Б.Мырзагелдиев: «Ғибратнама» еңбегінен көзіқарақты оқырманның көптеген мағлұматтарды алатындығы сөзсіз

АЛҒЫ СӨЗ

Бисмилләһир рахманир рахим!

Барлық мадақ бір Аллаһқа ғана лайық. Күллі дүниені жаратушы Аллаһ тағаланың салауаты мен сәлемі әлемнің рахым нұры Мұхаммедке (с.а.с) оның әулеті мен сахабаларына болсын!

Құрметті мұсылман жамағат!

Бұл «Ғибратнама» атты еңбекте діни қайраткер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің түрлі деңгейдегі кездесулері мен жиындарда айтқан қанатты һәм ғибратты сөздері жинақталған. Онда асыл дініміздің өсіп-өркендеу жолдарымен қатар, өскелең ұрпақ – жастарымыздың бойына тағылымды тәлім-тәрбие мен отан сүйгіштік қасиеттердің сіңірілу барысы, Әбу Ханифа мазһабының қадір-қасиеттері, т.б. мәселелерге байланысты ойлар жан-жақты баян етілген. Сонымен қатар, еңбекте тұрлаулы тарихи тағылымдар сөз болып, ұлттық салт-санамыз бен өзге де құндылықтарымыздың дінмен сабақтастығы жөніндегі айшықты ойларға кезек берілген.

Шын мәнінде, білімі мен біліктілігі астасқан жас Дінбасы туралы көпшілік қауым әлі де толыққанды танып, біле бермеуі мүмкін. Мысырдағы әйгілі әл-Азһар университетінің Шариғат және заң факультетін бітірген хазрет Египеттің Каир мүфтиятының Пәтуә шығару бөлімінде білімін шыңдады, біліктілігін арттыра түсті. Бүгінде елімізде мұндай ілімді мамандардың тапшылығы анық сезіледі. Дінбасылыққа сайланғанына көп уақыт өте қоймаса да Ержан қажының тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай істердің атқарылып жатқанына дүйім ел куә. Алыс және жақын шет елдердегі ресми кездесулер, арнайы қабылдаулар, ел арасындағы түрлі кездесулер мен жүздесулер, т.б. жұмыстардан Бас мүфтидің алға қойған мақсат-міндеттері айқын аңғарылады. Елімізде Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау мен оны игеру, қорғау, дамыту, дін қызметкерлерінің білімі мен қоғамдағы рөлін арттыру, діни оқу орындарының әлеуетін көтеру, т.б. тындырымды тірліктердің жаңадан кең өріс ала бастағаны байқалады. Еңбекте осы мәселелердің де ескерілуімен қатар, көптеген азаматтардың Дінбасыға қатысты жолдаған орамды ойларына орын берілген.

Дінбасының тарапынан білімге ерекше назар аударылатынын келесі сөздерінен байқауға болады. Ол дін қызметкерлерімен кездесуіндегі бір сөзінде: «Кемінде 5 шәкірті болмаған имам – имам емес. Сіздердің, мешіт қызметкерлерінің арасында өзара бауырмалдық күшеймейінше, жұмыс нәтиже бермейді. Бір-бірлеріңізбен түсінісіп, тірлік етіңіздер. Алауыздыққа жол бермеңіздер. Имамнан кеткен кемшілік – дінімізге, Діни басқармаға үлкен нұқсан келетінін ұмытпаңыздар. Егер біз бір-бірімізге жанашырлық танытып, қателессек – түзетуге, сүрінсек – демеп жіберуге тырыспасақ, мұны бізден басқа кім істейді? Біздер, дін өкілдері – елге үлгі, ұрпаққа ұстаз, қоғамды тәрбиелеуші тұлғамыз. Дін адамы қарапайым болу керек. Біз шенеунік емеспіз. Құрметті әріптестер, бәріміз осыны естен шығармауға тиіспіз» деген болатын. Түсінген жанға бұдан артық қандай сөз керек?!

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты діни жұмыстармен өзара астастыра білудің үлкен қажыр-қайратты қажет ететіндігі белгілі. Бас мүфти тарапынан атқарылатын тірліктің бастыларының қатарына бұл міндеттердің де енетіндігі даусыз. Оның «Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз тек діни істерден бөлек осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі ісімен ғана Жаратушыға жақындайды. Ендеше, баршаңызды сауапты да жауапты жұмыстарды бірігіп атқаруға шақырамын» деген сөздерінен-ақ, нені мұрат тұтып, қандай жолды ұстанатындығын анық аңғаруға болады.

Сандаған ғасырлар бойы бірге, өзара біте қайнасып келе жатқан дін мен ұлттық ұстындарымызды ұлықтап, дәріптеуде Діни басқарманың алдында жаңа міндеттердің тұрғандығы байқалады. Бұл Бас мүфтидің «Имам-молдаларға дін ғылымы мен қатар елдің тарихын, қазақ мақал-мәтелдерін, ұлт көсемдері мен би-шешендерінің даналық ой-тұжырымдарын, діни өлең-жырларын жаттатып, уағыз-насихатты сондай ұлттық құндылықтармен тұздықтап отыруға машықтандырамыз. Осындай білім сайыстарының дін қызметкерлерінің бүгінгі қоғамның сұранысына сай білім ізденуіне, өздерін өздері қамшылап дамуына, ой өрістерінің үнемі кеңеюіне септігі тиер еді деп ойлаймын» деген сөздерінен де аңғарылуда.

Елімізде дәстүрлі дін қызметкерлеріне үлкен сенім артылып отыр. Мешіт имамдары мен қызметкерлері еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты қолдай отырып, түрлі кереғар діни ағымдармен күресу, дінаралық келісімді сақтау, этносаралық татулықты бекемдеуге үлес қосу арқылы тиісті жұмыстарды жүргізіп келеді. Осы мәселелерге қатысты үстіміздегі жылы Астана қаласында дін өкілдерімен кездескен Мемлекет Басшысы былай деді: «Еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған Заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Бұл – өте дұрыс. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан біздің дін саласындағы саясатымыз конфессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайтуға бағытталған. Бізде діни сенім бостандығына Конституция кепілдік береді. Діни басқарма өкілдері тек дін саласында ғана емес, өзге салаларда да өз білім-біліктерін арттыруға тиіс». Осыған байланысты мешіт қызметкерлері осынау сенімнің үдесінен шыға білуі тиіс деп ойлаймыз.

Дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізуде насихаттық жұмыстарды көптеп жүргізудің маңызы жоғары. Осы орайда арнайы кітапшалар мен әдістемелік құралдардың жеткілікті шығарылуы қажет-ақ. Жалпы алғанда, «Ғибратнама» еңбегінен көзіқарақты оқырманның өзінше ой түйіп, дін мәселелерінен көптеген мағлұматтарды алатындығы сөзсіз. Кітаптың әсіресе, жастар өкілдеріне берері мол деп білеміз.

Кітапты жүктеп алу үшін басыңыз.

Ізгі ниетпен, Бейбіт қажы Мырзагелдиев

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

ОҚО бойынша өкіл имамы,

дінтану ғылымдарының магистрі, профессор

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу