Бәйдібек ауданы: Жәрдем жәннатқа жетелейді

ЖӘРДЕМ ЖӘННАТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Отбасын құрған соң, ата-ананың басты арманы – балалы-шағалы болуын, Алладан жақсы ұрпақ беруін тілейді емес пе?! Алла тағала сүйікті жарым Бақыткүл екеуміздің дұға-тілегімізді қабыл етіп, бізге 3 ұл, 4 қыз берді. Құдайға сансыз шүкір, ұл-қыздарымыз аман-есен өсіп келеді.
Бізге жіберілген Алланың сынағы шығар, 14 жасар қызым Нүрила оң жаққа қарай ақсаңдап жүретін. Облыстық балалар ауруханасына апарып көрсеткенімде аурухананың бас дәрігері Ә. Маймақов және ортопед-травматологы Б. Нұсқабаев қызыма «Оң жамбасының туабітті таюы» деген диагноз қойып, Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми зерттеу орталығына апарып емдету керек екенін айтып, бізге квота беретіндерін айтты. Ортанқол тіршілік етіп жатқан бізге қызымды Астанаға апарып емдету үшін қаржы керек болды. Сол қиналған шағымызда облыс орталығындағы «А.Қаттани» мешітінің бас имамы Б. Мырзагелдиев пен орынбасары Е. Орынға жолығып, жағдайымды айтып едім, олар қаржылай көмектесетінін білдірді. Сөйтіп, барып-қайтуымызға жеткілікті қаражатын берді.
Содан Астанаға да табан тіреп, «Ана мен бала» орталығында қызым Нүрилаға 7 сағат бойы күрделі ота жасады. Бірінші Алланың, одан кейін білікті мамандардың арқасында ота сәтті аяқталды. Айтайын дегенім, мұндағы тазалық, қызметкерлерінің ілтипаты, науқастармен қарым-қатынасы көңілімнен шықты. Олар біздердің көңілімізді көтеріп, өмірге деген құлшынысымызды арттырды. Арасында маған да қызымның аяққа тұрып кететінін айтып, жұбатып қояды. Мұның өзі жанымызға дем береді. Науқастарға мейірімді болу, шамасы келсе өзге­­лерге жақсылық жасауға ұмтылу, үлкенді сыйлау мен кішіге өнеге, қамқорлық көрсету өте ертеден келе жатқан, ұлтымызды ұшпаққа шығаратын қасиеттер ғой. Әсіресе, ортопедия бөлімінің меңгерушісі Болат Нағмановқа, көмекшісі Ардақ Нұрмахановқа ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, қиналған шақта қол ұшын созған Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелидиевке және оның ұжымына осы газет арқылы үлкен алғысымды білдіргім келеді. Әрқашан ел сенімін ақтап, қошеметке бөлене беріңіздер! Біз секілді қарапайым мұсылмандарға жасаған жәрдемдеріңіз сіздерді жәннатқа жетелей берсін!

А. ДОСБОЛАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Бәйдібек ауданы,
Ақбастау ауылы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу