Н:Иманалиев: «Дін мен Дәстүр»

«Қазақ халқының әдеттері мен ғұрпындағы құндылықтар жұртымызды тек жақсылық пен туралыққа бастайтын періштелер іспетті» Бектеміс баба.

Адамзат үшін зор нығметтер беріп, ақыретте де игіліктер мен табыстарға жетуіміз үшін тура жолды көрсетіп қойған құдіретті Раббымыз – Алла Тағалаға сансыз көп шүкірлеріміз болсын. Адамзаттың ішіндегі ең ардықтысы барша пайғамбарлардың ішіндегі абзалы және Аллаға ең сүйікті құл бола білген хазреті Паиғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ға және отбасымен сахабаларына есендік пен игі дұғаларымыз болсын!

Шынайы мұсылман әрдайым Алланың ризалығына жетуді мақсат тұтады. Осы мақсатына жету үшін Пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафаның с.ғ.с жүріп өткен жолымен,  яғни (әһлі сүннет уәл-жамағат) жүруге мәжбүр. Шынайы дінімізден бөлек әдет ғұрып деген ұғымдар бар. Дін ислам мен қазақтың әдеттері мен дәстүрлерінің арасында нендей сабақтастық бар? Әдет–ғұрыптарымыз Ислам үкімдеріне сай келе ме? Бұл әдет пен салттарымыздың қоғамдағы тәлім-тәрбиелік маңызы қандай? Міне осы сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғайық.

Әрбір мұсылман мейлі сөзінде, мейлі ісінде болсын Алла Тағаланың әмірлеріне сай әрекетте болуы ләзім. Егер де біздің қолданып жүрген дәстүрлеріміз сүннетке сай келсе, онда нұр үстіне нұр, Алла қаласа зор сауаптарға ие боламыз.

Қазіргі заманға дейін сақталып келген дәстүрлеріміздің бірқатарына тоқталып өтейік.

1. Асар (салт). Бір отбасының ауқымды бір жұмысына ауыл азаматтарының жұдырықтай жұмылып жәрдем беруі. Мысалы: үй салғанда, егін еккенде, шөп шауып, жиғанда т.с.с. Бауырларға қарасу, жәрдем беру-шариғаттың үкімі. Олай болса, салтымыздың бұл түрі сүннетке сай. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алланың құлы мұсылман бауырына қол ұшын беріп, жәрдем етсе, оның мұқтаж нәрселеріне Алла жәрдем береді». (Әбу Һурайрадан Муслим)

2. Аманат (дәстүр). Қазақ халқы аманатты ең сенімді адамға тапсырған. Ол кісілер аманатқа қиянат етпестен, көздің қарашығындай сақтаған. (Бақара 188). Бұл да сүннетке сай дәстүр.

3. Араша (дәстүр). Екі адам жанжалдасып жатса немесе төбелессе, жанындағылар «араша-араша!»-деп басу айтуға тиіс. Осылайша, сойқан небір қылмыстардың беті қайтарылады. Бұл да Пайғамбарымыздың сүннетіне сай амал.

4. Базарлық (дәстүр). Алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көршілеріне, ағайын-туыстарына және бала-шағаларына, үлкенді-кішілі сыйлықтар алып келеді. Мұны базарлық дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да осылай жасаған.

5. Байғазы (дәстүр). Байғазы — жастардың жаңа киген киімдері үшін берілетін ақшалай, не заттай сыйлық. Сыйлық беру, қуанту-шариғаттың талабы.

6. Байлау (салт). Соғып алған аңды, не олжаны жанындағы кісіге сыйға тарту. Мұны қазақ байлау дейді. Бұл да жомарттықтың белгісі.

7. Сүйінші (салт). Қуанышты хабар жеткізуші «Сүйінші!» — деп келеді. Үй иесі оны риза етіп, оған сыйлық береді. «Пайғамбарымызға немерелі болғанын хабарлаған бір әйел кісіге үстіндегі шапанын тарту етеді».

Міне, осы секілді кереметтей тәлім-тәрбиелік мәні бар дәсүр-әдеттеріміз халық арасында кең тараған. Мысал ретінде бірнешеуін ғана келтірдік.

Ендігі кезекте аят пен хадиске мағыналас мақал-мәтелдерімізге көңіл аударайық.

1.Жақсылыққа — жақсылық,әр кісінің ісі, жамандыққа-жақсылық, нар кісінің ісі.

2. Ашуын ақылға жеңдірген — нағыз мықты. Хадис: «Сендердің мықтыларың жауырыны жерге тимегендерің емес, ашуды қайтара білгендерің». (Тирмизи.Бухари.)

3. Көп сөз — көмір, Аз сөз — алтын.

4. Басқа бәле — тілден.

5. Ұят иманға тән.  Хадисте «Ар — ұят иманның бір бөлігі» деген. (Бухари.)

6. Қадірін білген адамға уақыт — қазына.

7. Бір күн ұрыс болған үйден, қырық күндік ырыс кетеді.

8. Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа.

9. Ұлық болсаң — кішік бол.  Мақал-мәтелдерімізде хадиспен үндес келетін, тәрбиелік мәні зор сөздерді бабаларымыз Ислам дініне шынайы мойынсұнудың арқасында, сіздермен біздерге қалдырып кеткен. Мұндай даналық сөздер тізбегі бірнеше мыңға жетіп жығылады. Шымкенттегі «Нұр» мешітінің жанындағы медреседе оқитынбыз. 1993 жылдың желтоқсан айында Сауд Арабияның Мекке қаласындағы «Жабалил Нұр» мешітінің имамы, шейх Нығметуллаһ бин Халил Ибраһим бин Ахмад медресе шәкірттеріне 40 күн бойы дәріс беріп, өнегелі уағыздар айтты. Қоштасарда айтқан мына сөздері есімде қалыпты: «Қазақстанға келудегі негізгі мақсатымыз — жергілікті халыққа дін исламды насихаттау болатын. Кең пейілді, жомарт, қарапайым, сыпайы және қонақжай ел екенсіздер. Әдет-ғұрыптарыңызбен таныстым, салт-дәстүрлеріңіз Исламның негізгі құндылықтарын бойына сіңіріп алыпты. Сіздерден үйренетін нәрселеріміз де көп екен!?. — деп сөзін аяқтады.

Кешегі қиын-қыстау заманда, дінімізден оншалықты ажырай қоймағанымыз — осындай дәстүрлеріміздің ықпалымен болса керек. Ендеше, бабаларымыздың салған сара жолы дінімізге жақын болғандықтан, мақтан тұтуға әбден лайықты.

Алла Тағаланың қолдауымен еліміз өркендеп дами бергей! Исі мұсылманды апаттар мен бүліктерден сақтағай! Елбасымызға, дінбасымызға және бүкіл халқымызға Аллаһ есендік бергей! Баршамызға тура жолды нәсіп еткей!

 ОҚО,Төле би ауданы, Аққұм ауылы

«Тәубе» мешітінің имамы Нұржан қажы Иманалиев.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники