«Дін мен дәстүр» (жүктеу)

Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.

Енді ұлт жадынан ұмытыла бастаған имани құндылықтарды қайта жандандырудың реті келді. Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние әкеліп жапсырып жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысудамыз. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу.

Дін мұраттарын қалың бұқараға ұғынықты етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жетік білу қажет. Имамдар мен уағызшыларымызға осындай талап қойылады. Сонымен қатар, ұлттық таным мен әдет- ғұрыптардың мұсылманшылықпен сабақтастығын саралап көрсететін сүбелі еңбектер де жазылуы керек. Қолыңыздағы кітап сондай игі бастаманың жемісі. Мұнда қазақы әдет-ғұрыптардың басым бөлігінің имани ұстанымнан алынғандығы, дәстүр мен діннің біте қайнасып бөлінбес дүниеге айналғандығы туралы әңгімеленеді. Халқымыздың мұсылман үмбетінің бір мүшесі екендігі нақтыланады. Енді осы игі бастаманың жалғасын табарына үміт етеміз.

Жаратқан Жаббар Хақтан Алаш жұртын іргелі ел етіп, ынтымақ-бірлігі мен имандылығын арттыруын сұраймыз.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы

Кітапты өзіңізге жүктеп алу үшін мұнда басыңыз немесе сайтымыздан онлай оқуыңызға болады.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники