Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: Дін – дәстүріміздің қорғаны

ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти


– Дін мемлекеттен бөлек дегенді қалай түсіндірер едіңіз? Саясатқа діннің араласпауы мүмкін бе?
– Бисмилләһир рахманир-рахиим! Бүкіл мадақ ғаламдардың жалғыз иесі Аллаға тән. Барша жа­ра­тылыстардың ең қайырлысы Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның әулетіне, сахабаларына және Қиямет күніне дейін оның ізімен жүргендерге Алла­ның игілігі мен сәлемі болсын!


Кез келген мемлекет басшысы елде тыныштық орнағанын қалайды. Мемлекеттік саясат та осыған бағыт­талады. Менің ойымша, дін мемлекеттен бөлек дегеніміз – мемлекет дін ісіне, дін мемлекет ісіне араласпайды. Осы тұрғыдан алғанда дін мемлекеттен бөлек.

Алайда, жалпы айтқанда, дін мемлекеттен бөлек емес. Неге? Өйткені, мемлекетті құрайтын – қоғам. Ал, дінсіз қоғам болмайтыны айтпаса да түсінікті. Анығында, дін саясаттан бөлек. Осыны түсініп, аражігін ажыратып алайық. Дін саясатқа араласпауы тиіс. Алланың ақиқат дінін жеке мақсаттар үшін саяси құрал ретінде пайдалану дұрыс емес.

– Ұлттық идеологияны кү­шейту, қазақы салт-дәстүрді ұмытпай, ұрпаққа сіңіру мә­се­лесінде Ислам дінінің көмегі қандай?
– Ислам дінінің Қазақстанға келгеніне 1250 жылдан асты. Өз табиғаты мен болмысына барынша жақын асыл дінді танып-білген бабаларымыз оны сонау VIII ғасырда-ақ қабылдаған. Содан бері Ислам жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді. Ел басына күн туып, ұлттың сақталып қалуын таразылар шақ туғанда да ата дініміз көңілге медеу, күш-қуат болды, солай болып та келеді.

Кешегі Алаш арыстары мен ұлт жанашырлары бір ғана мақсатты мұрат тұтты. Ол – ұлт қамы, оның болашағы еді. Осы жолда жанпида болды.

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, йлайтындай мен емес бір күнгісін. ұрт ұқпаса, ұқпасын,  жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», –  демеп пе еді Ахмет Байтұрсынұлы атамыз. Халықтың болашағын ойлаған тұлғаларымыздың бойындағы өр-мінез, мұқалмас жігер, елге адал қызмет ету секілді асыл қасиеттер қайдан пайда болды дейсіз? Неге ұлт үшін түрмеге қамалып, дарға асылды? Халық үшін жанын құрбан етуге дейін итермелеген ол қандай күш еді? Кеңестің өктем саясатын сылтауратып, бас аман­дығын көздесе болар еді ғой. Жоқ. Олар бұл жолды таңдамады. Ис­ламды ұстанған тұлғаларымыздың Алланың аманатына қиянат жасауы әсте мүмкін емес еді. Өйткені, Ислам –  әр адамның ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіндіріп қана қоймай, ха­лықты ізгілікке шақыруға бұйырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әркім өз қарамағындағыларға жауапты», – дейді. Осындай ұлы жауапкершілікті сезінген Құнанбай бабамыз сұлтан болған кезінде шариғатқа қай­шы келетін әрекеттерді қатты сынау­мен қатар, жаза қолданғаны ешкімге жаңалық емес. Кісілік кейпін сақтап, имандылықты ұстанды. Медресе ашып, мешіт те салдырды. Қажылығын да өтеді. Осындай тұлғадан данышпан Абай тарады… Ол да өмірдің мәнін Исламнан іздеді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме ғой.

Өткен жолы Мағжан Жұмабаев ата­мыздың жайнамазы табылып, оны жаңалықтардан беріп жатты. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Исламмен тәрбиеленген тұлғаларымыз ұлттық идеологияны да жүргізді, қазақы салт-дәстүрді де асыл дінімізбен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрді.

– Демек, салт-дәстүрді жаң­ғыртуда, жамандықтан аулақ болуда Ислам дінінің рөлі үл­кен дейсіз ғой?
– Әрине, дұрыс айтасыз. «Құдай­дан қорықпағаннан қорық», – дейді халқымыз. Иманнан, Исламнан ал­шақтаудың ақыр-аяғы нендей өкі­нішті жағдайлдарға әкеп жатқанын бәрі­міз көріп жүрміз. Мемлекеттің мүлкін ұрлау, жемқорлыққа жол беру, ұлттық салт-дәстүрімізді менсінбеу, өз ана тілін білмеу, тағысын тағылар – иманның әлсіздігінен. Ал, Ислам дәстүрді, тілді қастерлеуге шақырады. Бұрын орысша тәрбиеленген, қазақ тілінен мақұрым қалған қазақ бауырларымыздың иман жолына түсіп, қазақша үйреніп жат­қа­нының куәсіміз. Ондай адамдар­ды көптеп мысал етуге болады. Бізге олар­дың: «Намаз оқып, орысша дұға жасағанымыз ұят екен. Қазақша уағыз тыңдап, өзіміздің ана тілімізді үйреніп жатырмыз», – дегені көңілге медеу болды. Көрдіңіз бе, дінімізде жақсы ниет етудің орны ерекше.

Айта кететін тағы бір жайт, еліміздегі барлық мешіттерде уағыз-насихат қазақша айтылады. Діни басқармадан шығатын кітаптардың дені қазақша. Мүфтияттағы ісқағаздар тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Тіпті, орыс басылымдарының тілшілері сауалдарын қазақша жолдайды. Бас мүфти лауазымына сайланғалы бері бірнеше рет шетелдік қонақтарды қабылдадым. Кездесулерде қазақша сөйлеймін. Тілге құрмет көрсетуді өзімізден бастайық. Ол үшін тек ниет болса жеткілікті.

Діни басқарма тек дін емес, мемлекеттік тілдің жанашырына айналған діни мекеме. Осы елдің азаматы, діні­міз­дің, тіліміздің жанашыры ретінде қызмет барысында мемлекеттік тілге басымдық беремін. Өйткені, дініміз осыған үйретеді.

Біз Исламның салт-дәстүрді сақтап қалудағы күші мен құндылықтарын ескермей жүрміз. Діннен безген адам дәстүрді де тәрк етеді. Ар-намыс дей­тін үлкен ұғымды аяқасты етеді. Демек,
дін – дәстүрі­міздің қорғаны.

– Дін мен дәстүр деп қал­дыңыз, алайда, осы қа­сиетті ұғым­дарды бір-біріне қай­шы қоя­тындар бар. Бұған не уәж айтасыз?
– Бұл түсін­беушіліктен туған әрекет деп ойлай­мын. Сізге бір ға­на мысал келті­рейін. Исламның дәстүрімізге сіңіп кеткені сонша, көп­теген мақал-мәтелдер Пайғамба­ры­мыздың (с.ғ.с.) хадисінен алынған. Мы­салы: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап», – деген хадис бар. Халқымыз осы өсиетті нақылға айналдырып: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла», – деген. Хадис­те: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан», – делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі», – деген нақыл кең тараған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кеңес қылған ел азбас», – деп өсиет етсе, осы хадисті халқымыз да өмірінің өзе­гіне айналдырып, бертін келе ма­қал ретінде айтылып, тіпті, қа­сына ұй­қасын келтіріп былай деген: «Ке­ңес қыл­ған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас». Мұндай мысалдар жетерлік.

Егер сіз айтып отырған, яғни, дін мен дәстүрді қайшы қоятындар кездесіп жатса, бұл олардың даналық, орта жолды ұстанбауынан деп білеміз. Ислам дінінің дәстүрге құрмет көрсететінінің дәлелі: Ислам ғұла­малары пәтуа шығару кезінде жергілікті дәстүрге де сүйенеді.

– Осыдан біраз бұрын қа­былданған жаңа заң жобасы елдегі дін істеріне қатысты бүкіл мәселелерді қамти алды деп ойлайсыз ба?
– Біз бір нәрсені түсініп алғанымыз абзал: адамның қолымен жазылған заң кемшіліксіз болмайды. Алланың сөзі – Құранда ғана кемшілік жоқ. Кемшілік – пендеге, кемелдік – Аллаға тән. Сондықтан, бүгінгі қабылдан­ған заң ертең, яғни, қажеттілік пайда бол­ған күні өзгеруі мүмкін. Абай атамыз: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер», – демей ме? Бұл өмірде бәрі өткінші. Осыны ұмытпайық.

Сіз сұрап отырған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның пайдасы: біріншіден, бұдан былай кез келген дін немесе діни ағым өкілі көшеде, қоғамдық орталарда өз кітаптарын тарата алмайды. Кейбір секта өкілдері көше кезіп, емін-еркін уағыз жүргізетін, кітап тарататын. Заң қабыл­данғаннан кейін ондай әрекет­терге ты­йым салынды.

Екіншіден, Жарғысында діни бірлес­тік болып тіркелмеген кез келген ұйым дін насихатымен айналыса алмайды.
– Мемлекеттік қызметкердің қызмет орнында намаз оқуына заңмен тыйым салынды. Бұған жеке көзқарасыңыз қандай?
– Иә, мемлекеттік мекемелерде намазхана ашып, құлшылық және діни жоралғыларды орындауға заң жол бермейтіні көрсетілген.

Адам баласы Исламға жүрек қа­лауымен келеді. Демек, иман, сенім жүрекпен байланысты. Қабылданған осы заң мұсылмандардың иманын еле­гіштен өткізіп, шариғатқа берік адам­дарды сұрыптап жатқандай әсер қалдырады. Мұсылман үшін әр істе қайыр бар. Өзін-өзі рухани дамыт­пай, намазға немқұрайлы қарап жүр­гендер заңды сылтауратса, керісінше, мұ­сыл­маншылыққа мығым адамдар ебін та­уып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, Алласына құлшылық етуде. Кешегі Кеңес заманында Алласын ұмыт­паған халық енді тура жолдан тай­қып, дінсіз өмір сүреді деу әбестік болады.

Сенім жүрекпен байланысты дегеннен шығады, бірде Дінмұхаммед Қонаев атамыз Иранға сапарлап барады. Ирандықтар: «Сіз мұсылмансыз ба? Ендеше, намаз оқисыз ба? Үлкен жиналыстарда намаз уақыты келгенде, оны қалай өтейсіз?» – деп сұраған екен. Сонда елді қырық жыл басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы бабамыз: «Он­дай жиналыстарда намазды отырып (ишарамен) оқимын», – деп жауап беріпті. Атамыздың өмірін жіті зерттеп жүрген жазушы ағамыз Ораз Қауға­байдың еңбектерінде осындай дерек бар. Көрдіңіз бе? Шынайы ниеті бар адам намазды амалын тауып оқиды.
Бір нәрсені ескерейік, халықтың қажеттілігіне, сұранысына орай заң талаптары да өміршеңдігінен айырылып, уақыт өте келе өзгере береді. Сондықтан, мен мұны өтпелі кезеңнің өткінші сынағы деп есептеймін.

– Діни басқарманың құзы­реттілігін кеңейту керек деп есептейсіз бе?
– Аллаға шүкір, біз бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Мешітке баруға, намаз оқуға, ораза ұс­тауға ешқандай кедергі жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев игі де ізгі шаралардың бас­тамашысына ай­на­лып, сауапты істерге үлес қосу­да. Мем­лекет бас­шы­сының тіке­лей қолдауымен елі­мізде көптеген ең­селі, зәулім ме­шіт­тер бой кө­тер­ді. Пре­зидентіміз діні­міздің жа­на­шыры.

Ел халқының 70 пайызы Ислам дінін ұстанаты­нын ескерсек, ді­ни бас­қарманың құзы­ретін өзге діни бірлестіктермен бір көрмей, мүмкіндік бері­ліп, құзыреті жо­ғарыласа, күрмеуі қиын мәселелер шешіліп, қоғамның рухани санасы кемелдене түсер еді.

– Жақында жаңа сайланған Рим папасы өзі шіркеу рәсімін жасап түрмедегі адамдардың аяғын жуды. Бұны біреулер өзіне жасаған пиар ретінде қа­былдады. Кейбіреулер мұны «папа осы әрекеті арқылы дін­нің кең екенін, кешірім мен ме­йірімнің қылмыскерге де, басқа да тән қасиет екенін көр­сеткісі келді» деп жорамалдап жатты. Бірақ, осындай халық­қа жақындау, адамгершілікті ұлық­тау ісінде біздің үлкен дәрежелі хазіреттер қандай үлгілі істер жасап жүр?

– Дін адамы атақ шығаруды мақсат тұтпауы тиіс. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Амал­дар ниетке байланысты. Кім нені ниеттенсе, соны табады, яғни, сол ниетіне қол жеткізеді», – деген. Асыл дініміз – Ислам арзан абыройға ұрынбауға, болмашы мадаққа мәз болмауға үндейді. Өйткені, дінімізде екі дүниеде де бақытқа жету – тек тақуалықпен, Алладан шынайы қорқумен өлшенген. Жаратқан Иеміз біздің сырт-келбетімізге, жұрт ал­дындағы атақ-дәрежемізге қара­май­ды, жүрегімізге, ниетімізге қарай­ды. Танымалдылыққа ұмтылу – басқа-басқа дін адамына жараспайтын әдет деп ойлаймын. Егер бар ниетіміз ісімізді, өзімізді көрсету болса, одан кімге не пайда? Дана халқымызда тауып айтылған әдемі сөз бар емес пе? «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады». Біздің ұстаным, халқымыздың нақыл сөзімен айтқанда, «арық сөйлеп, семіз шығу».

– Тақуалық пен жекеменшік туралы не айтар едіңіз? Ел бәрібір білгісі келеді, Бас мүфтидің жекеменшігінде зәулім сарай, қымбат көлік, шетелдік шоттар бар ма?
– Мен қарапайым мұғалімдер отбасынан шыққан адаммын. Әкем де, анам да – өмір бойы мектепте қызмет еткен жандар. Жеке басыма келсем, қызметтік көлігім бар. Өзім Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Зәулім сарай мен шетелдік шотым жоқ. Қызметке кіріскен сәтте барлық имам-молдаларға «қарапайым болайық» деген үндеу тастадым. Дін қызметкері ең әуелі өзгеге үлгі болуды өзінен бастауы керек.

– Ел арасында «Зекет» қо­рына жиналған қаржы жайлы әртүрлі әңгіме бар.

-Мен ашық жұмыс істеуді қалаймын. Сонда ғана бізге деген елдің сенімі пайда болады. Жуырда «Зекет» қорына жиналған ақшаның жалпы сомасын және ол қайда жұмсалып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпақ жұртқа жарияладық.

– Сіздің ұстанымыңыз қан­дай?

– Менің ұстанымым: әлгінде айт­қандай, қарапайым болу, мұсылман жамағатының басын біріктіру, ел сенімін ақтап, Ислам дінін салт-дәстүрімізбен үйлестіріп, көркем түрде насихаттау.

– Халыққа айтарыңыз болса…

– «…Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек», – деп хакім Абай атамыз айтқандай, имандылық жоқ жерде на­дандық жайлайды.
Бәріміз бір Алланың барын мойындаймыз. Ендеше, Құдайға құл, адамға ұл болу керек. Алланың әмірі де осы ғой: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылу үшін жараттым» (Зарият сүресі, 56-аят).

Еліміздің іргесі берік, бірлігі мығым болғай. Ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген аға-бауырларымыздың жұмысы берекелі болсын деп тілеймін! Халық аман, ел тыныш болсын.
– Уақыт бөліп сұхбат берге­ніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Шолпан ҚАРАЕВА,
«Заң газеті»

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу