Салтан САЙРАНҰЛЫ: “Террорист” болдым, мінеки

Байқасаңыздар, соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында «террорист» деген сөздің тағы бір баламасы шыға бастады. Ислам дінін терроризмнен арашалай алмай жатқанда, бұл сөз тіптен төбеден жай түсіргендей қылды. «Құлаққа өкпелеп жүргенде, мүйіз шықты» дегендей, ендігі күні террористердің қатарына сіз де, біз де кіріп кеттік.
Лаңкестікке қатысты ақпараттарды парақтай қалсаңыз, көзіңіз мынандай тақырыптардан сүрініп жығылады:
«Исламшылдар Ресейде православ шіркеулерін жаруға көшті» (Исламисты в России переходят к подрыву православных храмов);
«Ресей өз территориясында исламшылдармен күресе бастады» (Россия борется с исламистами на своей территории);
«Исламшылдар Бангладеш астанасында ылаң салды» (Исламисты устроили беспорядки в столице Бангладеш);
«Исламшылдар Сирияда бейбіт тұрғындарды қырып жатыр» (Исламисты убивают мирных граждан Сирии);
«Қазандағы исламшылдармен күрес» (Бой с исламистами в Казани);
«Сирияда исламшылдардың лаңкестігі жалғасуда» (Террор исламистов в Сирии продолжается);
«Малилік исламшылдар қаланы тұтастай жарып жібермек болды» (Малийские исламисты готовились взорвать целый город);
«Қазақстан исламшылдарды анықтап жатыр» (Казахстан вычисляет исламистов);
«Қазақстандық исламшылдар соғысуға дайын емес» (Казахстанские исламисты не готовы воевать).
«Исламист» деген термин не? Қандай мағына береді? Расымен де «исламистің» мағынасы «террористің» баламасы ма екен?
Жоқ, олай емес. Бұл сөз орыстардың түсіндірмелі сөздігінде бұрыннан бар. Және де, бұл сөздің қазіргі теңеліп жүрген мағынамен бес қайнаса сорпасы қосылмайды. Мәселен, С.А.Кузнецовтың түсіндірмелі сөздігін алар болсаңыз, онда «ИСЛАМИСТ» деген сөзге «СТОРОННИК ИСЛАМА» деген мағына береді. Қазақша айтсақ, Исламды жақтаушылар. Ал Т.Ф.Ефремованың сөздігіне келсек, онда «ИСЛАМИСТЫ – ТЕ, КТО ИСПОВЕДУЕТ ИСЛАМ» делінген. Яғни, сөздікте тілін кәлимаға келтіріп, Исламға бойұсынған адамды «исламист» дейді екен. Ендеше, неге бұл сөз бүгінде басқаша кейіпке еніп кетті? Бұл журналистердің сауатсыздығы ма, әлде мұсылмандарға қарсы әдейі ұйымдастырылып жатқан кезекті ақпараттық науқан ба? Біріншісінен гөрі, екіншісі келетін секілді.
Не керек, енді исламшылдар да лаңкестердің қатарына қосылып, бұл теңеу күллі мұсылманның сүйегіне таңба боп басылайын деп тұр-ау. Бұрын Исламды құбыжық қып көрсетіп келсе, енді Исламды ту еткен мұсылмандар да жаппай лаңкес болады деген сөз.
Өкінішке қарай, мұндай науқанға кейбір қазақстандық БАҚ та ілесіп кеткені қынжылтады. Кей қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары да бұл сөздің парқына бармай, ойланбастан жаза салатын болыпты. Мұсылмандыққа қаны қастың шашбауын көтеріп жүргеніміз қалай?
Атеистік қоғам құруға талпынған дінге қарсы Кеңес үкіметі кезінде ұлтшыл, түркішіл мұсылман зиялыларын «исламшылдар» деп айыптаған еді. Ал бүгінгі жала тонын теріс аударып киіп келеді. Сондықтан да, бұған дер кезінде тосқауыл қажет секілді. Әйтпесе, ертеңгі күні ата дініміз – Исламды жақтағанымыз үшін сіз бен бізді террорист деп айыптап шықпасына кім кепіл?

Салтан САЙРАНҰЛЫ,
Астана қаласы

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, 
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:
– «Исламист» – қазақшаға аударғанда Исламды жақтаушы, Ислам дініне жаны ауыратын мұсылман деген сөз. «Исламист» пен «мұсылман» бір мағынаны береді. Біріншіден, бүгінгі күні «исламист» сөзін кезіндегі атеистік қоғамның сарқыншағы саналатын, сол қоғамды аңсайтын журналистер қолданады. Себебі, кеңестік дәуірде «исламист» деп дінге бүйрегі бұратын мұсылмандарды кемсіту мақсатында атаған. Екіншіден, БАҚ өкілдерінің «исламист» деген сөзді террористің баламасы ретінде қолдануы – Ислам мен мұсылмандарды әлемге жағымсыз етіп көрсету мақсатында саналы түрде жасалып отырған ақпараттық науқан деп айтуға болады. Ал, үшіншіден, «бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді» демекші, қасақана істеліп отырған ақпараттағы бұл терминді кейбір журналистер білмей де қолданып жатады.
Омар ЖӘЛЕЛ, 
абайтанушы:
– Жасырын емес, мұндай құбылыстың белең алып келе жатқаны шындық. Бұнымен күресудің тек бір-ақ жолы бар. Ол үшін Ислам терминдеріне лингвистикалық талдау жұмыстары жүргізіліп, оны жұртқа түсіндіру дұрыс жолға қойылуы тиіс. Сосын сол терминдерді бұрмалап қолданғандарды жазалайтын құқықтық тетік реттелу керек. Ол үшін халықаралық деңгейдегі ұйым құрылуы қажет. Күллі мұсылмандарды, яғни исламшылдарды террористпен қатар қою – дінаралық дүрдараздықты туғызып, арандатушылыққа жол ашу деген сөз. Сондықтан да, мұндайға жол бермеудің амалын қарастыру керек деп ойлаймын.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу