Кенжебеков Қанатбек: Қанағат таусылмайтын қазына

001Қанағат — қолында барға шүкір ету, жағдайына разы болу, өзгенің мүлкіне көз тікпеу, тойымсыз, ашкөз болудан сақтану мағналарын білдіреді.

Қазақта «Қанағат қарын тойғызар-қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген терең мағыналы қанатты сөз бар. Яғни, қанағатшыл адам Алланың берген нығметтеріне әрдайым шүкіршілік етіп,  аз болсада өзіне берілген үлеске разылық танытады. Ал қанағатсыз пенде болған үстіне бола берсе екен деп қолда бардың қадірін өз қолымен қашырады.

Дүниеде адам баласының мұқтаждықтары мен қалаулары көп болатындығы белгілі. Әр адам өз қажеттілігін молынан болуын қалап, қамшының сабындай қысқа ғұмырда үлде мен бүлдеге бөленіп өмір сүргісі келеді. Алайда бұл әруақытта да мүмкін бола бермейді. Себебі адам баласының қалауы мен мүмкіндіктері шектеулі. Кейде сол шектеулі мүмкіндіктерімізге қарамстан тырбаңдап дүниеге беріліп, пайдаға кенелеміз деп алдау, арбау, қулық-сұмдықтың неше түрін қолданып, Алланың әмірлерін де аяққа таптап жалғанды жалпағынан басып жатамыз. Адам бойындағы осынау дүниеқұмарлық сезімдерін қанағат қана тоқтата алады.

Өмірін қанағатпен өткізген ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.у) сахабаларына үнемі қанағатшыл болуларын өсиет ете отырып, «Кімде-кім маған ел-жұрттан ешнәрсе сұрамайтындығы туралы уәде берсе, менде оған жәннатқа кіретіндігі туралы уәде беремін»-деген болатын.

Қанағатсыз пенде ешқашан тойдым көрдім деген сөзді айта алмайды. Үйіп-төгіп мал-мүлік, бақ-дәулет берілсе де бәрібір көңілі көншімейді. Ондай адам шүкір етуді де білмейді. Керісінше болған сайын бола берсе екен деп, барған сайын дүниеге құныға бастайды. Келесі хадисіміз осыған дәлел. «Адам баласының екі сай толған алтыны болса, міндетті түрде үшінші бір сай алтыны болғанын қалар еді. Алайда оның көздерін топырақтан басқа ешнәрсе толтыра алмайды. Дегенмен Алла Тағала — тәубе етушілердің тәубелерін қабыл етеді». (Бұхари, Риқақ,10; Муслим, Риқақ, 16, Зекет, 116, 119; Тирмизи, Зүһід, 19; Ибн Мәжә, Зүһід, 27)

Жаратқан иеміз бізге қанағатшыл болуды әмір етеді. Барға қанағат жоққа салауат деп азда болса қолында барға қанағат еткен құлдарын сүйеді. Ал керісінше қанағатсыздық, дүниеқұмарлық, ашкөздік, қомағайлық, өзгенің мүлкіне сұқтану Алла сүймейтін жағымсыз мінездер. Халқымыз «Қанағат таусылмайтын қазына» — деп бекер айтпаған. Себебі қанағатшыл адамға қайғысыз жеген қара нанмен ішкен қара суының өзі баға жетпес байлық болып саналады. Дүние-мүлкің қаншалықты көп болса да жүрегіңде титтей де қанағат атты асыл қазынадан үлес болмаса онда өзіңді ештеңен жоқ бейшарадай сезініп, дүниеқоңызы секілді тырбаңдап харам-халалдың парқына бармай тезек теріп өмірден өтерің сөзсіз.

Сондай-ақ, қазақта көрпеңе қарай көсіл деген де сөз бар. Яғни көрпесіне қарап аяғын ұзатуда  адамның тікелей қанағатшылдығына байланысты. Негізінде қанағат дегеніміз ол көңіл байлығы. Ал, қанағатшыл адам — көңіл байлығына ие болған адам. Осындай сипаттарға ие болған пенде әрдайым Алланың берген нығметтері мен қол жеткізген мүмкіндіктеріне шүкір етумен болады. Қанағатшыл адам ешқашан өзгенің мүлкіне көз тікпейді. Әрдайым қомағайлықтан, ашқарақтықтан сақтанып өмір сүреді. Пайғымбарымыздың (с.a.у.) бір хадисінде «Ақиқатында байлық дүние байлығымен емес көңіл байлығымен ерекшеленеді» делінген. (Бұхари, Рикак 15; Муслим, Зекет, 120; Тирмизи, Зүһід, 40; Ибн Мәжә, Зүһід, 9)

Келесі хадисте қанағатшыл адамдар былай мақталған:

«Мұсылман болып, өзіне жеткілікті ризық берілген және Алланың берген нығметтеріне қанағат еткен кісі-күмәнсіз құтылған болады».(Мүслим, Зекет, 125).

Лұқман Хәкім өз ұлына айтқан насихатында:

«Балақайым! Көңіліңді ешқашанда уайым-қайғылармен толтырма. Ашкөздіктен сақтан. Әрдайым тағдырға разы бол. Алла Тағала тарапынан берілген нәрселерге қанағат ет. Сонда ғана өмірің жақсарады, көңілің қуанышқа бөленіп, өмірден ләззат ала бастайсың»-деген.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.a.у) «Сіздерден біріңіз мал-мүлікпен жаратылыс тұрғысында өзінен жоғары болғанға қараған сәтте өзінен төмен болғанға да назар аударсын.(Сонда өзінің жағдайына шүкір ететін болады)» (Бұхари, Риқақ,30) -деп ескертеді.

Алла достарының бірі сағат сатып алу мақсатында базарға баражатып жолда қолы жоқ бір адамға кездеседі. Кенет «Мен сағатым жоқ деп ренжіп жүрсем мына адамның тіпті қолыда жоқ екенғой» деп көздеріне жас алып Аллаға тубе еткен екен.

Қанағат шүкір сөзімен де мағыналас болып келеді. Шынайы мұсылман пенде қиыншылықтарға сабыр, нығметтерге шүкір, барға қанағат етеді. Қолында барға шүкір ету қанағатшыл пенденіңғана қолынан келетін іс. Ұлы Раббымыз Құран Кәрімде «Шүкір етсеңдер нығметімді арттыра түсем» (Ибраһим, 14/14) деп ескертеді. Сүйікті пайғамбарымыз (с.a.у) «Қанағатшыл бол! Сонда Аллаға ең шүкір еткен пенделерден  боласың» (Ибн Мәжә, Зүһід, 24) – деп, өсиет ете отырып, шүкір мен қанағаттың қаншалықты байланысты болғанын  білдірген.

Дегенмен, қанағатты қате түсініп, жалқаулыққа салынуға болмайды. Айтпақ болғанымыз — қанағатшыл адам алдымен шама шарқына қарай қолынан келген істі атқарады. Сосын нәтижесін Алладан күтіп, Алла тарапынан берілген ризқ-несібеге қанағат етіп, барына шүкір қылады.

Қорыта айтқанда, бізге жүктелер міндет, алдымен жұмыс істеп несібемізді халал жолмен табуға әрекет ету. Сосын Алла берген нығметтерге шүкір етіп, барға қанағат қылу. Осылай етсек Алланың сүйген құлдарынан боларымыз сөзсіз.

Кенжебеков Қанатбек

Сарыағаш ауданының Бас имамы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники