Ислам конференциясы ұйымы. Ол қандай ұйым?

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы төрағалық ететін Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) аясында Ұйымның Субсидиарлық институты мен Аффилиленген институты жұмыс істейді. Бұл институттардың құрамына кіретін құрылымдардың қатары молдау. Олардың атқаратын қызметтері мен мақсаты негізінен ИКҰ-ға мүше мемлекеттер арасында, сондай-ақ мұсылман әлемінде экономикалық, гуманитарлық және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

СУБСИДИАРЛЫҚ ЖӘНЕ АФФИЛИИРЛЕНГЕН ИНСТИТУТТАР

ИКҰ-ның Субсидиарлық институтының құрамындағы құрылымның бірі – Ислам елдеріне статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулерді дайындау орталығы. Анкара қаласында орналасқан бұл орталық 1977 жылдың мамырында құрылған. Бүгінде ол ИКҰ-ның статистикалық және ғылыми-зерттеулер жүргізетін негізгі оқу бөлімшесі ретінде саналады. Орталықтың басты мақсаты – Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында тиісті ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үдерістеріне ықпал ету болып табылады. Таратып айтқанда, Ұйымға мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы статистикалық көрсеткіштерін ақпараттар негізінде жинақтап, сол бойынша зерттеулерді жүзеге асырады.

Ал Субсидиарлық институттың Ислам тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы ислам өркениетінің әртүрлі аспектілерін зерттеумен айналысатын ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің, ғылыми институттар мен ұйымдар қызметкерлерінің кездесулерін үйлестірумен айналысады. Орталық сондай-ақ ислам өнері мен тарихы, мәдени мұрасына қатысты зерттеулер жүргізіп, кітаптар мен каталогтар, альбомдар, басқа да анықтамалық материалдар басып шығарады. Бұл дүниелер ислам өркениетін мұсылман әлеміне ғана емес, төрткүл дүниедегі өзге халықтарға да таныстыру үшін қажет. Орталық өзінің қызметін 1980 жылы ИКҰ-ның мәдениет саласындағы алғашқы көмекші органы ретінде бастады. Осындай құрылым құру туралы ұсынысты 1976 жылы Сыртқы істер министрлерінің Ыстамбұлда өткен Ислам конференциясында Түрік Республикасы білдірген екен.

Субсидиарлық институттың бұдан кейінгі құрылымы – Ислам сауда даму орталығы. Орталық 1981 жылдың қаңтарында Мароккода құрылған. Штаб-пәтері осы елдің Касабланка қаласында орналасқан. Құрылым қызметінің басты мақсатына Ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда алмасуды көтермелеу жатады. Нақтырақ айтқанда, тауарлар айналымы қозғалысын жеңілдетуге байланысты сауда көрмелерін ұйымдастыру, елдердің іскер адамдары арасында қатынастар орнатуға ықпал ету, саудаға қатысты симпозиумдар мен семинарлар өткізу, тағы басқа да шаралар ұйымдастыру.

Мәліметтерге қарағанда, аталған орталық өткен кезеңдерде бірқатар іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болған екен. Мысалы, 2008 жылғы маусымда Угандада бизнес-форум, 2009 жылдың ақпанында Мали республикасында Африкадағы тағам өнеркәсібін дамытуға арналған форум, Индонезияда 5-ші Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумы өтті. Сонымен қатар, орталық Каир мен Бейрутте де сауда мен туризмді дамытуға қатысты көрмелер ұйымдастырды.

Бүгінде Ислам Конференциясы Ұйымының аясында Ислам Фикх (юриспруденция) академиясы, Ислам технологиялық университеті және Нигерия мен Угандада ислам университеттері жұмыс істейді. Ислам Фикх академиясының қызметі мұсылман әлемінің исламға деген сенімін нығайтып, оны шариғат қағидаттарына сәйкес түсіндіруге негізделген. Академия өзінің отырыстарын жыл сайын өткізіп тұрады. Мысалы, оның отырыстары Сауд Арабиясында жеті рет, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Иордания мен Кувейт мемлекеттерінде екі реттен, сондай-ақ Бруней, Бахрейн, Катар, Оман сұлтандығы, басқа да елдерде өткізілген.

Бангладештегі Ислам технологиялық университеті Ұйымға қатысушы елдердегі адам ресурстарын инжиниринг, технология, кәсіби-техникалық салалар бойынша білімдерін дамытуға басымдық береді. Бұған қоса мүше мемлекеттердің қажеттілігіне қарай инженерлер мен техникалық персоналдарды оқытуды да ұйымдастырады. Ал Нигериядағы Ислам университеті африкалық мұсылмандар өмірін жақсартуды мақсат ете отырып, студент жастардың ғылыми-техникалық білім алуына баса мән береді.

Қазіргі кезде Нигериядағы Ислам университетінде шариғат және исламды зерттеу, араб тілі мен әдебиеті факультеттері, жоғары білім беру, педагогика және мұғалімдердің білімін көтеру институты, ислам мұраларын өркендетудің африкалық орталығы, «IQRA» кәсіптік-техникалық білім беру орталығы, аспиранттар бөлімі, әйелдердің ислам зерттеулер және араб тілі колледжі жұмыс істейді. Бұл оқу орны Нигерияның Сай қаласында орналасқан.

Ислам Конференциясы Ұйымының үшінші негізгі институты – Аффилиирленген институт. Оның құрамында 11 құрылым бар. Соның бірі – Ислам сауда-өнеркәсіп палатасы. Палата Ұйымға мүше 57 мемлекеттің жеке секторы ретінде саналады. Оған ИКҰ-ға қатысатын елдердің ұлттық палаталары, одақтары, сауда-өнеркәсіп федерациялары мүше болып табылады. Палатаның міндетіне сауда операцияларының құндылығын жандандыру, ислам экономикасы туралы танымды кеңейту, ниеттестік пен туыстықты тереңдету және араб тілін тарату жатады. Ал тәжірибе жүзіндегі мақсатына жұмыс күштерін алмастыру мен туризм көлемін кеңейту, инвестиция тасқынын арттырып, тауар айналымын көбейту, ұлттық өндірісті дамытып, инновациялық технологияларды енгізуге баса назар аудару мәселелері кіреді. Сонымен бірге, БҰҰ сияқты ірі халықаралық ұйымдардың мамандандырылған институттарымен, халықаралық сауда ұйымдарымен байланысты дамыту да сауда-өнеркәсіп палатасының басым бағытының бірі саналады. Палатаның штаб-пәтері Пәкстанның Карачи қаласында орналасқан.

Аффилиирленген институттың қызмет аясы ауқымды құрылымының екіншісі – Ислам астаналары мен қалаларының ұйымы. 1980 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл құрылым халықаралық үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым болып есептеледі. Қазіргі кезде ұйымға ИКҰ-ға қатысушы Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтарындағы 54 мемлекеттің 141 қаласы мен астаналары мүше. Бұған қоса құрылымға ИКҰ-ға мүше емес алты елдің 8 қаласы байқаушы ретінде қатысып келеді. Ұйымның қаражат ресурсы оған мүше қалалардың жарнасынан, сондай-ақ жеке тұлғалар мен инвестициядан құралады. Осы жерде атап өтейік, бұл ұйым саяси қызметпен айналыспайды, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпайды. Мақсаты мен міндеттері – мүше болып табылатын қалалар мен елді мекендердің дамуына үлес қосып, ислам елдері астаналары мен қалаларының арасында достық қатынастарды нығайту.

Ислам астаналары мен қалаларының ұйымы әр үш жыл сайын тұрақты түрде қалаларды архитектуралық жағынан жоспарлау, қоршаған ортаны қорғау тақырыптарындағы жобаларға сыйлық тағайындап отырады. Сыйлық ұйымның бас конференциясы ашылу салтанатында табыс етіледі. Бұл құрылым, сондай-ақ мұсылмандардың қасиетті орны – Мекке қаласында өзінің ресми журналын да шығарып келеді.

Ал Бүкіләлемдік ислам ғылымы академиясы 1986 жылы ИКҰ-ның ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің ұсынысы бойынша құрылған. Оның атқарушы органы академия хатшылығы, ол Амман қаласында орын тепкен. Академия бас ассамблеяның басқаруындағы дербес орган болып табылады. Оның құрамында қазіргі кезде 102 мүше бар. Бас ассамблея төрт жыл мерзімге сайланған 11 адамнан тұрады. Аталған ғылыми құрылым халықаралық қаржы ұйымдарының қолдау көрсетуімен халықаралық ғылыми конференциялар өткізіп отырады. Онда әлемдік қоғамдастыққа ортақ өзекті проблемалар талқыланады. Академия ИКҰ-ға қатысушы елдердің ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатуды басты назарда ұстайды. Осыған байланысты аталған құрылым Қазақстанның, Әзірбайжанның және Өзбекстанның ғылым академияларымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.

Аффилиирленген институт құрамындағы тағы бір ерекше құрылым – Ислам конференциясының жастар форумы дер едік. Ынтымақтастық пен үнқатысуға үндейтін жастар форумының жұмыс істей бастағанына алты жылға жуықтады. Мақсаты – ИКҰ-ға қатысушы елдер жастарының қызметін үйлестіруді көздейді. Форум өз жұмысын негізгі бес бағыт бойынша жүргізеді. Олар: жастар мүддесін қорғау, білім алуға қолдау көрсету, жастардың моральдық құндылықтарын нығайту, өркениет пен мәдениет арасындағы үнқатысуды дамыту және жастардың орнықты дамуына ықпал ету. Бүгінде форум өзінің құрамына 35 жетекші ұлттық және 6 халықаралық жастар ұйымын біріктіріп отыр. Форумның жетекші жоғары органы – оның бас ассамблеясы. Сондай-ақ форумның президенті мен бас хатшысы да бар. Ал орналасқан жері Ыстамбұл қаласы. Оған 30-дан астам елдің жастар ұйымдары мүше. Ішінде қазақстандық жастар ұйымы да бар.

ИКҰ-ның Аффилиирленген институтының құрамында аталғандардан басқа Ислам халықаралық жарты ай комитеті, Бүкіләлемдік араб-ислам мектебі федерациясы, Ислам ниеттестік спорт ойындары федерациясы, халықаралық скауттар мұсылман одағы, Ислам кеме иелерінің қауымдастығы және Ислам мемлекеттерінің консультанттар федерациясы қызмет етеді. Бұл құрылымдардың әрқайсысының атқаратын қызметі, алдарына қойған мақсаты мен міндеттері бар.

* * *

Біз газеттің өткен нөмірлерінде жарияланған мақалаларда, сондай-ақ осы материалда Ислам Конференциясы Ұйымының негізгі құрылымдарын және олардың қызметтерін ортаға салдық. Ондағы мақсатымыз – қалың оқырманды Ислам Конференциясы Ұйымымен таныстыру. Өйткені, Қазақстан Республикасы биылғы жылдың екінші жартысынан бастап осы ірі халықаралық ұйым – ИКҰ-ға төрағалық ететін болады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. www.egemen.kz

Ілмектер: 

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*