Азамат Тұрсынқұлов: Қолдан жасалған қиындықтар

Қолыма қалам алуыма қоғамдағы әсіресе бірін-бірі ұнатып, отау құрғысы келетін жастар арасындағы мәселелер түрткі болды. Сол ойларымды сіздермен бөлісіп, бәлкім бір шешімі табылар деген үміт жетеледі. Жастардың арасындағы үйленіп отау құру мәселесі үлкен мәселеге айналып бара жатқан сыңайлы. Бұл осылай үдей беретін болса, жағдайы жоқтар сүйгеніне қосыла алмай зарығып, яки заңсыз жолмен запыран ішіп кетуі ғажап емес. Нәтижесінде некесіз төсек қатынасы дендеп, тастанды балалардың саны артып қоғамдық мәселені қолдан қордаландырып аламыз. Өйткені адам бойындағы махаббатпен ойнауға болмайды. Оған тосқауыл қойып, кедергілерді күшейте беретін болсақ, күндердің күндері алдымыздан абжыландай ақырып шықса таңқалмайық.  Сондықтан жастардың үйлену мәселесінде ең алдымен қаражат мәселесі қол байлау болады. Бұл ең алдымен ата-аналарға салмақ салары анық. Балаларының қуанышын, жақсылығын тілейтін ата-аналар баласының қатарынан кем қылмайын деп қарызға белшесінен батады. Тіпті банктерден қарызданып, әп-сәтте банкке тәуелді болып шыға келеді. Осылайша ай сайын банктің алдын тоздырып азып-тозып, қара уайымға салынады. Осы тұрғыдан қарағанда, өмірден алатын маңызы мен мәні зор елеулі қуаныш бірте-бірте азапты, елестетудің өзі үрей сыйлайтын жайтқа айналып бара жатқандай. Иә, бұлай болуына не себеп, кім кінәлі неге мұншалықты қиындап кетті деген сұрақтарды көлденең тартып, ойланатын болсақ, жауабы қиын емес сияқты. Себепшіні де, кінәліні де ұзақтан іздеп әуре болудың қажеті жоқ екен. Ол — өзіміз. Мұның барлығын сырттан біреу жасап беріп жатқан жоқ. Қолдан жасалған қиыншылықтар. Сондықтан бір-бірін ұнатқан жастардың екі жақтағы  отбасылары жастардың сезіміне оң көзбен қарап, ертерек үйленуіне үлесімізді қосайық. Ата-бабаларымыз бас екеу болмай, мал екеу болмас деген. Бұл сөз жадымыздан еш шықпасын және де осы ата бабаларымыздың осы сөзіне мейлінше құлақ асып, материалдық жағдайды күйттей бермей, ең бастысы олардың баянды  махаббатын, бақытын көбірек ойланайық. Сондықтан құрметті ағайын, өзіміз жасаған қиындықтармен ел болып күресіп, жастардың қуанышын су сепкендей басып, қиындатпай, жеңілдетудің жолын қарастырып, әрбір отбасы осы мәселені шешуді қолға алатын болса, неге шешілмесін. Осы мәселені ел болып ойланып көрейікші!

Төле ауданы Аққұм елдімекенінің тұрғыны Азамат Тұрсынқұлов

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу