Сириядағы жағдайға байланысты діни басқарма пәтуасы

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы,

Бас муфтиі Ержан Малғажыұлы хазретке

Құрметті мүфти хазірет!

Қазіргі таңда Сирияда жалдамалы әскер мен Азия, Еуропа, Америка және Африка елдерінен келген еріктілер өкімет әскеріне қарсы ұрыс жүргізуде.

Халқының басым көпшілігі сүнниттер болып табылатын араб мемлекеттері сириялық көтерілісшілердің Башар Асад басқарған алауилер режиміне қарсы күреске діни тұрғыдан баға береуде. Өкінішке орай, сол себептен радикалдық көзқарастағы кейбір азаматтар Сирияға барып өкіметке қарсы соғысуды «дін үшін күрес» деп түсініп, оны өздері үшін міндет деп біледі. Сонымен қатар белгілі деңгейде діни сауаты жоқ кейбіреулер Сириядағы соғысқа қатысты әр түрлі пәтуалар беруде. Осындай сауатсыз пәтуалар Сириядағы алауыздықты одан әрі өршітері анық.

ҚМДБ-ның осы мәселге қатысты пікірі қандай?

Жауап:

بسم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين أما بعد

Рақымды, Мейірімді Алла Тағаланың атымен!

 Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау болсын!

Жаратылыстың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және Қияметке дейінгі олардың іздеріне ергендерге Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты болсын!

Қазіргі таңда бауырлас Сирия халқы елдегі қантөгіс пен қирату істерінің дереу тоқтатылуын қалайды. Сондықтан мұсылман халқына жаны ашыған адам ондағы апатты жағдайдың доғарылуына барынша болысуы тиіс.

Қазірде біз түрлі қарулы топтардың Сирияның өкімет әскеріне қарсы соғысып жатқандығын білеміз. Ол топтардың басқару орталығы жоқ әрі әрбір топ тек жеке мүддесін көздеуде. Тіпті сол топтардың өзара келіспеушіліктері мен қақтығыстары болып жатады. Сондықтан да біз өз тарапымыздан жастарымыздың мұндай бұзғыншылыққа араласпауын қалаймыз.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзара соғысуын күпірлікке апарар жол деп есептеп, оны Ислам дәуірінен бұрынғы надан арабтардың әрекетімен салыстырған. Өйткені олар болмашы нәрсе үшін бір-бірінің қанын төгіп, соғыс бастайтын.

Алла Елшісі (с.а.с.) сондай бүліктерден сақтандырып, артындағы үмбетіне мынадай өсиеттер айтып кеткен: «Мұсылманды сөгу – пасықтық. Ал оны өлтіру − күпірлік».[1]

«Менен кейін бір-біріңді өлтіріп кәпір болмаңдар».[2]

Алла Елшісі (с.а.с.): «Бір мұсылман өзінің мұсылман бауырымен шайқасса, олардың екеуі де тозақ табалдырығында тұрады. Егер олардың бірі екіншісін өлтірсе екеуі де тозақы болады», − деді. Сонда адамдар: «Уа, Расулулла! Өлтірген адамның жайы түсінікті. Өлген адамның жазығы не?» − деп сұрады. Расулулла (с.а.с.): «Өйткені ол да өз бауырын өлтіруді қалаған еді», − деп жауап берді».[3]

Осы себептен Алла Елшісі (с.а.с.) өлім немесе соғысқа алып баратын әрбір іске тыйым салған. Тіпті бір-біріне қару кезенуге де қатаң тыйым салған.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Өз бауырларыңа қаратып қару кезенбеңдер! Себебі шайтан оның қолын тайдырып, соның нәтижесінде ол тозақ орына түсіп кетуі мүмкін».[4]

Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Тіпті туған бауырына қарай темір кезенгенді, сол ісінен тыйылмайынша періштелер оған қарғыс айтады».[5]

Сонымен бірге мұсылман мұсылман бауырын шошытуына да болмайды.[6]

Өлім күнәсі тек өлтірген адамға жүктелмейді. Өлімге сөз немесе ісімен болысқанның бәрі өз үлесіне қарай Алла Тағаланың жазасын алады. Тіпті сол өлімді тамашалап тұрғанның өзі күнә істеген болып саналады.

Бұл мәселеге қатысты бір хадисте былай делінген: «Нақақтан қан төгу қылмысы орын алып жатқан жерге ешкім бармасын. Ал сол жерде бола тұрып қорғамаған адамға Алла Тағаланың қарғысы болады».[7]

Сириядағы бейбітшілікті қалпына келтіру шаралары бүкіл мұсылман үмбетінің шынайы жанашырлығын талап етеді. Ондағы зорлық-зомбылық пен даулы мәселелер бейбітшілік жолымен шешімін табуы тиіс.

Еліміздің мұсылмандары Алла Тағаладан бауырлас елдегі қантөгістің тоқтатылуын, онда бейбітшілік пен тыныштықтың орнауын тілейді.

والله أعلم بالصدق والصواب

ҚМДБ, Шариғат және пәтуа бөлімі


[1] Бұхари, Мүслім риуаяты.

[2] Бұхари, Мүслім риуаяты.

[3] Бұхари, Мүслім риуаяты.

[4] Бұхари риуаяты.

[5] Мүслім риуаяты.

[6] Әбу Дәуіт, Табарани риуаяты.

[7] Табарани, Бәйһақи риуаяты.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу