Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!
Құрметті оңтүстікқазақстандықтар! Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды қасиетті Ораза айтымен шын жүректен құттықтаймын! Айлардың сұлтаны Рамазанда жасаған құлшылықтарыңыз, ниеттеріңіз қабыл болсын!
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадис шарифiнде: «Жәннатта бiр есiк бар. Оның аты «Раийан» деп аталады. Қиямет күнi ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Аузыз бекіткендер қане?» делінгенде, олар орындарынан тұрып осы есiкке қарай беттейді. Содан қақпа жабылып, бұлардан кейін басқа ешкiм де ол есіктен кiргiзiлмейдi» делінген.
Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) тағы бірде: «Үш адамның дұғасын Алла Тағала кері қайтармайды. Ата-ананың перзентіне жасаған дұғасы және ораза ұстаушы мен жолаушының тілегі» дейді.
Бұл айдың кереметтері жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Аллаһ тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектерін қайтармайды» және бір сөзінде «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағандай сый береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыз амал жасағандай сауап жазады» дегенді айтады.
Демек, бұл оразада садақа берген адам зекеттің сауабындай сауап алады, ал бес парыздың бірі зекетті осы айда өтесе, оны жетпіс рет бергенмен дәрежесі тең болады. Сондай-ақ нәпіл, тарауих намаздарға жығылса, басқа айларда парыз намазын оқығандай сауапқа кенеледі, ал парыз намазын оқыса, басқа айларда жетпіс парыз намаз орындағанмен бірдей сауапқа бөленеді. Осы орайда, Айт намазы 19 тамыз күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша барлық мешіттерде таңғы сағат 7:15 оқылатынын еске салғым келеді.
Жалпы, айт күндері үнемі қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келгенше ізгі амалдар жасауға тырысу керек. Жаратушы Хақ Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлікте, ынтымақта болуын нәсіп етсін. Айт мерекесі құтты болсын! Әмин!
Бейбіт қажы Мырзагелдиев,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы.
Пікірлер