Өткен күндер жаңғырығы «ҚИЫЛСА ДА, ИІЛМЕГЕН»

Қазақ ұлтын қырғынға ұшыратқан ең ауыр нәубет, үлкен қасірет — 1932-1933-жылдары орын алған ашаршылық. Сол аштықта қазақ ұрпағының 2,5 миллионға жуығы қырылса, зобалаңнан шетке қашып, жер аударылып, ұлтымыз азып-тозып 2,5  миллион адамынан тағы айырылды.

Күштеп ұжымдастыру, мал-мүлікті тәркілеу, өзге ұлт өкілдерін қазақ жеріне жаппай қоныстандыру, ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшырау — қызыл империяның қанқұйлы саясаты еді. Айтуға жеңіл, арғы өзегіне терең үңілсек, нені көреміз, алаштың арайлап атқан таңын ба, әлде күйіп шыққан күнін бе? Ендігі ұрпаққа қалғаны — тарихта ұлы нәубеттің болғанын ұмытпай, сол саяси жүйенің қателіктерінен сабақ алу.

Ауданымыздағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған жиын Темірландағы «Қасіретті ана» ескерткішіне гүл қоюдан басталды.

Мәдениет үйінде жалғасқан ісшараға жиналушылар орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің дайындаған «Зұлмат жылдар ұрпақтар есінде» бейнеролигін тамашалау арқылы өткен күнге бір сәт оралды. «Дәулеталыұлы Бегалы ата» мешітінің найб-имамы Шалхаров  Нұржан ата-бабалардың, қуғын-сүргін құрбандарының рухына құран бағыштады.

—    Кеңес Одағының құрамындағы қазақ қоғамы өткен ғасырдың 20-30-жылдары адамзат бұрынғы өз тарихында кездестірмеген зұлматты басынан кешірді. Кеңес өкіметінің солшыл саяси ұстанымы өз ұлтының мүддесін ойлағандарды «ұлтшылдар», «тап жаулары», «жікшілдер» деп бөлген. 1917-жылы қазан төңкерісінен басталған ұлт қаймақтарының қудалануы КСРО ыдырағанға дейін жалғасты, — деген аудан әкімі ТІЛЕУБЕРГЕНОВ Данияр: — Осы күнге демографиялық ахуалдың оңалмай, қазақтардың үлес салмағы өзге ұлттардан енді асқаны, Қазақстанның көп ұлтты, көп дінді, қырық құрам елге айналғаны содан. Зұлмат заманда арманда кеткен ерлердің құнын кімнен даулауға болады? Ол одақ, саяси жүйе, билік қазір жоқ. Ендігі төрелік — тарихтың еншісінде. ХХ ғасырдың басында шалажансар күйде қалған дербестік рухына ғасыр соңында қайта жан бітті, тұншыққан ұлттық идеяның тынысы ашылды. Қиылса да, иілмеген өр мінезді ерлер: «Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда», —  деп Мағжанның жырымен ұрпаққа аманат қалдырды.

Көпшілік қуғын-сүргін құрбандарын 1 минөт үнсіздікпен еске алды.

Мәдениет үйінің қызметкерлері шағын концертін көпке ұсынды.

Қуғын-сүргін құрбаны Тұтқышбай Сихымбаевтың немересі, М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің кафедра меңгерушісі, ғылым кандидаты, доцент ТҰТҚЫШБАЕВ Ибрагим:

—    ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының интеллектуалды азаматтарының деңгейі дамыған елдердің халқымен теңесе алатын дәрежеге жеткені тарихтан белгілі. Қылышынан қан тамған қызыл империяның бұл саясаты қазақ зиялыларын түп тамырымен жою болатын. Елдің басына түскен нәубет Тұтқышбай Сихымбаев бабамды айналып өтпеді. Оған да «халық жауы» деген қарғыс таңбасы басылып, қара күйе жағылды. 1938-жылдың 28-қаңтарында НКВД үштігі келіп, қамауға алды. Сол жылдың 9-ақпанында жазықсыз атылды. 1970-жылы араға 30 жыл салып, ісі ақталды, — деп, атасының өмірбаянымен таныстырды.

Төрткүл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, қуғын-сүргін құрбаны Жүнісбай Шалтаевтың немересі ӘШІРІМБЕТОВ Шалабай атасының қиын өмірінен сыр шертті.

Жиынға қатысушылар орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің дайындаған «Қасіретті жылдар елесі» көрмесімен танысты.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу