АЛЛА ТАҒАЛАДАН ТIЛЕЙМIН

Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын! Бүгiнгi “Жас Алаш”, кешегi “Лениншiл жас” мен үшiн аса қымбат басылым. Оның қазақ баспасөзiндегi орны бөлек. Әсiресе, бүгiнгi һәм кешегi де, оған дейiнгi жас буындардың санасына сәуле құйып, тәрбиелеп, ақылшы ұстазы әрi сырлас серiгi болды, бола да бермек. Басылымның тiзгiнiн өз кезiнде талай iрi тұлғалар ұстады. Арғысын айтпағанда, бiздiң заманымызда Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердiқұлов, Уәлихан Қалижан секiлдi қаламы жүйрiк, танымал тұлғаларды кiм бiлмейдi?! Онда Әбiш Кекiлбаев, Сағат Әшiмбаев, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдiмбеков, Аян Нысаналин, Кәдiрбек Сегiзбаев, Серiк Әбдiрайымов және тағы басқа да қаламгерлердiң үлкен тобы оның шеберханасынан шыңдалып шықты.

Талаптың тұлпарын мiнген талайдың тырнақалды дүниелерi басылым бетiнде жарық көрiп, тұсауы кесiлдi. Соның бiрi – мен. 1970-75 жылдары Мәскеу Шығыстану институтында оқып жүрген жылдары Екiншi Аристотель атанған шығыстың жарық жұлдызы, данышпан, ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби туралы көлемдi алғашқы мақалам көрнектi ғалым Ақжан Машановтың алғы сөзiмен дәл осы “Лениншiл жаста” жарық көрдi. Оған дейiн қайда жүрсем де қолымнан түспейтiн сүйiктi газетiмнiң осылайша бiрте-бiрте тұрақты авторына айналдым. Мәскеуде оқып жүрген жылдары мен “Лениншiл жасты” жаздырып алып тұрдым. Жұрт оны менiң бөлмеме келiп оқып тұратын. Мұны өзiм үшiн зор мәртебе санаймын. Қазақ топырағынан шыққан талай есiмi мен атақ-даңқы мұсылман әлемiне белгiлi талай Фарабилер, Түркiстанилер, Сығанакилер, Таразилер жайлы зерт­теулерiм осы басылым арқылы қалың оқырманға жеттi. Ал соңғы он жылда елiмiздегi дiни ахуалға қатысты әлденеше рет сұхбат бердiм. Дiни мерекелерге қатысты дәстүрлi құттықтауларым жарияланумен келедi. Басылым осылайша тiлiмiздi, дiлiмiздi, дiнiмiздi, салт-дәстүрiмiздi сақтап, дамытуға, сол арқылы ел тұрғындарының өзара түсiнiстiк пен сыйластықта өмiр сүруiне, тәуелсiздiгiмiздi нығайта түсуге атсалысып келе жатқаны қалың оқырманының бiрi әрi тұрақты авторы ретiнде менi үлкен қуанышқа бөлейдi.

Сүйiктi Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзiнiң бiр хадисiнде: “Мүмин жаннатқа кiрмейiнше жақсы сөздi тыңдаудан жалықпайды”, – деген. Мұның мәнiсi мүмин тек жақсы сөзге құлақ асып (тыңдап, оқып), өсек-аяңнан аулақ болады дегендi бiлдiредi. Мүмин кiсi дiнде қуатты, яғни дiндi мықты ұстайды. Жұмсақ бола тұрып – табанды. Иманда – тұрақты. Бiлiмде – ынталы. Талапта – сабырлы. Ғылымда – саналы. Байлықта – үнемдi. Кемтарлықта – шыдамды. Ынта, тiлекте, яғни өзiне бiр нәрсе талап еткенде – ұялшақ. Кәсiпте – адал. Туралықта – әдiл. Басқаруда – белсендi. Құмарлықта – естi, яғни құмарлыққа елiкпейдi. Әрекет еткенге – қамқоршы. Мүмин – өзiн күндегенге жәбiр көрсетпейтiн Алла тағаланың пендесi. Жақсы көргенiне және аманатқа қиянат етпейдi. Күндемейдi. Масқаралап, даттамайды және тiл тигiзiп күнәһар болмайды. Өзiне қарсы болса да, растықты мойындайды. Жалған ат таңып, мазақ етпейдi. Намазда – момын, зекетте – асығыс. Күйзелiсте – байсалды да байыпты. Молшылыққа – шүкiр етушi. Барға – қанағатшыл. Мүмин бөтеннiң нәрсесiнен дәмеленбейдi және дөрекiлiктен аулақ болады.

Бiз ел мұсылмандарының осындай деңгейге жетуiн және оған бұқаралық ақпарат құралдарының, оның iшiнде жастардың және жасамыстардың қолынан түспейтiн сүйiктi басылымы – “Жас Алаштың” да тиiсiнше атсалысуын, мұнан әрi де беделi мен абыройының арта түсуiн құдiретi күштi Алла тағаладан тiлеймiн.

Бүгiн 90 жылдығын атап өтiп отырған “Жас Алаш” басылымының қалың оқырманы мен редакция ұжымын осынау айтулы мерейтойымен ел мұсылмандары және Өз атымнан да шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс, ынтымақ пен береке, зор денсаулық, тыныш өмiр, бейбiт аспан, иманды өмiр тiлеймiн. Әумин!

Iзгi тiлекпен,
Әбсаттар ДЕРБIСӘЛI,
Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы,
бас мүфти, қажы, шеих.

www.muftyat.kz



Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*