Абдурахман Нұрматов: Ислам қоғамындағы бай мен кедей арасындағы қарым-қатынас

Қай дәуірде, қандай қоғамда болмасын бай және кедей, яғни тұрмыстық әл-ауқат тұрғысынан алып қарағанда әртүрлі деңгейдегі қоғам мүшелері өмір сүретіндігі белгілі. Құдіреті шексіз Құдай Тағала біреуге дүние-мүлікті үйіп төгіп молынан етіп берсе, енді біреулерге негізгі қажеті мен күнделікті мұқтаждығын өтеуге ғана жетерлік ризық несібе беріп қояды. Бір үзім нанға зар болып, әйтеуір өлместің күнін кешіп жүрген тақыр кедейлер мен күн сайын, тіпті сәт сайын аштықтың салдарынан бұл пәнимен қош айтысып жатқан бейшара хәлдегі жандар да кездесіп жатады. Бұл, әрине тағдыр мәселесі. Бұл заңдылық дүние жаралғалы осылай жалғасып келді және осылай жалғаса бермек. Яғни, қай қоғамда да бай және кедей табтардың болуы Иләһи жазмыш. Алайда көп жағдайларда байлар кедейлерді өздерінен төмен санап, кемсітушіліктерінің салдарынан кедейлердің байларға деген ашу ызасы оянып, нәтижеде бай мен кедейдің арасына сызат түсіп, қоғамда өзара бөлінушілік, жікшілдік індеті орын алып жатады. Сол себепті де біз бүгін қоғам тұрақтылығы мен тыныштығы үшін маңызды рол атқаратын бай және кедей арасындағы өзара қарым-қатынас мәселесін сөз етпекпіз.

Жалпы, бай мен кедей арасындағы қарым-қатынас олар өмір сүрген қоғамның ерекшелігіне қарай өзгешеленіп отырады. Адами қасиеттерді қастерлеуді негізге алған бір қоғаммен жеке басының қамын ойлап әрбір нәрседен өз пайдасынғана көздейтін бір қоғам арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Яғни, түр түсіне, сырт келбетіне, болмыс бітімі мен материялдық жағдайының жоғары төмендігіне қарамастан, кезкелген адам баласын «бауырым» деп жанашырлық сезіммен қарауды бойына сіңірген қоғаммен, «Жоқ, ол менің қарсыласым, бәсекелесім бақталасым» деген сенімді бойына сіңірген қоғамда бай мен кедейдің арасындағы қарым-қатынас та екі түрлі болмақ.

Мәселен капитализм жүйесі бұл өмірді күрес алаңы ретінде танығандықтан «адам адамға қасқыр» деген қағиданы ортаға қояды. Осындай көзқараспен өмір сүрген бұл қоғам мүшелері екі аяқты жыртқыш секілденіп бір-бірінің мүлкіне нахақтан қол сұға бастайды. Өзгенің бәрін өзінің бақталасы деп білгендіктен бір-біріне аяусыздықпен зұлымдық жасайды. Осылайшы жалпы қоғам адами қасиеттерімен мейірбандық болмысынан алыстап рұхани тоқырауға ұшырайды.  Қоғамда тепе теңдік бұзылып  бытыраңқылық пайда болады. Қыр соңында ол қоғам өз-өзінен жойылып кету қаупі туады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей барлық қоғамда байы мен кедейі болатыны секілді Ислам қоғамында да бай және кедей табтары өмір сүреді. Алайда Ислам құрған қоғамда бұл көрініс мүлдем басқаша. Себебі, мұсылмандар бұл өмірді күрес алаңы емес «сынақ алаңы» ретінде танығандықтан бұл дүниедегі өзіне берілген мүмкіндіктердің барлығын (мал-мүлік, күш-қуат т.б..) Жаратушы тарапынан берілген сынақ деп біліп, оны қайырымдылық жолда жұмсауда бір-бірімен жарысқа түседі. Оларда түр түсіне, атақ дәрежесіне, ұлты мен нәсіліне бөліп жармай, бай, кедей деп ажыратып қарамай барлық адамзат баласы Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы болғандықтан бір-біріне бауыр деген түсінік кеңінен қалыптасқан. Ал бауырлар бірбүтін дене іспеттес, денедегі бір мүше ауырса қалған барлық мүше сол ауруды сезінгені секілді мұсылмандар да бір-бірінің машақатын жеке басына келген машақаттан кем сезінбейді. Сондықтан да Ислам қоғамының «бай бақуаттысы« мен «жарлы жақыбайының« арасында  ажырамас бір рухани байланыс, тығыз қарым қатынас, өзара нәзік мәміле бар.

Ислам қоғамының байы қол жеткізген дүние-мүлкі мен барлық мүмкіндіктерін Аллаһ тарапынан аманат ретінде, сынақ үшін берілген дүние деп біліп, Аллаһқа шүкір ете отырып, жарлы жақыбайларға жәрдем берсе, кедейі таршылықпен жоқшылыққа сабыр етіп, келешектен үміт күтеді. Қанағат таусылмайтын қазына деп, барына қанағат қылады. Сонда олар осынау баға жетпес құнды  қасиеттерге қалайша қол жеткізді?

Оның жауабын төмендегі аят хадистерден айқын аңғара аламыз. Құран Кәрімде:

- Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен ер мен әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар… (Ниса сүресі 1-аят)

- Сендердің  малдарың  да,  балашағаларың да сынақ ретінде берілді (Тағабун сүресі, 15-аят.)

-Тақуа жандар – Аллаһ Тағаланың өздеріне берген нәсібесінен (кедейлерге, қажетті жерлерге) жұмсайды, (игілік жолында сарп етеді) (Бақара сүресі, 3-аят.)

- Олардың байлықтарында кедейлердің белгілі мөлшерде үлестері бар (Мағариж сүресі, 24,25-аяттары.)

-Сендер сүйген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім т.б. )Аллаһ жолында жұмсамайынша шынайы түрде ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар (Али Имран сүресі, 92-аят)

- Кімде кім  Аллаһ Тағалаға бір жақсы амалымен келсе, оған жасаған амалының он есесі беріледі (Әнғам сүресі, 160-аят)

Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.у) хадистерінде:

- Көршісі аш жатып, өзі тоқ жатқан адамның иманы кәміл емес

- Жарты құрма беріп болса да тозақ отынан қорғаныңдар

- Нағыз байлық мал-мүліктің көптігінде емес, жүректің, жан дүниенің кеңдігінде

- Сендер өздеріңнен көп берілгендерге емес, аз берілгендерге қараңдар! Сонда ғана Алла Тағаланың сендерге нәсіп еткен нығметтерінің қадір-қасиетін ұғынасыңдар.

Жәрирдің (р.а.) риуаяты бойынша, бірде таң сәріде жамағат Аллаһ елшісімен (с.ғ.у.) сұхбат құрып отырады. Осы кезде жұпыны киінген, тіпті жартылай жалаңаш десе де болғандай қылыш асынған Мударлық бір топ адам келіп кірді. Олардың бұл жадау кейпін көрген Аллаһ елшісі (с.ғ.у) айрықша толқып, Біләлге азан шақыруын бұйырады. Іле жамағатпен бірге  намаздарын оқып болған соң пайғамбарымыз (с.ғ.у) жамағатқа қарап:

«Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен ер мен әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Оның атын атап, бір-бірлеріңнен өтініп сұрайтын Аллаһтан қорқып, туыстық қатынастарды үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Аллаһ Тағала әрдайым (істеген істеріңнің бәрін толық көріп)» бақылап тұрады» (Ниса сүресі 1-аят);

«Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар. Әркім ертеңі (ақірет) үшін не әзірлеп жатқанына бір назар салсын. Аллаһтың азабына ұшыраудан сақтаныңдар. Күдіксіз Аллаһ не істегендеріңді толық біледі», (Хашір сүресі, 18-аят) деген аяттарды оқиды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні зекет, тағы басқада садақа түрлерін үлестіруге құрбысы жететін бай бакуаттылар өздерімен бір қоғамда қатар өмір сүріпжатқан күнкөріс жағдайы төмен кедей-кепшіктерге қол ұшын беріп, көмек көрсетпейтін болса, руханияты әлсіз болған кейбір кембағал топтар қарын қамын ойлап, ұралу, тонау секілді әртүрлі арсыз істерге қол ұруы мүмкін. Нәтижеде  қоғамға айтарлықтай зиян келіп, қоғамның дамуы мен ілгерілеуіне үлкен қауіп төнері хақ.

Абдурахман Нұрматов

Сурет: pravmir.ru

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники