Шардара ауданы: Шағбан көптеген жақсылықтардың бастауы

Берекеті мол айлардың бірі — Шағбан. Ол — қасиетті үш айдың бірегейі. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Аллаһ қаласа 10 — шы маусымнан Шағбан айы басталады. Бұл ай — Пайғамбарымыздың (с.а.у) айы. Сол үшін бұл айда Аллаһ Тағаланы мадақтап, Пайғамбарымызға (с.а.у) салауат айтатын ай. Мүмкіндігімізше ықылас сүресін, тәуба истиғфарды, таһажжуд, тасбих намаздарын көп оқып, салауат шәріпті көп айтқанымыз абзал. Шағбан айы өте шарапатты, берекелі. Мүминдерге рахмет, кәпірлерге азап берілетін бір ай. Шағбан айы шарапатты әрі Аллаһ Тағаланың жақсылығына жеткзіп, иләһи нұрға бөлендіретін мұсылмандарға рахмет, кәпірлер үшін азап болған бір ай. Қасиетті шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Айталық, бойымызды түрлі жаманшылықтан тазартып, ниет — ықыласымызды  дұрыстап,  мейлінше пәк жүрекпен  қадам  басу.  Яғни, қызғаныш, көреалмаушылық, қастандық, жеккөрушілік, ашушаңдықтан жүрегімізді тазалап, ғайбат, өсек, сөз тасу, жамандау, кемсіту,  көпшіліктің алдында біреудің айыбын көзге басып ұялту секілді жағымсыз істерден тілімізді қорғау. Айша (р.а) анамыз айтады: «Расулуллаһтың (с.а.у) бірінің артынан бірін ұстаған оразасына қарап, енді ораза ұстауын тоқтатпайды деп ойлайтынбыз. Ал оразаны бірінің артынан бірін ұстамаған кездері, енді Ол оразаны ұстамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ол шағбан айында ораза ұстағанды ұнататын. Мен: «Я, Расулаллаһ, Сенің шағбанда көп ораза ұстайтыныңды байқадым. Осының сыры неде?»-деп сұрадым. Расулуллаһ (с.а.у): «Я, Айша! Бір жыл ішінде қайтыс болатын адамдарыдың есімдері шағбан айында жеке дәптерлерінен өшіріліп, Әзрейілге тапсырылады. Сондықтан оразалы күйімде есімім бір дәптерден өшіріліп, екіншісіне жазылуын қалаймын. Осы себептен шағбан айын жақсы көремін», - деп жауап берді. Өйткені, Әбу Әмәмә әл — Бәһилиден жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у) «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», - деген. Пайғамбарымыз (с.а.у) шағбан айының көбін оразамен өткізетін болған. Айша анамыздан (р.а) жеткен төмендегі бірқатар хадистер осының айғағы: «Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағандығын көрмедім»  «Алланың елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла елшісінің рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай — ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім». Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, үмметтері бізге де осынау мүбарак айда шама — шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.а) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у): «Я, Аллаһтың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін» - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай — Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Аллаһ Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын» - деді. Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Аллаһ Тағаланың пенделеріне деген ризық — несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат — құлшылықты жан — тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай. Сүйікті Алланың елшісі «с.а.у) айлардың ешбірінде шағбан айындағыдай жиі ораза ұстамайтын және былай дейтін: «Шама — шарқыңызға қарай амал жасаңыз. Өйткені сіз жалықпайынша Алла да сізге жалығатын амалды жүктемейді. Алланың құзырында қабыл болатын амал — аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны», — дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Менің айым» деп ерекше ұлықтаған осынау айын біз де қадірлеп ғибадат — құлшылықтарымызды арттырып, Аллаһ Тағаланың ұлық нығметтерін иеленуге қам жасайық. Әсіресе, бұл айда ораза ұстаудың сауабы орасан. Пайғамбарымыздың (с.а.у) сахабасы Ғимраннан (р.а): «Шағбан айында ораза ұстадың ба?» — деп сұрады. Ғимран (р.а): «Жоқ» — деп жауап берді. Сонда Пайғамбарлардың Сұлтаны (с.а.у): «Олай болса екі күн ораза ұста», — деп бұйырды. Бұдан аңғаратынымыз шағбан айында ұсталған бір күндік ораза екі күнге тең. Сонымен қатар ұсталған оразаның қаншалықты сауапты екендігі осынау хадистен айқын да анық аңғарылады. Бірде саңлақ сахабалардың бірі Усама (р.а.) шағбан айында көп ораза ұстауының хикметін білу үшін: «Уа, Алланың елшісі, дәл шағбан айында жиі ораза ұстағаныңыздай басқа айда мұншалықты ораза ұстағаныңызды көрмедім», - деп сұрағанда: «Шағбан — адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын», - деген жауап естіген. Ал, Әнас (р.а): «Алла елшісінен (с.а.у) «Рамазаннан кейін  қандай  ораза маңызды?» — деп  сұрағанда,  ол:  «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза», «Қай садақа абзал?», —  дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», — деп жауап берген. Сондай — ақ, бұл айдың ерекшелігінің бірі — Пайғамбарымызға (с.а.у) көп салауат айту. Себебі, хадисте: «Ережеп — Алланың айы, шағбан — менің айым, рамазан — үмметімнің айы», — деп, ережеп айында кәлиманы, шағбанда салауатты, рамазанда құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді. Шағбан айының тағы бір қасиеті осы айдың орта шеңінде ұлық бір түн бар. Ол — Барағат түні. Барағат мүбарак бір түн. Өйткені ол түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады. Али бин Әбу Талибтен (р.а) риуаят етілген бір хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһ Тағала шағбанның он бесінші түні дүние аспанына түседі. Мыналардан өзгенің бәрінің күнәлары кешіріледі. Кешірімнен тыс қалғандар: мүшрік, мұнафық, туысымен қарым — қатынасын үзген және зинақор әйел». Аллаһ Тағаланың «дүние аспанына түсуі» деген сөзі, Оның рахметі мен берекетінің, қайыр мен нығметінің түсуі. Көк есіктерінің ашылуы, дұғалардың дереу қабыл болуы әрі құлдарына рахым мейірімімен қарауы. Өйткені Аллаһ Тағалаға мекен тағайындау дұрыс емес. Ал Шағбанның қасиеттілігі жайында Әбу Хурайра (р.а.) былай дейді: «Шағбан айының ортасының түнi болғанда жетi қат аспан есiктерi ашылады. Әрбiр есiкте перiштелер тұрады. Олар мұсылмандарға жарылқау тiлейдi. Сол түнi — мұсылмандардың барлығының күнәсi кешiрiледi, тек қана Аллаһқа серiк қосушылардың және үлкен күнәларды тәубеге келместен iстей берушiлердiң күнәлары кешiрiлмейдi» Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак сөздерінде: «Бұл түннің төрттен бірі өткен соң, менің қасыма Жәбрәйіл (а.с) келді де: «Я, Мұхаммед! Басыңды көтер де көкке қара» — деді. Қарасам, Жұмақ есіктері ашылған екен. Бірінші есіктің аузында бір періште: «Дәулет пен бақыт осы түні рукуғ етушілер үшін!» - деп жар салып тұр. Екінші есіктегі періште: «Осы түні сәжде еткендер қандай бақытты!» - деп тұр. Үшінші есіктегі періште: «Осы түні дұға еткендер қандай бақытты!» - деп тұр. Төртінші есіктегі періште: «Бұл түні зікір еткендерге Машааллаһ!», — деп, ал бесінші есіктегі періште: «Бұл түні Аллаһ Тағаладан қорқып жылағандар неткен тамаша!» - деп тұр. Алтыншы есіктегі періште: «Мұсылман болған қандай бақытты, дәулетті!»,  - деп, ал жетінші есіктегі: «Тілеп, жалбарынған кісілер бар ма? Қажет етіп, сұралғандары беріледі!» — деп тұр екен. Ал жұмақтың сегізінші есігіндегі періште: «Осы түні тәубе еткендер бар ма? Олардың да күнәлары кешіріледі!» - деп жар салып тұрғанын көрдім. Жәбрәйілден (а.с): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?» — деп сұрағанымда Жәбрәйіл (а.с): «Таң атқанша дейін» - деді де: «Я, Мұхаммед! Аллаһ Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының қылдарының санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)» - деді.  Мінеки, құрметті жамағат, Барағат кешінің осы іспеттес адам баласына берер пайдасы өте көп. Бұл кештің Ислам тарихында алар орны да орасан. Аллаһ Тағала бұл түні көптеген Пайғамбарларын (а.с) рахметіне бөлеген. Бұл түні — Аллаһ Тағала Нух (а.с) Пайғамбарға топан судан құтылу үшін иман келтірген қауымы мен хайуанаттарын жұп — жұбымен кемеге мінуге бұйырған. Осы түні Аллаһ Тағала Мұсамен (а.с) тілдескен. Сол түні Аллаһ Тағала Зәкәрия (а.с) пайғамбарды Жақия есімді ұлымен сүйіндірген. Бұл түні Құран Кәрімдегі «Әл — Қамар» сүресінің бірінші аятында айтылған аспандағы айдың екіге жарылып бөлінген оқиғасы болып өткен. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у) берілген бұл ұлық мұғжиза осы бәрәғат кешінде болған еді. Осы тәрізді Барағат кешінде жүзеге асқан тарихи оқиғалар жетерлік. Бұл мүбарак түн маусым айының 23 — нен 24 — не қараған түні болады. Бұл түні нәпіл намаздар оқып, Құран тилауатында болу, Пайғамбарымызға (с.а.у) көбірек салауат айтудың айрықша сауабы зор. Өйткені Құран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің 56 — шы аяты Пайғамбарымызға (с.а.у) салауат айтуды бұйырады. Осынау айда Аллаһ Елшісіне (с.а.у) Жәбрәйіл (а.с) келіп: «Я, Мұхаммед (с.а.у) егер де сенің үмметіңнен біреу саған бір салауат айтар болса, Аллаһ Тағала ол адамға он жақсылықтың сауабын жазады, он жаманшылығын кешіреді, әрі ол адамның дәрежесін он есе көтереді», — деді. Сондықтан осы түні Расулімізге (с.а.у) қолымыздан келгенінше көбірек салауат айтайық. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадис шәрифінде: «Менің үмметімнің ең жақсы құлшылығы — Құран оқу», - деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде — кім жатар алдын «Ясин» сүресін оқыса, Аллаһ Тағала ол адамның күнәсін кешіреді», — деді. Бұл түні көбірек истиғфар, яғни Аллаһтан күнәларымыздың кешірілуін сұрауымыз керек. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кімде — кім кешкісін истиғфар айтып, сол түні дүниеден өтер болса, Аллаһ Тағала ол адамды жаннатқа кіргізеді», - деген. Шағбан айының (13, 14, 15) күндері ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндер «Аямул байд» яғни ақ күндер деп аталады. Хижри жыл санау бойынша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау қажет. Себебі бұл күннің түндерінде ай толықсып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Аллаһ Тағала дүние қараңғылығынан ағартады. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.а.у): «Шағбан айының ортасының түні болғанда күндізінде ораза болып, түнінде намазға тұрыңдар», — деді. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру — сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», — деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді» дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата — анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», — деген. Аллаһ Тағала санаулы күнде  келе жатқан Мүбарак Шағбан айын және ұлық Барағат түндерін баршамызға құтты қылып, Осы айды Аллаһ разылығы үшін тағат — ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Әр біріміз берекеге толы шағбан айын бекерге өткізіп алмай, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасағанымыз дұрыс. Бұған қоса, Алла тағалаға сансыз шүкір, мадақтар айтып, адамзаттың асыл тұлғасы, өнегелі өмірімен ғибратты із қалдырған, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) — ға сансыз салауат арнаған жөн.

Алла  тағала келесі жылғы шағбанға төрт көзімізді түгел, береке — бірлікте аман — есен жетуді нәсіп еткей! Әмин!

«Шардара» орталық мешітінің бас имамы А. Данияров

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу