ҚМДБ: «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесері өтті (фото)

Дін мен дәстүр. Ұлттық құндылықтарымызбен ұштасқан осы қос қағида халқымыз үшін құстың қанаты іспетті қастерлі ұғым.

Құдайсыз қоғамда өмір сүруге ырық бермей, ырыздығын тек Алладан сұраған қазақ халқы бағзы заманнан бері дін мен дәстүрін бекем ұстанды. Қазақтың болмысымен бітеқайнасқан дін мен дәстүр – қадым замандағы қилы зауалдарға қарсы тұрған, халықты бірлікке, тұтастыққа тоқтатқан рухани құндылық. Сондықтан халқымыз қандай қилы кезеңді бастан кешпесін, өзінің тіршілік тегі мен тамырын қиғызбады. Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі.

Бүгін Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Бас мүфтидің бастамасымен шыққан «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы қатысқан дөңгелек үстелде дін мен дәстүрдің сабақтастығы, жастарды ізгілікке тәрбиелеудің тетіктері талқыланды.

Жазушы-қаламгерлер Смағұл Елубай, Жұмабек Кенжәлин, Нұртөре Жүсіп, Самат Ибраим, Нұрғили Ораз, Құл Керім Елемес, Жұмабек Табын, т.б. ақын-жазушылар уақыттың сұранысына сай, дер кезінде шыққан «Дін мен дәстүр» кітабы жайлы ойларын ортаға салды. Басқосуға қатысқандар «Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Қос ұғымды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Дәстүрдің асыл құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ешқашан теріс әдеттерге бой алдырмайды» деген тұжырымды ойға келді.

«Әлемнің ең озық елдері бағыт бағдарын дәстүрге идіріп отырған осы заманда біз де бұл үрдістен қалыс қалмауымыз қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уақыттың осынау ауыр жүгін сезініп, 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Руханиятымыздағы мұндай үлкен өзгерістердің өмірге келуі – ұлттық болмысымызды қалыптастыру, өткенге көз тастап, болашаққа бағдар жасау, тарихтың тағылымынан сабақ алудан туған ізгі мақсат еді», – деді Бас мүфти.

Ержан қажы Малғажыұлы Ұлттық кітапхана қорына «Дін мен дәстүр» кітабының бірнеше данасын сыйға тартты.

Тұсауы кесілген кітапта ар-ұят, діни рәсімдерге құрмет, әдептілік, сыпайылық, қарапайымдылық, еңбек ету, ата-ананы құрметтеу, көрші ақысы, туыстық байланыс, бауырмалдық, тілеуқорлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, т.б. ұлттық құндылықтарымыздың дінмен сабақтастығы кеңінен түсіндірілген. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің хадистермен ұқсастығы, дін мен дәстүрдің тығыз байланысы туралы көптеген мәліметтер мен дәлелдер келтірілген.

Кітап жастарды, жалпы оқырмандарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндейді.

Біз осы ретте дөңгелек үстелде айтылған салихалы сұхбаттың бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

ОРАМДЫ ОЙЛАР

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

Дер кезінде жазылған дерек

«Біздің ата-бабаларымыз мың жыл бойы Ислам дінін қабылдаған. Бабаларымыз өзінің ұлттық дәстүрімен Ислам дінін қабаттастыра дамытқан. Қазақтың шариғатқа негізделген дәстүрі бар. Осы тұрғыдан айтқанда, дәстүр мен дінді насихаттау – баршамызға ортақ игі іс. Бұл іске бастама болған Бас мүфтидің қолға алған ісі баршамызды қуантып отыр. Өйткені, бұл зиялы қауым өкілдерін толғандырған мәселе еді. «Дін мен дәстүр» дер кезінде жазылған еңбек, дерек дер едім».

 

Жабал ШОЙЫНБЕТ, Абайтанушы-ғалым:

Бір арнаға тоғысқан құндылықтар

«Абай атамыз пайғамбарымыздың хадистерінен мысал келтіре отырып былай дейді: «Ұят кімде болса, иман сонда». Ал біздің халықта жақсы сөз бар: «Ұяты бардың – иманы бар». Көрдіңіз бе, пайғамбардың дәстүрлі сөзі мен қазақтың дәстүрлі сөзі осылай бір арнада тоғысып жатыр.

 

Жұмабек КЕНЖӘЛИН, жазушы:

 Бабалар жолын жалғастырайық

«Ертеректе шыққан «Қазақ», «Бірлік», «Айқап», «Қазақстан», «Серке», т.б. газеттерде ақын-жазушы бабаларымыз ізгілік, имандылық жайлы өндіріп жазып кеткен. Олар темірқазығымыз – имандылықта жатқанын барынша басылымдар арқылы насихаттады. Сондықтан бүгінгі басылымдарда қызмет ететін әріптестеріме бабалар жолын жалғастыру қажеттігін баса айтқым келеді. Тіпті, «Дін мен дәстүр» кітабынан үзінділер беріп отырсақ та үлкен істі тындырған болар едік.

 

Құл Керім ЕЛЕМЕС, ақын:

Кітапты көбейтіп кітапханаларға таратсақ…

«Мен осы ретте бір ұсыныс айтқым келеді. «Дін мен дәстүр» кітабының тиражын көбейтіп, еліміздегі барлық кітапханаларға тегін таратсақ. Сонымен қатар, мектептерде осы тақырып аясында тәрбие сағаттарын өткізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана біз ұрпағымызды жаман әдеттер мен теріс қылықтардан аман алып қалар едік. Жастардың бойында имандылық қалыптаспайынша, біз жамандық атаулымен табанды түрде күресе алмаймыз.


Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы  

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники