Құрбан айты мүбәрак болсын, жамағат!

Бейбіт қажы Мырзагелдиев,

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы

 

Құрбан айты мүбәрак болсын, жамағат!

 

Бисмилләһир рахманир рахим!

Бүкіл әлемді жаратқан Аллаһ тағалаға сансыз мақтаулар, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасалламға  Алланың сәлемі болсын! Әмин!

Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!

Күллі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті мерекесі – Құрбан айты құтты болсын! Әрбіріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға тыныштық, жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, барша әлемнің Жаратушысы Аллаһ тағала егеменді еліміздің болашағын жарқын, көк байрағымыздың әрқашанда биік болуын нәсіп етсін дегім келеді.  

Құрбан сөзі — араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни, бұл жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — ханафи мазһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Аллаһ тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» — деп бұйырған.

Сондай-ақ, осы айтулы күнді Еламымыздың қолдауымен мереке күны болып саналады.

Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару — мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, кемектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдардың жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.

Құрбан шалушы барлық азаматтардың ниеті қабыл болсын! 2013 жылғы 15 қазан күні ОҚО бойынша барлық  аудан, қала, ауылдық мешіттерде таңғы сағат 08.10-да Құрбан айт намазы оқылады.

Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айтта Ұлы Аллаһ тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу