А. Данияров: Мұсылман болсаң, туысыңмен тату бол!

Сурет-0027Рамазан — кешірім айы. Бұл айда Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы аяттарын түсірген. Алла тағала осы айда әрбір мұсылманға ораза ұстауды парыз еткен. Рамазан айында істеген жақсылықтардың сауабы көп. Ораза — жамандықтан сақтар қорған. Ораза ұстаған адам күнә жасамайды, жамандыққа, надандыққа бармайды. Сондықтан ертеде сахабалар, пайғамбарымыздың (с.а.с) кезіндегі адамдар оразаны «Күнә жасаудан корғайтын қалқан», — деп атаған. Ораза — имандылықты орнықтырып, арттыра түсер ғибадат. Ораза — сабырлыққа, қиындыққа мойымауға, ережелерімізді шыңдауға үйретеді. Қолдағы бар игіліктің қадірін біліп, ысыраптан сақтануға шақырады. Міскіндерге қол созып, көмек көрсету сияқты, адамзатқа пайдалы болу секілді сезімдерге жетелейді. Оразаның сенімге, мінез-құлыққа, денсаулыққа пайдасының үлкендігін осыдан білеміз. Оразаның пайдасы көп. Оның сауабы шексіз. Адамдар бір уақытта ауыз бекітіп, бір уақытта ауыз ашып тұтас бір қауымға айналады. Жомарт жанды, жайсаң бауырларымыз қолынан келгенше жоқ — жетіктердің жағдайын жеңілдетуге тырысады. Бұл айда жәннәт есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар (Алла тағланың лағынеті болсын) кісенделеді. Туған  — туыстар  мен мұқтаждарға  садақа беруді көбейту, ағайындардан хабар алу және араздасқандармен татуласу.Жылына бір келетін Оразада адамдар Жаратқанға құлшылық етіп, араз адамдар бір — бірімен татуласып, тек жақсы амалдар жасауға тырысуы қажет. Себебі, Алла берер сауабын дәл осы айда еселей түспек. Алланың рақметі түсетін сансыз нығметтердің бірі әрі бұйрығы  туған — туыстармен   тату болу. Пайғамбарымыз (с.а.с) туыстарымен тығыз қарым-қатынас жасаған. Мәселен, «Мен сендерге туыспын. Сондықтан да бұл дүниеде қолымнан келген туыстығымды істеймін. Шын мәнінде, Қиямет бір Алланың игілігінде», — деген екен. Аталмыш хадисте Алланың Елшісі (с.а.с) үш нәрсені меңзеп тұрса керек. Бірінші, туыстығын үзбеу, екінші, қолдан келгенше жәрдемдесу, үшінші, Қиямет Алланың игілігінде екенін түсіндіріп, туралықты бастау және үйрету. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде «Өзің жақсы көрген нәрсені басқаға да, бауырларыңа да тілемегенше, бір де бірің шынайы мұсылман бола алмайсыңдар», — дейді. Бұл хадисте бес пайдалы өсиет бар. Бірінші, бауырыңды (туысыңды) өзіңнен де артық жақсы көру, екінші, Алланың берген ризығын қызғанбай, керісінше оған да тілеу. Үшінші, туыс-бауырыңды дұғадан қалдырмау. Төртінші, өзіңді ғана ойламау! Бесінші, жәй мұсылман емес, шынайы мұсылман болуға ұмтылу. Демек бес үгіт бір хадистен шығады.

Алланың Елшісі (с.а.с) туысынан қол үзуге тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді» деген екен. Туыстықтан бас тартудың құлшылыққа зияны бар. Бір күні Әбу Һұрайра (р.а) жұма күні мешітке кіріп «Біздің мешітімізге жоламасын!» - деп үш рет қайталап айтты. Сонда одан: «Ей, Әбу Һұрайра, ол кім біздің мешітке жоламайтын», — деп жамағат ішіндегі кісі сұрады. «Апа — қарындасынан, тума — туыстан қол үзген адам», — деп жауап берді ол. Сонда бір жас жігіт мешіттен шығып кетіпті. Ол өз туыстарымен екі жыл араласпай, хабарсыз кеткен екен. Кейіннен ол туыстарынан кешірім сұрап үйіне барады. Сонда одан туыстары: Сені қай жел айдап келді? — деп сұрайды. Мені айдап келген Әбу һұрайраның аузынан шыққан жел, — деді. Ол кісі не деді? Ол кісі (р.а) «Туыстарынан қол үзген адам мешітке жоламасын», — деді. Ол (р.а) пайғамбарымыздан (с.а.с) бір нәрсе естіген болар, оны нақтылап сұрайық, — деп Әбу Һұрайраның (р.а) алдына барады. Сонда Әбу Һұрайра айтты: Мен Алланың Елшісінен (с.а.с) естідім. «Бейсенбі күні екінті намазынан кейін бүкіл жақсы амалдар айрықша көтеріледі.  Жұма күнгі бір сағат тілек қабыл болады. Тек тума — туыстан, апа — қарындастан қол үзген адамдардың жақсы амалдары өзіне қайтады», - деді. Иә, бүгінде тума — туыстан қол үзгені һәм дүниеге берілгендері былай тұрсын, мал үшін жаға жыртысып жатқан туыстар да бар. Ата — бабаларымыз туыстық қарым — қатынасқа қатты көңіл бөлген. Мәселен, Төле шешен:

Жақсы адамға мал бітсе,
Ағайынның жоғына қарасады.

Жаман адамға мал бітсе,
Көрінген мен итше таласады,
деп жырлапты.

Дінімізде ағайын — туыс арасында болатын шарттар бар. Біріншісі: — олармен хабар біліп, зиярат жасау. Әбу Аюб Әл — ансариден (р.а) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.а.с) алдына бір далалық адам келіп:
«Қай амал мені жәннатқа жақындатып, тозақтан ұзақ етеді», — деп сұрады. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с) «Аллаға құлшылық ет! Оған серік қоспа, намаз оқып, зекет бер және тума — туыстармен қарым — қатынаста бол!» - деп бұйырды. Екіншісі — қуанышта да, қиындықта да солармен бірге болу керек. Бір кісі пайғамбарымыздың (с.а.с) алдына келіп:«Мені жәннатқа кіргізетін амалды үйретіңіз», — дейді. «Сауынды сиырды мұқтаж адамдарға беруің және туыс — бауырларға жақсылық істеу», — деп жауап береді Алла Елшісі (с.а.с).

Қазақтың қаз дауысты Қазыбек биі:

Жанашыры жоқ жарлыға,
Қайғысы көшер басына.
Жәрдемші бол асыға,
Қиын — қыстау күндерде,
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба, -
деп жырлаған екен.

Үшіншісі — туралыққа шақыру. «Тахрим» сүресінің 6 — аятында «Әй, мүміндер, өздеріңді әрі үй — іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар», —  делінеді. Төртіншісі — олармен санаспау және міндетсінбеу.  Абдулла ибн Амрден (р.а) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.а.с) «Туған — туыспен санасып жасалған қарым — қатынас қарым — қатынасқа жатпайды», — деген.

Бесіншісі — көңілдеріне қаяу салмау және ренжітпеу, бір істі ақылдасып жасау. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Адамдардың арасында өкпелесу үш күннен ары бармау керек», — деген. Бұл туралы қазақтың Бәйдібек биі баласына былай деген екен:

Өткелді саяз деме,
Таяғыңды салып бойлат.
Ісімді мақұл деме,
Ағайынға салып ойлат, -
деген екен.

Алтыншысы — оларды дұғадан қалдырмау. Ибн Мәжәнің риуаятында келтірілген хадисте пайғамбарымыз (с.а.с) бір күні Аббастың үйіне келді де, туыстарын жинап шапанын жауып тұрып: «Ей, Раббым, бұлар менің туыстарым, мен бұларды жапқан сияқты, Сен де туыстарымды тозақ отынан құтқар» деп дұға етті», — дейді. Сонда үйдің бұрышынан төрт — бес адамның «Әмин» деген дауыстары естілді. Оның ішінде Аббас ұлдары Файз Абдулла, Убайдулла, Хусам, Мағбад, Абдурахман, Саид, Умму Хабиба бар болатын. Осы мұғжизаны өз құлақтарымен естідік деп айтты. Мұсылман мұсылманды Аллаһ үшін жақсы көреді, өйткені, оларды байланыстыратын нәрсе, ол — иман. Ал, иман туыстығы — ұлы туыстық. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде«Шын мәнінде мүміндер (бір — біріне) бауырлар», — деп айтқан.(Хужурат сүресі 10 — аят),  Яғни, мұсылман болсақ, ағайын — туысымыздан қол үзбейік.

Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің бас имамы А. Данияров

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники