Б.Қалдаров: Үгіт-насихат — асыл дініміздің негізі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылдан бастап үш бағыт бойынша жұмыстарға басымдық бермек. Бұл туралы ҚМДБ Төралқа мәжілісінде талқыланып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бекітті. Міне, сол үш бағыттың бірінде, уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру, жұртымызды ізгілікке, бірлік пен ынтымаққа шақыру, деп көрсетілген. Аталмыш мақаламызда уағыз-насихаттың исламдағы рөлі, мәні мен маңызы, насихатшының бойынан табылуға тиісті көркем мінездерге тоқталып өтетін боламыз.

Ислам діні — уағыз-насихатқа негізделген. Мұсылман адам діндегі әрбір сенім мен амалды шын жүректен және Алла разылығы үшін орындамаса, оның діні толық болмайды. Бәрімізге мәлім, «насихат» бір кісінің екінші кісіге шын көңілден айтқан жақсы ниеті, оны тура жолда жүруге айтқан үгіті. Уағызшы —  әрбір ісін шын жүректен орындайтын, айтқан сөзімен амалы тура келетін, жүрегінде біреуге деген ешқандай күншілдік пен дұшпандық болмаған, кек сақтамайтын шынайы мұсылман.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дін — насихат» деді. Сонда сахабалар: «Насихат кімге» — деп сұрады. Алла елшісі (с.а.у.): «Аллаға, оның кітабына, оның пайғамбарына, мұсылмандар басшысына және мұсылман қауымына»  деп жауап берді. (Муслим риуаяты). Бұл хадис Ислам дінінің негізгі құндылықтарын жан-жақты қамтыған хадис.

Осы хадистен қандай қорытынды шығарамыз. Хадисте айтылған насихаттың қандай тәртіппен жүретінін тарқатып көрелік:

1. Аллаға насихат. Оған иман келтіру, құлшылықты тек оған жасау, ешқашан серік қоспау.

Суфуиан ас-Саурий риуаят етеді: «Хауарилер Исадан (а.с.): «Ей, Рухуллаһ! Аллаға насихат қылушы кім?» — деп сұрады. Иса (а.с.): «Ол Алланың ақысын адамдардың ақысынан жоғары қоятын адам. Егер алдына дүниелік пен ақыреттік іс көлденең келсе, әуелі ақыреттік істі орындайды, кейін дүниелік істі орындайды» — деп жауап берді.

2. Алланың кітабы (Құран)ға насихат. Оны растау, үнемі оқу, ондағы айтылғандарды түсініп оқу, үкімдеріне амал ету, мағынасын өзгертуден сақтану.

3. Пайғамбарына насихат. Оған бойсыну, әмірін орындау, сүннетіне амал етумен болады.

4. Мұсылмандардың басшыларына насихат. Дұрыс істерінде оларға жәрдем беру, Алланың алдында күнәһар болмайтын істерде оларға бойсыну.

5. Мұсылман қауымына насихат. Оларды дүние және ақыретіне пайда келтіретін істерге бұйыру, жаман істерден қайтару.

Расында, уағыз-насихат — аса маңызды түсінік. Өзін Уағызшымын деген адам тілімен айтқан сөзін жүрегімен растайтын адам. Сондықтан адамдар бұндай адамның сөзіне құлақ салып, оған сеніп, оны құрмет қылады. Өткен тарихта барша пайғамбарларда өз қауымдарына Алланың үкімдерін жеткізгендерінде, «мен сендерге насихатшымын» -деген.

Мысалы: Һуд (а.с.) өз қауымына: «Сендерге Раббымның тапсырмаларын жеткіземін, және мен сендерге сенімді насихатшымын» (Ағраф сүресі, 68 аят) деген болса, Салих (а.с.): «Мен сендерге Раббымның тапсырмасын жеткіздім, сендерге насихат қылдым, бірақ (сендер) насихатшыларды жақтырмайсыңдар» деп айтқан. (Ағраф сүресі, 79 аят)

Әлбетте, Пайғамбарымыз (с.а.у.) да үмбеттеріне дінді жеткізуде насихатшы болған, біздерді де өзара жақсылыққа үгіттеуге бұйырған. Насихатшы адамның бойында кек, күншілдік сияқты дұшпандық оятушы жаман қасиет болмаған жағдайда ғана насихатшы болады. Бұлай болмаған жағдайда шайтанның қолшоқпарына айналып шыға келеді. Яғни шайтанның тобына үгіттейтіндердің қатарына қосылады.

Шайтан жамандыққа үндеуімен Адам (а.с.) мен Хауа анамызды жәннәттан қуылуына себеп болды. Бұл жөнінде Құран Кәрімде былай баяндалады:

«Сонан соң, шайтан оларға өздерінен де жабылған ұятты жерлерін ашып жіберу үшін азғырды да: «Раббыларың тек қана періштелерге айналмауларың немесе (жәннатта) мәңгі жасап қалмауларың үшін ғана сендерді бұл ағаштан қайтарды»- деді.

Және оларға: «Әлбетте, мен насихатшымын» — деп ант етті. Сонда, (шайтан) алдаумен оларды (төмен халге) түсіріп қойды».  (Ағраф сүресі, 20-22, аяттар)

Міне, сондықтан жақсылыққа шақыратын насихатшы болу, мұсылман үмбетінің басты мақсаты болып табылады. Расулуллаһ (с.а.у.) кейбір сахабалардан насихатшы болуға байғат (уәде) алған.

Жарир ибн Абдуллаһ (р.а.) айтады: «Мен Расулуллаһ (с.а.у.) ға намазды толық орындауға, зекетті өз егелеріне беруге, әрбір мұсылманға насихатшы болуға байғат бердім».

Бұдан бөлек пайғамбарымыз (с.а.у.) мына хадисті айтқан: «Сендердің ешбірің өзі үшін жақсы көрген нәрсені басқа бауыры үшін де жақсы көрмейінше шынайы момын бола алмайды» деген. Сондықтан насихатшы өзіне қаламаған нәрсені өзгеге де қаламауға, Алланың бұйрығынан аттап баспауға бекінген, сөзі мен амалы бір жерден шығатын салихалы мұсылман болуы тиіс. Сонда ғана оның еткен еңбегі жеміс беріп, айналасына нұр шуағын шашатын болады.

Алла тағала баршаларымыздың бір-бірімізге болған мейірімізді арттырсын.

Төлеби ауданының бас имамы Б Қалдаров

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники