Бақдаулет Нұрматұлы: САНСЫЗ САУАПҚА КЕНЕЛЕР ОТЫЗ КҮН

имамОраза сөзінің мағынасы

Рамазан оразасы көштің екінші жылы бәдір соғысынан бұрын парыз етілді. Бұның алдында мұсылмандар әрбір айдың үш күні мен ашура (Мұхаррам айының оныншы күні) күнін оразамен өткізетін. Рамазан арапша сөз, түбірі “рамзау” – “өте ыстық” деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: “Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді”, — деп түсіндіреді. Ораза деп айтып отырған сөзіміз “сиям” деген сөзден аударылды. Мағынасы “өзін тыйу” деген сөз. Шариғатта “таң атқаннан күн көзі толық батқанға дейін ниетпен оразаны бұзатын немесе ашып жіберетін нәрселерден өзін тыйуға” айтылады. Оразаны бұзатын нәрселер дегеннен жеуді, ішуді, жыныстық сезімге берілуді және басқа да оразаны бұзатын нәрселерді қолдануды түсінеміз.

 Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: “Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі,” – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.

Рамазан ерекше ай. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады.  Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәріпінде:  “Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады”, — дейді.

Ораза бес парыздың үшіншісі. Ораза қасиетті Құранның аятымен бекітілген ғибадат. Қасиетті Құранда:“Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді, — делінген.

Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі саналады. Рамзан айына аман есендікпен жеткен, дені басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : “Рамазан айында бір күн әдейін парыз болған оразаны ұстамаған адам өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды”, -дейді. Сондықтан Алланың әмірін өз уақытында орындау үлкен сауаптарға кенелтеді.

Ораза тақуалықты қалыптастырады

 

Ораза — ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятады, ораза — адамның тақуалығын асырады, ораза — адамды Жаратқанға жақындатады, ораза — Алланың ризалығына бөлейді, ораза — мол сауапқа кенелтеді, ораза — жәннат есігін ашады, ораза — тозаққа  қалқан болады. Және біз білген білмеген жақсылықтарға жеткізеді. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с):“Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі”, – дейді.

Ұстап жүрген оразамыздың да адамға берері мол. Исламдағы ораза тәрбиелік маңызы зор ғибадат. Ораза – пенденің Аллаға деген сезімін оятатын, Алланың ризалығына бөлейтін, ораза пендені тамақ жемейтін, шөліркемейтін, жыныстық сезімдерге берілмейтін періште мәртебесіне көтеретін, тозаққа жетелейтін жаман қылықтарға қалқан болатын, жаманнан жирендіріп көркем мінез құлықтарға бейімдейтін және көп жақсылықтарға жеткізетін ғибадат. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық.

Рамазан айында ұсталатын үш түрлі ораза бар. Біреуі – ішіп-жеуден тиылу, екіншісі – көз, құлақ, тіл, дене-мүшенің оразасы. Оның дәрежесі біріншіден жоғарырақ. Тамақ ішіп-жеуден кез-келген адам тиылуы мүмкін, бірақ оразаны өсек айтпай, жаман сөзді тыңдаудан қашып, харам нәрсеге қарамай, жаман сөз сөйлемей, лас орынға бармай өткізген жанның оразасының дәрежесі биік болады. Ал үшінші биік дәреже ол – ішкі дүниені тазалау. Оразаны бұлай ұстауға кез келген адамның шамасы келе бермейді. Жүректі тазалау, өзін сабырлыққа үйрету керек. Сабыр — құлшылықтағы, қуаныштағы, қайғы кезіндегі сабыр болып бөлінеді. Құлшылықтағы сабыр Рамазан айының оразасы кезінде көрініс табады.

Ораза қалыптастыратын адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі – тақуалық. Оразаны парыз еткен аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалы болуларың үшін ораза парыз етілді»,– деп басталды. Ораза бізді діндар, тақуа болуымыз үшін парыз болған ғибадат. Тақуалық – жаманнан жирендіріп,  жақсы,  көркем  мінездерге бейімдейтін,  жақсылыққа  жетелейтін қасиетті күш.

Мысал ретінде айтар болсақ, бұл айда Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Мұхаммед көшеге шыққанда, тіпті басқа діндегі яһудейлер, христиандар тамақ ішіп тұрса, тамақтануын бірден тоқтатқан. Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) осылай құрмет көрсеткен. Бұл өзге дін өкілдерінің де оразаны іштей мойындауының, қадір-қасиеті мен, маңыздылығын мойындауының белгісі болса керек. Тағы бір жақсы сипаттағы көрінісі — Ингушетия мен Чешенстанның президенттері арнайы заң қабылдап, «Ораза кезінде харам нәрселер, оның ішінде, ішімдік сатылмасын» деп бұйрық беріп жатыр. Бұл да тақуалықтың белгісіне жататын амал деуге болады. Түркияда  ораза ұстаған азаматтарға ерекше құрмет көрсетіледі. Көптеген мейрамханалар күндіз жабылып, ауызашарға дайындық жасайды. Жылда ораза кезінде жолаушы боп жүрген азаматтарға көшелерде ауызашар беру акциялары ұйымдастырылады. Кез-келген адам дастарқанға жайғасып, аузын ашып, алғысын  айтып кетеді. Бір бірін танымайды, бірақ әркім өз сауабы үшін жұмыс істейді. Бұл да оразаның қасиеті, тақуалыққа бейімдеген ықпалы, адамдар арасында жақсы қарым қатынас орнатқанының белгісі.

Бұл секілді ілтипат пен жақсылыққа ұмтылу адам баласының бойына тек көркем мінез бен мол мейірім ұялатары анық. Сондықтан оразаның тәрбиелік мәні де орасан зор деп айтуға әбден болады.

 

Оразаның түрлері

 

Оразаның алты түрі бар: Парыз, уәжіп, сүннет, мустахаб, мәкруһ және харам.

Парыз ораза – Рамазан айында ұсталатын ораза, Рамазан ораза-сының қазасы және кәффарат оразалар.

Уәжіп оразаға бір нәрсеге аталған оразалар мен бұзылған нәпіл оразалар жатқызылады.

Сүннет ораза – Мухаррам айының тоғызыншы және оныншы немесе оныншы және он бірінші күндері ұсталатын ораза.

Мустахаб оразаларға қамари (аймен есептелетін) айлардың онүш, он төрт және он бесінші күндері, аптаның Дүйсенбі және Бейсенбі күндері және Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күндік ораза кіреді.

Мәкруһ болып есептелетін оразалар мыналар: әр Мухаррам айының тек қана оныншы күні мен тек қана жұма немесе сенбі күндерінде ораза ұстау.

Харам болып есептелетін ораза-лар: Рамазан айтының бірінші күні мен Құрбан айтының төрт күнінде ораза ұстау – харам. Өйткені айт күндері Алланың құлдарына деген сый-сияпат күндері. Алланың сый-сияпатынан бас тартуға болмайды.

Басқа діндегілер, тіпті, жануарлар да ораза ұстайды.

 

Алла-Тағала Құрандағы «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді», – дейді. Демек, ораза тек Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өзіне, үмбеттеріне ғана емес, Адам атадан бастап Құранда аты аталған 25 пайғамбарға да парыз болған. Ораза ұстаудың  уақыты бізде 1 ай болса, Адам пайғамбар (а.с.) үш күн, Иса пайғамбар (а.с.) 40 күн, Мұса пайғамбар (а.с.) алты ай ораза ұстады деген риуаяттар бар. Бірақ уақытында, шарттарында белгілі бір айырмашылықтар болған. Демек, Алла-Тағаланың адам баласына міндеттеген нәрселерінің түбі – құлшылық.

Осы аяттан, ораза ұстау жаңа бір ғибадат емес, керісінше ораза ұстау барлық діндерде бұрыннан бар ғибадат екенін түсінеміз.

 Тәуратта хазреті Мұсаның Тур тауында болған кезде 40 күн ораза тұтқаны жазылған. Хазреті Дауд та басына келген қиыншылықтар себебінен ораза тұтқан. Қауымын Парсы патшасының зұлымынан құтқармақшы болған яһуди қызы Эстер, олардың үш күн ораза ұстауларын қалаған.

Хазреті Иса ібіліс тарапынан сыналу үшін шөлде қалғанында қырық күн ораза тұтқан.

Дінтанушы ғалымдардың айтуына қарағанда барлық діндерде, тіпті иләһи емес діндерде де ораза ғибадаты бар екен. Бірақ, ораза ғибадатын орындау әртүрлі.

Мысалы: көне мысырлық балгерлер жылына жетi күннен жетi аптаға дейiн ораза ұстапты.

Қытайлықтар жай күндерде бастарына бiр iс түскенде өздерiн ораза ұстауға мәжбүрлейтiн. Кейбiр қытайлықтар мен тибеттiктер жйырма төрт сағат ораза ұстаған екен.

Гректер көбрек әйелдерiн ораза ұстауға мәжбүрлепті. Юнондық тайпалар соғыс бастаудан алдын бiрнеше күн қатарынан  ораза ұстайтын болыпты.

Римдықтар мен италияндықтар жау бастырып келгенде жеңiске жету үшiн ораза ұстайтын болған.

 Кейбір діндерде үш мезгіл тамақтың бір мезгілін жемеуді ораза ғибадаты деп санаса, кейбір діндерде түске дейін аш жүруді ораза дейді, кейбір діндер тамақтың ешқандай түрін жемей, бірақ су ішіп жүруді ораза деп түсінеді, кейбір діндер мысалы християндарда жануарлардың етін, құстардың жұмыртқаларын қырық күн жемей жүруді ораза дейді.

Тіпті кейбір жануарлардың да ораза ұстайтыны жайлы дәлелдер бар. Мәселен Ашура күні (Мухаррам айының оныншы күні) ораза ұстау жайлы хадис шәрифте былай делінеді: «Ашура күні Нұх алейһиссаламның кемесі Жуди тауына отырды. Ол күні Нұх және қасындағылар, Алла тағалашүкір ету үшін ораза тұтқан еді. Жануарлар да ешнәрсе жемеген еді.»

Бір аңшы ашура күні бір киікті ұстап алады. Киік балаларын емізіп кешке қайтып келуі үшін расулуллаһ алейһиссаламнан шапағат сұрайды. Аңшы киікке кешке дейін қалмай емізіп дереу қайтып келуін айтқанда, киік “Бүгін ашура күні. Бұл күннің құрметіне балаларымызды емізбейміз. Сондықтан мен кешке келу үшін рұқсат сұрадым” дейді. Мұны естіген аңшы киікті пайғамбарымызға сыйға береді. Пайғамбарымыз киікті босатып жіберген.

Аңдардың сырқаттанған не қатты жараланған кезде ішіп-жеуді сап тыятынын, денеге қауіп төнгенде, ас қорытумен айналысқысы келмейтінін, өйткені, дененің жинаған энергиясының үште бірі тамаққа жұмсалатынын, сондықтан да энергияны өз бойынан алып, бар күшін ауруға қарсы бағыттайтынын қазіргі кезде кейбір ғалымдар дәлелдеп отыр.

Оразаның денсаулыққа пайдасы

 

Зерттеуші Жозеф Чепач алғашында 10 күн, кейіннен 25 күн бойы ораза ұстап тамаша нәтижеге қол жеткізген. Өз зерттеуінен кейін, ораза ұстаған кісінің өзін аш сезінбейтініне, дене мен  ойдың сезімталдығын арттыра түсетініне, адамның дене бітімін бір қалыпта сақтайтынына анық көз жеткізгенін мақала етіп жазған.

Доктор Отто Бачингер буын ревмантизміне шалдыққан кезде, ораза ұстап, ауруынан құлан-таза айыққан. Нәтижесінде Доктор Бачингер «Ораза температураны түсіруден бастап мың да бір ауруға ем. Ораза – пышақты қажет етпейтін операция» деп мәлімдеген. Қазіргі күнде Германияның 29-клиникасында науқастарға ораза арқылы ем жасалынады екен.

«Ораза арқылы нашақорлар мен араққа салынғандарды да психотерапевт жолымен емдеуге болады,» депті Психолог Журген Вом Шейд.

Француз биологы, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің былай дейді: «Адам ауыз бекіткенде ең бірінші аштық, одан соң денеде әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар да қимылдап ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуімен қамтамасыз етеді», деген, «Белгісіз адам» атты еңбегінде.

Ораза тұту – қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі, ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады. Ұйқы безі қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулинен артық мөлшерде тамақ жейтін болса онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Осылай жалғаса берсе ұйқы безі өз функциясын атқарудан қалады. Осы уақытта адам бойындағы қант қанға тарай бастайды да оның қандағы құрамы бірте-бірте көбейіп адам қант ауруына шалдығады. Ауыз бекіту арқылы қант аруын емдеу процесі былай жүреді: пациент үш апта бойы күніне (қанындағы қанттың мөлшеріне байланысты) күніне 10 сағатпен 20 сағат арасында ауыз бекітеді. Одан кейін ауыз ашқан кезде жеңіл тамақтармен қоректенеді. Бұл химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай қант ауруын емдеудегі өте ұтымды жол екенін медицина дәлелдеп отыр.

Сөз арасында садақа жайлы

 

Бұл айда әр мұсылманның пітір садақа беретіні баршаңызға мәлім. Ораза рамазан айының көркі болса, пітір садақасы да Рамазан айының берекесі саналатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақа Раббыңның ашуын басады, беймезгіл өлімді қайтарады»,– деген. Әрбір мұсылманның пітір садақа беруі – уәжіп. Пітір садақаны мұсылмандар «жан садақасы» деп те атайды. Қасиетті Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдарда Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Имран» сүресі, 92-аят),– делінген.  Негізінде, адам баласына өзінің табысын біреуге бере салу оңайға соқпайды. Алайда, пітір садақа арқылы ол өз нәпсі қалауына қарсы шығып, мұқтаждарға қарайласады.

Садақа беру тіпті христиандарда да бар. Олар оны «десятник» деп атайды. Яғни, әрбір христиан өз жалақыснан он пайызын садақа есебінде береді. Рамазан баршамыздың жомарт болуымызды уағыздайтын ай. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі рамазанда басқа айларға қарағанда жомарт болатын еді делінген хадистерде.

Сөз соңында

 

Бір падишах уәзіріне ашуланып, оны зынданға отырғызып, тек қана қара нан мен су берілуін әмір етеді. Қаншама уақыт өтсе де уәзірдің шағымданбай, қиындыққа мойынсұнып отырғанын байқаған падишах, зынданға барып уәзірді алдына алып келуді бұйырады. Уәзір келгенде, жегені тек қара нан, ішкені қара су болса да, уәзірдің наразылық көрсетпей қалайша сабыр сақтай алғанын білгісі келіп:- Басыңа үлкен тауқымет түсіп, қолың-аяғың шынжырға байлаулы болса да, денсаулығың сол баяғыша жақсы, көңілің де орында сияқты. Өзіңді қалай сақтай алдың? – деп сұрайды.

-                     Мәртебелім, менің 5 дәрім бар. Соларды ішіп жүрмін, — деп жауап береді уәзір. Падишах қара наннан басқа ешнәрсе берілмесін деген әмірін көмекшілері орындамаған екен деген оймен қатты ашуланады. Уәзірге: -Қайда ол дәрілер? Көрсет маған!, — деп қаһарланады. Сонда уәзір былай дейді: Бірінші дәрім – Тәуекел! Яғни, Аллаға иман етіп, істерімді Оған тастадым. Екінші дәрім – Тағдырға ризашылық. Жазмыштан озмыш жоқ – маңдайыма жазылғандардың бәріне көніп еш шағымданбаймын. Үшінші дәрім – Сабыр. Төртінші дәрім – Қанағат. Жағдайы менікінен де жаман болғандарды ойлаймын да, шүкір етемін. Бесінші дәрім — Үміт. Қайткен күнде де бір күні бұл зынданнан шығатыныма үміттімін, — депті уәзір Падишахты әрі риза етіп, әрі таң қалдырып.

Осы бір ғибратнамада мұсылман бауырларымызға үлгі боларлық үлкен ой жатыр. «Күн ыстық» деп сылтау айтатын, «үнемі жұмыстамын» дейтіндер, «аштыққа шыдай алмаймын» деп шағымданатын кейбір бауырларымыз жоғарыда айтқан тәуекел, тағдырға ризашылық, сабыр, қанағат және Алланың сауабына үміт етуді жанына серік етсе қаншама жақсылыққа кенелер еді.

Баршамыздың жасап жүрген ғибадаттарымызды Алла қабыл еткей! Рамазан айында елімізге амандық, жерімізге тыныштық, шаңырағымызға Жаратқанның жақсылықтары дарысын, деп тілейік.

Абдырахманов Бақдаулет Нұрматұлы

Шымкент қалалық А. Қаттани мешітінің бас имамы.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники