Р.Қамбаров: Кенже баланы көбірек еркелетуге болады ма?

Перзент ата-анасына қамқор болуы және бар жақсылығын аямауы парыз болғаны сияқты әке-шешенің де өз балаларының алдында тәрбие беру, бағып-қағу және әділ болу сияқты міндеттері бар.

Құран Кәрімде: «…Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Алладан қорқыңдар…[1]»,-деп әмір етілген. Әке сыйлық, киім-кешек және т.б. зат алуда балаларының арасында әділдік жасауы сүннет. Бір баланы екіншісінен артық көру құпталмайды. Осыған қатысты мынадай хадис бар. Нұғман бин Башир (р.а.) риуаят етеді: «Әкем мені көтеріп Алла елшісіне (с.ғ.с.) алып барды. Әкем:

-Уа, Алла елшісі! Куә болыңыз мына балама пәлен және түген мал-дүниені сыйға бердім,-деді.

-Сен барлық балаңа Нұғманға бергендей сыйлық жасадың ба?,-деп сұрады Алла елшісі (с.ғ.с.).

-Жоқ,-деді әкем.

-Олай болса, менен басқа біреуді куә ет. Балаларың саған жақсылық жасауда тең болғанын қалайсың ба?,-деді.

-Иә,-деді әкем.

-Олай болса, бұлай жасама,-деді пайғамбар (с.ғ.с.)[2]».

Хадистегі «Олай болса, менен басқа біреуді куә ет.» деген сөз негізінде балалар арасында теңдік ету сүннет. Парыз емес.

Әділдік ету жайлы имам Мұхаммед бин Хасан, малики мен шафиғи ғалымдардың кейбірі және имам Ахмед ұл балаға мирас үкіміндегідей қыз баланың үлесінің екі есесін беру десе, басқа ғалымдар ұл мен қызға тең қарауды құп санаған.

Сондықтан әке перзенттерінің арасындағы сүйіспеншілікке зияны тимейтін және өз балаларының мүддесіне сай келетін жайтты ескере отырып, осы екі пікірдің бірін таңдауына болады.

Жоғарыдағы хадисте: «Балаларың саған жақсылық жасауда тең болғанын қалайсың ба?» деп айтылғандай балалардың арасында теңдік жасамау, аға-іні бауырлардың бір-біріне қала берсе әке-шешесіне деген реніш тудыруы әбден мүмкін. Бұл реніш кейде, бауырлардың, тіпті әке мен баланың арасы алыстап кетуіне себеп болуы ықтимал.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Алла тағаладан қорқыңдар, балаларыңның арасында әділ болыңдар[3]»,-деген.

Сонымен бірге, ата-ана перзенттерінің біріне көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болатындай, бала ауырып қалу, студент боп оқуға түсу, бала-шағасы көп болу, белгілі себептермен жұмыссыз немесе қарыз болып қалу сияқты жағдайларда болады.

Қалған жағдайларда, перзентті ұл немесе қыз, тұңғыш немесе кенже деп ажыратпай араларында, тіпті беттерін сүюде де, тең қарау әке-шешеге міндет.

Руслан Қамбаров. Дереккөз.


[1] Мәида сүресі, 8-аят
[2] Бұхари, Муслим
[3] Бұхари

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники