспай, анық етіп дана-дана, бөліп-бөліп сөйлейтін тіпті түсінікті болу үшін айтқан сөздерін үш реттен қайталайтын болған. Пайғамбар с.а.у сөз сөйлеуге қатты көңіл бөлгендігіне күә болған сахабалар да бұған қатты көңіл бөлген. Тілдің үлкен нығмет екендігін, сол тілден шыққан әрбір сөз үшіне ахыретте  есеп беретінін сезінген сахабалар, ғалымдар, бос сөзге салынбағандықтарына күә боламыз. Тіптен Абу Бакр р.а «Алла т разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр, жақсылық жоқ. Алла т разылығы үшін жұмсалмаған байлықта қайыр, жақсылық жоқ» деп айтуына себеп болған. Міне сондықтан Пайғамбар с.а.у сөз сөйлегенде сахабалар «Біз Пайғамбар с.а.у сөйлей бастағанда, басымызда құс қонақтап отырғандай соны ұшырып алмайық дегендей аса бір сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз» деп еске алатын. (Бухари руаяты)

Адам баласы қалбінде, жүрегінде нені көп ойласа айтатыны да сол болады. Мұны Али р.а «Жүрек (қалб) таза болғанда ғана тілден оңды сөз шығады» деп сөздегі дұрыстық, туралық – жүректегі иманға, тілдегі зікір-ойдағы пікірге байланысты екенін айтып өткен. Сондықтан тіл жүректің айнасы деп айтылған. Өйткені адам баласының өмірі үшін ең керек болған ең нәзік мүше ол – жүрек (қалб). Соның үшін де Ислам дінінде  жүректі (қалб) түрлі жамандықтардан асырауға шақырылады. Сол қалбті асырауда адам баласы алдымен тіліне ерекше көңіл бөлу керектігі ескертіледі. Өйткені тіл жүрекке (қалб) жақын орналасқан болып, оның шыншыл және турашыл болуы жүрекке (қалб) әсер етеді. Пенденің ісінің түзелуіне күнәларының кешірілуіне себептердің бірі тура сөзді, шыншыл болу екендігін ескертіп Құран кәрімнің Ахзап сүресі 70-71 аяттарында «Ей мүміндер Алладан қорқыңдар, тура сөзді сөйлеңдер. (Сонда Аллаһ) істеріңді түзетеді және күнәларыңды жарылқайды» деген.

Басқа мүшелерге қарағанда тілдің мүмкіншілігі мол болғаны себепті дініміз тәлімінде тілге ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан Пайғамбар с.а.у «Кім маған екі жағы және екі аяғы арасындағы нәрсені сақтауға кепілдік берсе, мен оның жәннәтқа кіруіне кепілдік беремін» деген. (Бухари руаяты)

Қорыта келгенде мынаны айту мүмкін адамның адамилығы оның тіліне қай дәрежеде көңіл  бөлуіне байланысты екен.  Өйткені Аллаһ т өзінің «Мутакаллим» яғни сөйлеуші деп аталған сипатынан адамзатқа да азғана үлес берген екен, адамзат оны үлкен нығмет деп біліп, одан тек қайырлы, жақсы мақсаттарда пайдалануы керек.

Сондықтан қазақ  халқы «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деп бекерге айтпаған.

Аллаһ т баршаға Алланы зікір етуші тіл, Аллаға тақуа етуші жүрек, Алланың бұйрықтарына бойсынушы, амал етуші дене мүшелер нәсіп етсін. Әмин.

Сарыағаш ауданы Келес өңірі «Ешан баба» мешіті бас имамы:  Аристанов У.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники