Бейбіт Мырзагелдиев: ДІНІМІЗДІҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСАТЫН АЛТЫ БАҒЫТ

Үстіміздегі жылғы 19 ақпан күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  өкілдерімен кездесу өткізгені белгілі. Елбасы кездесу барысында Исламның халқымыздың сан ғасырлардан бері  рухани құндылығы болып саналатынын ерекше атап көрсетіп, дін жұмыстарының дұрыс бағытта жүргізілуі дін мамандарының қызметіне тікелей байланысты екендігіне айырықша тоқталды.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің барлық облыстық өкілдіктерге алдағы уақытта атқаратын  алты бағыттан тұратын тапсырмасы берілді.  Атап айтқанда:

  1. Ынтымақ бірлік, рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары;
  2. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып рухани ағартушылық жұмыстарын күшейту;
  3. Діни ахуалдың қалыптылығы мен түрлі кереғар ағымдардың алдын алу шаралары туралы;
  4. Діни басқарма тарапынан берілген пәтуалардың уақтылы орындалуы;
  5. Дін туралы қабылданған жаңа заңның аясында Имам Ағзам мәзһабы мен  Имам Матруди ақидасын берік ұстану мәселелері;
  6. Еліміздегі өзге діни конфессия өкілдерімен татулық пен толеранттылықты нығайту жұмыстары.

Бұлардың қай-қайсысы болмасын, орынды көтерілген өзекті мәселелер болғандықтан өз кезегінде тиісті жұмыстар жүзеге асырылып та жатыр. Дегенмен, оларды күшейту, тиісті жұмыстарды жандандыру – уақыт талаптарынан туындауда.

Еліміздің ынтымағы мен бірлігін, рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары облысымызда тұрақты жүргізілуде. Діни басқарманың облыстық өкілдігінің тапсырмаларына сәйкес облыс көлеміндегі барлық мешіттерде ынтымақ, татулық, бірлік мәселесі бойынша жұма намаздарында арнайы уағыздар жасалуда. Сонымен қатар, облыс әкімі А.Мырзахметовтің қолға алуымен өңірде жиі өткізіліп жүрген «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форуымының жұмысына дін өкілдері тұрақты қатысуда. Және де ол жерлердегі ұсыныстар мен талап-тілектер мешіт жамағаттарына тұрақты жеткізіліп отыр.

  Сонымен қатар, жергілікті құзырлы мекемелермен бірлескен жұмыстар қолға алынуда. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің тапсырмасының негізінде Өзбекстан Республикасымен шекаралық аймақ болып саналатын Сарыағаш, Мақтарал, Шардара, Қазығұрт аудандарында орналасқан әскери заставалардағы әскерилердің және облыс көлеміндегі 6 түзеу мекемелері сотталушыларының (ИЧ-167/11,  ИЧ- 167/10,  ИЧ-167/3,  ИЧ-167/2 , ИЧ-167/4,  ИЧ-167/9) қатысуымен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы облыстық наркологиялық  диспансерінде, Чапаевка аталатын елді мекендегі  Қарттар үйінде, «Хамза» мөлтекауданындағы Жетімдер үйінде, Төлеби ауданы, 1-ші мамыр елді мекеніндегі «Жасөспірімдер мен ересектер» жетім балалар үйлерінде уағыз жұмыстары жолға қойылды. Бұл жұмыстарға арнайы білікті имамдар бекітілген.

         Мемлекеттік органдармен бірлескен рухани ағартушылық жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылы бастау алған мешіт имамдарын оқыту мәселесі биыл да өз жалғасын тауып отыр. Бүгінгі таңда, дін мамандарының діни білімдері мен біліктілігін арттыру бағытында облыстық  әкімдік пен облыстық дін істері департаментімен бірлесіп ҚМДБ-ның «Шымкент» медресесінің жанынан «ОҚО Имамдардың білімін жетілдіру курсы» ашылды. Онда дін қызметкерлері жатақ-жаймен және  үш мезгіл аспен қамтылып, бір ай оқытылып, куәлік берілді. Курсқа жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, профессорлар мен доценттер, т.б. оқытушылар тартылып, 600-ге жуық имам-молдалар бітіріп шықты. Дәрістер фикһ, ақида, тәпсір, сирату-л нәбәуия, Құран тәжуид, Имам Абу Ханифа мазһабы, т.б. пәндерден бөлек, зайырлы оқу орындарында жүргізілетін құқықтану, тарих, т.б. пәндер бойынша жүзеге асырылды. Бұл курстың шығындық құны 15 млн. теңгені құрады. Қаржы жергілікті әкімдіктердің қолдауымен демеушілер тарту арқылы ұйымдастырылды.

          Сондай-ақ, ауылдық мешіт имамдарының діни біліктіліктерін көтеру мақсатында қалалық және аудандық мешіттерде айына бір рет көшпелі діни оқу семинарлары өткізіле бастады. Семинарлар дәріс түрінде жүргізіледі.

          Бұдан бөлек, ағартушылық жұмыстары бойынша облыс көлеміндегі 258 мешіттің жанынан діни сауат ашу курстары тұрақты жұмыс жасап келеді.

          Діни ахуалдың қалыптылығын сақтау және түрлі кереғар ағымдардың алдын алу бойынша Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы ақпарттық үгіт-насихаттық топпен бірлесе отырып, қала аумағындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен кәсіптік-техникалық лицейлерде 2013-2014 жылға арналған бірлескен жоспар түзілді. Нәтижесінде кездесу жұмыстары тұрақты жүргізіп келеді.

         Жалпы, облыс көлеміндегі 12  жоғары оқу орны мен 45 орта арнаулы оқу орындарымен, 1000-нан аса мектептермен екі жақты келісімшарттар жасалуда. Сондай-ақ, облыстық «ОҚО бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру иниституты» мекемесінде  облыс көлеміндегі біліктілігін арттырып жатқан мұғалімдермен діни экстремизм мен терорризмнің алдын алу бағыттары бойынша «Ханафи мәзһабы – Қазақстан мұсылмандарының рухани мұрасы», «Мәзһаб — Құран мен сүннет жемісі», «Имам Ағзам Әбу Ханифаға  айтылған сындар және оған берілген жауаптар» тақырыптары бойынша  кездесулер ұйымдастырылды.

          Діни басқарма тарапынан берілген пәтуалардың орындалуы тұрақты жүзеге асырылуда. Соның ішінде Діни басқарманың қолдауымен жарыққа шыққан «Жаназа пәтуасы» кітапшасының, өзге де діни әдебиеттердің негізінде уағыз-насихат жұмыстары жүргізілуде.

        Бүгінгі таңда, шығарылған пәтуаларды кең көлемде насихаттау жұмыстары қолға алынуда. Атап айтқанда, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының «Нұрлы күн» таңғы бағдарламасының «Имандылық», «Мемлекет. Қоғам. Дін», «Нұр мұра» телехабарларына, «Отырар» телеарнасының «Шымқаланың жаңа күні» бағдарламасына, «Айғақ» телеарнасының хабарларына мешіт имамдары тұрақты қатысып, Діни басқарма тарапынан берілген пәтуалардың негізінде жұмыстар жүргізуде. Мұндай жұмыстар барлық қала, аудандарда да қолға алынуда. Мысалы,  Кентау қаласындағы «Икар», Түркістан қаласындағы «Тұран-Түркістан»,  Сайрам ауданындағы «Elnur TV», Арыс қаласындағы «Арыс толқындары», Сарыағаш ауданындағы «Сәт», Созақ ауданындағы «Созақ ТВ» телеарналарындағы хабарларға мешіт имамдары тұрақты шығып, дін мәселелері жөнінде жергілікті тұрғындарға насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.

          Сонымен қатар, басылымдарда мешіт имамдары мен қызметкерлерінің мақалалары мен сұхбаттары тұрақты шығарылуда.

          Осындай жұмыстардың нәтижесінде жаназа, неке, құдайы, ысырапшылдыққа жол бермеу, т.б. көптеген мәселелер ретке келтірілді.

Дін мәселесін реттейтін жаңа заңның қабылдануының нәтижесінде көптеген оңды жұмыстар жүргізілуде. Заңға Имам Ағзам мәзһабының енгізілуінің өзі оңды жетістік деп білеміз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсан күні Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да Имам Ағзам мәзһабына ерекше басымдықтар берілген.

          Елімізде дін саласындағы ірілі-ұсақты іс-шаралардың көптік өткізілуі дәстүрлі дін жұмыстарының дамуына кеңінен жол ашуда. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш басшылары сьездерінің Қазақстанда төрт рет қатарынан өткізілуі елімізде шет мемлекеттерге танытып қана қоймай, дініміздің қоғамдағы орнын да айқындады. Бұл Елбасының жүргізіп отырған көрегенді саясатының жемісі. Өзге мәселелерді былай қойғанда, дін саласындағы жетістіктеріміз,  Аллаға шүкір, жетерліктей. Тәуелсіздікке ие болған тұстағы дін мәселесімен қазіргі күнгі жүргізіліп жатқан діни жұмыстар еш салыстыруға келмейді.

           Ұлт Көшбасшысы өз Жолдауында: «Алла – хақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с), қасиетті кітабымыз — Құран болғанымен, әлем сүнниттері төрт мазһабқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан артықшылығы – Ислам қағидаларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр-салттарының да кеңінен қолдануында. Міне, сол себепті ханафиттер жер жүзінде ең көп тараған мазһаб болып есептеледі. Менің мұның бәрін айтып отырғаным: дін ұстараның жүзіндей өткір нәрсе. Мұнда жаза басып,  жаңылысуға болмайды. Менікі дұрыс «немесе мен білемдік» емес түсіністік, бірлік қажет. Бұл біздің ортақ мақсатымыз» деген болатын.

         Біздің міндетіміз – осынау істердің үдесінен шыға білу.

         Еліміздегі өзге діни конфессия өкілдерімен татулық пен толеранттықты нығайту бағыттары тұрақты жүргізілуде.  

         Біз көпұлтты, көпдінді қоғамда өмір сүріп отырмыз. Бұл, әрине, біреулерге ұнамауы да мүмкін. «Бізге көпұлттықтың көптігі қанша, көпдінді болудың артықшылығы неде, неге ұлттық мемлекет болмаймыз?»,- деп қисынсыз әңгіме айтатындар да жетерліктей. Қисынсыз деуіміздің себебі, көпұлттылық пен конфессиялық әралуандық тарихи тағдыр қалыптастырған жағдай. Сондықтан мұндай мәселелерге жан-жақты байыптылықпен қарауымыз керек.

         Өз кезегінде мешіт имамдары этносаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген жұмыстарды жүргізіп келеді. Елдігімізді екшеп, бірлігімізді бекемдеуде барша қоғам мүшелері болып атсалыссақ, көптеген нәтижелі істерге қол жеткізер едік.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт  Мырзагелдиев

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу