«Айқын» газеті : Әзірет Сұлтан мешіті америкалық жігітті тамсандырды

Ол Қазақстанды көру үшін бір жыл бойы Американың Уайоминг штатында сноуборд инструкторы болып жұмыс істеп, ақша жинады. 

Оның әкесі – малайзиялық, анасы – тегі немістен тараған америкалық азаматша. АҚШ-та оқитын қазақ студенттерінің арқасында Қазақстан жайлы естіп-білген Мұстафа Раджа Ибрахим бұл елге міндетті түрде сапарлау қажеттігін түсінген. Бүгінде Алматы, Жезқазған, Астана қалаларында болып үлгерген жас жігіт сапарда жүргеніне қарамастан, ауыз бекіткен. Біз онымен Әзірет Сұлтан мешітінде кездестік.

– Қазақстан туралы бұрын-соңды ес­тіген жоқпын, – деп бастады өз сөзін Мұстафа Раджа Ибрахим, – Менің ата-аналарым, тіпті Қазақстан жайлы біл­мейді. Сондықтан Қазақ еліне келмес бұрын кар­тадан ата-аналарыма бейтаныс мемлекеттің шекарасын көрсеткенімде, олар: «Бұл қан­дай алып ел!» деп таңғалды. Екінші жағы­нан, қызыққаным – Қазақ мемлекеті әлем­нің үлкен бөлшегіне айналып отыр. Са­я­­си-экономикалық дамуы өз алдына бір белес. Үшіншіден, мұндағы ислам тари­хының тамыры тереңде жатыр. Ислам әлемінің небір ғұламалары қазақ даласынан шыққан. Бұл жайттар мені ерекше тебі­рентіп, Қазақстанға келуіме себепші болды.

Сапар барысында Алматының тарихы көнеде жатқанын байқадым. Онда шетелдік қонақтарға көрсететін жерлер көп екен. Тұрғындары да ашық-жарқын. Астана – жас қала. Биік те сәулетті ғимараттар ұзақтан менмұндалайды. Қай жерге барсаңыз да, жаңашылдықтың лебі сезіледі.

– Қазақстанда таңғалдырған нәрселер бар ма?  

– Мені ерекше таңдандырған нәрсе – қазақтардың тамақ ішу мәдениеті. Дастарқаны үнемі толы. Америкада мұндай жоқ. Қазір қай үйге ауызашарға барсақ та, дастарқаны тағамның түр-түріне толы болады. Ал тамақ салатын ұлттық ыдыстары қандай керемет?! Бұл тұрғыдан Еуропаға ұқсастықтар барын байқадым. Қазақтың дастарқаны өте ұнады.

– Сіз Астанаға келіп, ауыз бекітіпсіз. Шетелде жүріп ораза ұстаудың қиын­дықтары жоқ па?
– Мен Американың 5 мың тұрғыны бар кішкентай ауылынанмын. Онда небәрі екі-ақ мұсылман отбасы тұрады. Мектепте оқып жүргенімде, сыныптас­тарымның ішінде жалғыз өзім ауыз бекітетін едім. Әрине, айналаңдағы адамдар ауыз бекітпесе, өте қиын. Сондықтан Америкада ораза ұстау қиынырақ дер едім. Кейінгі кезде айналамда мұсылмандар көбейді. Ауыз бекіткенде, сенің сезіміңмен жаныңда ораза ұстаған адамның сезімі бір болады. Бұл – жеңілдік.

Мен жартылай малайзиялықпын. Бала кезімде отбасымызбен сонда тұрдық. Әлі есімде, Малайзияда адамдар ауыз бекіткенде, мұны жұрт үлкен той, қуа­нышты хабар сияқты қабылдайды. Ораза кезінде әртүрлі игі шаралар ұйым­дастырылады. Қазақстанда да ораза келгенде үлкен қуаныш сезіледі. Бір қы­зығы, Қазақ еліне келгелі бері мұсылман бауырларымыз бізді тек ауызашарға ғана емес, сәресіне де шақырып жатыр. Сә­ре­сін мұсылмандар арасында өткізу жақ­сы үрдіс деп ойлаймын. Бір өкініштісі, мұн­дай бастамалар Америкада жоқ.

– АҚШ БАҚ-тарында исламофобия бары қатты сезіледі. Бұл проблема қанша­лықты өзекті?

– Рас, келісемін, исламға қарсы күрес, не қорқыныш бар. Бірақ бұл саяси тұрғыдан жасалып жатқан әрекет сияқты. Яғни олар ислам әлеміне қарсы жасалған әрекеттерін ақтау үшін осындай түйткілді ойлап тапқандай.

– Соған қарамастан, Америкада мұсылмандар саны артып келе ме?

– Шыны керек, БАҚ-тардың кері насихатынан кейін адамдар діннен қорқып қалған. Бірақ біз сияқты қа­рапайым мұсылмандар шынайы діннің қағидаттары туралы айтқанымызда, олар бұған таңғалады. Мәселен, менің туыс­тарым үш құдайлыққа сенетін адамдар өкілдеріне: «Ислам дінінің негізі не? Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз кім?» деген сұрақтарға жауап бергенде, олар шын мәнінде тамсанады. Ислам – Алла тағаладан толық түскен дін. Мұны естіген басқа дін өкілдері мұсылмандыққа бет­бұруға дайын тұрады. Қазір Америкада осындай оң бетбұрыс бар.

Соңғы 20 жылмен салыстырғанда, АҚШ-та мешіттер саны көбейіп келеді. Біздің елде жобамен 20 миллион адамның ар жақ-бер жағында мұсылман бар. Бұл, тіпті, кейбір мұсылман елдерімен са­лыстырғанда да өте үлкен көрсеткіш болып есептеледі. Екінші айта кететін жайт – америкалық мұсылмандардың барлығы да жоғары білімді. Бір қызығы, иудей, христиан әйелдерінен гөрі, мұсыл­ман әйелдерінің әлдеқайда білімдірек екені анықталған. Жалпы, бүгінде хрис­тиан әлемінде рухани дағдарыс болып жатқаны жасырын емес.

– Ал айт күндерін қалай атап өтесіз­дер?

– Біз Құрбан айт бола ма, Ораза айт бола ма, бәріміз Уайоминг мешітіне жиналып, қой соямыз. Әртүрлі елдерден келген мұсылмандармен бас қосып, бір дастарқан басына жайғасамыз. Жалпы, біздің мешітіміздің тарихы да қызық. Осыдан 10 жыл бұрын мешіт ретінде ескі үй пайдаланылатын. Кейін Уайоминг штатына мұсылман оқытушылар мен студенттер көп келе бастады. Оқымысты азаматтар, яғни мұсылман профессорлар мен студенттер қосылып, ескі шіркеуді сатып алды. Сөйтіп, оны күрделі жөн­деуден өткізіп, әдемі мешітке айналдырды. Бір қызығы, Уайоминг университетінің мұнай-газ факультетінде оқитын жастар­дың 90 пайызы – мұсылмандар.

Иншалла,  менің де арманым – Аме­рикада зәулім мешіт салу. Өзім сәулет факультетінде оқыған соң, мұсыл­ман­дардың сұранысын қанағаттандырып, биік мұнаралы мешіт салғым келеді. Қазақстанға келгеннен кейін тағы бір арман пайда болды. Байқап отырсам, қазақ елінде ислам дінін халық толық біледі деп айту қиын екен. Сондықтан мен ислам дінін түсіндіретін балаларға арналған мектеп салсам ба деймін.

– Сәулет факультетінің студенті ретінде Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне қандай баға берер едің? 

– Машалла, Әзірет Сұлтан мешіті – әлемдегі ең әдемі, сәулетті мешіттердің бірі екен. Маған ұнағаны – мешітте бәрі де рет-ретімен, дұрыс ұйымдастырылған. Мәселен, ерлер дәрет алатын жердегі ұқыптылық пен тазалық үлгі аларлық нәрсе. Тіпті, онда аяқ кептіргішке дейін бар. Мен мұндайды әлемнің ешбір мешітінде кездестірген жоқпын. Мұ­сылманға қажет нәрсенің бәрі дұрыс ойластырылған. Аллаға шүкір, жұма күні бұл мешітке келген мұсылмандар санын көріп, жүрегімді қуаныш кернеді. Жалпы, қазақ халқы стиль деген нәрсеге қатты мән береді екен. Мешіттері қандай әдемі, оның үстіне, қай қазақтың үйіне барсаң да, үйлерінің жоғары талғаммен безендірілгенін байқайсыз. Қазақстанға келіп, мұсылман бауырларыммен танысып, өзіме бейтаныс елді өз көзіммен көргеніме қуаныштымын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Кәмшат Тасболат.

Мақаланың орналасқан жері: http://aikyn.kz/articles/view/26576

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу