Бақдаулет Абдрахманов: ҰЛЫ МЕРЕКЕМІЗ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

2014 жылдың 4- қазаны Құрбан айт мерекесі!

Бақдаулет қажы Абдрахманов!

Шымкент қаласы А. Қаттани мешітінің Бас имамы.

ҰЛЫ МЕРЕКЕМІЗ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Құрметті Оңтүстік тұрғындары, қадірменді бауырлар!

имамАлла Тағала нәсіп етіп, барша мұсылман қауымына ортақ Құрбан айт мерекесіне де жетіп отырмыз. Әлемдік деңгейдегі мәртебесі бар мерекеміз мүбарак болсын!

Аллаға шүкір, Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. Бұл ізгілік дүниежүзі мойындап отырған егеменді еліміздің шоқтығын биіктетіп, мерейін көтере түсуде.

Араб тілінде «жақындау» деген мағына беретін Құрбан сөзінің шариғаттық мағынасы «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге келеді. Яғни, сауап істер арқылы Алла Тағалаға жақындау. Құрбан айттың құлшылығы тек мал бауыздаумен ғана шектелмек емес. Бұл ғибадаттың түпкі мәні Жаратқанның жарлығына бағынып, сауап жинап, разылығына ұмтылу болмақ. Бұл мереке қарсаңында мұсылманның пендешілігі, жомарттығы мен сараңдығы, мәрттігі мен мейірімі, жанашырлығы мен ниеті сарапқа түсер ұлы мереке болмақ. Құрбан айт қиналғандарға қол ұшын созуға, өзара татулық пен ізгілікке, тақуалық пен имани құлшылыққа жетелейтін мереке.

Айт күндері құрбан шалу — ғибадат. Ал құрбандықты Алла Тағалаға арнап сою ғибадаттың ең маңыздысы. Себебі Алланың разылығына бөлену арқылы құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтеріне жетеміз. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37). Сондықтан жағдайы келгендер Он сегіз мың ғаламның Иесіне арнап құрбан шалса нұр үстіне нұр болмақ.

Айт күні мұсылмандар жақсылап ғұсыл құйынып, әдемі, таза киімін киіп, хош иіс себініп мешітке айт намазына бару жақсы амалға жатады. Бұл күні көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілердің қайта табысуы, науқас жандардың көңілін сұрау, жетім, жесір, мұқтаждарға шамасының жеткенінше көмек беру, өте сауапты іс. Әке-шешесіне, отбасына, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасауға да болады. Бұл амалдар мұсылмандардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.

Биылғы жылы Алла Тағала нәсіп етіп, Оңтүстік өңірінен бірқатар бауырларымыз қасиетті қажылық сапарға аттанды. Аллаһ Тағала: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін» дейді Хаж сүресінде . Ұлы сапар кезінде бауырларымыз Жаратқан Иемізден жалбарынып еліміз үшін дұға тілеуде. Лайым дұғалары қабыл болып, Тәуелсіз еліміз гүлдене берсін!. Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқыған бауырларымыздың Алла Тағаламыз уәде еткен «пайдасына» тұтас ел болып бірге жетелік.

Табалдырығымызды аттағалы отырған Құрбан айт мерекесімен барша мұсылман қауымын шын жүректен құттықтаймын! Жаратқан Ием құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеп жүрген бауырларымызға дін аман елге оралуды жазсын. Әумин!

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники