Әмір МҰСАҚҰЛОВ: ДІН МЕН ДӘСТҮРДІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

Жуырда ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауымен «Дін мен Дәстүр» кітабы жарыққа шықты.

Тәуелсіздікке ие болған осы 22 жылдың көлемінде халқымыз діннің не екенін, жаратылыстың, тылсымға толы тыныс-тіршіліктің қыр-сырын, сан қиырлы қатпарларын жан-жақты ұғына түсті. Дін саласындағы бағыт-бағдарын айқындады. «Ханафи» мәзһабын өзіне тұғыр, бағыттық бағдаршам етті.

Ал осы аралықта тұрмыс-салтымызға, ұлттық ұстанымымызға негіз болған дәстүріміздің шынайы дінімізбен арақатынасы ара-кідік айтылғанымен, екі жақты ортақ байланыстың (дін мен дәстүр) лайықты дәрежеде қолға алынбағандығын мойындауға тиіспіз. Енді осынау олқылықтың орнын толтыратын кез жетті.

Соның айқын айғағы ретінде қолға алынып отырған жұмыстардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан шығарылып отырған «Дін мен дәстүр» кітабы десек артық айтқандық емес.

Дәстүріміздегі ата-ананы сыйлау, құрметтеу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, асарға шақыру, қиналғанға қол ұшын созу, т.б. көптеген мәселелерді шариғат негіздерінен табасың. Осыларды көріп, біле отырып халқымыздың ежелден-ақ дін мен дәстүрді қос таған етіп, берік ұстанғандығына көз жеткізе түсесің.

Бүгінде намазға жығылды делінетін кейбір бауырларымыздың дәстүрді тәрк етіп, жалаң ойдың жетегінде кетіп жүргендігіне қарап қарның ашады. Ондайлардың дін тұрғысындағы сауатының жетіспеушілігінен дәстүрге қарсы сөз айта отырып, қалай дінге қарсы шыққанын сезбей де қалып жүргенінен хабардармыз. Тек, мұның соңы кейіннен аһ ұрған өкінішке соқтырып жатпасын дейміз. «Дін мен Дәстүр» еңбегі сондайларға берілген жауап дер едік.

Жаңа кітапқа бойлай енген адамның дін мен дәстүрдің ара-салмағын айқын ажырата бастайтыны анық. Белгілі бір мәселенің дінде де, дәстүрде де кездесетіндігі және оған ортақ тұрғыдағы жауаптың берілетіндігі осынау қос тағанның өзара байланысы, өзіндік сабақтастығы деуге болады.

Әмір МҰСАҚҰЛОВ

ХҚТУ-нің профессоры, ардагер ұстаз

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники