ҚМДБ тұжырымы

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

«БЕКІТЕМІН»

________________________________

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ  ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ,

БАС МҮФТИ, ШЕЙХ

ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

«_____»_______________________2010 ж

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ИСЛАМДЫ ДАМЫТУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

(2010-2020ж.)

АЛМАТЫ - 2010


МАЗМҰНЫ:

КІРІСПЕ

1. ҚАЗАҚСТАН   МҰСЫЛМАНДАРЫ   ДІНИ   БАСҚАРМАСЫ

1.1. ҚМДБ туралы қысқаша мәлімет;

1.2. ҚМДБ-ның міндеттері

1.3. ҚМДБ-ның құрылымы мен бөлімдері

1.3.1. ҚМДБ-ның басқарма бөлімдерінің міндеттері

2. РЕСПУБЛИКАДАҒЫ   ДІНИ   АХУАЛДЫҢ   ЖАЙЫ

2.1. Қазақстан республикасындағы Ислам діні дамуының қазіргі жайы

3. ИСЛАМДЫ ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

4. МЕШІТ ІСТЕРІ

5. ИМАМ АҒЗАМ МӘЗҺАБЫН ЖӘНЕ ИМАМ МАТУРИДИ АҚИДАСЫН ҰСТАНУДЫ ДАМЫТА БЕРУ

6. ЖАСТАР  ЖӘНЕ  ИСЛАМ  ДІНІ

7. ӨЗГЕ МЕКЕМЕЛЕРМЕН БАЙЛАНЫС

8. ДІНИ ІС-ШАРАЛАР

9. ДІНИ ОҚУ-АҒАРТУ ІСТЕРІ

10. ҚАЗАҚСТАН          АЗАМАТТАРЫНЫҢ СЕНІМ ЕРКІНДІГІ

11. ИСЛАМИ ҚАРЖЫ КӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЛАР

12. ЖАТ СЕКТАЛАР, ЛАҢКЕСТІК ЖӘНЕ ФИТНАШЫЛ ӘРЕКЕТТЕР

13. ҚМДБ-НЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫ

14. ҰСЫНЫСТАР

КІРІСПЕ

Қазақ халқы ғасырлар бойы Ислам дінін берік ұстанып, оның құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп келеді. Ислам -  адам баласы өмірінің барлық салаларын қамтитын соңғы әрі кемел дін. Ғылым мен техниканың заманауи жетістері бұл діннің қыр-сыры уақыт өткен сайын ашыла беретінін дәлелдеді. Ислам дінінің экономика мен технологияға,  халықтың әлеуметтік жағдайларына да әсер ететіндігі түрлі саладағы ғалымдар еңбектерінде көрініс тапқан.

Қазақстан Республикасында қалыптасқан діни ахуал – Исламның даму деңгейінің көрсеткіші.

Дінді дәстүрлі ғұрыптық-мәдени саладағы әрекет деп түсінетін ел тұрғындарының Ислам дініне көптеп қызығушылық танытуында діни институттардың ықпалы байқалады. Көпшілік халықтың Ислам туралы түсініктері, негізінен, діни мерекелердің (Ораза айт, Құрбан айт), отбасылық және жеке өмірдегі мұсылманшылық кәделердің (неке, жаназа т.б.) де айналасында жетіле түсуі дін насихаты арқылы тарайтындығының белгісі. Бүгінгі күндері дінді ұстанып, оның шариғи үкімдерін орындаушылардың басым бөлігі жастар.

Кейінгі кездері Қазақстанда Ислам діні дамудың жаңа сапалық деңгейiне көтерілді және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдағы уақытта оның табысты дамуына бағытталған ішкі заңдылықтар жобасын әзірледі. Дін істерінің бүгінгі жайы бұл саладағы шараларды жүзеге асыру тетіктерінің дұрыс жолға қойылғандығын көрсетеді.

ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда діни жұмыстар қарқыны тұрақты қалыпқа түскен.  Ел тұрғындары арасындағы өзара ынтымақтастық деңгейi де едәуір жоғары.

Бүгінгі таңда қоғамда толеранттылық дүниетанымды нығайту арқылы экстремистік пиғылдардың алдын алу амалдары күн тәртібіне қойылған. Мемлекеттің діни білім беру жүйесін қадағалауға алуы осы бағыттағы әрекеттердің бірі. Діннің қоғам өмірімен үйлесім табуы ұрпақ тәрбиесіне игі әсерін тигізеді. Бұдан діни сауаттылықты өрістетудің қажеттілігі туындайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдағы кезеңдердiң дінмен түбірлес өзекті мiндеттерiн шешу әрекеттерін жалғастырады және арттырады. Республика деңгейінде нысанға алынған діни мақсаттарды және Исламды дамыту бағыттарын айқындап, оның алғышарттарын қалыптастырады.

Дінді өркендету жоспарында жеке адамдар арасындағы және халықаралық ынтымақтастық пен өзара түсінушілікті қалыптастыру ісіне тиісінше көңіл бөлінген. Шет мемлекеттермен, соның ішінде Ислам елдерімен халықаралық стандарттарға сай кеңесу кеңiстiгiн орнатудың тиімді шаралары қарастырылуда.

Тұжырымдаманың мақсаты – Республиканың мұсылман тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыратын және облыстардағы мешіттер мен діни-ағартушылық жұмыстарының сапалы, тұрақты және тиімдi қызмет көрсетуіне мүмкіндік туғызу, сондай-ақ ҚМДБ-ның қазақстандық қоғамдағы исламның рухани-имандылық және гуманитарлық ықпалын кеңейту жөніндегі жұмыстарының тиімділігін арттыру.  Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай негізгі міндеттерді шешу көзделеді:

- Білімді, жоғары моральды және патриот діни қызметкерлер мен діндарлар дайындау;

- ҚМДБ-ның мемлекетпен мақсаткерлік аясын кеңейту.

Ислам дінін дамытудың тұжырымдамасы 2010-2014 жылдар аралығындағы негiзгi мiндеттер мен дамыту бағыттарын айқындайды.

Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Конституциясының сенім бостандығы туралы бабына, Қазақстан Республикасы Президентi жарлықтарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердің мазмұнына негізделген.

1 ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

1.1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы туралы қысқаша мәлімет

1.1.1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республиканың діни процестері мен қатынастарды бір орталықтан реттейтін мекеме және Ислам дініне сенетін адамдардың ерікті діни бірлестігі саналады. 1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес ұйым ретінде құрылуы республикамыздағы дәстүрлі исламдық құндылықтарды жаңғырту мен дамыту, қазақстанның мұсылман қауымын бір мақсат төңірегіне топтастыру тұрғысынан да елеулі маңызға ие болды.

1.1.2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мемлекет құзіретті ислам ұйымы ретінде танып отыр. ҚМДБ Қазақстандағы исламның жаңғыру процестерінің қақ ортасында болуы тиіс.

1.1.3. ҚМДБ құрылған кезінен бастап мемлекетпен өзара ынтымақтастықта келеді. ҚМДБ өкілдері, имамдар Үкімет және әкімдіктер жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестер құрамының мүшесі, сонымен қатар мемлекеттік органдар өткізетін түрлі конференцияларға, симпозиумдарға, семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысады.

1.1.4. Діни басқарманың қызметі Қазақстан Республикасының барлық аумағында Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жүргізіледі;

1.1.5. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқасында бірнеше рет талқыланып әзірленген Жарғысы оның негізгі қызметтерінде басшылыққа алатын заңды құжат деп есептеледі;

1.1.6. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын Қазақстан респуликасы азаматтары арасынан сайланған төраға, Бас мүфти басқарады;

1.1.7. Бас   мүфти Елбасы және өзге де жоғары лауазымды мемлекеттік қайраткерлермен кездесулерге қатысып, діни мәселелерге орай пікір білдіреді;

1.1.8. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шетелдік жоғары лауазымды тұлғаларды, дінбасыларын,   халықаралық   қоғамдық ұйымдардың, дипломатиялық корпустардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, мемлекеттің Ислам дініне қатысты ұстанымдарын білдіреді;

1.1.9. Қазақстан Респуликасында мешіттер салу, медреселер ашу, діни университет, институт құру секілді және де т.б. дінге қатысты іс-шаралар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісімімен жүзеге асады;

1.1.10. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Республика көлемінде өнегелі істерімен танылған тәжірибелі имамдар мен дінтанушылардан құрылған Төралқа қызмет етеді;

1.1.11. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқасы Республика деңгейінде діни мәселелерді талқылып, тиісті шешімдер қабылдайды, олардың орындалуын қадағалайды;

1.2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының міндеттері:

1.2.1. Дәстүрлі дінімізді халыққа жүйелі насихаттап түсіндіріп отыру;

1.2.2. Республиканың мұсылман жамағатына облыстардағы өкіл имамдар арқылы туындаған діни мәселелерді шешіп отыруға көмектесу;

1.2.3. Шариғат заңдарында көрсетілген ғибадат-құлшылықтардың толық әрі дұрыс орындалуына және олардың ел мүддесіне сай дамып өркендеуіне басшылық жасау;

1.2.4. Республикаға қажет дін мамандарын дайындау, олардың қызметке орналасуы мен қайта дайындықтан жүйелі өтулерін ұйымдастырып отыру және қадағалау;

1.2.5. Діни әдебиеттердің, оқулықтардың т.б. діни басылымдардың жарыққа шығуын қамтамасыз ету;

1.2.6. Республика аумағындағы Ислами ғибадат орындарының, діни оқу мекемелерінің атқарған жұмыстарының есебін, діни қызметкерлердің тізімін, олардың білім деңгейін есепке алу және реттеу;

1.2.7. Республика мұсылмандарының шариғатқа қарсы келмейтін озық салт-дәстүрлерін ескере отырып, Ханафи мәзһабы, Матуриди ақидасы бойынша Ислами дін істерді сапалы жүргізу.

1.3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымы мен бөлімдері

1.3.1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және

пәтуә, қажылық, діни істер, оқу-ағарту, мешіт істері, халықаралық байланыс, діни сараптама және ғылыми талдау, уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімдерінен тұрады;

1.3.2. Барлық облыстарда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдіктері құрылып, өкіл имамдар қызмет атқарады;

1.3.3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти басқарма бөлімдерінің меңгерушілерін, облыстардағы өкіл имамдарды, сондай-ақ мешіт имамдары мен дін қызметкерлерін; облыс, аудан қалалардағы мешіттердің іс басқарулары мен есепшілерін тағайындайды;

1.3.4. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти республика көлеміндегі діни процестерді басқарма бөлім бастықтары мен аппарат жетекшісі және меңгерушілері және облыстардағы өкіл имамдар арқылы басқарады.

1.4. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бөлімдерінің міндеттері

1.4.1. Шариғат    және    пәтуә     бөлімі       ҚМДБ-ның      жарғысын

басшылыққа ала отырып төмендегі іс-шараларды атқарады:

1. Қазақстанның тарихи ерекшеліктерін, қазіргі жағдайын ескеріп, Қасиетті Құранды, шариғат үкімдерін, Ислам құндылықтарын түсіндіреді және Имам Ағзам мазһабы мен ақиданы (сенім  негіздерін) Имам Матуриди жолы мен Аһли сунна уә-л жамағат негізінде қалыптастыру шараларын ұйымдастырады;

2. Қажет жағдайларда діни пәтуәлар беріп отырады;

3. Діни құндылықтарды заманға сай етіп түсіндіру мақсатында  діни кітаптар  дайындап шығарады, медреселер мен институт, университетке оқулықтар мен оқу құралдарын жазады, шығарады;

4.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  бөлімшелеріне түскен Ислам үкімдерін  тұрмыс-тіршілікте қолдануға байланысты пәтуә (діни шешім) шығарады;

5.  Мұсылмандардың  басқа  діни  ұйымдар мен өзге сенімдегі  адамдарға  деген  ғылыми-діни  көзқарасын  айқындап, пікірін білдіреді;

6. Ислами мерекелердің нақты мерзімін анықтап, өткізілу тәртібін белгілейді.

1.4.2. Қажылық   бөлімі ҚМДБ-ның  жарғысын   басшылыққа ала

отырып төмендегі іс-шараларды атқарады:

1. Қазақстанның қажылық миссия мен делегацияларының сапарын ұйымдастырады, делегация құрамында жаңа қажылық маусымды ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі келісім-шартқа қол қоюға қатысады;

2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдіктеріне қажылықты жарнамалауға, қажылыққа ниет білдірген азаматтарға қажетті діни тағлым беруге, қажылық топтарға рухани басшылық жасайтын имамдарды дайындауға нұсқау береді;

3. Бөлім қызметкерлері қажылық маусымында Сауд Арабиясына қазақстандық азаматтардан бұрын барып, туристік фирмалардың Мекке, Мәдина қалаларында жалға алған тұрғын-жайларын тексереді, тиісті қызмет көрсетілуін қадағалайды.

1.4.3. Оқу-ағарту бөлімі Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының жарғысын басшылыққа ала отырып, төмендегі іс-шараларды атқарады:

1. Республика бойынша дін мамандарын дайындау және қайта даярлау  бағдарламасын жасап, оқыту процесінің жүйелі түрде жүргізілуін ұйымдастырады;

2. Шетелдік діни оқу орындарында білім алуға ниет еткен талапкерлерді өтініштерін қабылдап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісім-шарттарының негізінде олардың шетелдегі оқу істерін ұйымдастыруға қолқабыс етеді;

3. Республика аумағында заман талабына сай жабдықталған діни оқу орындарының ашылуын, олардың ҚР Әділет министрлігінде тіркеліп, ҚР Білім және ғылым министірлігінің сараптамасынан өтуін, лицензиялар алуын ұйымдастырып, оларды білікті мамандармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

4. Ислами ғылымды оқып-үйрену мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кітапханасын діни кітаптармен молықтырып, олардың электрондық нұсқаларын әзірлеп, ғылыми, оқу- әдістемелік базасын құру жұмыстарын атқарады.

5. Мешіттер жанынан кітапханалар ашуды ұйымдастырып, дін қызметкерлер арқылы олардың жұмысын қадағалайды.

1.4.4. Діни істер бөлімі ҚМДБ-ның Жарғысын басшылыққа ала

отырып, төмендегі іс-шараларды  атқарады:

1. Республиканың барлық деңгейдегі дін қызметкерлерінің кәсіби деңгейін анықтайды, оларды сараптаудан өткізіп, білімдерін жетілдіруді жүйелі ұйымдастырып отырады;

2. Республика көлеміндегі жергілікті мұсылман  қауымдарының діни талап-тілектерін жүзеге асыру  тетіктерін қарастырады;

3. Облыстар мен өңірлерлік мешіттерде туындаған діни мәселелерді шешу жолдарын қарастырады;

4. Облыс және аудан орталықтарында имамдардың біліктілігін қысқа мерзімдік  курстар арқылы  жетілдіру шараларын ұйымдастырады, ғылыми түрлі діни конференциялар ұйымдастырады, өткізеді;

1.4.5.  Мешіт істері бөлімі  Қазақстан  мұсылмандары діни

басқармасының Жарғысын басшылыққа ала отырып, төмендегі іс-шараларды  атқарады:

1.   Қазақстан Республикасындағы мешіттердің салынуына рұқсат етілгеннен бастап, құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілгенге дейінгі процесті қадағалайды;

2.   Мешіттердің тіркелуін ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және мешіт қызметі барысында туындаған мәселелердің тиісті шешім табуына атсалысады, қадағалайды;

3.   Мешітті Әділет басқармасынан тіркеуден өткізуге қатысты тиісті құжаттармен қамтамасыз етеді;

1.4.6. Халықаралық байланыс бөлімі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысын басшылыққа ала отырып, төмендегі іс-шараларды  атқарады:

1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шетелдік діни ұйымдармен,   ТМД мемлекеттеріндегі діни орталықтармен  қарым-қатынасын бір жүйеге келтіріп, іс-қағаздарын қалыпқа түсіреді;

2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шетелдік діни қайырымдылық қорлармен, қоғамдық ұйымдармен және діни оқу орындарымен байланысын реттейді, бірлесе атқарылатын шаралардың жоспарларын түзеді;

3. Қазақстандық дін мамандарының шетелдік діни оқу-ағарту ұйымдарының ғалымдарымен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік жасайды.

4. Қазақстанда тіркелген шетелдік мұсылман елшіліктері мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арасында достық байланыс құрады, Бас мүфти және ҚМДБ-ның өзге де жауапты қызметкерлерінің шетелдің делегацияларды қабылдауын, келіссөз жүргізуді, Бас мүфтидің шетелдерге іс сапарларын ұйымдастырады;

5. Дін және қоғам қайраткерлеріне, түрлі лауазым иелеріне, шетелдік

дипломатиялық  корпустарға   діни  мерекелерге орай құттықтау жіберіп отырады.

1.4.7. Діни сараптама және ғылыми талдау бөлімі Қазақстан

мұсылмандары діни басқармасының Жарғысын басшылыққа ала отырып, төмендегі іс-шараларды  атқарады:

1. Қазақстанның көп ұлтты және зайырлы мемлекет екенiн ескере отырып, көпшілікке ұсынылатын діни кітаптар мен әдебиеттердің, басылымдарды сараптаудан өткізіп отырады;

2. Республика деңгейінде таралатын аудио, видео форматындағы өнімдердің мазмұнын жергілікті Ханафи мәзһабы тұрғысынан талдап, тиісті шешім шығарады;

3. Республикалық және облыстық телеарналар арқылы берілетін хабарлардың мазмұнын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни ұстанымымен (Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен Имам әл-Матуриди ақидасына) салыстыра зерттеуден өткізеді.

1.4.8. Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімі Қазақстан

мұсылмандары діни басқармасының Жарғысын басшылыққа ала отырып, төмендегі іс-шараларды  атқарады:

1. Қазақстан аумағындағы мешіттерде ислам құндылықтарының кеңінен уағыздалуын ұйымдастырады;

2. Бұқаралық ақпарат құралдарында діни өзекті тақырыптар бойынша арнайы мақалалар мен уағыздық материалдар жариялайды, тиісінше жүйелі діни уағыз-насихат жүргізеді;

3. Мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігі мүддесіне сәйкеспейтін керағар жат ағымдарға қарсы тұрақты түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді;

4. Қазақстан Республикасы заңдары шеңберінде орта мектептердің оқушылары мен мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне діни-рухани байлықты арттыратын діни тақырыптағы дәрістердің ұсынылуына ықпал жасайды;

5. Түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен достығын нығайту мақсатында ұйымдастырылатын халықаралық, республикалық,  аймақтық конференциялар мен симпозиумдарға, дөңгелек үстелдерге қатысып, баяндамалар жасайды, пікірлер білдіреді;

6. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми интернет сайтын қажетті діни ақпаратпен қамтамасыз етіп, түскен діни сауалдарға жауап берілуін жүзеге асырады, қадағалайды.

2. РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ДІНИ АХУАЛДЫҢ ЖАЙЫ

2.1. Қазақстан республикасындағы Ислам діні дамуының қазіргі жайы

2.1.1.  Соңғы жылдарда дінге бет бұрып, шариғат үкімдерін орындаушылар саны күрт өсіп жатқандығы айқын аңғарылады. Әсіресе, жастар арасында бұл құбылыс ерекше көрініс тапқан;

2.1.2.  Исламға ден қоюшылық ауылды жерлерге қарағанда қалалар мен аудан орталықтарында анағұрлым көбірек орын алғаны байқалуда. Себебі қалалық жерлерде діни мағлұмат алудың, уағыз тыңдаудың мүмкіндіктері әлдеқайда молырақ. Ірі қалаларда жергілікті және шетелдік жоғарғы оқу орындары мен медреселерде білім алған дін мамандарының шоғырлануы да бұл жағдайдың негізгі себептеріне жатады. Сондай-ақ діннің таралуында түрлі заманауи ақпарат тасымалдау құралдары мен электрондық-техникалық жабдықтардың зор ықпалы бар. Әлемдік деңгейде хабар таратушы Интернет желісінің де діни көзқарас қалыптастыруда айтарлық рөл атқарады;

2.1.3.  Дінді уағыздаушылар арасында Ислами сенім негіздерінің төңірегінде пікір қайшылықтары мен келіспеушілік те кездеседі. Олардың пікір қайшылықтары дінді жаңадан үйренушілерге кері әсерін тигізіп жатқан фактілер де көрініс табуда. Дін уағызшылары арасындағы ой-толғам қайшылықтары сенім негіздері (ақида), Жаратушының сипаттары, діни дереккөздер (Құран, сүннет, ижмағ, қияс) т.б. тақырыптар шеңберінде пайда болған. Түрлі ағымдардың қалыптаса бастауына орай, облыстардағы жергілікті имамдарға шынайы ақпарат жеткізу арқылы ел ішінде бөліну, іріткі салу әрекеттерін болдырмауға бағытталған нақты іс-шаралар жасалуы қажет;

2.1.4.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай түйінді мәселелерді шешуді, халық арасындағы күдікті ойларды сейілтуді мақсат ететін арнайы кітаптар мен бейне, үн таспаларын, діни газет-журналдарын шығарып, жұма уағыздарында елді дұрыс ақпаратпен сусындатуды қамтамасыз етуге күш жұмсауда;

2.1.5.  ҚМДБ-ның дербес ақпараттық құралдары ретінде «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы, «muftyat.kz» интернет-сайты қызмет етеді. Cондай-ақ 2009 жылы республикада «Асыл арна» исламдық телеарна ашылып, ҚМДБ-мен байланыста жұмыс жасауда. ҚМДБ басылымдары мен интернет сайты тек діни мәселелерді ғана емес, сонымен бірге зайырлы мәселелерді де жариялап отырады.


3. ИСЛАМДЫ ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

3.1. Исламға мойын бұрушылардың көпшілігі жастар болғандықтан, оларды сенімді негіздерден алынған діни-ағартушылық ақпаратпен қамтамасыз етіп, әр алуан тақырыптағы насихат шараларын ұйымдастыру дінді дамытудың басты бағыттарының бірі;

3.2. Көпшілік жиналатын мешіттерге жұма намазы мен айт намаздарын орындауға келушілердің артуына орай, республика көлемінде салынып жатқан мешіттердің санын, көлемі мен сапасын қадағалауға байланысты нақты  жоспарлар құру;

3.3. Мұсылман тұрғындардың сенім тұрғысынан бөлінуіне жол бермеу мақсатында көпшілік жиналатын орындарда жергілікті Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасын ұстануды уағыздаудың жобасын құру;

3.4. Түрлі саладағы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелермен тығыз байланыса отырып, Ислам дінін насихаттау жұмыстары атқару;

3.5. Республикадағы дінаралық ынтымақ, үнқатысу мен халықаралық түсіністікке қайшы ұйымдастырылған лаңкестік әрекеттер мен бұзақы қылықтарды дер кезінде айқындап, оларды жою амалдарын тұрақты қарастырып отыру;

3.6 Исламның дамуы білікті мамандар мен сауатты имамдар еңбектерімен тікелей байланысты болғандықтан, діни маман даярлау және оқу-білім істеріне Исламды дамыту тұжырымдамасында тиісінше орын беру;

3.7. Діни іс-шаралар өткізуге қажетті іс-шаралардың қаржылай демеушілерімен келіссөздер жүргізудің заңнамалық негіздерін жасау Исламды дамыту тетіктерінің бірі;

3.8. Ислам дінінің үкімдерін халыққа сіңіру барысында туындайтын кейбір өтпелі кезең мәселелерін шешуге арналған шаралардың жоспарын әзірлеу:

3.9. Осы тұжырымдамада көрсетілген даму бағыттарының орындалуын олардың жүзеге асыру тетіктерін табумен байланыстыру;

3.10. Қожа Ахмет Йасауи, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей секілді т.б. көптеген исламтанушы ойшылдар бай рухани мұра қалдырды. ҚМДБ олардың дін мәселелеріне қатысты еңбектерін жүйелеуге кірісе бастады. Осынау қазақ ғалымдары мен діни тұлғалардың қалдырып кеткен мұраларын кейбір дінімізге жат ағымдар өз иделогияларына бұра тартып, олардың пікірлерін өз мүдделеріне бетперде етуге ұмтылуда. Сондықтан Қазақстандық мұсылмандардың дұрыс діни көзқарастарын, ұлтжандылық сезімдерін қалыптастыру, оларды Әбу Ханифа мәзһабының аясында біріктіру мәселелерін шешу үшін Әбу Ханифа мәзһабының тарихи маңыздылығын ғылыми тұрғыда кеңінен зерттеу қажет. Сондай-ақ қазақтың мәдениеті мен руханиятын дамыту мәселелері де халқымыздан шыққан ислам ойшылдарының мұраларын зерттеуді талап етеді.

4. МЕШІТ ІСТЕРІ

4.1. Мешіт мұслмандардың намаз оқып, құлшылық жасап, Алла тағалаға мінәжат жасайтын қасиетті орны.

4.1.1. Мешітке өзін мұсылман санайтын кез келген кісі кіріп, діни құлшылықтың кез келген түрін жасай алады.

4.1.2. Мұсылмандардың мешітке кіруіне жас ерекшелігі, нәсілі, ұлты,  жынысы, тегі, әлеуметтік сипаты, экономикалық жағдайы т.б. өзгешеліктер кедергі бола алмайды.

4.2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысында мешіттердің имамдары мен қызметкерлеріне нақтылы міндеттер мен құқықтар белгіленген:

4.2.1. Мешіттің бас имамын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти тағайындайды. Ол мешітті және мешіт орналасқан ауыл немесе аймақтағы бүкіл діни істерді басқаруға құқылы. Мешітте бес уақыт азан шақырылып, намаз оқытылуына, жұма күндері қасиетті Құран оқылып, уағыз айтылуына, хұтпа айтылып, Жұма намазының өткізілуіне т.б діни істердің толық атқарылуына жауапты.

4.2.2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұрғындар саны көп аймақтарға, негізінен, білімі мен біліктілігі жоғары мамандарды тағайындайды, алайда маман тапшылығына байланысты барлық аймақтарда имамдарды іріктеп тағайындауға мүмкіндік болмайды. Ондай жағдайларда мүфтият имамдарды тағайындауда олардың білім деңгейін ғана емес, ұйымдастыру және халықпен жұмыс істеу қабілетін де ескереді.

4.2.3. Мешіттің бас имамы өзіне қарасты наиб имамының, өзге де мешіт қызметкерлері мен кезекші молдалардың қызметтерін үйлестіруге, қадағалауға һәм басқаруға құқылы;

4.3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жауапты қызметкерлерінен жасақталған арнайы комиссия республика аумағындағы қала, аудан және ауылдардың үлкенді-кішілі мешіт­терінің молдалары мен имамдарын сараптаудан өткізеді. Сараптау барысында дін қызметкерлерінің кәсіби білімі мен біліктілігін арттыруға көңіл бөлінеді.

4.4. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты облыстық, аудандық мешіттердің бас имамдары мен найб имамдары саясат, құқық, экономика және әлеуметтану саласындағы қызметкерлермен бірлесе отырып, арнайы бағдарлама бойынша «дөңгелек үстелдер» өткізуді қамтамасыз етеді.

4.5. Мешіттердің бас имамдары мен найб имамдары өз білімдерін жан-жақты жетілдіру мақсатында облыстардағы жоғарғы оқу орындарының ұстаздарынан мемлекет саясатына, құқығына, экономикасы мен әлеуметтік жағдайына қатысты тұрақты түрде дәрістер алуына болады;

4.6. Қазіргі заман имамы тек исламның қағидаларын ғана біліп қоймай, зайырлы білімді де түбегейлі білуі тиіс, Халықпен тез тіл табысқыш, әрі әлеуметтік-саяси өмірдің мәселелерін шешімін табуға бейім болуы керек.

5. ИМАМ АҒЗАМ МӘЗҺАБЫ МЕН ИМАМ МАТУРИДИ

АҚИДАСЫН ҰСТАНУДЫ ДАМЫТА БЕРУ

5.1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жергілікті мұсылмандарға көпшілік жиналатын мешіттерде халқымыз ға­сыр­лар бойы сеніміне тірек етіп келген Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын және Имам Матуриди ақидасын ұстануды насихаттап келеді. Діни басқармаға қарасты медреселер мен университет, институттарда Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасы бойынша дәрістер өткізілуде;

5.2. Қазақстан халқының 75 пайызы мұсылман. Олардың басым бөлігін құрайтын қазақ ұлты болса, қалған бөлігін өзбектер, ұйғырлар, татарлар, қырғыздар, тәжіктер, күрдтер, дұнғандар, шешендермен қатар өзге де этностар құрайды:

5.3. Имам Ағзам мәзһабы туралы мағлұматтар аясын кеңейтіп, осы мәзһабтың Қазақстанда өрістеуіне жағдай тудыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен 2009 жылдың сәуір айында Алматы қаласында Ханафи мәзһабына арналған халықаралық конференция өткізілді. Осындай іс-шаралар жалғасын таба береді, сол себепті мұсылмандар ара­сын­да­ғы ауызбір­ші­лік­ті сақ­тап, елдегі діни ұстанымды бір ізге түсіру үшін мүфтият Ха­на­фи мәз­һа­бын ұс­тан­уды уағыздауға көп көңіл бөледі.

6. ЖАСТАР ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ

6.1. Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабылетті 50 мемлекетінің қатарына қосылу бағытында жасап жатқан іс-шараларына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қосар үлесі жастардың бойына діни сауаттылық пен тәрбиелік мәні жоғары төл әдет-ғұрыптар мен кісі­лік құндылықтарды сіңіру;

6.2. Жастарға мемлекет заңдарының шеңберінде өз дінінің үкімдерін орындап, құлшылық-ғибадаттарын жасауына жағдай тудыру, ар-намысы жоғары, биік ойлы азаматтарды тәрбиелеу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі нысандарының бірі;

6.3.  Осы тұжырымдама мемлекеттің жас аза­маттарының білімді, көркем мінезді, әдепті, инабатты, ізгі тұлға бо­лып қалыптасуына діни тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетуді мүфтият өз міндетіне алады.

6.4. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикадағы университеттерде, мектептерде, театрларда т.б. қоғамдық-мәдени орындарда Исламның үлгілі өнегелерін насихаттау арқылы жастарды ата-ана мен үлкенді сыйлауға, тазалыққа, ар-намыстарын сақтауға, арақ, темекі, есірткі сынды жағымсыз қылықтардан аулақ болуға шақыруды негізгі қызметтерінің бірі санайды;

6.5. Университеттердегі түрлі мамандықтар бойынша білім алушы студенттер арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандарының  қатысуымен «дөңгелек үстелдер» өткізіледі;

6.6. Дінге бет бұрушылар арасында жастардың ара салмағы басым болғандықтан, оларды керітарпа ағымдардың ықпалына жіберіп қоймау үшін  мектептер мен жоғары оқу орын­дарына “Дінтану негіздері” сабағын енгізудің өзектілігі артып отыр;

6.7. Қоғамдағы жастардың интернет сайттарына қызығушылықтарын ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан «muftyat.kz» сайты құрылып, онда Ислам діні туралы жан-жақты мағлұматтар беріліп, діни бейне, үнтаспа материалдары ұсынылып, ашық сұрақ-жауап форумдары ұйымдастырылады. Сондай-ақ орыс тілінде «meshit.kz» сайты жұмыс жасайды.

7. ӨЗГЕ МЕКЕМЕЛЕРМЕН БАЙЛАНЫС

7.1. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен облыстардағы мешіт қызметкерлері, ең алдымен, білім беру мекемелерімен екі жақты байланыс орнатуға ат салысады;

7.1.1. Мешіт имамдарының жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне мемлекетіміздің заңдары шеңберінде діни насихат жүргізуі бүгінгі қоғамның дұрыс және қалыпты дамуына игі әсерін тигізеді;

7.2. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері облыстардағы емханалар мен жетімдер, қарттар үйлері, түрмелер мен әкімшілік қызметкерлері, саяси тұлғалар мен түрлі салада жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдармен, тұрмысы нашар жандармен байланыс орнатып, діни сұхбат өткізіп отырады;

7.3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері облыстардағы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дін қызметкерлерінің жан-жақты біліктілігін көтеру курстарын ұйымдастыруды қолғаалады;

7.5. Облыстардағы діни ахуалды реттеп, мұсылман тұрғындардың рухани деңгейін өсіру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болып, діни мәселелер бойынша әріптестік орнату ісін қолға алады;

8. ДІНИ ІС-ШАРАЛАР

8.1. Ислам дінін дамыту барысы, негізінен,  діни іс-шараларды ұйымдастырып өткізумен сипатталады.

8.1.1. Діни іс-шараларға жаңа туылған сәбиге азан шақырып ат қою, ақиқа құрбандығын шалу, ұл баланы сүндетке отырғызу, неке қию, ас беру, жұма намазын оқу, айт намаздарын орындау, сырқат кісінің көңілін сұрау, құрбан шалу, жаназа шығару, құран бағыштау т.б. сынды дәстүрлі діни жоралғылармен қатар теледидар мен радиодан берілетін сұхбаттар, түрлі діни тақырыптардағы «дөңгелек үстелдер», діни семинарлар мен конференциялар жатады;

8.2. Республиканың барлық аймақтары мен облыстарының орталық мешіттерінде бекітілген уағыз топтары алдын-ала белгіленген кесте бойынша насихаттау жұмыстары тұрақты  жүргізеді;

8.2.1. Уағыз тобының құрамына діни мамандар ғана емес, дінді ұстанып, қастерлеп жүрген қоғам қайраткерлері, қоғамдық пәндердің ғалымдары мен ел ішіндегі беделді азаматтар кіргізіледі.

8.2.2. Бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат беріп, діни-бұқаралық хабарлар мен кездесулерге қатысу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті мамандарынан уағыз тобы құрылды.

8.2.3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз тобының мүшелері «дөңгелек үстелдер» мен ғылыми конференцияларға қатысып, сан алуан діни тақырыптарда баяндама жасайды. Басқармаға тиесілі «muftyat.kz» сайтындағы өзекті тақырыптарға арналған діни форумдарда материалдар жариялайды.

8.3. Ислам дінінің өзекті тақырыптары бойынша Жастар форумдарын, конференциялар мен конкурстарды, «дөңгелек үстелдер» мен мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастырып отыру Исламды дамыту тұжырымдамасының негізгі қағидаларына жатады;

9. ДІНИ ОҚУ-АҒАРТУ ІСТЕРІ

9.1. Қазақстан Республикасында Исламды дамыту шараларының қомақты бір бөлігін діни оқу-ағарту істері құрайды;

9.2. Діни білім беру бағдарламаларын жасағанда, заңсыз жолдар арқылы діни білім беруге тырысушылардың әрекеттеріне жол бермеу амалдары ескеріледі;

9.3. 2001 жылдан бастап республикада Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университеті – исламдық жоғары оқу орны жұмыс істеп келеді. Ол бүгінге дейін 120-дан астам жоғары білімді дін мамандарын дайындап шығарды. ҚМДБ жанынан Имамдардың білімін жетілдіру институты жұмыс істеуде, онда жыл сайын 100-ден аса имамдар төрт айлық курстан өтуде. Сондай-ақ ҚМДБ қарауындағы 8 медреседе Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 340 студент білім алуда. ҚМДБ Исламабад халықаралық ислам университетімен (Пәкістан), Ресей ислам университетімен (Қазан қаласы) және Түркия мұсылмандары діни басқармасымен, Египеттің әл-Азһар аш-Шариф университетімен бірлесе отырып, азаматтарымызды шетелдегі діни оқу орындарына оқуға жіберу мүмкіндіктері туралы келісімдерге қол жеткізді.

9.4. Ел қауіпсіздігі үшін шетелдік ислами оқу орындарында білім алуды қалайтын жастар мен Қазақстанға тиімді шетелдік жоғарғы оқу орындарының тізімін жасап бекіту қажет.

9.5. Нұр-Мүбарак Египет Ислам университетінің жанынан ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, ол жерде Ханафи мәзһабын ұстанған қазақ жерінен шыққан  дін ғалымдарының өмір баяны мен еңбектерін зерттеп-зерделеп, оларды көпшіліктің игілігіне ұсыну жұмыстары қолға алынуы тиіс.

9.6. Нұр-Мүбәрак университетінің, басқа жоғарғы оқу орындарының студенттеріне қазіргі қоғамдағы өзекті діни мәселелердің мәні мен астарын ашатын әрі олардың шешімін тұжырымдайтын магистрлік және докторлық ғылыми жұмыстардың тақырыбын ұсынып, бекіту жолға қойылады;

9.7. Көпшілік халықтың діни сауатын арттыру мақсатында Республика көлеміндегі жоғарғы оқу орындарында ғылыми-практикалық және теориялық конференциялар ұйымдастырудың дінді дамыту үшін маңызы ерекше;

9.8. 2009 жылы ҚМДБ-ның атсалысуымен «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» коммерциялық емес қайырымдылық қоры және Исламдық оқу орындарының студенттері мен түлектерінен құралған «Шәкірт» қауымдастығы құрылды. Шетелдерде діни білім алған азаматтар арасында Ханафи мәзһабын ұстанатын, ұлтжанды, ҚМДБ-мен ынтымақтастық жасауға дайын азаматтармен байланыс құруда бұл қауымдастықтың қызметі зор. ҚМДБ «Шәкірт» исламдық оқу орындарының студенттері мен түлектері қауымдастығының әлеуетін барынша пайдалануына болады. Қазақстан мұсылмандары қауымындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін ҚМДБ аталмыш қауымдастықпен бірлесе отырып, жыл сайын шетелдік ислами оқу орындарының студенттері мен түлектерінің форумын өткізудің пайдасы мол. ҚМДБ мен оның құрылымдық бөлімшелері «Шәкірт» исламдық оқу орындарының студенттері мен түлектері қауымдастығымен бірлесе отырып осы бағыттарда жұмыс жүргізуді қолға алады;

9.9. Діни білім беру бағдарламалары жасалғанда, ҚМДБ-ның рұқсатынсыз, жасырын түрде діни білім беруге тырысушылардың заңсыз әрекеттеріне жол берілмеуі қажет.

10. ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ СЕНІМ ЕРКІНДІГІ

10.1. Қазақстан Республикасы Атазаңының 19-бабының  1-тармағында көрсетілген  әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсетуге немесе көрсетпеуге хақылы екендігі туралы заң Исламды дамыту тұжырымдамасында ескерілді;

10.2. Республика шеңберіндегі мұсылман қауымы діни ұстанымын айқындауды Қазақстан Республикасының Атазаңында берілген еркіндік негізінде жүзеге асыруға құқылы;

10.3. Осы заңның талабы мен шариғаттың негізгі үкімдері өзге дін өкілдерін Ислам дінін ұстамағаны үшін сөгуге немесе Ислам дінін күштеп мойындатуға рұқсат бермейді.

11. ИСЛАМИ ҚАРЖЫ КӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЛАР

11.1. Ислам дініндегі маңызды міндеттерді шешуді айқындап, барысында қаржылық  мәселелерді реттеу мақсатында «Ислам   мәдениеті   мен   білімін   қолдау   қорын»   құрудың  тиімділігі мол;

11,2. Қордың қаржыландыру көздеріне Қазақстанға келетін шетелдік гранттар, еліміздің ірі ұлттық компаниялары мен ұйымдарының және елжанды жеке азаматтардың қайырымдылық ретінде ұсынатын көмектері жатады.

11.3. Қор мемлекет тарапынан құрылады және оның жұмысын арнайы құрылған Төралқа қадағалайды. Төралқа төрағасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің діни істер комитеті ұсынады.

11.4. Қор қаржысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған бағыттар бойынша Төралқаның келісімімен жұмсалады;

11.4.1. Қор қаржысы жұмсалатын негізгі бағыттарға діни қызметкерлердің айлық жалақысы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыратын ірі іс-шаралардың қаржылық шығыны, діни  оқулықтар мен әдебиеттерді шығаруға және зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат, діни оқу орындарында тағайындалған арнайы стипендиялар, діни-мәдени орталықтарды жөндеу жұмыстарына қажетті шығындар, т.б. жатады;

11.4.2. Сондай-ақ діни бейне, үн таспа өнімдерін шығаруға, діни газеттер мен журналдарға қолдау көрсетуге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырысымен Ханафи мәзһабы бойынша жазылып, сараптаудан өткен еңбектерді баспадан шығару ісі қор есебінен қаржыландырылады;

11.4.3. Діни басқарманың мерзімді басылымдары мен кітаптарын шығаруға мүмкіндік беретін заман талабына сай баспахана құру да осы қаржы көзі арқылы  іске асырылады;

11.5. Қор қызметін мемлекет тарапы тағайындаған қызметкерлер атқарады және оның жұмыстары ашық әрі жалпыға күмәнсіз болуы үшін мерзімді тексерістерден өтіп, тоқсан сайын ҚМДБ төралқасы мен діни комитеттің біріккен отырысында есеп береді.

11.6. Мұсылмандар берген садақаларының жасырын болуын қалайтындықтан, қаржы кірісін кассалық аппарат арқылы тіркеудің мүмкіндігі жоқ және ол қажет те емес. Сондықтан мешітке түскен қаржыны оның бейтарап ақсақалдар алқасынан тұратын арнайы сенімді комиссия мүшелері арқылы санатып, есепке алу және алқада есебін тыңдау қаржылық айналымның айқындығын қадағалаудың уақыт сынынан өткен тиімді тетігі болып қала береді.

12. ЖАТ СЕКТАЛАР, ЛАНКЕСТІК ЖӘНЕ  ФИТНАШЫЛ ӘРЕКЕТТЕР

12.1. Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік ұстанымдарының бірі қоғамда толеранттылық дүниетанымды нығайту арқылы экстремистік пиғылдардың алдын алу;

12.2. Ұрпақ санасы мен дүниетанымын уландармай, таза сақтау мақсатында дәстүрлі діни ұстанымдарға жатпайды деп танылған халық арасына іріткі салушы түрлі жат пиғылды секталар мен ағым-топтардың іс-әрекеттерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынысымен мемлекеттік деңгейде мұқият тексеріп, сараптамадан өткізудің мәні жоғары;

12.3. Бүгінгі таңда сананы улайтын жат ағымдар мен секталардың шетелден әкелінетін кітаптары мен бейне, үн таспаларын шекарадан өткізбеудің, ал тарап үлгергендерін тәркілеудің құқықтың негіздерін қарастыру мақсатымен мемлекет тарапынан тиісті іс-шара қолданылуы  Ислам діні үшін де маңызды қажеттіліктің бірі;

12.4. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шет елдерден келген секталар мен дін атын жамылған түрлі миссионерлердің үй-үйді аралауы мен көшелерде діни кітаптарын таратуына, Қазақстанда ғибадатханаларын салуына рұқсат беруге үзілді-кесілді қарсылық позициясын ұстанады;

12.5. Сондай-ақ шет елдердің Ислами діни оқу орындарынан білім алып келген мамандар сол елдердің идеологиясының ықпалына бой ұрып, елімізге оралғаннан кейін жеке діни бірлестіктер құрып, жат ағымдардың негізін қалаумен айналысуларының алдын алу үшін шет елдердегі ислами оқу орындарына жастар тек діни басқарманың ұсынысымен ғана жіберілуі ләзім;

12.6. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикада радикал діни ағымдардың таралуы жалғасып отырса да, соңы ушығып кетпейтіндігін және оларға ерушілердің саны айта қаларлықтай өспейтіндігіне болжам жасай алады;

12.7. Мемлекетіміздің дінге көңіл аударып, оған мұқияттықпен қарауы, қауіпсіздік қызметкерлері дін саласындағы зиянды ағымдарды анықтап, олардың алдын алу жұмыстарын қарқынды жүргізуі, халықтың діни сауатының өсуі,  сондай-ақ  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысының жанданып, заман талабына сай дамып отыруы жоғарыдағы қорытындыны болжауға мүмкіндік береді;

12.8. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметінде дәстүрлі дінімізді уағыздайын білікті мамандардың шоғырлануы ланкестікке жол бермеуді қамтамасыз етудің бір тетігі саналады.

13. ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫ

13.1.    Қазақстан мұсымандары діни басқармасы қызметінің бірі шетелдік діни ұйымдармен, бірлестіктермен және оқу орындармен қарым-қатынас жасау;

13.2.    Діни басқарма басшылығы Орта Азия және ТМД елдерінің Ислам дінбасшыларымен кездесулер өткізіп, ортақ мәселелер жайында ақылдасып және тәжірибе алмасып отырады;

13.3.    ҚМДБ Мысырдағы әл-Әзһар әш-Шариф университетімен келіссөз жүргізіп, арнайы келісім-шарт негізінде қарым-қатынасын үйлестіре береді. Екі жақты келісімге сәйкес Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің студенттері ІІІ курстан кейін білімдерін әл-Әзһар әш-Шариф университетінде араб тілі және Ислам ғылымы бойынша толықтырып отырады;

14. ҰСЫНЫСТАР

14.1. Шет елдік діни оқу орындарында тәлім алып жүрген жастарды қадағалауға алудың қауіпсіздік тұрғысынан маңызы мол;

14.2. Шет елде оқуға ниет білдірушілерді тек ҚР Әділет министірлігі жанындағы Дін комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсаты және келісімен ғана жіберуді ол үшін арнайы сұхбат өткізуді отырады;

14.3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан Ханафи мәзһабына байланысты жазылған еңбектерді, дәстүрлі діни ұғымды зерттеп, зерделейтін ғылыми орталық ашып, оны мемлекеттік қорлар арқылы қаржыландырудың пайдасы зор;

14.4. Бұқаралық ақпарат құралдарынан Исламның даму шараларын қозғайтын арнайы діни сағат бөлгізу;

14.5. Шет мемлекеттерде теология саласы бойынша мамандар даярлау жөнінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, халықаралық типтік бағдарламаның жобасын әзірлеуді ұйымдастыру;

14.6. Ханафи мәзһабы және Матуруди ақидасы бойынша арнайы оқулықтар мен кітаптар, бейне, үн таспа өнімдерін шығарып, оларды кең көлемде халыққа насихаттау жұмысы қолға алынуы тиіс;

14.7. Көптеген қазақстандық жастар исламдық білімді шетелдерде алуды жөн санайды. Олардың ислам туралы базалық білімі болмағандықтан, экстремистік көзқарастардың ықпалына оп-оңай түсуі ықтимал. Осылайша олар исламдық діни ілімге мүлдем қатысы жоқ идеялардың уағыздаушысы болып Қазақстанға оралады. Бұл жағдай қоғамның іштей бөлінуіне әкеп соғады.

Сондықтан Қазақстаннан шетелдік ислами оқу орындарына жолданатын негізгі арна бағытын ҚМДБ өзіне алғаны дұрыс. Ол үшін Ислам дінінің дұрыс бағытта дамуына жағдай жасау үшін шетелдік ислами оқу орындарында білім алуды қалайтын жастарға Қазақстан үшін тиімді шетелдік жоғарғы оқу орындары бекітіліп, олармен ҚМДБ тұрақты келісім-шарттарға отыруы ләзім. Бекітілген оқу орындарына тек Қазақстандық діни медресе, институт, университет бітірушілерінің ғана  жіберілгені жөн.

14.8. ҚМДБ-ның Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зертеу құрылымдарымен ынтымақтастығын арттыру маңызды. Бұл тұрғыда республикада исламның ханафиттік мәзһабы саласындағы діндарлардың еңбектерін, сондай-ақ «ағартушы» исламды насихаттайтын қазақ зиялылары өкілдерінің жұмыстарын зерттеп, оларды тарату керек. Шығыстану институты қазірдің өзінде осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуде. ҚМДБ-ның мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының Қазақстан тарихындағы діни және рухани ескерткіштерді зерттеу бөлігін іске асыруына белсенді қатыстырылғаны жөн;

14.9. Болашақта отандық кадрларды дайындайтын қазақстандық ислами оқу орындары көбірек ашылуы қажет. Осыған орай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесімен бірлесіп, Қазақстандағы ислам білімін дамыту Тұжырымдамасы мен Бағдарламасын жетілдіріп отырады.