ҚМДБ: Бас мүфтидің эксклюзивті сұхбаты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің бірқатар ірі басылымдарына сұхбат берді. Бас мүфтидің ҚМДБ-ның ресми сайтында берілген эксклюзивті сұхбатын жариялап отырмыз.

ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖҰЛЫ,

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ,

БАС МҮФТИ:

ДІННІҢ ДІТТЕГЕНІ – БҮЛІК ЕМЕС, БІРЛІК


Сауапты да жауапты жұмыстар

 Қадірменді мүфти хазрет! Әуелі Сізді редакциямыздың, қалың оқырмандарымыздың атынан жауапкершілігі мол жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз.

Кез келген мекеменің басшысы ауысса, сол салада өзгерістер байқалады, реформалар жасалып, тың жобалар жүзеге асады, кадрлық ауыс-түйістер орнайды. Осы ретте жаңа Бас мүфтидің жұмыс жоспарын білгіміз келеді.

 Бисмилләһир рахманир-рахиим! Бүкіл мадақ ғаламдардың жалғыз иесі Аллаға тән. Барша жаратылыстардың ең қайырлысы Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның әулетіне, сахабаларына және Қиямет күніне дейін оның ізімен жүргендерге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!


Баршаңызға белгілі, 2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының Астанада өткен VII құрылтайынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев діни басқарманың өкіл имамдарымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы келелі кездесуде Исламның халқымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатынын айтып, еліміздегі дініміздің дұрыс бағытта дамуы дін мамандарына байланысты екеніне баса назар аударды және асыл дініміз Исламның қызметкерлері ретінде біздерге сенім артты. Елбасы имамдардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі жайлы ойларын жеткізді. Сонымен қатар ел бірлігі мен мұсылмандардың ауызбіршілігін нығайтуда дін қызметкерлерінің рөлін айрықша атап өтті. Президент діни басқарма мен мемлекеттік органдар арасындағы рухани-ағартушылық сондай-ақ, әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жете көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Бүгінде әртүрлі діни ағымдар пайда болғанын, мешіт қызметшілері түрлі теріс ағымдардың қандай екенін, ал исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін дұрыс түсіндіру үшін халықпен, әсіресе, жастармен жұмыс жүргізе білулері керек екенін айтты. Мемлекет басшысы дін қайраткерлеріне, имамдарға былай деді: «Еліміздегі дәстүрлі исламның бір­­ден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған Заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи ба­ғы­тының орны мен рөлін мойындай­ты­­ны атап көрсетілді. Бұл – өте дұ­рыс. Қазақ­стан – зайырлы мемлекет. Сон­дық­тан біз­дің дін саласындағы саясаты­мыз кон­фессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайтуға бағытталған. Біз­де діни сенім бостандығына Консти­ту­ция кепілдік береді. Діни басқарма өкілдері тек дін саласында ғана емес, өзге салаларда да өз білім-біліктерін арттыруға тиіс».

Осыған орай, еліміздің барлық имам-молдаларына шариғат шеңберінде, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен еліміздің дін саласындағы саясаты негізінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға пәрмен бердім.

Таратып айтар болсақ, біріншіден, діни басқарманы мұсылмандарды біріктіруші орталыққа айналдыру. Халқымызды ортақ рухани құндылықтар мен мақсаттарға қол жеткізуде мүфтият төңірегіне топтасуға ұйытқы болуды көздеп отырмыз.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят), – деген. Ал алаштың ардақты азаматтарының бірі Әлихан Бөкейханов бабамыздың: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады», – деген сөзі бар.

Екіншіден, ҚМДБ мен оның аймақтардағы өкіл имамдары мемлекеттік мекемелермен рухани-ағартушылық және әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жіті көңіл бөліп, нақты іс-шараларды жүзеге асырады.

Үшіншіден, өңірдегі діни ахуалға күнделікті мониторинг жасап, теріс ағымдардың әрекеті байқалған жағдайда шұғыл түрде қажетті шаралар қолдану жағын қарастырып жатырмыз. Осы бағытта мешіт қызметкерлеріне Исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін, теріс ағымдардың ерекшеліктері мен түр-сипаты қандай болатынын дұрыс түсіндіру үшін халықпен, әсіресе жастармен жұмыс жүргізуді, уағыз-насихатты күшейтуге тапсырма бердім.

Төртіншіден, діни басқарма шариғат заңдары аясында қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар шығарады. Қазір ҚМДБ пәтуалары басылымдарда жарияланып жатыр.

Бесіншіден, еліміздегі діни қатынастарды реттейтін жаңадан қабылданған заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде Исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Сондықтан, біздің бағытымыз – дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабы мен Матуриди ақидасын берік ұстану және оны насихаттау болып қала береді. Сонымен қатар, мешіт жамағатын мұсылмандардың ауызбірлігі мен еліміздің ынтымағын нығайта түсу үшін дәстүрлі ханафи мазхабын ұстануға үндейміз.

Алтыншыдан, қоғамдағы бағытымыз – конфессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайту, өзге діни бірлестіктермен бірлесе отырып өзара түсіністік және діни төзімділік дәстүрлерін күшейту. Осындай жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыра бермекпіз.

Жетіншіден, имамдардың дін саласындағы білімі мен біліктілігін арттырып қана қоймай, басқа да салаларда көшбасшылық дәрежеге жеткізуді көздеп отырмыз. Мәселен, индустрия игіліктері мен дамыған жаңа технологияларды Ислам насихаты үшін пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты бірқатар жұмыстарды жүргізу жоспарымызда бар.

Имамдар аттестациядан өтуде

– Имам дегеннен шығады, дін кадрларының білімі мен білігін арттыру барысы қалай болмақ? Шымкент қаласындағы имам-молдалардың аттестациядан өтіп жатқанынан хабардармыз. Бұл іс-шара басқа да облыстарда жүзеге аса ма?

– Қазақстан енді ғана аяғынан тік тұрып, қаз-қаз қадам басып келе жатқан жас мемлекет. Алайда көп салада білікті мамандардың жетіспейтіні байқалады. Дін саласында да мұндай түйткіл жоқ емес. Дегенмен, аузымызды қу шөппен сүртпей, осы мүфтилік қызметке кіріскелі мүмкіндігінше өзіміздің дін кадрларымыздың сапасын арттыру мақсатында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру күн тәртібіне қойылды. Ол да үлкен дайындықты, уақытты керек ететіні белгілі. Бірақ бұл істі жаңғырта беру керек. Өйткені, қазір заман талабы басқа. Бүгінгі қоғамға сауатты, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті күшті имам-молдалар қажет.

Бүгінде имамдарды бірнеше талап бойынша, мәселен, діни сауатын, діни ағымдар туралы білімін, араб тілін меңгеру деңгейін, т.б. анықтауға, өзіңіз айтқандай, ҚМДБ Сараптау комиссиясы өз жұмысына кірісті. Иә, бұл шара басқа да аймақтарда жүзеге асады.

Әр мәселені шешудің кезеңі мен жүйесі болады. Тіпті, мемлекеттік маңызы бар стратегиялық бағдарламарды орындау бірнеше жылға жоспарланады. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Дін кадрларының саны мен мен сапасын, білімі мен білігін арттыруды, оларды қайта аттестациядан өткізу мәселесін сатылап шешеміз.

 Сіздерде дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін оларды шетелдерге жіберу немесе шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу дәстүрі бар ма?

– Діни басқарма осыған дейін бірқатар шетелдік оқу орындары мен діни басқармалармен келісім-шарт жасасқан. Сол келісім-шарттар негізінде Мысыр еліндегі Әл-Әзһар университетінен, Пәкістанның Исламабадтағы «Дағуа» академиясынан бірнеше имамдарымыз машықтанып қайтты. Ал Түркия Дін істері басқармасына қарасты дін мамандарының білімін жетілдіру курсына жыл сайын 25 имам 2 айлық курсқа жолданып отырады.

 

Діни басқарма – жазалаушы орган емес

– Егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жиған жылдары дін саласындағы күрделі мәселелердің бірі – діни ағымдардың алшаң басып, мұсылмандар арасына іріткі салып, жікке бөлуі баршамызды алаңдатты. Бұл өзекті мәселе әлі күнге дейін қылаң беріп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселені қалай шешпек? Жаңа Бас мүфти бұған не дейді?

– Егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары Кеңес кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тәуелсіздік туы желбіреген 1991 жылы елімізде санаулы мешіттер болса, бүгінде оның қатары көбейді. Аллаға шүкір, бұрынғы мешіттегі бірді-екілі қариялардың қатары жастармен толықты.

Алайда руханиятқа, иманға, дінге шөліркіген халқымыз, жастарымыз діни білім алуға бет алғанымен, кейбір бауырларымыз өзге діннің арбауында кетті. Ол бауырларымызды да жөн-жосықсыз кінәлау орынсыз деп санаймын. Өйткені, адам баласы адасамын деп адаспайды, білместікпен бұл қадамға барып қояды.

Білімсіз жасалған құлшылық – тамырсыз талмен тең. Тамыры терең болмаған талды жел шайқап, оңай құлатады. Сол секілді, дінді біліммен танымаудың түбі – қасірет. Білімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғады. Ал Алла тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят). «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» – деп дана Абай айтқандай, бізге бірігіп ел игілігі үшін бір атаның баласындай әрекет ету керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ұлтқа, тілге, дінге, т.б. бөлінуді дініміз құптамайды. 

Адам баласы дінге жүрек қалауымен келеді. Дін – нәзік мәселе.

Біздің жұмысымыз құдды археологтардың қызметіне ұқсас. Бұл саланың мамандары жерді белден қазып, қопарып, жұмысты жапырып жіберейін десе, жер астындағы жақұттар мен тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алады. Сондықтан олар ұзақ уақыт бойы топырақты сыпырғымен сыпырып, сабырлықпен жәдігерлерді жинап, жерден ажыратып алады. Бұл – тағаттылық пен шыдамдылықты қажет ететін іс. Дін насихаты да солай. Асыра сілтеп, асығыстық жасауға болмайды. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте», – деген сөз бар.


Ұр да жық мінез дін қызметкеріне тән емес. Егер біз жамағатты біріктірудің, мүфтияттың төңірегіне топтастырудың орнына, керісінше, оларды «сен ондайсың, сен мұндайсың» деп жікке бөлетін болсақ, онда бұл ісіміз ізгі мақсаттарымызға кедергі келтірмек.

– Демек, діни ағамдардың ықпалында жүрген жастарға көркем насихат айту арқылы оларды райынан қайтаруға болады ғой?

 Ниет етіп кіріскен іс жемісті болады деп ойлаймын. Бір-бірімізді болмашы дүниелік мақсаттар үшін күндемей, ел игілігі үшін бірігіп тірлік етудің күні туды. Іштен ірісек ісіміз алға баспайды. Осындай алмағайып заманда бүлікке емес, бірлікке ұмтылғанымыз абзал.

 Жат ағымдардың шылауында кетпес үшін не істеу керек?

Әрине, білім алу керек.

«Дегенмен «мен мұсылман» іс бітпейді,

Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді…» – деген Міржақып Дулатұлы бабамыз. Білімді алудың құралы көп. Мысалы, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысу, кітап, газет-журнал оқу, уағыз-насихат тыңдау, т.б.

Бас мүфти қызметіне кіріскелі мешіт жамағаты мен жалпы халық арасында насихат жұмыстарын күшейтуге тапсырма бердім. Себебі, біз діни ағарту мен түсіндіру жұмыстарын жандандырмайынша, діттеген мақсатымызға жете алмаймыз.

Басы ашық нәрсе: діни басқарма – жазалаушы орган емес. Біздің көздегеніміз – көркем насихат арқылы бұрыс түсінікте жүргендердің жүрегін жібіту, қатесін кешіріп, даналық жолмен қазақ жерінде дәстүрге айналған Ханафи мәзһабын ұстануға шақыру. Себебі, Алла Тағала Қасиетті Құранда дінді көркем түрде даналықпен жеткізуді бұйырған. Аятқа амал еткен дін ғұламалары көркем түрде пікір таластырған. Міне, дініміз даналық жолын ұстануға үндейді.

Жалған сөз жарға жығар

 Мүфти хазрет! Көркем түрде пікір таластыру қажеттігін айтып қалдыңыз. Сізден сұрайын дегенім: осы кейде интернет басылымдарда мүфтият туралы, оның жұмысы жайлы сын атын жамылып, өсек-аяңдар да айтылып қалатынын білеміз. Осы имандылыққа жата ма?

– Иә, бүгінгі таңда кім көрінген өз бетінше сайт ашып, ғайбат, өтірік жала жабуға жол бере бастағаны рас. Пайдасы бар ма, жоқ па, оның парқына барып жатқандары шамалы. Қаптаған сайттардың кейбірінің жеке тұлғаға, отбасына, мемлекетке, тіпті әлемге де кері әсері тиіп жатады. Теріс пиғылды сайттар біздің елде де бар. Егер сол сайттар бүгінгі жаһандану заманында жастардың көбі ғаламторды пайдаланатынын ескеріп, оларды жақсы жаққа тәрбиелеп жатса, қандай ғанибет болар еді?! Елдің бірлігін, тыныштығын сақтап қалу жолында күрессе сауапты іс емес пе!? Өкінішке қарай, біреудің артынан сөз айтып, кемшілігін қазбалап, айыбын ашып, ел көзінше жариялап жатса, мұндай сайттардың барынан жоғы… Біреуді нақақтан-нақақ қаралау шариғат тұрғысынан үлкен күнә. «Адам білмеген нәрсесіне дұшпан» деп орынды айтылған сөз бар. Олай болса, бір нәрсені айтарда оның да Алла алдында сұрауы бар екенін ойланған дұрыс. Біреуді жақсы танып, білмей жатып, сыртынан ғайбат айтуға әуестенудің жөні де, пайдасы да жоқ. Діни басқарама еліміздің бірлігіне, тыныштығына, адамдардың имандылыққа бет бұруына жұмыс істеп отырған бірден бір діни мекеме. Ондағы әрбір қызметкер Алла алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді. Істелген істің сұрауы болатынын да жақсы білетіні айдан анық. Сондықтан діни басқармаға өтірік жала жабу, тасада тұрып тас ату имандылыққа жатпайды. Егер шынымен де дінімізге, елімізге жаны ашыған жан болса, кісі артынан өсек айтып, оны орға жыққанша, керісінше, елге пайдалы игі істер істегені жөн. Игі іс істеу қолынан келмесе, Алладан дұға етіп, басқалардың дұрыс бағытта қызмет етуін сұрағаны сауапты іс дер едік.

Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен, оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс ‒ жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа (өкіл) етіп таңдаған Алла тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмашылықты, адами жақсы қатынастарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін Құранда:

«Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін өлген күйде жегенді ұната ма? Әне, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар…» («Хұжұрат» сүресі, 12-аят) деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін бір-ақ аятта баян еткен. Иә, адамның өз бауырының етін жеуі мүмкін емес.

Исламда тілмен жамандау харам етілгендей, жүрекпен де жаман ойлауға тыйым салынған. Құранда Алла тағала:

«Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә» деп бізге жалпы жаман ойламауға бұйырады. Өйткені, жаман ой тек жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді. Алла тағала «Тіміскілеп сыр іздемеңдер» («Хұжұрат» сүресі, 12) деу арқылы басқа мұсылмандардың қателері мен күнәларын іздеуге құлшыныс танытпауға шақырады. Адамға келген жаман ой жүректегі сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады.

Дін мен дәстүрді үйлестірейік

– Қоғамда діни киім кию мәдениетіне қатысты алаңдаушылық бар. Солардың бірі – хиджаб…

 Ойыңызды түсіндім. Барлық әйел баласы ұятты саналған әуретті жерлерін киімімен жауып, бөгде ер кісілерге көрсетпей жүрудің шариғаттағы үкімі – парыз. Құранның «Нұр» сүресіндегі 31-аятта: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың (беті, қол-аяқтары) өздігінен көрінгендері басқа. Және орамалдарын омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін…», — делінген. Осы аяттағы«бихумуриһиннә ғалә жуйуубиһиннә» деген сөздің мағынасы мынадай: «орамалдарын көкіректерінің үстіне түсірсін». Бұл аятта «хиджаб» деген сөз жоқ. Сондықтан «хиджаб» демей-ақ, өзіміздің сөзімізбен, бай тілдік қорымыздағы атаулармен айтып үйренгеніміз жөн. Әйелдердің басын орамалмен жауып, әурет жерлерін бөгде адамдардан жасырып, ұзын киім киюі – Алла тағаланың бұйрығы.

Қазақ жерінің әр өңіріне тән қыздардың сәукелесі мен әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне де байланысты кимешек үлгілері тігілген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдерін ескере отырып, заман талабына сай әр түрлі ұлттық орамалдардың үлгілерін тігіп киюге болады. Оған шариғатымыз рұқсат етеді.

Қазақ халқының қыз-келіншектерге арналған бүкіл киімдерінің бәріне ортақ бір ерекшелігі бар. Ол адамның дене бітімін қымтап жауып тұратындығында. Бұл жағынан алғанда, қазақ киімдерінің көпшілігі қасиетті дініміздің талаптарына сай келеді деуге толық негіз бар. Қолымыздағы деректер дәл осындай қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Тамыры тереңде жатқан ұлттық сән өнерімізде сәукеленің шариғатқа толық сай келетін түрлері көп. Кимешектің де сан түрі тігіліп, әсем ою-өрнектермен безендіріліп киілген. Мәселен, сәукеле, бөрік, кимешек, қарқара, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, шылауыш, т.б. бас киімдерді атауға болады. Бұлардың өзі бүрмелі кимешек, орама кимешек, бұрама жаулық деген секілді түрлерге жіктелген. Оны дәлелдейтін этнографиялық дүниелер өте көп. Ата бабаларымыз осы талапты орындау үшін өз мәдениетіне, әдет-ғұрпына, діліне сай етіп әлгінде айтылғандай небір әсем киім үлгілерін жасап шығарған. Олардың шариғат қағидаларына қайшы келмеуін басты назарда ұстаған. Демек, қазақ ғұрпында әйел кісі бас киімсіз, жалаңбас жүрмеген.

Осы тұста басын ашып кететін бір мәселе, қап-қара түсті матадан тігілген және тек көзді ғана ашық қалдыратын пәренже кию шариғатымызда парыз емес. Қандай түсті қаласа да, қандай сән үлгісін таңдаса да, киіміне нендей нақыштар мен ою-өрнектер саламын десе де, мұсылман қыз-келіншектердің өз еркінде. Тек шариғат талаптарынан шалыс кетпесе болғаны. Құранда парыз етілген киім үлгісі «қара, жасыл түсті болсын», деген секілді нақты әрі қатаң форма көрсетілмеген.

«Түсік» түсімізге де кірмейтін…

– Жастар мәселесін қозғағанда, қаракөз қарындастарымыздың қолдан түсік жасатуы жанымызға батады…

– Иә, ол бәріміздің жүрегімізді ауыртады. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Аруларымыз некесіз бала көтеріп қалумен қатар, құрсағындағы сәбиді қысылмай, қымтырылмай алып тастауда. Өкініштісі, бір күндік қызық үшін бүкіл ғұмырын қор қылып, күнәға баратындар баршылық. Мұндай ұлт трагедиясынан қалай айығуға болады? Бұл тұста ұлттық тәрбиенің рөлі зор.

Біз бүгінде жасанды түсіктен арылудың ғана емес, оған апармаудың да жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ол үшін, ең алдымен жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз. Жасанды түсік жасатқаннан бұрын некесіз… қатынасқа барудың өзі – ауыр күнә. Елімізде жылына 400 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, 200 мыңнан астам түсік жасатылады деген дерек бар. Тіпті 12 жастағы мектеп оқушысының да бойына бітіп қалған сәбиді алдырып тастағанын естіп, жүрегіміз ауырған.

Түсік жасату – адам өлтіргенмен пара-пар. Қасиетті Құранда «Біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда…» деген аяттар бар. Расында да, бүгінде бүкіл әлем «жасанды түсік» дейтін үлкен қасіреттен құтыла алмай отыр.

Ананың өмірін сақтап қалу үшін жасалатын түсіктің орны бөлек.

Иманына берік болған бабаларымыздың кезінде қазақ даласында «түсік» деген түсінік болмағанына тарих куә. Тіпті, түсік жасату түсімізге де кірмеген еді…

Әйел – Алланың аманаты

– Дұрыс айтасыз. Онсыз да ат төбеліндей-ақ аз қазақпыз. Жұбы жараспай, ажырасып кететіндер де аз емес. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Асылында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбеттеріне: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттердің алдында мақтаныш етемін», – деген емес пе?


– Дұрыс айтасыз. Ислам ешқашан адам тағдырымен ойнауды құптамайды. Содан болар, бұрындары қазақ келіндерінің санасында көрпе-төсегін жинап төркініне кету дейтін ой мүлдем болмайтын. Босаға аттаған күннен бастап өмірінің соңына дейін сол шаңырақтың түтінін түтетіп, отын өшірмейтін. «Отан – отбасынан басталады» демей ме қазақ. Ал сол отбасының діңгегі – дін мен діл, ұлттық өре мен рух. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі қазақ отбасыларында ондай қасиеттер азайып барады. Дініміз ажырасуға рұқсат берген. Алайда бұл – Алла тағалаға ең ұнамайтын шешім екенін ұмытпаған дұрыс. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде мейлінше әйеліңмен тату болуға шақырып: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар (ұмытпаңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», — дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», — деп («Ниса» сүресі, 34-аят) құлдарына асығыстық жасамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескертеді. Сондықтан Алла тағала пенделеріне бас салып талаққа жүгінбей, алдын алу жолдарын көрсетті.

Баяғыда аналарымыз өзінің үкілеген қызын «ертең сен бір әулеттің келіні боласың» деп тәрбиелейтін еді ғой. «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» дей отырып, болашақ өмірдің сабақтарын құлағына құятын. Қызға қырық үйден тыйым салатын. Ал қазіргі біздің үлкен қателігіміз – қыз бала тәрбиесін қолдан жіберіп алғанымыз болса керек. Міне, сол тәрбиеге көңіл бөлмеушіліктің соңы ұрыс-керіс, жанжалға, тіпті ажырасуға алып барады.

Ислам ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін толықтай көрсетіп берген. Тек соны орындай білу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», — деген. Әйел – анамыз. Өз анамызды қалай құрметтесек, жұбайымызға да солай қарауымыз қажет. Алла Елшісі: «Жәннат аналардың аяғының астында», — деген. Әйел мен бала-шаға – ер кісіге берілген Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасасақ, Жаратушы алдында ақырет күні қалай жауап бермекпіз?

– Әңгіме отбасыдан шығып кетті. Осы орайда сізге қояйын деген тағы бір сауал: қаракөз қарындастарымыздың шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына қалай қарайсыз? Дініміз бұған не дейді?

 Болмашы дүниелер үшін ажырасудың зардаптарын айтып жатырмыз. Өкініштісі, салт-дәстүрі, таным-түсінігі, діні мен ділі бір бола тұра қазақ жастарының жұбы жараспай, талақ беріп жататынын сөзімізде айттық. Бір жатырдан шықса да, бірақ кең дүниеге сыймай, араздасып жүрген жандар жоқ емес. Енді өзіңіз ойланып көріңіз, тілі, ділі, діні, мәдениеті, түсінігі бір-біріне ұқсамайтын адамдар қалайша тіл табыспақ? Кейбір қазақ қыздарының шетелдік азаматпен тұрмыс құрып, тіпті мұның соңы өлім-жітімге әкеп соғып жатқанын көріп жүрміз. Шариғатымыз мұсылман қыз баланың мұсылманға ғана тұрмысқа шығуын бұйырған. Дегенмен шетелдіктермен отау құру, әсіресе, қыздың ата-анасына ауыр тиеді. Сондықтан ата-ана ретінде қыздарымыздың шетел асуын қолдамаймын.

Ислам мұсылман қыз балалардың өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуына қарсы. Әрине, бұл мәселеде Алланың даналығы шексіз. Өйткені, асыл дінімізде отбасының, оның ішінде бала тәрбиесінің маңызы зор. Барлық бала мұсылман болып туылады. Бірақ өскен ортасы, ата-анасы оның Аллаға деген сенімі мен тәрбиесіне тікелей әсер етеді…

Қажылықты саяхатқа айналдырмайық

– Жуырда қажылық мәселесі бойынша Сауд Арабиясында болып қайттыңыз. Онда қажылыққа қатысты қандай мәселелер сөз болды. Таратып айтып берсеңіз. 

– Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық министрі Бандар бин Мұхаммед Хажардың шақыруымен ҚМДБ делегациясы Мекке қаласында болды. Қажылық министрлігінің өкілі Хатим бин Хасан Қадидың қабылдауында болдым. Кездесуде былтырғы қажылықты қорытындылап, алдағы қажылықты ұйымдастыру мәселелерін талқыладық.
Түркия, Еуропа, Аустралия, Америка қажыларын тасымалдау департаментінің директоры Тариқ Бен Мұхаммед Абдулла Анкави мырзамен кездестім. Кездесу барысында мына мәселелерді қозғап, нақты ұсыныстар білдірдім:
1. Қазақстан қажылары бір мактапқа тіркелсе;
2. Мина, Муздалифа және Арафатта Қазақстан қажылары бір жерге шоғырландырылса;
3. Мина жазығында Қазақстан қажыларына берілген шатырлар Мина жазығы шекарасының ішінен бөлінсе;
4. Жидда әуежайында Қазақстан қажылық миссиясына қазақстандық қажыларды қабылдау үшін арнайы орын бөлінсе;
5. Муздалифада Қазақстан қажыларына негізгі жол жиегінен орын берілсе;
6. Қазақстан қажылары тіркелген мактапқа өз бетімен жеке-дара барған қажылар тіркелмесе.
Өйткені, бұған дейін фирмалардың бірнеше секторларға шашыраңқы орналасуынан оларға күнделікті бақылау жасау да, дәрігерлік көмек көрсету де біршама қиындық туғызып келген еді. Бұған салалық департамент басшысы түсіністік танытып, өтінішті алдағы кезде ескеруге сөз берді.

– Сонымен биыл қанша отандасымыз қажылық парызын өтей алады?

– Саудияның Қажылық министрлігі 2013 жылға Қазақстан үшін 5500 квота бөле отырып, оны тиімді пайдалануға және көрсетілген санды ойдағыдай орындауға тілектестік білдірді. Сондай-ақ, биылғы жылы да Қазақстан қажылық миссиясы бүкіл іс-шараны өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырады деп сенім артты. Біз бұл сенімді ақтауға дайынбыз.
 Құдайға шүкір, елімізде жыл сайын қажылық парызын өтеушілер саны көбейіп келеді. Алайда арамызда «мен қажылыққа 10-15 рет барып келген адаммын» деп мақтангершілікке ұрынатындар да бар. Осы дұрыс па?


– Қажылықты шамасы келетін әрбір мұсылман адамның орындауы міндет. Ал енді ұлы сапарға мақтаныш үшін жыл сайын қайта-қайта барудың қажеттілігі жоқ. Қажылық ғұмырда бір рет орындалуы парыз. Өзгесі – нәпіл. Қаржысы бар бауырларымыздың мұқтаж жандарға садақа етіп үлестіруі өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ. Сондай-ақ жақындарының, көршілерінің не туысқандарының арасында қаражатқа аса зәру жандарға көмек қолын созу – жыл сайын қажылыққа, умраға барудан абзалырақ. Атам қазақ: «Біреу тоңып, біреу тойып секіреді», — дейді. Қоғамда көмекке мұқтаж жандар аз емес. Сол қаражат, бәлкім өмірі қыл үстінде тұрған сырқаттың дертіне ем, жылдап баспанаға қолы жетпей жүрген көп балалы отбасының және т.б. адамдардың әлеуметтік мәселелерін  шешуге себепкер болуы мүмкін. Өз еліндегі мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мойнындағы міндетін өтемей, нәпіл құлшылықпен айналысу шариғатқа сай келмейтін амал.

Қажылық – ұлық сапар. Бұл жолда табандылық пен төзімділік қажет. Ол өзегелер ойлайтындай, қасиетті жерді аралап, саяхат жасап қайту емес. Қасиетті жерден оралғаннан кейін «мен қажымын» деп мақтан етуі дұрыс емес. Әрі-беріден соң кімнің қажылығы қабыл болғанын тек бір Алла ғана біледі.

– Сізбен келісемін. Бірде бір имамнан «қажылығы қабыл болған адам анасынан жаңа туылған сәбидей, күнәсынан тазарып келеді» дегенді естіп қалғанымыз бар. Менің байқағаным, кейбір адамдар қажылыққа барып келсе де, бұрынғы әдетіне салып, шариғатқа томпақ келетін іс-әрекеттерге бой алдырады. Адамның жан-дүниесін өзгертуде қажылықтың рөлі қандай?


– Қажылық – Ислам дініндегі ең маңызды құлшылықтың бірі. Мұсылмандар арасындағы имани бауырмашылдықты нығайтып, бәрі де бір дене тәрізді екендігін үйретеді. Қажылықтың әртүрлі рәсімдерін орындау барысында бір-бірін танымайтын мұсылмандар етене араласып, қарым-қатынастары артады. Рухани күш жинап, ішкі жан дүниесі ізгілікке толып келеді. Ендігі өмірін жаңадан бастауға бел буып, салихалы өмірге қадам басады. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім қажылықта арсыздық пен жамандыққа бой алдырмаса, (еліне) анасынан жаңадан туылғандай болып оралады» деген хадисін басшылыққа алады. Қажылықта зор ықыласы мен тәубесі, талмай жасаған дұғасы арқылы барлық күнәсі кешіріліп, өмірін таза парақпен бастаған адам оны қайта кірлетіп алмауға тырысып, шариғатқа томпақ келетін әрекетке әсте бармайды.

Ал енді қоғамда сіз айтқан сипаттағы бауырларымыз кездесіп жатса, бұл олардың иманның дәмін сезінбей жатқандығынан. Егер олардың түзелуін қаласақ, Аллаға дұға етейік. Біздің жанашырлығымыз сол болсын. Әйтпесе, адамның кемшілігін іздеу оңай, ал түзету қиын. Ең бастысы, алдымен өзімізді жөнге салайық. Көркем мінезді қалыптастыруды өзгеден емес, өзімізден бастағанымыз абзал. Дана Абай атамыз өлең-жырында:

«Бойдағы мінді санасам,

Тау-тасынан кем емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес», – дейді емес пе?

Мүфтият мемлекеттік тілдің жанашыры

 Мүфтиятта іс-қағаздар тек мемлекеттік тілде жүргізіледі дегенді естігенбіз. Тіпті, діни басқармаға шетелден келетін ресми хаттар да қазақ тілінде жазылады екен.

– Ол рас. Мүфтият тек дін емес, мемлекеттік тілдің жанашырына айналған діни мекеме. Себебі, осыған дейін барлық іс-қағаздар ана тілімізде жүргізілген, жүргізіле де бермек. Осы елдің азаматы, тіліміздің, дініміздің жанашыр тұлғасы ретінде қызмет барысында мемлекеттік тілге басымдық беремін.

Осылайша, өзгелерге талап қоя білуіміз керек. Әйтпесе, бізге керек емес тіл кімге керек дейсіз?! Алдымен ана тілімізді өзіміз құрметтеп, одан кейін өзгелерді осыған үйреткеніміз абзал.

Тіліміздің көсегесін көгерту өз қолымызда. Тек шынайы ықылас пен ниет болса болғаны.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

muftyat.kz

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу