Б.Әліпбекұлы: Мәуліт айы құтты болсын, ағайын!

Бисмилләһир рахманир рахим!

        Бүкіл әлемді жаратқан Аллаһ тағалаға сансыз мақтаулар, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасалламға  Алланың сәлемі болсын! Әмин!

Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!

Күллі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті мерекесі – Мәуліт айы құтты болсын! Әрбіріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға тыныштық, жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, барша әлемнің Жаратушысы Аллаһ тағала егеменді еліміздің болашағын жарқын, көк байрағымыздың әрқашанда биік болуын нәсіп етсін дегім келеді.

         Адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Аллаһ тағала Құран Кәрімде «Ей, адамдар ! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128 — аят), — деген.

             Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері дініміз үшін ең қасиетті орын саналатын һәм Аллаһ тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.а.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

         Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туылған күн» деген мағына береді. Бұл атау Аллаһ тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.а.с.) дүниеге келуінің құрметіне берілген. Сондықтан да әр жылы Рабиул — әууал айында Аллаһ тағала өзінің сүйікті пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үметті етіп жаратқанына сансыз шүкірлік етіп, Оған (с.а.с.) салауаттар айтып, Мәулітті Ислам әлеміндегідей мерекелеу бізде де дәстүрге айналып келеді.

Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі хадис-шарифте (с.а.с.): «Мұсылмандар жақсы көрген іс, Аллаһ тағала алдында да жақсы болады», — делінген имам Ахмад риуаятында.

         Жүнайд Бағди: «Кімде кім Пайғамбарымыздың (с.а.с.)  мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», — деген.

         Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.а.у)  мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім», - деген. Жалалуддин ас – Суюти (р.а.): «Бір үйде немесе мешітте Пағамбарымыздың (с.а.у) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Аллаһ тағаланың рахметі жауады және үйіне нұрмен оралады.  Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (с.а.с.)  мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», - дейді.

Пайғамбармызға (с.а.с.) салауат айтудың артықшылығы жөнінде хадис-шәріпте (с.а.с.): «Киямет күні маған ең жақын адам – Маған ең көп салауат айтқаны»  «Имам Термизи». «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам — анық сараң» «Имам Термизи».

         Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтауға шақыру.

Қазіргі таңда, рухани Мәуліт айы облысымыздың барлық аудандарында жалғасын табуда.

  Ұлы Аллаһ тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!

Бейбіт қажы Мырзагелдиев,

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники