ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМДАҒЫ ИМАМ АҒЗАМ ЖОЛЫ

Ата-бабаларымыздан біздерге «Үш қасиетің: дініңді, діліңді, тіліңді сақта!» деген қанатты сөз қалды. Ендеше осынау істің үдесінен шығу – кім-кімге болмасын, кез келген ел жанды азаматқа үлкен жауапкершіліктерді жүктейтіндігі сөзсіз.

Әрбір ұлттың өз тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының болатындығы белгілі. Ал бүгіндері осы құндылықтарымыздың қоғамдық өмірде  қолданылу аясы қаншалықты? Біздіңше, мұндай қасиеттерге, парасаттылыққа негізделген құнды дүниелеріміз өз деңгейінде деп ешкім де айта алмаса керек. Түрлі өркениеттер тоғысындағы қазіргі кезеңде осындай асыл қасиеттеріміздің  жойылып кетуінен сақтанбасақ болмайды. Ұлттығымызды ұлықтай білуде, тіліміздің терең тамыр жаюы жолында,  дін жұмыстарын жүргізуде дәстүрлі дін өкілдерінің орны өлшеусіз екендігі анық.

Жер жүзіне Аллаһ тағаланың тарапынан жіберілген соңғы діні -Исламның келгеніне ХІV ғасырдан аса уақыт өтті. Сол уақыттан бері Ислам діні — әлем халықтары ұстанатын негізгі  дін ретінде толыққанды қалыптасты.

Осынау кезеңдер ішінде асыл дініміздің кеңінен қанат жаюына көптеген тұлғалар үлестерін қосты. Олар халық арасында шариғи нормалардың ретті қолданылуы, діни қағидалардың жұртшылық ішінде оңды қабылдануына  ерекше ықпал етті. Мұсылмандардың күнделікті өмірінде жүріп-тұратын негізгі бағыттарын, тура жолын айқындап, анықтап берді. Солардың бірі әрі бірегейі Имам Ағзам Әбу Ханифа болды.

Әбу Ханифа ақылды, өткір, аса парасатты, кемел ойдың иесі еді. Осы ерекшелігімен ол тез арада өз дәуірінің ең ұлы ғалымдарының біріне айналды. Ол– ислам фиқһінің үлкен мүжтаһид ғалымы болды. Құран кәрім және сүннеттен басқа нақты дәлел ретінде ол сахабалардың, табиғиндердің алқалы пікірін, сондай-ақ қияс (салыстыру), истихсан (дұрыс санау, жақсы деп білу) және ғұрып–дәстүр сияқты фиқһ қағидаларын пайдалана отырып, шариғат шеңберінде үкімдер шығара білді.
Жалпы, Ислам дінінің Қазақстанға тарағанына ХІІ ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз Ханафи мазһабын ұстанып келеді.

Еліміздің егемендікке қол жеткізгеніне міне, 18 жылға таяды. Ел тәуелсіздігімен қатар, мемлекетімізде діни сенім бостандығына да кеңінен жол ашылды. Қазақ даласында Ислам нұры қайтадан пайда болды.

Дегенмен, өркениеттер тоғысындағы қазіргі кезеңде бізде көпұлттылық принциптерімен қатар, көпдінділікке де мол мүмкіндіктер беріліп отыр. Мұны жаһандық демократияның көрінісі деп ұққан ләзім. Көп ұлтты елде көпдінділіктің болатындығы белгілі. Бұған еліміз азаматтары түсіністікпен қарап, төзімділік танытуы керек.

Дәстүрлі дініміздің жұмыстарын жүзеге асыруда біздерге көптеген міндеттер жүктелген. Осынау істердің үде-барасынан шығудың біздер үшін маңызы жоғары. Оны әрбіріміз жете түсініп, дұрыс ұғына білуге тиіспіз.

Қазіргі кезеңде өзге бағыттарды былай қойғанда мұсылмандық жолдағы түрлі ағымдар мен топтардың көптігі баршаға белгілі. Бұлардың барлығы да өздерінікін дұрыс деп есептеп, өз жолдарымен жүруге тырысады. Ал шын мәнінде Қазақстан қоғамы қандай жолмен жүруі тиіс?! Қай бағытты ұстануы керек?! Ең бастысы, міне, осы.

Қазіргі өркениеттер тоғысындағы кезеңде ел арасына түрлі діни топтардың сыналай енетіндігі, олардың да өз кезегінде өздерінің жолдары мен бағытын жұртшылыққа ұсынатындығы белгілі. Шын мәнінде, әртүрлі дін мен әрқилы ағымдардың барлығының да ісі оңды, барлығының бағыты дұрыс деп ешкім айта алмаса керек. Олардың қай-қайсысында болмасын, халық арасында жолын ұстанушылары мен мүдделестері, қолдаушылары баршылық. Біреулер дәстүрлі дін ретінде сопылық бағытты ұсынса, екінші біреулері нағыз ақиқат дін деп ортамызға уаһабшылдықты енгізуге тырысады. Үшінші бағыттағы азаматтар халық арасында уағыз жүргізумен айналысатын «аса сауапты» іс ретінде «Таблиғи жамағаттың» қызметін қолдаса, тағы бір азаматтар  «Хизб-ут Тахрирдің» бағытын оңды санап, астыртын түрде «халифаттық мемлекет» орнатуды көксейді. Мұндайларды осылайша тізбелей беруге де болады. Дегенмен, әрқилы ағымдардың қолданыстағы заңдарымызды алға тартып, әрқалай жұмыстар жүргізе беруіне келісуге болмайды. Шындығында, демократиялық бағытты ұстанушы ел ретінде біздер экстремистік сипаттағы ағымдардан өзге қандай да бір діннің немесе діни ағымның қызметіне тосқауыл қоя алмаймыз. Бұл мәселе еліміз келіскен көптеген халықаралық фактілер мен қолданыстағы заңдарымызға қайшы келмеуі тиіс. Әйтсе де, халқымыздың түрлі келімсек діни ағымдардың жетегінде кетуіне де мүмкіндіктер берілмеуі керек.

Сонымен қатар, қазіргі күні «ислам экстремизмі», «ислам терроризмі» деген терминдер қоғамдық санаға сіңіп барады. Бұл кейінгі жас ұрпаққа, олардың ой-пікірлері мен бағыт-бағдарына ерекше әсер ететін мәселе. Сондықтан дәстүрлі дінді жастарға, жұртшылыққа «құбыжық» етіп көрсетуге жол берілмеуі керек. Оларға дінді түсіндіргенде де нақты қандай мазһабты ұстанатындығымыз қоса айтылып отыруы тиіс.

Әрине, бағыты діни фанатизмге негізделетін кереғар ағымдарға, олардың жұмыстарына түбегейлі тосқауыл қойылуы керек. Ислам – бейбітшілік діні. Ол адамдарды жақсылыққа, ынтымаққа, бірлікке шақырады. Ізгілікке үндейді. Қасиетті Құранда «Түп-түгел Алланың дінін ұстаңдар да бөлінбеңдер» деген. Ендеше бөлініп, бүлік іздеуге еш жол берілмеуі тиіс. Айналып келгенде барлық бөлінушіліктің мазһабсыздықтан әрі сауатсыздықтан шығатындығы сөзсіз.

Ата-бабабалырымыз ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі Имам Ағзам жолы бар. Бұл жол біздің қоғамымыздың ұстанымымен, мемлекетіміздің бағытымен өзара үндесетіндігі белгілі.

Халқымыз ұстануға тиісті Имам Ағзам жолынан бөлек, тағы да 3 мазһабтың барлығы белгілі. Бұл мазһабтардың қай-қайсысын болмасын, теріс бағытта болады деп ешкім айта алмайды. Мұнда тек қана, пікір айырмашылықтары сақталады.

Уақыт өте фиқһ (мұсылман заңы) саласы бойынша Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған мектептерге қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші имам Ағзам Әбу Ханифа (699–767), имам Малик (717–795), имам Шафиғи (767–820), Ахмад ибн Ханбал (780–855) секілді ислам ғұламаларының мазһабтары дүниеге келді.

Бұлар ислам әлемінде ресми мазһаб саналып, 1300 жылдан бері өз ұстанымдары бойынша амалдарын жүргізуде. Ол мазһаб иелерінің әрқайсысы білгір ғалымдар еді. Солардың біріне мойынсұну арқылы, осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың жолы кесіліп, алды алынып келеді. Сондықтан бұл төрт мазһабтың бірін ұстану қазіргі заман талабы да. Өйткені, олар Құран кәрім мен сүннет жолына лайық болғандықтан, «әһлус-сүннә уәл-жамаға», яғни хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлік–ынтымақты жақтаушы қауым мазһабтары атанды.

Мазһабтардағы айырмашылықтар тек абзал және дұрыс деген сөзде ғана. Яғни, біз өз мазһабымызды абзал санаймыз да, ал қалған үш мазһабты дұрыс деп білеміз. Тек біздің мазһаб дұрыс, қалған үшеуі бұрыс деу адасушылық болып есептеледі.

Осылардың ішінде біздің Ханафи мазһабымыз тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай. Бұл күндері әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың 48% осы мазһабта. Қалған 52% үш мазһаб пен өзге де ағымдарға тиесілі.

Әбу Ханифа Құран Кәрім және пайғамбар сүннетінен кейін қияс (салыстыру тәсілі) және райды (негізгі дәлелдерді басшылыққа ала отырып ақылға жүгіну тәсілі) үкім шығаруда негізгі өлшемдердің бірі ретінде қолданған. Ғұламаның бұл ижтиһад ету тәсілін жете түсінбеген кейбір ғалымдар оны тұрпайы деп санады. Сондай-ақ, Әбу Ханифа Исламның көрнекті мұжтаһид ғалымы бола тұра үкім шығуда «Истихсан» және «урфты» (әдеп-ғұрыптарды) дәлел ретінде қолданысқа түсіруі ғалымдардың таңданыстарын мұнан да күшейте түсті.

Әбу Ханифа ешбір өлшемді Құран мен пайғамбар сүннетінен жоғары қоймаған. Ол өзіне пікірі қайшы ғалымдарға: «Кімде-кім бізді Құран және сүннет тәлімдерінен қиясты жоғары қояды деп айыптаса, Алланың атымен ант етемін, ол өтірікші әрі жала жабушы. Құран және хадис тұрған жерде қай ғалым қиясқа жүгінбек?! Біз қиясқа салу тәсілін өте қажет жағдайда ғана қолданамыз. Бір мәселені анықтауда Құран және хадистен дәлел табылмағанда ғана, аталмыш мәселені дәлелі бар мәселемен салыстыра отырып шешеміз. Біз алдымен дәлелді Құраннан, сосын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен іздейміз. Олардан таба алмаған жағдайда сахабалар сөзіне тоқталамыз. Бұл сұрақты сахабалар да талқыламаған болса, онда мәселені айқындау мақсатында екі мәселенің ортақ жерін тауып, бір үкімді келесі бір мәселеге салыстыра отырып, үкім шығарамыз»,-деп жауап берген.

Ұлық имам – имам Ағзам Әбу Ханифа қашан да ғұмыры мен бар мал-мүлкін Алла разылығы жолында жұмсап, келер ұрпаққа жақсы өнеге қалдырды. Өзінің айналасына білім нұрын шашқан тұлға. Сондықтан амалда имамымыз болған Әбу Ханифаны мақтаныш тұтуымыз керек. Олай болса, халқымыздың діни бірлігі мен рухани ынтымағын сақтап күшейту үшін еліміздің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына сәйкес, Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы қажет.

Алла тағала ғибадаты мен ғибраты мол, жомарт, жұмсақ мінезді, тақуалы ұлы имамымыз Әбу Ханифаны рақымына бөлесін. Бүкіл дүние мұсылмандарының ынтымағы мен бірлігі нығайып, дау мен алауыздық жоғалсын. Әлемде тыныштық пен сыйластық орнықсын. Әмин!

Керімбек Ахметжан Пірәліұлы –

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази»

мешітінің бас имамы

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Ілмектер: ,
?????????? ?????????? RSS ?????? ??????

  1. Warning: Missing argument 2 for wpdb::prepare(), called in /home/kattani7/public_html/wp-content/plugins/world-flags/includes/functions.php on line 53 and defined in /home/kattani7/public_html/wp-includes/wp-db.php on line 1154

    Дұрыс айтасыз! Ойыңызды өте тұщымды әрі көркем түрде жеткізгенсіз. Қазіргі кездегі әсіресе сәләфиттер осыны түсінсе екен шіркін. Олар өздерін аспаннан түскен асыл тастай санайтындары жаныңа қатты батады. Аллаһ разы болсын Сізге аға!

Пікір жазу