Наурыз туралы

Наурыз — жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Парсының нау — жаңа, руз — күн,. яғни «Жаңа күн» деген сөзінен шыққан. Наурыз атауы бір-ақ күн жөнінде айтылғанмен ол толық ай атын иеленген.
Наурыздың бірінші күні күн мен түн теңесіп, Жаңа жыл келеді. Бұл айдың Шығыс елдері, оның ішінде қазақ халқы үшін орны бөлек. Оны жыл басы, көктем басы, мереке басы деп санайтын халқымыз - «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметтейді.
Жылдың бірінші күні (22 наурыз) мереке ретінде аталып өтеді.
«Наурызнама» думаны, «Наурызкөже» дәстүрі осы айда жасалады. Күн ұзарады. Қазақтар оны «Ұзын сары» дейді. Бұл жуанның созылып, жіңішкенің үзілетін кезі болғандықтан дәмді, қуатты тағамдарды халық осы кезге әдейі сақтап отырады.
Бұл айда күн жылынып, малдар төлдей бастайды. Наурыздың соңғы айында өкпек жел соғып, қар күрт еріп, жер лайсаң болып, жолдар бұзылады. Мұны ел аласапыран дейді. Әр айдағы ауа райының күрт өзгерісін жұрт амал деп атайды. Қай жағынан алғанда да наурыз біздің халқымыз үшін қасиетті ай ретінде бағаланған. Осыған орай көптеген ұлттық дәстүрлер де қалыптасқан. Мысалы «Наурыз бата», «Наурыз жұмбақ», т.б. Осы айда әдемі қиыршық қар түседі, оны наурызша дейді.
Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған. Шығыстық данышпандар Махмұт Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Ә.Фердоуси, Ә.Науаи, О.Хаямнан бастап қазақтың Абай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сәкен сынды ғұламалары да наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, жақсы сөздер жазып қалдырған. Наурыз шығыс елдері үшін — бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, кұттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.
Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттылық, мәрт-жомарттық, қадыр-қасиеттілік нышан белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі-түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдылыққа, көргенділікке, ізеттілік пен білімділікке баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.
Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары бар.
Наурыз көже. Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс, тағы сол сияқты түрлі тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелерден қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.
Енді Наурыздың діни тұрғыдағы орны қандай, осы мәселеге келейік. Қазіргі күндері Наурыз мерекесін «жақсы бидғат» деп тануға бола ма деген сыңайдағы сұрақтар кездесіп жатады. Ханафийа мазхабының шарттарымен Наурыз мерекесін жақсы бидғат деп тануға толық негіз бар. Себебі, атақты имам Ағзам құқықтық мектебіндегі үкім берудің жеті қайнаркөзінің бірі – «әдет-ғұрып» болып табылады. Үкім берудің «әдет-ғұрып» қағидасы бойынша, ислам жаңадан енген елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, әрі мұсылман құқығының үкімі ретінде қарастырылады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай ала-бөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық ритуалы үрдістен әлдеқашан шығарылып тасталған. Тіпті, Наурыз мерекесі ислам мәдениетімен толықтай үндестік табады деуге де болады. Мәселен, Наурыз мерекесінде дайындалатын «наурыз көженің» ислам мәдениетіндегі «ашура тәттісімен» мазмұны бір. Нұх (ғ.с.) кемеден қауымымен жерге түскенде дорбаның түбінде там-тұм қалған түрлі дақылдарды қазанға салып пісіріп, содан «ашура тәттісін» жасаған. Әрбір жылы мұсылмандар Ашура мерекесі күндері «ашура тәттісін» жасап, бір-бірін қонақ етеді. Қазақтар да Наурыз мерекесінде қыстан қалған дорбаның түбіндегі дән-дақылдан «наурыз көже» дайындап, бір-біріне дәм таттырады.

Ағаш отырғызу
Дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» деген. Осындай айтулы күндері еліміздің әрбір азаматы өзі ауласына, көшесіне ағаш отырғызса үлкен сауапты іс болары хақ. Асыл дінімізде табиғатты аялау және оған қамқорлыққа алу жайында Пайғамбарамыз (с.а.с) айтып өткен. Хадисте: «Қиямет қайым басталған кезде кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, қиямет болмастан бұрын отырғызуға күші жетсе дереу отырғызып үлгерсін».
«Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі».
«Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» - деген. Сондықтан да осы күндері ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырудың сауабы өте мол.

Ішімдікке жол берілмеуі қажет
Ұлыстың ұлы күнінің өзге ұлттардың жаңа жылынан бір ерекшелігі - дән тазалығы менқатар жан тазалығына үлкен мән беріледі. Яғни ішімдікке жол берілмеуге тиіс. Бүгінде кейбір мерекелік шаралар барысында ішімдікке жол беріліп жататын көріп қаламыз. «Арақтан сақтаныңдар, ол барлық жамандықтың кілті» «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араққа қатысты он нәрсеге лағынет айтты: жасаушыға, жасатушыға, ішкенге, ішкізгенге, көтергенге, көтерткенге, сатушыға, сатып алушыға, сыйға тартушыға, арақты сатып ақшасын пайдаланғанға» [1].
Пайғамбарымыздың құрметті сахабаларының бірі Осман ибн Аффанның (р.а.) мынадай бір әңгімесі кітаптарда сақталған:
«Арақтан аулақ болыңдар, ол - қайғы-қасырет атаулының көзі. Сендерден бұрынғы заманда бір кісі өткен еді. Ол құлшылық-ғибадатқа беріліп, ұдайы ел-жұрттан оқшауланып жүретін. Міне, сол кісіге бір арсыз әйелдің көзі түседі. Оған күңін жіберіп, куәлік етуге шақыртады. Сөйтіп ол әлгі кісі үйге кіргенде, есіктерді іштен мықтап бекіте бастайды. Бөлмеде ұятсыз әйелдің қасында бір бала мен арақ құйылған ыдыс тұр еді. Әйел: - Ант етемін, сені куәлік ету үшін шақырған жоқпын, менімен боласың не мына баланы өлтіресің, я болмаса арақ ішесің деп шақырттым, - деп мәжбүр жағдайға душар етеді. Тығырыққа тірелген әлгі кісі көп ойланып, ақыры арақ ішіп қана құтылғанды жөн көреді. Алайда арақ ішісімен әйелмен зина жасап, баланы да қайтіп өлтіргенін байқамайды. Арақтан аулақ болыңдар, өйткені, арақ пен иман еш уақытта бірікпейді. Олар бірін-бірі ығыстырумен болады», - деді (Байһақи).
Сондықтан игілікті істің басы-қасында келеңсіздіктерге жол берілмегені ләзім.

Наурыз есім. Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы: қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1706 — 1781), Наурызбай Қасымұлы (1822 — 1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын Ордада Наурыз есімді ханның (1359 — 1360) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.
Мұсылмандық дүниетаным бойынша жыл санау «хижраға» (Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшуі) негізделген. «Хижра» жыл санауы айдың туып, үзілуімен өлшенеді. Яғни, ай өлшемі бойынша, бір жылда 355 күн бар. Ал, күн өлшемі бойынша бір жылды 365 күн толықтырады. Осы себептен қазір мұсылман халықтары жыл санаудың екі нұсқасын да қатар ұстанады.
Мұсылмандық мерекелерді «хижра» жыл санауымен есептесе, өзге дүнияуи істерде күндік өлшемді негізге алады. Омар Хаямның жасаған күнтізбесі де Григориян күнтізбесі секілді күндік өлшемге негізделген. Осы тұрғыда, Наурыз мерекесін жыл басы деп қабылдаудың исламға еш сөкеттігі жоқ.
Сөздің түйініне келетін болсақ, Наурыз мерекесі ислам негіздеріне қайшы емес. Ислам – адамзатты қайырымдылық пен ізгілікке шақырған аса бай мәдениет. Ата-бабамыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан Ханафийа мазхабы бойынша қоғамдық пайдасы бар, исламға қайшы емес көне үрдістер исламның үкімі деп саналған.
Жалпы алғанда Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін ислам негіздеріне қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі.

фото: http://www.smartnet.kz

Мұхамеджан қажы Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары, магистр

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*