Бейбіт қажы МЫРЗАГЕЛДИЕВ: Қадыр түнінің қасиеттері

Араб тіліндегі «қадр» сөзі — «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын да қамтиды.

Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей баршылық. Соның ішіндегі аса маңыздылыарының бірі әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадыр кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.

Қадыр кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де«Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».

Қадыр түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді.

Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадыр кеші Рамазан айының 26 -нан 27 — не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның қадыр сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Аллаһ тағалаға құлшылық етуімен бара-бар мәселе.

Шын мәнінде, Рамазан айында Алла тағала мұсылман үмбетін мол нығметке бөлейді. Сондай ұлы нығметтердің бірі – осы «лайлатүл қадір” түні. Ол – Алла тағала тарапынан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үмбетіне сый етілген құтты түндердің бірі. «Лайлатүл қадр”– сөздік жағынан алғанда, «қадірі ұлық, әр сәті қымбат, қасиетті түн» деген мағынаны береді. Әрі бұл сөздің астарында тағдыр түні мағынасы да бар. Өйткені әр жылы осы түн ішінде адамзаттың және басқа да тіршілік иелерінің бір жылдық ризық-несібелері, дүниеге байланысты дәрежелері және туылатындары мен қайтыс болатындары анықталады. Бұл жайында Құранда: «Анығында, Біз Құранды мүбәрак түнде түсірдік”. «Сол түнде хикметті істің барлығы («Лаухүл Махфуздан” «Кәтәбә” періштелеріне) бөлінеді”. Ал, «Мұның (бөлінетін істер) барлығы – Біздің құзырымыздан бір бұйрық (тағдыр)…”»70 – делінгенНегізінде, барша жаратылыстың қиямет күніне дейінгі тағдыры әуелде, Алла тағаланың әзәли қалау (ирада) және білу (ілім) сипатымен «Лаухүл Махфузда” жазылып, анықталып қойған. Өйткені Алланың шексіз білімі осы заманда да, келешекте де болатын барлық нәрселерді қамтиды.

Қадыр түнінде мұсылмандар біргелікте топ-топ болып, жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сан сауалдарына жауап алып, көптеген ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадыр кешін кейбір азаматтардың денсаулығына, т.б. жайттарға байланысты өз үйлерінде қарсы алуларына да болады.

Жалпы, бұл рухани кеш — адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.

Қадыр кешінде орындалуы тиіс амалдар:

1.Сол күнгі кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;

2.Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;

3.Құран, Хадис кітаптарын оқу. Немесе пайғамбарымыздың өмір тарихын оқу;

4.Қадыр кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазы оқылады. Бұл төрт рәкәт намазға былайша ниет етіледі: «Ниет еттім рамазан айындағы Қадыр кешінде нәпіл намазын оқымаққа». Намаздың оқылу тәртібі: бірінші рәкәтта «Фатиха», бұдан кейін үш рет «Қадыр» сүресін оқу. Екінші рәкәтта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші ракаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Соңында қажетті тілектер тілену тиіс.

5.Тәспі тарту;

6.Қадыр кешінде түнгі сағат 2 мен 5-тің аралығында «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 бас етіліп оқылады.

7.Қадыр кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, бұл ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.

8.Қадыр кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.

9.Осындай мүбарак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп, көңілдерін көтеру — ең жақсы амалдардың қатарына жатады.

Осы орайда, адамзатты қиямет күніне дейінгі екі дүниелік бақытқа бастайтын, Алланың мәңгі мұғжизасы Құран Кәрімнің Қадір түнінде түсірілу тарихына тоқтала кеткенді жөн санаймыз. Осы түні Жәбірейіл періште (ғ.с.) Құран Кәрімді Алла тағаланың құзырындағы «Лаухүл махфуздан” алуға Жаратушы тарапынан бұйрық алады. Сөйтіп оны тұтас күйінде әуелі аспанның бірінші қабатындағы «Байтүл изза”- ғиззат үйіне түсіреді. Содан кейін «Байтүл иззадан” қасиетті Құранның аяттары бөлшек-бөлшек болып жиырма үш жыл бойы Алланың әмірімен Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи етіліп отырды. Құран толық түсіріліп болғаннан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына ондағы сүрелердің дәл қазіргідегідей басы «Фатиха”, одан кейін «Бақара”, ең соңы «Нас” сүресімен аяқталатын тәртібі мен оқу реттілігін үйретті. Бірақ, «Байтүл Иззадан” түсірілген бастапқы тәртібі бұлай емес еді. Ең әуелі түсірілген – «Алақ” сүресінің алғашқы бес аяты, ал ең соңғы болып түсірілген «Нас” сүресі емес, «Бақара” сүресінің 281-аяты болатын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетін Рамазанның соңғы он түндігін, кей хадистер бойынша, Рамазан айының барлық түндерін Қадір түніндей мүбәрак етіп өткізуді өсиет еткен. Өзі де Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, әсіресе соңғы түндерді ұйқысыз, ғибадаттармен өткізген. Кей риуаяттарда тек бір түнді ғана белгілеп, нақты кесіп айтылмауы мұсылмандарды ғибадатқа артықтау құлшындыру үшін деп түсінген жөн. Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулалла (с.ғ.с.) айлардың ішінде Рамазан айында әрі Рамазан айының сонғы он күндігінде құлшылыққа ерекше ыждаһаттылық білдіретін” 82, – делінген.

Мұса (ғ.с.) пайғамбар өзінің мінәжатында: «Жаратқан Ием! Саған жақын болуды қалаймын”, – депті, Алла тағала оған: «Менің жақындығым Қадір түнін ұйқысыз өткізген адам үшін”, – дейді. Сонда Мұса (ғ.с.) тағы: «Жаратқан! Рақымыңа бөленуді қалаймын”, – дегеніне Алла тағала: «Менің рақымым Қадір түні міскіндерге рақым еткендер үшін”, – десе, Мұса (ғ.с.): «Ей, Алла тағала! Қылкөпірден найзағайдай жылдам өтуді қалаймын”, – дейді. Оған: «Ол Қадір түні садақа жасаған адам үшін”, – деген. Сонда Мұса (ғ.с.): «Раббым! Жәннат ағашының саясында отырып, жемісін жеуді қалаймын” деп тіледі, Алла тағала: «Бұл Қадір түні таспих айтқан адам үшін”, – деп үн қатты. «Жаратқан ием, разылығыңды қалаймын”, – деп еді, «Менің разылығым Қадір түні екі ракат намаз оқыған адам үшін”, – деп жауап берді”, – делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түні бір сағат немесе қойшы қойдың қарнын тойдырғанындай шамада намаз оқыса, Алла тағалаға жыл бойы ораза ұстағанынан артық болады. Мені пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін, Қадір түні Құраннан бір аят оқу басқа кезде Құранды толық хатым етіп оқығаннан жақсы”, – деді.

Расына келгенде, бұл түннің көптеген ерекшеліктері бар.

Бұл түн – адамзат баласына Алланың рақымы жауған түн.

Бұл түн – Алла тағаланың адамзатқа бақыт шамын жаққан түн.

Бұл түн – адамзатқа надандықтың қараңғылығынан иман нұрына шығуға мүмкіндік берілген түн.

Бұл түн – адамзатты қателікке бастайтын теріс жолдардан тыйып, Алланың тура және нұрлы жолына жүру мүмкіндігін берген түн.

Бұл түн пенделердің күнә-кемшіліктері ғафу етілетін, дұға-тілектері қабыл болатын түн.

Бұл түн – ұлық, сондықтан оның толық қасиеттері адамзат ақылына сыймайтын кең де ауқымды.

Алла тағала тілеген тілегімізді қабыл, отанымызды аман етіп, елімізге береке, бірлік, ынтымақ берсін! Ел қамында жүрген Елбасымыз бен асыл азаматтарымыздың тірліктерін баянды етуін және әрбір ісімізге жар болғай деп тілейміз. Әмин!

Бейбіт қажы МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкіл имамы.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу